Успен ауылында Ілияс Жанқараұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Тарих және тұлға» атты іс-шара өтті. Жиынға қатысушылар, алдымен, Ілияс Жанқараұлының қабіріне зиярат етті. Одан кейін Успен аудандық музейінде Ілияс Жанқараұлына арналған бұрыш ашылды. Оған «Ілияс Жанқараұлы – Алаш ардақтысы», «Алаш қайраткерлері азат елдің белгісі», «Ауданның құрылу тарихы» көрмелері қойылып, құнды деректер қамтылған.

Аудандық мәдениет үйінде Ілияс Жанқараұлының мерейтойына арналған конференция өтті. Жиынды Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова ашты. Көпшілік қауымды Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев құттықтады. Аудан басшысы Жанқариндердің ұрпақтарына құрмет көрсетті.

Конференцияны Ілияс Жанқараұлының шөбересі Сәуле Мұратова баяндама жасап, бастады. Ол өз сөзінде атасының есімін ұлықтауға мұрындық болған облыс басшылығына алғыс білдірді.

– 1905 жылы шілдеде Қарқаралы маңындағы Қоянды жәрмеңкесінде қазақ ақсүйектерінің съезі өткен. Мұнда патшаға петиция жазылған. Оған Семей облысы Қарқаралы уезінің 42 беделді қазағы қол қойған. Кейіннен оған Семей және Ақмола облысының басқа да уездерінің қазақтары қосылған. Ал, сол жылы 22 шілдеде Павлодар уезіндегі Темірғали Нұрекеннің осындай петицияның орыс тіліне аударылған 47 тармақтан тұратын нұсқаларының бірі ішкі істер министрінің атына да жолданады. Петицияның мазмұнында ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының өміріндегі жинақталған мәселелері барынша айқын көрінген: сайлауды ұйымдастыру, жер мәселесін шешу, дін, білім беру саласындағы мәселелерді реттеу секілді. Павлодар уезінен, осы петицияны құрастырушы және қол қоюшылардың бірі Ілияс Жанқарин болған.

1906 жылдың шілдесінде Ілияс Жанқарин осы петицияны Семей губерниясы делегациясы құрамында Санкт-Петербургке алып барады. Делегация басшысы Семей облысы І шақырылымынан Мемлекеттік Дума депутаттығына бірауыздан сайланған Әлихан Бөкейханов болады, – деді Сәуле Мағауияқызы.

(Құсайын Жанқараұлы)

Тереңкөл болысының орталығы Қызылтаң болған екен. Бұл – Байтөбет, Жантөбеттен тараған Жанқара, Майқара, Жаңаберді аталар қоныс еткен мекен. Жанқараның он сегіз ұлы болыпты. Солардың ішінде Ілияс көп жыл болыс болып, жасы ұлғайған кезде қажылыққа барады. Келген соң біржола имандылыққа бет бұрып, болыстықты інісі Құсайынға тапсырады. Құсайын өте сабырлы, бай кісі екен. Кеңес өкіметі орнап, байлардың малын жинап алып жатқанда Құсайын «Малымды алса алсын, абыройымды алмаса болды», – депті.

Жиынды Құсайын Жанқараұлының шөбересі Талғат Ислямов жалғастырды. Ол:

– Құсайын Жанқарин атамыздың көптеген марапаттары бар. Бірнешеуін атап өтейін: Орыс-жапон соғысының басталуымен Семей облысының әскери бөлімдері орналасуын өзгертті. Әскерлердің басым бөлігі қазақ болыстары арқылы жіберіліп, түрлі көмек алды. Армия жаяу әскеріне құрметпен қарағаны үшін Тереңкөл болысының билеушісі Құсайын Жанқарин мақтау қағазымен марапатталды. Сосын 1906 жылғы 28 қазанда Император Николай II Станислав лентасын кеудеге тағу үшін «Ынтасы үшін» деген жазу бар күміс медалімен мадақталса, 1910 жылғы 7 сәуірде Император Николай ІІ-нің қолынан Аннин лентасындағы кеудеге тағуға арналған Алтын медалін алған, – деді ол.

Талғат Хайроллаұлы кәсіби суретшілерге арнайы салдырған Құсайын Жанқараұлының портретін музей қорына табыстады.

Бұдан кейін Талғат мырза Құсайын Жанқараұлына қатысты мына бір әңгімені айтып бірді:

Құсайын атам қыстаққа соғымға деп жиырма шақты жылқы әкелдіреді екен. Екі отауына екі жылқыдан беріп, қалғанын қадірлі қонақтарға сойдырады. Ол үйден қонақ арылмайды. Атақты палуан Қажымұқан, әйгілі ақын Иса Байзақов, Әлсейіттің Құдайбергені Құсайынның үйінде жиі болады. Құсайын байлығымен ғана емес, қайырымдылығымен, әділдігімен еліне абыройлы болады. Оның аты Омбы облысы, Алтай өлкесіне де тарайды (Тереңкөл ауданының ақсақалы Құдайберген Жұманайұлы жазып қалдырған әңгіме).

Жиын барысында өлкетанушы Дәурен Аяшинов құрастырған «Жанқара ұрпақтары: Ілияс пен Құсайын» кітабының тұсауы кесілді. Салтанатты рәсімді Павлодар облысы «Нұр-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова, құрметті қонақ Сәуле Мұратова және Торайғыров университетінің профессоры Айтмұхамбет Тұрышев жүргізді. Кітап «Ергенекті-Уақ руының тарихы», «Уақ», «Жанқара ұрпақтары», «Естеліктер», «Мұрағат материалдары» және «Шежіре тармақтары» қатарлы 6 бөлімнен тұрады.

Ілияс Жанқараұлы

(Ілияс Жанқараұлы)

Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнуллина баяндама жасады. Ол ағайынды Жанқариндердің «Алашордалықтарға» сіңірген еңбегін атап өтті.

– Ілияс Жанқараұлы зерек бала болады. Жастайынан Петерборда оқып, білім алған Ілияс ауылдағы елді басқару және ұйымдастыру ісіне ерте араласып, туып-өскен Тереңкөл болысында өзінің туған бауыры Бозқозыдан кейін билікке келеді.

Алаш ардақтыларымен үзеңгілес болған Ілияс Жанқараұлы орыс патшасы Екінші Николайдың таққа отыру салтанатына да қазақ ұлтының өкілдерімен бірге барып қатысады.

1906-1907 жылдары Ілияс Жанқарұлы Ресейдегі Бірінші және екінші Дума сайлауында қазақ елінен барған Алаш ардақтылары Шәкәрім Кұдайбердиев, Сәдуақас Шормановтармен бірге Думаға депутатыққа сайлау ережелерін қабылдауға дауыс беруші ретінде қатысып, жоғары мінбеден сөз сөйлеп, қазақ халқының мүддесін қорғайды. Осы Думада қазақ елінің атынан Әлихан Бөкейханов депутат болып сайланады. Бұл туралы сол кезде «Дала уәлаяты» газетінде материалдар жарық көрді.

Жанқара әулеті кезінде Тереңкөл өңірінен жерлестерінің балаларын оқуға тарту мақсатында мектеп те салған екен. Бұл туралы Р.Қадысов пен С.Мамытовтың «Қазақстанның ХХ ғасырдағы ұлттық буржуазиялық қалыптасу ерекшеліктері» атты еңбегінде атап өтіледі.

1907 жылы Ілияс Жанқарин қажылыққа барып-келген соң халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жастарды өнер-білімге тартуға, қайырымдылық шараларына белсене араласады.

1917 жылы елдегі «Алаш» қозғалысының ел ішінде жүргізген жұмыстарында да белсенділік танытады. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытов аштық жылдарында Торғайдағы елге мал жинағанда Ілияс Жанқараұлы ашаршылыққа ұшырағандарға 1500 жылқы берген.

Семей семинариясында Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы өңірінен жетім қалған балалар көп оқыған. Сол кезеңде Ілияс, Құсайын Жанқариндер ол балаларды киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырған. Ол туралы Омбы мұрағатында сақталған. Сол балалардың тізімі де жазылған. Олардың қатарында Ахмет Қайыпов, Арынбай Мұрзиев, Аббас Айманов, Оспан Әлімгер секілді балалар болған.

Ілияс Жанқараұлының қайраткерлік ісі туралы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында да жазылған, – деді Айман Файзоллақызы.

Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің профессоры Әділбек Әміренов баяндама жасады. Ол Ілияс Жанқараұлының Николай патшамен кездесуге қатысып, оған Семей облыстық статистика комитетінің жәдігерлері – археологиялық заттары ұсынғанын баяндады:

– 1891 жылы Тереңкөлде болыс болып тұрғанда патша мұрагері Николай Александрович Романов Ресей империясының карауындағы аймақтармен танысу мақсатында қазақ даласына сапарлап келіп, Омбы қаласы мен Ертіс өзенінің жағасындағы қазақ ауылында болуды мақсат етеді. Қазақ даласында ақ патша мұрагерін Омбыдан он екі шақырым жердегі Ертіс өзенінің жағалауында күтіп алуға жарты жыл дайындалады. Өзен жағасында киіз үйлерден тұратын шағын қалашық пайда болады.

Николай Цесаревич «Николай» пароходымен 15 шілде күні келеді. Оны қазақ даласының өкілдері кеме тоқтайтын баспалдақтан күтіп алады. Қарсы алушылардың ішінде болған Шыңғыс Уәлиханов (Акмола өнірі), Ісләм Уәлиханов (Семей өңірі), Сұлтан Найманханов (Жетісу өңірі), өзге де сыйлы, танымал азаматтар патша мұрагеріне алтын жалатқан ыдыс-аяқпен дала сусынын ұсынады.

Болашақ император Акмола уезінің дәулетті адамы Нұрмұхамет Сағынаевтың, Атбасар уезінің дәулетті адамы Мейрам Жанайдаровтың, Омбы уезінен Тастанбек Шонаевтың, Қызылжар уезінің қазақтары әзірлеген, Шыңғыс Уәлиханов дайындатқан киіз үйлерді тамашалайды.

Одан соң патша мұрагері Павлодар уезі, Тереңкөл болысы Ілияс Жанкараұлының көрмеге арнап безендірген киіз үйінен күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар – қару-жарақ, ыдыс-аяқ, ұлттық киім-кешек түрлері мен музыкалық аспаптарды тамашалайды. Тіпті, қызықты зоологиялық коллекция бал арасы, құмырсқа, улы қарақұрт пен жыландар, одан бөлек, тас пен қола дәуіріндегі тұтыну заттары – балта, пышақ, қайла, өзге де заттарды кезіктіреді.

Бұл тарихи оқиға туралы 1891 жылғы «Дала уәлаяты» газетінде жазылып, тарихшы Юрий Поповтың «Свет далеких имен» атты кітабында да деректер келтірілген. Бұл ұлттық құндылықтар Петербордағы Орталық мұражайда орыс халқына қазақ елінің тұрмысы мен мәдениетін таныстыруға жол ашады, – деді Әділбек Дәуітбекұлы.

Жиын И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының концертімен түйінделді.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий