Қуат Әбусейітов атындағы мәдени сауық орталығында, әйгілі қазақ киносының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кинорежиссер Қуат Әшірбекұлының 100 жылдық мерейтойына арналған «Алып өнердің асыл нары» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Бұл рухани кеш Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Естай атындағы Павлодар қалалық мәдениет сарайының бірлесе ұйымдастыруымен іске асты. Көрермендер Қуат Әшірбекұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалап, қолданған заттарын зерделеп, оның қазақ кино өнеріндегі орны мен толағай тұлғасына қатысты мол мәлімет алды.

Кеш барысында Қ.Әбусейітовтың кино саласына алғашқы қадамы Алматыдағы актерлер мектебінен басталып, көптеген маңызды фильмдер мен дубляж жұмыстарын қазақ тіліне аударуға өз үлесін қосқаны атап өтілді. Сонымен қатар, Қуат Әшірбекұлының кино әлеміне қосқан еңбегі мен оның дүниеге келтірген тарихи кинолары, әдеби және музыкалық шығармалары таныстырылды.

Жергілікті әнішлер мен өнер майталмандары өз өнерлерін ортаға салып, қонақтарға ұмытылмас әсер қалдырды. Алдымен, Естай атындағы мәдениет сарайының «Әл-әки» халықтық фольклорлық ансамблі «Қуаныш» күйін орындады, ал «Мәдениет саласының үздігі» Нұржан Сарқамбаевтың орындауында «Ауылым» әні жан жүректерге жылу сыйлады. Бұдан соң, Қуат Әшірбекұлының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, оның қазақ кино өнеріне қосқан қомақты үлесі туралы баяндалды.

«Қуаттың азан шақырып қйоған есімі Рахметолла. Мәшһүр Жүсіп бабамыз бірде Әшірбек ақсақалдың шаңырағына келген екен. Қара шаңырақта дүниеге келген Рахметолла мен Хайрулла есімдерін «Бұл үйге құдай қуат берсін, сусағанда сусындайтын дәт, суат берсін, егіздей Қуат, Суат болсын» – деп бата берген екен. Содан бері Рахметолла-Қуат,  Хайрулла-Суат атанды.

Өнер жолын 16 жасында Павлодар театрында артист болып бастады. Театрда әнге де, биге де қатысып, домбыра, гармонь, скрипка, аккордионда еркін ойнады. Кезекті бір өнер олимпиядасынан кейін ол облыстық  қазақ драма театрының қосалқы артистер қатарына шақыру алады. 16 жастағы мектеп бітірген балан жігіт театрдың негізгі құрамына қабылданады. Бұл кезең Ұлы Отан соғысының, яғни 1941 жылмен қатар келеді. Соғыс кезінде облыстық партия комитетінің ұйымдастыруымен үгіт бригадасы құрылып, оны Мұзафар Әлімбаев басқарады. Қуат-аға өзінің 12 жасар інісі Суат пен осы бригаданың құрамында ауыл-ауылды аралап өнер көрсетті.

Бірде Қуат Әшірбекұлы Алматыда біріккен ортақ киностудия жанынан екі жылдық актерлер дайындайтын мектеп ашылғаны туралы оқып, артист болуды армандаған жас өнерпаз 1943 жылы осы мектептің актерлік бөліміне түсіп, оны 1945 жылы үздік бітіреді. Актерлік мектебін тәмәндаған Қуат ағаны «Қазақфильм» киностудиясына қызметке жібереді. Қуат Әшірбекұлы алдымен режиссердің ассистенті, соңынан дубляждың режиссеры болып 1945жылдан 1952 жылға дейін істейді. Білімін жетілдіру мақсатында 1952 жылы Бүкілодақтық Мемлекеттік киноматография институтының режиссура факультетіне түсіп 1956 жылы аяқтады. Оқуын бітірген білікті де жоғары дәрежелі маман ретінде өзінің жұмыс орны «Қазақфильм» киностудиясына қайтып оралды», – дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы Мейрамғали Есмұқанов.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастырумен Қуат Әшірбекұлының 100 жылдығына орай, мектеп оқушылары арасында өткізілген «Менің өлкем» атты бейнеролик байқауына қатысқан жеңімпаздар да марапатталды. Олардың бейнероликтерін қонақтар мен қатысушылар зор қызығушылықпен тамашалады. Байқауға белсене қатысқан оқушылардың ішінде И.Панфилов атындағы №14 жалпы орта білім беру мектебінің, Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушылары бірнеше номинациялар бойынша жүлделі орындарға ие болды. Жеңімпаздарына сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Кештің соңында, қазақ халқының мәдениетіне қосқан үлесі мол, әрі оның өнеріне тәнті боларлық сазды шығармалар орындалды. Осы кеште Жалын құнанбай Естайдың әнін орындаса, Алмаз Мұқатайдың орындауында «Баянауыл вальсі» әні шырқалды. Бұл әннің сөзін Қабдікәрім Ыдырысов жазған, ал музыкасы Нұрғиса Тілендиевтің шығармасы ретінде көпшіліктің жүрегіне жеткен туынды болып табылады.

Әбусейітов Қуат Әшірбекұлының 100 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш өзінің рухани тереңдігі мен көрерменге әсер етерлік сәттерімен есте қалды.

Айта кетейік, Қуат Әшірбекұлы «Даладағы қайындар», «Бақыт туралы ой», «Беймаза көктем», «Атаманның ақыры» фильмдерінде екінші режиссер болды. Осы жылдар ішінде отыздан астам телевизиялық және документалды киноленталарды дүниеге әкелді. Оның режиссерлігімен түсірілген «Өмір жолы», «Шквал», «Арманым менің», «Алматы көктемі», «Найзатас баурайында» атты көркемсуретті фильмдер бүкілодақтық экранға алынды. Киноматографияның құпияларын жетік білу үшін Қуат-аға режиссер-қоюшы болып істей жүріп, Медветкин мен Шәкен Айманов секілді тәжірбиелі кинорежиссерлерден тәрбие мен тәжірбие алды.

1990 жылы «Айтуар» атты деректі фильмдер түсіретін студия ашты. 1997 жылы «Сыр сандық» атты естеліктер кітабы жарық көрді. Қуат Әшірбекұлы «Еңбек ардагері», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдары мен «КСРО киноматографиясының үздігі» белгісімен марапатталған.

 

Добавить комментарий