…Денесін тік ұстап, әдеттегі сырбаз қалпынан, паң тұрпатынан айнымай, асықпай басып есіктен енді.
Мен інілік ізетіме салып, бәйек болып-ақ жүрмін.
Күзгі күртешесін шешуге көмектесіп, киім ілгішке қондырдым.
Ағам сырбаз да маңғаз қимылмен айна алдына қарай барды. Төс қалтасынан тарағын шығарып, шыңын қар шалған Ақбеттаудай алтын басына қолын апара берді.
Сымбатына сүйсініп, сыртынан бақылай-барлай қарап аңғарғаным сол – шаш тарауының өзі жатқан бір жоралғы! Біздікі ғой, далдың-дұлдың, жау шапқандай апыл-ғұпыл тірлік…
Сөйтіп ағам төрге озып, орындыққа жайғасты.
– Қалай, қыз-жігіттерің аман ба?
– Шүкіршілік, аға, барлығы Өзіңіз көргендей, дін аман.
– Иә, аман болыңдар. Журналистің күнделікті өмірі жазумен өтеді ғой. Жазу дегенің жүйкені жеп қояды. Төзімді адам ғана таусылмайтын жазуға төтеп бере алады, – деп бір тоқтады.
– Солай ғой, аға.
– Соқпағалы да біраз болды сендерге…
– Иә, осында жолыңыздың түспегеніне біраз болды ғой…
– Жарайды, уақытыңды көп алмайын, мынау жақсы көретін інім ретінде саған тартуым, – деп саусақтары салалы қолын созып, мені құшағына тартып, маңдайымнан иіскеді. Сосын баспадан шыққанына аз ғана уақыт болған шағын кітапшаны ұстатты. Жинақты ашып, қолтаңбаға көз жүгірттім…
– …Саған айтпақ екі шаруам бар еді. Алғашқысы – бір мәселені анықтауым үшін қажетті сұрақ, екіншісі – тапсырма. Тапсырманы орындау қолыңнан келеді сенің. Оған күмәнім жоқ., – деді ағам.
– Айтыңыз аға, құлағым Сізде…
Асыл ӘБІШЕВ.