Бүгін – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған күні.

Сұлтанмахмұт – қыршын кеткен қазақтың рухы. Ерте үзілсе де, ғұмыры жаңа ұрпақпен, жас буынмен қайта түлейтін рух. Өмірге дүркін-дүркін келер рух. «Сарыарқаның желіндей еркін ескен жорға жырлары қазақ даласында ентікпей ұзақ ғұмыр кешіп келеді».

Сөз басында ақын жайлы пікір келтірсек: «Сұлтанмахмұт жас ақындардың ішіндегі бір күшті ақын еді. Өнер-білім сәулесін аңсап, құлаш ұрып, кедейлік, жоқшылық зарын шегіп, жауыз тұрмыспен жанталасып, алысып, жеңе алмай мерт болды. Тірі жүрсе, өзі айтқандай, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғандай, от-жалындай зулаған болат қайрат, құрыш жігердің, кекті жүректің ақыны еді» – дейді Жүсіпбек Аймауытов. Жазушы ақын шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу ісінің басында тұрған тұңғыш сұлтанмахмұттанушы. Ол 1927 жылы 15-ші қарашада Мәшһүр Жүсіпке жазған хатында: «Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел жинап, үлкен кітап қылып баспаға бергенмін. Одан «басылады» деген хабар алып отырмын» – деп жазған. Алайда, Жүсіпбекке кітаптың жырыққа шыққанын көру жазбапты. Ақынның алғашқы жыр жинағы, Жүсіпбектің алғысөзімен 1933 жылы шықты. Аяулы азамат ақынның алғашқы жырынан-ақ оның дертпен тең сөз өнеріне шындап кіріскенін аңғарамыз. Бала жасынан тақпақтатып, таңдайы тақылдап өскен бала Сұлтанмахмұт:

…Қаламды шын беріліп, алдым берік,

Әлдеқандай бір күшке көңіл сеніп.

Бұрын жалғыз оқу еді іздегенім,

Енді оған өлең жазу болды серік… – деп өлең жазамын деген ойынан азбасына серт етті. Аз өмірді ақындық жолға берген ол қысқа ғұмырында ұзақ жасайтын өлеңдер жазды.

Тегі мықты, сүйегі асыл, тіні мығым, ділі берік бала шәкірттің оқуға, өнер-білімге ерекше ықыласты болмауы мүмкін емес еді.  Осыдан кейін заңды сұрақ туындайды. Бала Сұлтанмахмұт қандай еді? Кенжетай Аймановтың естелігінде, оның қызықты бала болғаны айтылады. «Басқа балаларша артық ойнау, былғану, күлмен ойнау онда жоқ, қолы-басы таза. Көбінесе жұрт осы тазалығын ұнатады» – деп жазады көзкөрген қария. Тазалық. Жеке бас гигиенесы емес. Рух тазалығы, жан тазалығы. Сәулеге ұмтылған, жарық сүйгіш келте ғұмырлы дала гүлі секілді.

«Шығамын тірі болсам, адам болып,

Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып.

Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,

Жүргенше өмір сүріп надан болып?!» – дегені сол тазалығынан туған шынайы. «Қараңғы қазақ көгіне күн болуды» армандауы, «туған еліме әкеп шашуға, ілім-білім жинаймын» деуі де сол кіршіксіз көңілінің көрінісі, кірпияздығының бейнесі.

Ақын – кірпияз болуы керек деген пікірді ұстанамыз. Өзі де, сөз де. «Поэт должен быть красивым как бог» дейтін Олжастың сөзі ақынға көп салмақ салатын секілді. Жайдан-жай айтылмаған сөз – бұл. Абай да, Сәкен де, Мағжан мен Сұлтанмахмұт, Қасым… Жалғасып кете береді. Ақынның кірпияздығы, – айналадағы қараңғылыққа, ергежейлілікке, білімсіздік пен рухсыздыққа төзе алмауы. Сұлтанмахмұт өнерге асқақ шыңдай биік, шыңырау теңіздей терең деп қарады. Солай қабылдады. Тазалығы – ақынның адалдығы.

Ол сарабдал сыны арқылы өнертануға қадам басқан ақын. Ол қадамы сәтсіз болмады деп есептейміз. Сөзімізге дәлел «Өлең және айтушылар» мақаласы. Онда «…бір халықтың сүтпен бірге байланысқан ірік-шірік қара кеуілдерін аршып, жаңа рухпен қақдандыратын, таза бейілмен жандандыратын машина, шын жүректен шып-шып шырқырап шыққан өлең-жыр, әдебиет деген нәрсе болады. Көңілді түзейтін машина – өлең-жыр. Ол машинаның тетігін біліп сайратып, есіткендердің аузынан суын ағызып, көңілдеріндегі уын шығаратындар кім? Халықтың көңіл машинасының тетігін білетін ән-жырға ұста адамдар… Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар» – дейді ақын. «Әнді сүйсең, менше сүй» – дейтін Абай дәстүрінің жалғастығы – бұл. Ақын көкейіндегі өзекті мәселе ән өнерінің асқақтығынан айырмау болса керек. Ақындық түйсік деген осы. Нешеме замандар өтіп, «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесіннің» кері туып, дауысы жоқ, «доллары» барлар «қазақтың өнерін жасап жүр». «…Ең ақыры домбыра-сауық, тәтті-тәтті әндерімізге дейін азайып, қара күңгірт қапаға булыққан заманға қарай дедектеп барамыз» – деген күйінішінен сол заманда да «халтурщиктердің» болғанын аңғарамыз. Ән – өлең оқудың, өлеңді жеткізудің ең биік формасы. Сұлтанмахмұт та бұны жете түсінген: «Сырнай яки домбыраны тарта білмей құр перне басып бақылдату қандай сүйкімсіз болса, әнімен айтылмаған өлеңдер де сондай сүйкімсіз болады».

Ақынның өзі мен сыншы емеспін, «Сыншы болуға өзім сыннан өткен кісі емеспін» – дейді. Десе де, «көзге шыққан көсеудей сүйелдерін» айтқанда сыны орынды. Пікірі пәтуәлі. «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» дейтін мақаласында ХХ ғасырдың бастапқы кезеңдерінде жарық көрген бірқатар кітаптардағы шала тілділікті, керексіз шолжаңдықты, соқпағы қиыспағандықты сынайды. «Қайта бұрынғыларымыз «хикаят» болса да тілі қазақша, рухы қазақ рухына қарай бейім келгендіктен өзіне сүйіндіруші еді» – дейтін ақын «Теп-тегіс, өрескелсіз өлшеулі өлең қайда»? – деп сұрау салады. «…Туыстағы тұрмыс дерті, зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, ықтиярсыз ызалы ызғырын төгіп, сай-сүйегің сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін қағып, көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқатады. Мен анық ақсүйек, аты жоғалмайтын өлең деп, өнер деп соны айтамын. Сырт көрінісі «қатын ойбай» тұрсын «шайтан ойбай» болып көрінсе де, дәмі бар, маңызы бар ойбай – сол, қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы – сол… Басқаларға қарағанда Пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұрады. Марқұм Абай өлеңдері секілді». Жоғарыдағы өзі қойған сауалдың жауабын Абай өлеңдерінен табады. Осыдан Сұлтанмахмұттың реалист ақын екенін аңғарамыз. Реалист болуы – жан тазалығын сақтауы. Өлеңде формула жоқ десек те, Сұлтанмахмұт айтқан қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысындай боларлық өлең қазіргідей өлара кезеңде «аштықта жеген құйқаның дәміндей». Өткір сын білдірген ақынның осы бір пікірі әлі де өзекті, өміршең.

 Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий