Оралханды ойласам… ақ жарқын, адал достың бейнесі көз алдыма келеді. Әлі де тірі, бірақ ұзақ сапарға жолаушылап кеткен секілді көрінеді…
Оралханды ойласам… оның жазған кітаптары, сондағы кейіпкерлер есіме түседі. Бәрі де өмірде болған, өзіміз күнде көріп, араласып жүргендей әсер етеді. Себебі, шығармаларының көркемдік қуаты, тіл байлығы, шеберлік кестесі сезіміңді тербеп, ойынды қозғайды. «Қамшыгер», «Кербұғы», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Бәрі де майдан», «Өліара», «Құм мінезі», «Қар қызы», «Сайтан көпір», тағы да басқа повестері, «Өз отыңды өшірме» деген романы, көптеген әңгімелері, пьесалары жоғары бағаланып, туған әдебиетімізді байыта түсті. Ол журналистика саласында да өнімді еңбек етті. Ұзақ жылдар «Жас Алаш» газетінде, «Жұлдыз» журналында қызмет атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды. Оралханның аса талантты суреткер екенін еріксіз мойындайсың, еріксіз табынасың.
Оралханды ойласам… онымен замандас боп, қатар жүріп, бірге өткізген кездерім есіме түседі. Себебі, отыз бен қырық жастың арасындағы өмірдің қызықты да қымбат шағын екеуіміз «Жұлдыз» журналы редакциясында он жыл бойына бірге өткізіппіз. Ол журналдың әдебиет бөлімі меңгерушісі, ал мен жауапты хатшысы қызметін атқардық.
Қазақстан Жазушылар одағының үйінде жиырма жыл бойына бірге жүріп, бірге тұрыппыз. Айтуы да, қайтуы да тез, өкпелеуге бар да, өш алуға жоқ, қиқарлығы болғанмен қиянаты жоқ, өр мінезді, терең ойлы азаматтың, кемел жазушының қадір-қасиетін айта берсе ұзақ әңгімеге айналар еді.
Тірісінде еліне ардақты, ағаларына қадірлі, інілеріне сыйлы болған Оралхан әдебиетте жарқ етіп бірден көрінді де көш басына бірден ілікті. Атақ-даңқтың да, әдеби сыйлықтардың да небір түрін иеленді. Кітаптары көптеген шет тілдерге аударылды. Бірақ Оралхан мақтауға мастанып, дандайсып, көкірек кермеді. Жазушы ретінде халық алдындағы жауапкерлігін қатты сезінді. Сондықтан, бар ақыл-ойын ақ қағазға түсіріп, бір кітаптан бір кітабын асырып, шеберлігін шыңдай түсті. Әлі де берері көп екенін білді. Өз заманының шырқыраған шындығын айтып-ақ, өтті. Әсіресе, өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа Оралхан қатты ықпал етті. Кейінгі жас жазушылар одан үйренді, оған еліктеді. Кітаптарын құмарта оқыды. Біз соның бәріне куә боп, Оралханға қызыға қарайтынбыз.
Оралхан туған елін кереметтей көріп, ерекше қастерлейтін еді. Өзінің туып-өскен Шыңғыстай ауылын қайда жүрсе де аузынан тастамай, адамдары, табиғаты туралы түрлентіп небір әңгімелер айтатын.
Алтайдың шығысында, сонау бір түкпірдегі қалың қарағайдың арасында Шыңғыстай ауылы барын бұрын кім білген. Қиыр шеттегі үлкен жолдан алыс жатқан осы ауылға әдейілеп қана баруға болар. «Одан әрі ассаң Рахман суы бар», – дейді. Жоғары өрлей түссең, Мұзтауға тірелесің. Ұзақ жол осымен тұйықталатын көрінеді. Ойлап тұрсаң тым алыс екен. Бұның бәрін көзім көрмесе де картаға қарап, «солай шығар» деп жобалайтынмын. Қазақтың кең байтақ жерінде аралға ұқсап, оңаша қалған кішігірім ауылдар аз ба? Қайсысын біліп жатырмыз.
Тым шағын сондай ауылды бүкіл әлемге танытуға болады екен. Танытатын – сол жердің даңқты азаматы. Шыңғыс Айтматов өзінің туған ауылы – Шекерді бүкіл елге білгізді.
Оралханның туған ауылы Шыңғыстайды да жап-жақсы біліп алдық.
Оралханның жазғандарын оқимыз да Шыңғыстайдың көшесіне кіріп, үйлерін аралап, адамдарымен танысып, әңгімелескендей боламыз.
Оралхан өзінің Шыңғыстайын шексіз сүйді. Отырыстағы ауыз-екі әңгімеде Шыңғыстайды еске алып отыратын. Табиғатын көзбен көргендей етіп суреттеп беретін. Демалыс алса, қолы босаса, сәті түсіп іс-сапарға шықса, бірден Шыңғыстайға тартып кететін. Жасыратыны жоқ, қайтқанда жол азабын шегіп, ұзақ жүріп, бір көліктен бір көлікке мініп, шаршап қайтатын еді. Жаз барса, әкесі Бөкейдің малының қысқы шөбін қол шалғымен өзі шауып беріп кететін. Қыс барса әкесінің отынын жарып, қорасына кіргізіп, саржандап қалап беретін. Қайтарында міндетті түрде Алтайдың балын алып, шаруа-шалдың Бөкейдің сәлем-сауқатын арқалап, Алматыдағы «жетімек» достарын жинап, дәм татыратын. Осындай әдемі отырыста Орекең Шыңғыстайға барған-қайтқандағы көрген-білгенін рахаттанып әңгімелегенде естігеніңнің бәрі көз алдыңа елестеп, өзің де онымен бірге жүріп, бірге болғандай әсерленіп, айта түссе екен дейсің. Шыңғыстайда тұратын адамдардың түр-түсін, мінездерін, қызық қылықтарын көрмесең де көргендей боласың. Солардың көбін іштей ұнатып, әуелден-ақ танитын-білетін секілдісің. Аузын ашса жүрегі көрінетін, аңғал, әр нәрсеге сенгіш. Сөйте тұра өзіндік аздаған қулығы бар. Онысын бірақ тез байқатып алады. Болмашыға қызыл шеке боп таласып, артынша балаша бұртиып, өкпелесіп те калады. Сөйлеп кетсе сөздің майын тамызады, аузыңды ашып, көзіңді жұмып, тыңдай бересің. Мақалдап та сөйлейді, шешенсіп те сөйлейді, тіпті аузыңды да аштырмайды.
Сөзге жүйрік, тілге шешен Оралханның өзі «Мен ауылға барғанда үндемей барып, үндемей қайтамын» дейтін. «Орекеңнің өзі осылай десе, шіркін, бүлар тілін безеген неткен адамдар еді» деп еріксіз қызығасың. Кім біледі, жерлестерін жақсы көргендіктен Орекең өз жанынан қосып, әсірелеп те жіберетін болар. Қалай десек те, айтушысы келіскен соң тыңдауға тым қызық болатын. Байқап қарасаң, солардың бәрі – ертеңді-кеш күнкөріс қамымен, өз тіршілігін күйттеп жүрген қарапайым ғана адамдар. Тындырып тастаған істері де шамалы. Атқаратыны ауылдағы үйреншікті оны-мұны жұмыс. Еккен егіні де, отар-отар қойы да, үйір-үйір жылқысы да жоқ. Өйткені қалың қарағайдың ішіндегі ауыл. Есесіне кербұғысы, омартасы бар. Ауылдан ұзап шықсаң, аю кездеседі. Мұрныңызға самырсынның шытырының иісі білінеді. Ауылдың адамдары самарқаулау, еріншектеу де секілді. Асыға да қоймайды. Дегенмен, осы адамдар бізге ұнайды. Шыңғыстай ауылының өміріне үңіле түскің келеді. Адамдары да бір-біріне ұқсамай өзіндік мінез танытады. Байқап сөйлемесең, аңдап баспасаң сөзбен іліп, біраз жерге апарып та тастауы мүмкін. Бойыңды жиып, сыр бермеуге тырысып іштей аңдысып, ыңғайын бағасың. Бұл да осы ауылдың адамына тән қиқарлық, қыңырлық көрініс. Осыдан туындайтын қылықтары қандай десеңізші.
Жазушылық қасиет жұрт көрмегенін көре білу, көңіл құбылыстарын жіті аңғарып, салдарын емес, себебін танып, қарым-қатынастың ара жігін ажыратып, талдап айтып беру болса керек. Сонда күнде өзің көріп, біліп, араласып, біте қайнасып жүрген дүниең өзіңе басқаша әсер етіп, «ә, солай екен-ау, мен бұны бұрын қалай аңғармағанмын» деп, жазушылық қасиетке табынып, талантына таң қаласың.
Мәселе көре білуде ғой. Оралхан өз ауылдастарын көре білді. Сол бір алыс түкпірдегі Шыңғыстай ауылының Алтай өңірінің сырт көзге елеусіз, қарапайым күй кешкен қатардағы адамдардан образ жасап, «олар осындай» деп, қыр-сырларын ашып берді. Яғни өзіңді өзіңе танытты. Көре білсең шағын ауылдың өзінде қанша тағдыр-тартыс бар.
Әркім де жазбайын демейді-ау – жаза алмайды, көрмейін демейді-ау – көре алмайды.
Адам бойындағы қасиеттер, мінез-құлық жер таңдамайды, алыс-жақын дегенге қарамайды.
Оралхан талантының құдіреті арқасында алыстағы Шыңғыстай, оның қарапайым адамдары бізге ескі танысымыздай етене жақын боп кетті. Бармай-ақ, көрмей-ақ Оралханның кітаптарын оқу арқылы білеміз. Оның талантының қуат-күші сол бір елеусіздеу адамдарды есте қаларлық бейне дәрежесіне көтеріп, еріксіз мойындатты. Олар бізге, біз оларға ұқсайды екенбіз.
Оралханның жазғандары көп әңгіме, повесть, роман, пьесалар. Біз жазушы шығармасына баға бергенде оның жасына, жазған кітаптарының санына қарап емес, бүгінгі әдеби үрдіске қандай үлес қосты деген тұрғыдан тоқталуымыз керек.
Осы заман тақырыбына жазуда Оралхан өз қатарластары ішінде алдына жан салмады деуге болады. Образ жасау өз алдына, жұрт назарын аударарлық әлеуметтік-экономикалық күрделі проблемаларды қозғады. Шындықты жазуда, ой айтуда, қоғамдық пікір туғызуда батылдыққа барған.
Осы тұста айтар Оралханның екінші бір қыры – оның ойшылдығы. Оралхан не жазса да, ой айтқысы келеді. Шығармасын белгілі бір идеяға бағындырады. Бұл – қай жазушыға болсын қойылар талап. Ал Оралханда ой айту, идея ұсыну бірінші орында тұрады. Содан кейін шығармада да басты кейіпкер авторлық ойдың жүгін арқалап әрекет етеді, күреседі. Ол – Ақтан, Дархан, Аман болуы мүмкін. Оралхан шығармаларында кейіпкер пікір таласына көп барады, ой қақтығысы мол. Бұл – байсалды прозаға тән қасиет.
Бір ерекшелігі және артықшылығы Оралхан біздің қайсыбіріміз сияқты таза шаруашылық мәселесіне ойысып кетпеді, «мынау – ақ, мынау – қара, мынау – жағымды, мынау – жағымсыз» деп жіктемейді. Осының бәрі өмірдегідей бір-бірімен қат-қабат араласып, жымдасып жатады. Оралхан шығармаларында жақсылық пен жамандық, ездік пен өрлік, қоғамдық борыш пен тоғышарлық сияқты ұғымдар үнемі жағаласып, кейіпкерлер тартысының мәніне айналды. Оның кейіпкерлері ойламаған жерден бір сәтте мінез көрсетеді. Содан өміріне өзгеріс кіреді.
Жалпы, Оралхан кейіпкерлерді өмірдің қысылтаяң кезінде, тағдырдың бұрылысында көрсетуге құмар. Кейіпкерлерді сынға салады. Енді оған жол таңдау керек. Міне, адам болмысының, кімнің қандай екенінің танылар сәті осы. Өйткені өмірде әркімнің де басын қатерге тігіп, өтсем бе, өтпесем бе дейтін «Сайтан көпірің» болады. Өзіңмен-өзің күресу, өзіңді-өзің жеңу оңай емес. Бірақ ар соты деген бар. Қашан да сол қинаса керек.
Міне, осы тұста Оралханның жазушылық, азаматтық позициясы анық байқалады. Оралханның жазатыны Алтайдың бір қуысындағы шағын ауыл, күнделікті тірлікпен жүрген кішкене адамдар. Қызмет дәрежелері де жоғары емес, әрі кеткенде Аман секілді бөлімше бастығы. Бірақ осы адамдар оқырманның көз алдында зорайып шыға келеді. Өйткені, жазушы сол адамдар арқылы моральдық философиялық үлкен проблемалар қозғап отыр. Сосын, адамның рухани өміріндегі мәңгі тартыс, мәңгі талас сөз болады. Шындықты әркім өзінше түсінеді, іштегі тартыс, санадағы қайшылық тереңдей түседі. «Өмірдің мәні неде?» деген сұрақ ойлантады. Рухани, адамшылық тартыстар кейіпкерлерді ойлантуға, жауап іздеуге, әрекет етуге мәжбүр етеді. Оралхан осы тұрғыдан біздің әдебиетімізді байыта түсті. Одақтық, шетелдік аренаға шығуына үлес қосты дей аламыз.
Жазушының кемшілігі дегеніміз – өресінің шама-шарқы, шыға алмай жатқан биігі болар. Оралхан әдебиетке бірден өз үні, өз тақырыбымен келді. Бұл шығармасынан бір шығармасы арта түсті. Мұнда оның жазушы ретінде қалыптасу, азамат ретінде толысу кезеңдері де аңғарылады. Көп мақталып, арагідік сыналып та жүрді. Бастапқы шығармаларында романтикалық сарын, әсірелеу, сөзді қызықтау, төгілте баяндау басым болатын. Жазушы одан арыла бастады. Бұдан кейін ортадан аулақ кетіп, оқшау жүретін, сыншыл мінез басым, кемшілікті көргіш, әрекеттен енжарлығы басым кейіпкерлер бой көрсетті. Кейіпкерлерінде күресерлік қасиет кем соғып жатты.
80-жылдардағы «Сайтан көпір», «Бәрі де майдан» повестерінде жазушы кейіпкерлері жаңа сапаға ие болды. Оралхан осы тұста әдебиетімізді рухы күшті кейіпкерлермен байыта түсті деуіміз керек. Бұл кейіпкерлерде сезім-әрекетті үлкен мақсатқа бағындыру, құмарлық, құштарлықты биік парасатпен ұштастыру бар. Кейіпкердің өзін қоршаған ортамен байланысы, қарым-қатынасы үлкен ұғымдармен астасып жатады. Оралхан кейіпкердің қысылшаң сәттегі көңіл күйін, ой ағымын болмыс-бітіміне сыйымды етіп, табиғи қалпында суреттеді. «Сайтан көпірде» шегіністер, символдық сипаттар әлемі үйлесім тапқан. Жазушы қиялында туып, көркем шығармаға арқау болған сол кейіпкерлер Алтайдың Қатонқарағайындағы шағын ғана Шыңғыстайдан бастау алып, алыс-алыс қиырларға, қалың оқырманға жол тартты.
Бұл әншейін сөз емес. Өмір мен әдебиеттің әдемі қабысып, сәтті үйлесім табуына айқын дәлел.
Оралханмен жиі араласып, жақын білгендегі байқағаным – кейіпкерлері өзіне ұқсайды. Себебі өзі де сол ортаның бел баласы ғой. Солардың бәрінің күш-қуатын бір бойына жиып, солардың атынан әлемге «біз де бармыз» деп жар салуға жаратылған секілді. Оралханның өз басында да символдық белгілер жетерлік еді. Ол «Ұйқым келмейді» дейді. Біздің әдебиетке «Айқай» деген символдық ұғымды әкелді. «Біз неге осындаймыз?» деп бәрімізге сұрақ қойды. Өзі де, кейіпкерлері де жалғыздықтан жапа шекті.
Жалғыздық қасірет екенін бар жанымен терең түсініп, тағдырдың жазасындай қабылдады. Шыңғыстайға жол тартқанда, Шыңғыстайын сағынғанда қаланың у-шуынан емес, жалғыздықтың жабырқау күйінен қашып, өзіне етене жақын ортадан – қарапайым ауылдастары арасынан тыныштық іздеп, алаңсыз болғысы келді ме екен?! Шыңғыстайға барса, сергіп қайтатын. Нағыз достары сонда екенін білді. Анда-санда «осы мен мүлдем Шыңғыстайға кетсем бе деймін» дейтін. Бірақ қаладан кете алмайтынын, осында шырмалып калғанын да, «тұтқын» екенін де жақсы түсінді.
«Бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген сөз Оралханға тұп-тура келді.
Қыздар институтын бітіріп, ауылда мұғалім боп жүрген кенже қарындасы Мәншүктің дүниеден ерте кетуін Оралхан қатты қайғырды. Мәншүкті аузынан тастамайтын. Қазақ жазушыларының шығармаларын көп оқып, терең түсінген, солар туралы толғамды пікір айта алатынын мақтаныш ететін. Мұның алдында Әймен деген әпкесі көз жұмды. Көп сөзі жоқ, шаруа баққан әкесі Бөкей де дүние салды. Одан кейін үнемі денсаулығын ойлап, алаңдап жүретін ауылдағы анасы Күлия да көз жұмды.
Бұл аз дегендей өзі Қырымдағы санаториде дем алып жатқанда аяулы жары, жан серігі Айман Алматыда күтпеген жағдайда, ойламаған жерде өзін өлімге қиды…
Бірінің артынан бірі жеделдете дүние салған аяулы жандардың қазасы Оралханның жанына қатты батқаны сонша, тағдырына налып, күйініп, күйзелген еді.
Қамықса да, қиналса да айта қоймайтын. Кейде оңашада «Маған салған тағдырдың бәрі іште. Аузы берік, сыр талқысы көп еді» дейтін. Бірақ ашып айтпайтын, ашылып сөйлеспейтін. Көңілінің тереңіне ешкімді бойлатпай, тек бір қырымен ғана жұртқа көрінгісі келетін еді.
Өзі дүниеден өткеннен кейін жарық көрген «Жазушы күнделігінен» 1987 жылы жазылған мына бір жолдарды оқимыз:
«Мен кейде өзімді қос әйнектің екі арасында қалып қойған шыбындай бейшара да қауқарсыз сезінем; кейде жағалауға жете алмай бұзылып, якорьге көгенделіп қалған Нұқ қайығындай жансыз да дәрменсіз сезінем; ал кейде жел тиген өрттей лапылдап шарпып жанатыным, Алтайдың ақиығындай зеңгір аспанға қалықтап, қайсар қылық көрсетерім бар. Қайғысы мен қуанышы жағаласа жарысқан тағдырыма ризамын да, тәуба, шүкір деймін. Бірақ… тым-тым құйрық-жалсыз қалдырған жоқпысың, тәңірім?» – дейді.
Ал «Жазушы күнделігінің» 27. VIII. 92 деп таңбаланған бетінде ол былай дейді:
«Бүгін танертең ертемен Семейге ұшуым керек еді… бара алмадым. Қырықтың бесіне келгенде құдайдан жалбарынып жүріп, бір ұл (Айхан), бір қыз (Айжан) сұрап алдым. Маған деген тағдырдың талқысы көп еді… енді-енді еңіреуден есімді жиып, шүкіршілік айта берген кезде ауызымнан түсіп қалған ботақаным Айжанымның бүйрегінде жазылуы екіталай ауруы бар деген ауыр сөз естідім. Сең соққандай емес, қалың сеңнің астында қалғандай халдемін. Көзімде жас… Көңілім үйдің пешіндей уілдейді… кұр сүлдерім… не істеймін?! Қайда барамын? Қарағым-ау, жүрегімді қақ айырып, қаңыраттың-ау!
Қайтейін? Қайсыбірін айтайын? Өзімді алып, баламды калдырсаңшы, Аллам».
Алланың әмірі, тағдырдың жазуы солай болды ма, арада жыл өтпей яғни 1993 жылы мамырдың 17-сі күні Оралхан Бөкеев, жасы елуге толуға аз қалғанда өмірден өтті. Құдайдан сұрап алған ұл-қызы бүгіндері ержетіп келеді…
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас екен. Күні ертең не боларын кім болжаған. Дәл сол 1993 жылдың мамыр айының соңында Түрік елінде Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығы аталып өтетін боп, бір топ қазақ ақын-жазушылары Стамбулға баруға әзірленіп жатты. Оралхан басқаратын болды. Түркияға баратындар тізімінде өзімнің бар екенімді біліп, Оралхан кездескенде:
– Мені тастап кетіп жүрме, – деп әзілдейтінмін. Оралхан мырс етіп күлетін де қоятын. Оралхан екеуіміз күнде кездесіп жүреміз десек те болады. Мен «Жұлдыз» журналында жауапты хатшымын. Оралхан «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы. Екі редакция да Жазушылар одағы үйінің үшінші қабатында орналасқан.
Бір күні ол жаңалық етіп мына хабарды айтты:
– Түркияға бармайтын болдым. Ақпарат министрлігі Делиге Қазақстан журналистер делегациясын бастап барасың деп отыр. Үндістанды көріп келейін деп отырмын, – деді.
Түркияға тағы бір жол түсер дегендей емеурін білдіріп еді. Бірге барған жігіттердің айтуынша бес күндей Үндістанда солармен бірге боп, Тәж-Махалға барып қайтып, Делиге оралғанда ертеңгісін қонақ үйде ұйқысынан оянбай мәңгілік көз жұмыпты… Түркияға бірге барып, Стамбулды бірге аралаймыз деп келісіп жүрген Оралхан достың алыстағы Делиден Алматыға жеткізілген саркофакқа салынған мәйітін ұшақтан көтеріп алып шығамыз деп кім ойлаған. Газеттерде «Қазақстан Жастар одағы және республика мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, көрнекті жазушы Оралхан Бөкеев кенеттен қайтыс болды» деген қазанама жарияланды.
Арада бір апта өткен соң құрамында 13 ақын-жазушы бар делегация Стамбулға аттандық. «Әттең, арамызда Оралхан болса ғой» деген арманды ойдан арыла алмадық. «Делиге несіне барды екен?» деген өкініш өзегімізді өртеді…
Көбімізге Оралхан жұмбақ боп қалды. Өзі де көп ретте қанша танып-білейін десең де білгізбей, көңілінің көмбесін тереңде ұстады. Сондықтан да әдейі белгілі бір өзі қалаған, қажетсінген рөлде ойнауға бейім тұрды. Бұны өзі үшін пайдалы санады.
«Жас Алаш» газетінің 2003 жылғы 20 қыркүйектегі санында «Оралханның белгісіз махаббаты» деген тақырыппен бір қызбен жазысқан хаттары жарияланыпты. Сонда Оралхан былай деп жазыпты: «Бір шаршау бар, жалығу бар, түңілу бар, сенбестік бар бойымда. Себеп білмеймін.
Менің ұйықтай алмай, ауырып, азап шегіп жүргенім рас. Түні бойы дөңбекшіп шығып, күндіз жұмысқа барғанда немесе көшеге шыққанда «Бөрі аштығын білдірмес» деп, «кербұғыдай керіліп» шыға келемін.
Менің сәл тұйықтау, сәл жұмбақтау болып көрінетінім, сол бір ауыр қайғыдан әлі де құлан-таза айыға алмай, мұңның шырмауында жүргенім шығар. Әлі де жазсам деген ойым бар, әлі де бала сүйіп, ұрпақ қалдырсам деген арманым бар. «Қалай? Кімнен?» Міне, осы сұрақтың жауабын шешуге еңсемді басқан зеркіл зіл мұрсат бермей тұр».
Осылайша өз жағдайын ауыр да болса ашық жазып, көңіл-күйін жария етті. Жиырма жыл отасқан алғашқы жары Айман мінезге бай, ғажап адам еді. Шығыс Қазақстаннан екеуі бірге келіп, бар қызық-қиындықты бірге бөлісті. Айман: «Оралхан, сен бақытты бол!» деп қайғылы қазаға ұшырады. Дүниеден перзент сүймей өтті. Кейін Оралхан Ардаққа үйленіп, өзі тілегендей ұл мен қызы өмірге келді. Арманы орындалды ма, көңілі тыншыды ма, әлде…
Алматыдағы Кеңсайдағы Айман екеуінің қабірі бір-бірінен алыс емес, жақын жатыр…
Мен Оралхан көп оқыды деп айта алмаймын. Бірақ табиғи ақылдылығы, алғырлығы болар, көп білетін. Содан да шығар, өз ортасынан биіктеу тұрды, оқшаулау көрінді. Содан да шығар, тәкаппарсып, көп адамды іштей менсінбеді. Арынды екенін, көбінен артық екенін сезді.
Ақылды адам жалғыздыққа жиі ұрынады. Себебі орта орташа болғанды ұнатады. Ал ол болса солармен іштей ерегескендей қиқар мінезбен қыңыр сөйлеп, тиіскісі келіп тұратын. Ал оны сөзден жеңу қиын. Бәрін өзі танып-біліп тұрған соң біреуден ақыл сұрап қайтеді. Сол өзімшіл, менмендігі үшін де біреуге ұнап, біреуге ұнамады. Өзіне ешкімді ұстаз тұтпады. «Мен университетті сыртай оқып бітірдім» деп кекесінмен күлетін.
Астарлы сөйлейтін еді. «Өзің түсініп ал» дегендей айтатын да қоятын. Оралханның жанында сен де байқап сөйлеуің керек. Артық сөзге жібермей, ұнамаса тыйып тастайды. Тіл жетеді. Тайсалмай бетке айтады. Қашанда әділін айтады. Ашулансаң да, жарылып кетсең де, мейлі. Сол Оралханның кейде иіні жұмсақ. Айтқанға көне қалады. Ашуға булығып тиісуге дайындалып келген адамды түк болмағандай күліп қарсы алғанын талай рет көрдім. Ал кейде біреулерге өзі әдейілеп барып тиісетінін де білетінмін. Бірақ ұрыншақ емес еді. Өз атына лайық дегендермен ғана сөз таластырып, мінез көрсететіні бар. Бұл айтылғандар Оралханның мінез қырларының кейбір көріністері ғана.
(1978 жыл. «Жұлдыз» журналының редакциялық алқасы журналдың 50 жылдығына дайындық үстінде (солдан оңға): 3-ші – Қажығали Мұханбетқалиев – әдеби қызметкер, одан кейін Ахат Жақсыбаев – жауапты хатшы, Жарасқан Әбдірашев – әдеби қызметкер, Ғафу Қайырбеков – бас редактор орынбасары, Оралхан Бөкеев – әдеби қызметкер, Софы Сматаев – проза бөлімінің меңгерушісі, Бекежан Тілегенов – журналдың бас редакторы.)
Оралхан айтатын еді:
«Алыста жүрген менің тілеуімді тілеп, анам: «Жалғыз ұлдың табанын жерге, арқасын елге тапсырдым» дейтін. Сөйткен ана Алматыдағы Оралханның үйіне бір рет те келе алмапты. Себебі, ет жеңді, жүріп-тұруы қиын. Жол қиындығын көтере алмайды.
Оралхан айтатын еді:
«Менде нағыз дос жоқ, әріптестер мен достар, жолдастар ғана барын кейін білдім. Сол секілді менде ішек-қарыны араласқан, жалғыздығы мен жанымды түсінетін туыс жоғын да кеш сездім. Менде өзімнен басқа ештеңе жоқ, тіпті творчествома да ешқашан қанағаттанған емеспін. Бұл түңілу емес, өмірге, өз-өзіңе түңілу».
Оралхан айтатын еді:
«Әлемдегі мақтаулы әдебиеттің айдарынан жел ескен шоқ туындыларын жұтынып-ақ қолға аламын. Амал қайсы, қызықтырмайды. Бәрі баяғыдан белгілі дүние сияқты, таңқалдырған емес. Содан соң ой айтқан тұстарын шолып, аттап-буттап, парақтай бастаймын. Ал, керісінше, танымдық әдебиеттер көп тартады.
…Өзім де соларша жаза алатын сенім мен сезім неге басым екен менде…»
Оралхан айтатын еді:
«Мен замандастарымның ішіндегі білімдарлыгы жоғары, әдебиет ауылына Әуезовтік дайынлыкпен келген екі жігітті бөлекше атағым келеді. Олар Әбіш (Кекілбаев) пен Мұхтар (Мағауин)», -деп.
Оралхан айтатын еді:
«Мен әр шығармамды жазуға отырған сайын ең алғашқы әрі ең ақырғы шығармаға кіріскендей толқып, жүрексінемін», -деп.
Оралхан айтатын еді:
«Халықты қалқан тұтатындар бар; халыққа қалқан болатындар бар», – деп.
Иә, Оралханның айтатыны көп еді…
Онымен жұбымыз жазылмай жиі араласып жүрдік деп айта алмаймын. Ұзақ жылдар сыйластықпен қатар жүрдік, бір-бірімізді жақын әрі жақсы білдік деп айту орынды болар. Қарым-катынаста араға екеуімізге ғана мәлім шекара қойдық та соның іштей келіскен тәртібін бұзбай, тіршілікте қатарласа жүріп отырдық.
Менің үйімдегі кітап сөрелерінде Оралханның жарық көрген кітаптарының бәрі дерлік жыл-жылымен қатарласып тұр. Бәрінде оның қолтаңбасы бар. 1973 жылы шыққан «Қайдасың, қасқа құлыным?» кітабында «Аса қымбатты досым Ахатқа ізгі тілек, шын жүректен» депті. «Мұзтау» кітабына «Барым да, нарым да осы» деп қол қойыпты. «Өз отыңды өшірме» романындағы қолтаңбасы: «Қолың тисе, оқып шық». Соңғы кітаптарының бірі «Біздің жақта қыс ұзақ» деген повестер жинағына «Ақа! Өзіме қандай жақсылық тілесем, соның барлығын саған тілеймін» деп жазыпты. Бұл сөздердің шындығына сенесің. Себебі Оралхан көлгірсіп, көпшік қоюды білмейтін.
Онын өзі тапқан ортасы болды да соларға көбірек бейімделген еді. «Әйтпесе мен жалғыз қаламын ғой» дейтін. Серігіп, серпілгісі келгенде, қамығып, күйінген кезінде саған жалынғандай боп: «Шыңғыстайға барайық» дейтін. Содан соң ашылып, ағытылып сөйлеп кететін де арасында кеңкілдеп күліп алып, қуақыланып, ауылдастарының қылықтарын еске алып, соларды қызықтап отыратыны бар.
Әңгімесінің растығын дәлелдегісі келгендей тағы да «жаз шыға Шыңғыстайға барайық» деп еліне шақырады.
Орекең бір жазда бір топ достарын Шыңғыстайға апарып, емін-еркін тау-тасты аралатып, қызыққа кенелткені бар. Түрлі сылтау-себептермен Шыңғыстайға бара алмадым. «Әлі де жол түсер» деп кейінгіге қалдыра бергенде Оралхан ұзақ жасайды деп ойласам керек… Жол ұзақ болғанмен өмір қысқа екен-ау.
2003 жыл.
Ахат Жақсыбаевтың «Көз көрген еді» кітабынан (Алматы, «Үш қиян», 2025 жыл) алынды.