Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруында» Светлана Половцеваның «Көне қыпшақ мүсіндері» кітабындағы «ай жүзді аруды – бір суретті» сипаттайтыны бар:

«…Өзгеше сұлу дене.

Жай ғана сұлу дене емес. Тәкаппар, аспани, пәк таза. Ғажайып.

…Ана! Бар тірліктің бастауы, ару ананың екі қолы кіндік тұсынан қусырылған. Салалы, сүйрік саусақтар аузы иіле біткен, бүйірі шығыңқы, жұмыршақ құмыра ұстап тұр. Құт-береке!

Ырыс-дәулеттің Мәйегі, ұрпақтың Анасы! Елдің Құты, ұлыстың Ұйтқысы. Құт қана емес күш, ана ғана емес – ажар екен. Бұдан мың жыл бүрын жасаған далалық мүсіншінің, әрі шебер, әрі кемел, дана мүсіншінің буынсыз қолынан шыққан өзгеше үлгі. Тек… қиял жемісі ғана емес. Дәл осындай ару болған, таза, арлы, асқақ болған, ақылды, парасатты, жарқын мінез, жарас қылықты қыпшақ әйелінің – әлде бегім, әлде ханым, толған, толықсыған заманында, көзі тірісінде байтақ елдің игілікті, бақытты анасы саналған қыпшақ әйелінің нақты бейнесі.

Иә. Өмір кешкен, жер басқан Қыпшақ аруы. Кім сүйінбес, кім қызықпас. Қолы жеткен талайлы азамат ол да өз ортасынан озып туған ақылман бек, немесе қайтпас бахадүр, бәлкім, тіпті, ел үйірген, қол бастаған ханның өзі асыл жар еткен, қаншама құшып сүйсе де бар құмарын тарқата алмаған, әлпештеп, аялап ұстаған, жұмбақ тағдырлы періште, періште ғана емес, пір…

Әлбетте, бар бітімінен көрініп түр, тағдыр қосқан, таңдап тапқан жалғыз-ақ ердің қызығы. Сонымен қатар, бүкіл ұлыстың сүйініші. Және… менмін деген мың сан жігіттін жүрегіндегі жара. Мың жыл бұрынғы…»

Мұхтар ақсақал жырлаған сұлулық пен ұлылық сол мың жыл бұрынғы таза, тәкәппар, пәк, ғажайып қалпынан айныған емес. Өйткені Ару-Ана ең құдіретті,  ең қасиетті, ең қастерлі, ең қадірлі құндылық ретінде өмірге мән, әлемге сән, тіршілікке нәр, көңілге әр беріп келеді.

Барша Ару-Аналарды мерейлі мерекемен құттықтаймыз! Бесік пен Әлемді қатар тербеген қажыр-қайраттарыңыз арта берсін!

Добавить комментарий