Кеше Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында «Ertis Media» ЖШС-нің шығармашылық тобы Жидебайға рухани тур ұйымдастырды. Директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары Раушан Сыбанжанова, директордың кеңесшісі – PR and Production офисінің басшысы Гүлнаш Әбішева, Halyq radiosy-ның жүргізушісі Елдос Төлеубаев, видеооператор Захар Шишко және мен – осы жолдардың авторы сапарымыздың негізгі мақсаты –Абай ақының өлеңдері мен қара сөзін оқып, әнін шырқап бейнебаян түсіру үшін Жидебайға аттандық.

Семей – Жидебай бағытындағы автожол «Абай жолы» деп аталады екен. Осы жолмен кезінде Абай атамыз сән-салтанаты жарасқан күймемен қатынап тұрған екен.

Әуелгі аялдамамыз – Абай еліне барар жолдың бойындағы жолаушылар ат шалдыратын алғашқы қасиетті жер Күшікбай асуы болды. Күшікбай – ХҮІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген, елі мен жерін жаудан қорғап, небары 21 жасында мерт болған батыр. Күшікбай батыр мәңгілік мекен тапқан төбе басына дулыға пішінді мазар салынып, батыр рухына монумент орнатылыпты. Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі оқиға осы төңіректе өткен. «Қорғансыздың күні» – жазушының 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының 3-4-сандарында «Арғын» деген бүркеншік атпен жарияланған алғашқы көркем шығармасы. 1922 жылы Орынборда «Қорғансыздың күні» деген атпен жеке кітап болып шықты.

«…Арқалықтың жолы асатын кезең – Күшікбай кезеңі деп аталады. Күшікбай – Арқалықты қыстайтын бес-алты ауылдың атасы. Өзі батыр болған адам дейді. Дәл дара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйген оба секілді жалғыз мола бар. Сол мола Күшікбай батырдікі. Кезең де сол себепті Күшікбай атымен аталған… Күшікбай батыр жиырма бір жасында дүние салған екен. Ерте күннен жортуылға аттанып, Уақтың көп батырларының арасында бұғанасы қатпағандығына қарамай, талай қиын-қыстауда ақыл тауып, қажымай қайрат, ерлік көрсеткен. Осындай өнерінің арқасында ерте күннен батыр атын алған екен..», – деп жазады Мұхтар Әуезов «Қорғансыздың күні» әңгімесінде Күшікбай батыр туралы.

«Сылдырап қысы-жазы ағатұғын,

Суын ішсең, құмарың қанатұғын.

Тұратұғын жеткізіп бар ұрпаққа,

Батыр болған кешегі баба сырын», – деп, абайлық ақын Төлеген Жанғалиев жырлаған Күшікбай бұлағынан су ішіп, шөл бастық. Бұлақ басына орнатылған тақтаға: «…Осы жолмен жүріп өтті қаншама, Абайды іздеп алты Алаштың баласы», – деген жыр жолдары басылыпты. Біз де «Абайды іздеп» ары қарай аттанып кеттік.

Уақыт тығыз болғанына байланысты Бөрілідегі «Жазушы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйіне» бұрылмай, Ералы жайлауының шығыс жағында орналасқан Еңлік пен Кебектің кесенесіне аялдамай, «Жидебай қорығына» жеттік.

«Жидебай қорығы» 1990 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылыпты. Қорықтың жалпы аумағы – 6400 гектар. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Қорық құрамына Абайдың мұражай-үйі және «Абай – Шәкәрім» мавзолей кешені, «Зере – Ұлжан» кесенесі, «Абай – Шәкәрім» демалыс орны, Кеңгірбай кесенесі, Ғабитхан молда, Шәукен бай зираттары, «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясы сынды тарихи-мәдени нысандар енеді.

Алдымен, «Абай-Шәкәрiм» мемориалдық кешенiне барып, марқұмдыр рухына құран бағыштадық. Кешенде Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы кенже інісі Оспанмен және Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің ұлы Ахатпен жерленген.

«Абай-Шәкәрiм» мемориалдық кешен тұжырымдамасының негізіне қазақтардың дүниетанымын толыққанды танытатын дәстүрлі космогониялық түсініктері алынған. Сондай-ақ тұтас кесене Сарыарқаның кең даласының төсiнде поэзия айдыныда баяу жүзiп бара жатқан Абай мен Шәкәрiмнiң қос желкендi кемесi сынды идеяны алға тартады. Бұл кесене күн қатты ысыған кезде далада сағым көтерiлгенде кеме сияқты жақсы көрiнiс бередi. Сол сағым алыстан теңiз толқығандай болып тұрған заматта, Абай-Шәкәрiм кесенесi сағым-теңiздiң үстiнде үлкен бiр ой құшағында қалықтап тұрған алып кеме сияқты әсер етеді.

Алыстан қос мұнара бiрдей сияқты көрiнгенмен, олардың биiктiгi де, аумағы да екi түрлi екен. Абай мұнарасының биіктігі – 38,5, Шәкәрім мұнарасының биіктігі – 37 метр. Кесененiң iргетасының ұзындығы – 200, көлденеңiнен (енi) – 65, биіктігі – 5 метр. Қабірлер арасы – 140 метр. Екi мұнараға да кiргiзетiн сәндi есiктер, мұсылман рәсiмiне орай, мәйiттiң аяқ жағынан шығарылған. Жоба авторлары – КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі Бек Ибраев жетекшілік еткен сәулетшілердің шығармашылық тобы.

Бұдан кейін Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, ағасы Құдайберді және Құнанбай ауылының балаларын оқытқан молла Ғабитхан мен Оспан үйінің жалшысы Шәуембай жерленген зираттарға құран бағыштадық.

Осы ретте бала Абайдың бойындағы орасан күшті ақындық қуатқа дем беріп, өлең-сөздің шоғын үрлеп жаққан Зере әже туралы бірер сөз. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай «Зере әже» атты мақаласында былай дейді:

«М.Әуезов Абай ғұмырнамасының алғашқы нұсқасында: «…Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған. Ол уақыттағы бәйбішенің бір сыны – күндестік дегенді білмей кең мінезді болу. Зере бәйбіше осы жағынан көп мақталады. Күңдердің балаларын өз балаларындай асырап, еркелеткен деседі», – деп қысқаша мінездеме береді. Жазушы көркем шығармасында да Зеренің бейнесін сомдауда тарихи шындықтан алыс кетпеген. Ел «Кәрі әже» деп құрметтеген шешені Құнанбай да алдынан кеспей қатты сыйлаған. Өмір шындығын арқау еткен эпопеядан Зеренің Абайға деген айрықша ықыласын байқаймыз. Басқа немерелерін бір төбе, Абайын бір төбе көрген әже Ибраһимді еркелетіп, «Абай», «Абайым» деген. «Абай» деген көне түркіше сүйкімді деген сөз», – дейді ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, Семей топонимикасына арналған ғылыми мақалалардың авторы Қалихан Алтынбаев.

…Абайға алғаш тіл ұстартып ертегі-аңыздардан бастап қазақтың бай ауыз әдебиетімен таныстырған – осы құймақұлақ Зере әжесі. Бала Абайға тек әлдиімен ертегі айтып қоймай елдің салт-дәстүрін, қазақы тарым, жөн-жоралғыларды жетелеп жүріп таныстыру осы Зере әжесінің сыбағасында».

Бәріміз жастанып оқыған «Абай жолы» романында кәрі әженің демі үзілер шақтағы Абаймен қоштасуы аса әсерлі берілген. Қайта бір оқып көрейікші: «Өнегем… болса… тірлігімде көрсете алдым ба, жоқ па? Өсиетім болса… құлағым, тілім барында айтып болдым ба, жоқ па? Қайтейін!.. Енді қайтейін!.. Сөйлету зорлық сияқты. Бірдемені айту да орынсыз. Абай екі қолын төсіне қойып, әжесіне тағзым етті де, басын иді. Өзінше: «Бар жүрегімнің құрметі, әулиеден ана, саған арналған» дегені. Сүйтіп аз отырды да, әжесінің екі қолын ұстап, кішкентай алақандарына бетін басты. Иіскеп сүйіп отырғанда бірнеше ыстық тамшылар да сол әлсіз жүдеу алақандарға тамып еді. Әжесі тағы да сыбырлап: – Қарағым… жалғыз қарашығым!, – деп, Ұлжан жаққа қарады да, – анаңды күт! – деді»…

Бұдан соң Абайдың өмірі мен шығармашылық жолынан толық мағлұмат беретін мәдени мекеме – Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйін араладық. Біз бұнда ақынның заманынан жеткен құнды жәдігерлермен, тарихи деректермен толық танысуға мүмкіндік алдық.

Жидебай – Құнанбай әулетінің мекендеген қыстауы. Бұл мекенді Құнанбай әулеті қоныстанғанға дейiн Жидебай деген кiсi мекендегендіктен сол кісінің есiмімен аталады. 1840 жылдары Құнанбай қажы кірпіштен тамқора салдырып, осы араны қыстаған. Құнанбайдың Ұлжаннан туған кенже ұлы Оспан үйленген соң осы қыстауды Оспанға беріп, өзі Ақшоқыны мекен еткен. Ал 1891 жылы інісі Оспан қайтыс болған соң, бұл қыстау Абайдың еншісіне өтеді. Өлкетанушылардың айтуынша, Абай Жидебайдағы қыстау үйді қайта салып, күрделі жөндеуден өткізген. 1945 жылы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуы қарсаңында арнаулы мемлекеттік комиссия шешімімен Жидебайдағы Абай қыстауы Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйіне айналды. Абай ақын өмірінің соңғы он жылы осы Жидебайда өткен. Абай шығармашылығының Жидебай кезеңi аса өнiмдi жылдары болып саналады. Бұл он жыл iшiнде Абайдың 70-тен аса өлеңi, Лермонтов, Крыловтан 25-26 аударма, 27 қара сөзi және екi әнi дүниеге келген.

Мұражай «Ас үй», «Кіші қонақ бөлмесі», «Қонақ бөлмесі», «Абайдың жұмыс бөлмесі», «Еркежан бөлмесі» секілді бес бөлмеден және дәліз бен шошаладан тұрады екен. Оларда орналастырған заттар ұлы ақынның жақын-туыстарынан, достары мен замандастарынан алынған. Үйдің кұрылымы, сыртқы пішіні Абай заманындағы көрініс-келбетін сақтапты.

Бірінші дәлізден «Ас үйге» ендік. Терезесі шығысқа шығатын үлкен бөлме екен. Кірген бетте сол жақта – жоғарғы жағын күмбез тәріздес жасаған қазанаспа. Онда екі қазан орнатылған. Үлкенінде ет, кішісінде жеңіл тағамдар әзірленген екен. Қазанаспаның күмбез тәріздес жоғарғы жағы – булық бөлмені будан сақтандыру үшін жасалыпты. Оң жақ босағада асадал мен күміс, мыс жалатылып сүйектен жасалған кішкене кебеже тұр. 1885 жылы Абай осы екі бұйымды Семейдің өлкетану мұражайына өз қолымен өткізген екен.

Екінші дәлізден «Қонақ бөлмесіне» өттік. Бұл бөлме аса үлкен болмаса да, ыңғайлы, жайлы екен. Қабырғада – түкті кілем.

Келесі – Абайдың «Жұмыс бөлмесі». Төрде жазу үстелі орналасқан. Бөлмеде шығармашылық қалып сақталған. Қазақтың дәстүрлі жиһаздарымен қатар европалық жиһаздар да бар: кітап шкафы, айна, қабырға сағаты, шкаф сөрелерінде – ақынның сүйіп оқыған кітаптары қатарланып тұр. Шығыс ақындарының шығармаларымен қатар орыс классиктерінің кітаптары, энциклопедиялық басылымдар да бар. Үстел үстінде – «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» еңбегінің қолжазбасы, ақынның қалта сағаты, насыбай шақшасы, сиясауыты, қаламы.

Одан әрірек алдыңғы бөлменің сол жақ қабырғасында – Құнанбайдың қажылық сапарға барғанда әкелген тақиясы. Оны мұражайға Абайдың шөбересі – Бағфұр Ақылбаев тапсырған. Бөлме қабырғаларына бірнеше фотосурет ілінген: Абай ұлдары Тұрағұл және Ақылбаймен; Абайдың ортаншы ұлы – Абдрахман, Абайдың інісі Оспан. Қазақтың ағаш төсегі жасаулы жиналып тұр. Ортада дастархан жабылған аласа дөңгелек үстел. Үстелде – күмістелген қымыз ыдыстары.

Дәліз бойымен ілгері жүргенде түкпірдегі келесі бөлме – Еркежанның бөлмесі. Бөлменің оң жағында тұрған сүйек төсек – Еркежандікі. Оның үстінде тұтылған шымылдық пен төсекжапқыш Еркежанның келіні Камалиядан алынған. Еркежан мен Камалияның білезіктері де осында. Солардың қатарында Абай үйіне келін боп түскендегі Камалияның киімдері, құндыз бөркі мен камзолы сақтаулы.

Абай Камалияның қолында дүниеден қайтқан. Камалия Абайдың туғанына жүз жыл толған мерекесіне қатысып, мұражай-үйдегі заттардың көбін өз қолымен табыс етіп, кейбір дүдәмал жайттарды анықтап беруге жәрдемдескен екен. Бөлмедегі өзге заттардың барлығы – Абайдың соңғы кездегі өмірінің куәсі.

Кіреберістегі дәліздің сол қапталында тағы бір шағын бөлме бар. Оны «Шошала» деп атайды. Қабырғалары таспен қаланған. Температурасы жазы, қысы бірқалыпты. Бөлменің ортасына қазан қойылған. Төбесі ашық. Түтін не жағымсыз иістен тазаланып тұру үшін шаңырақ тәріздес етіп жасаған. Қажет кезде жауып қоюға да болады. Айыр бұтақтары бар адалбақандарға бұрын ет ілінген. Шошаладағы тайқазан мен ағаш соқа, аң ұстайтын қақпан түрлері – ақын заманының куәлары.

Алаңның сыртында Абайдың тас мүсіні және Жидебай – «Еуразия кеңістігінің кіндігі» екенін білдіретін арнайы белгітас та орнатылыпған.

Бабалар рухына тағзым етіп рухани серпілдік, жан-дүниеміз байып қалды. Негізгі жұмысымызды да ұмытпай, Раушан Сыбанжанова үкілі домбырасын күйлеп, Абайдың әнін шырқады. Елдос Төлеубаев Абайдың бірінші қара сөзін оқыды. Біз болсақ, 1889 жылы жазылған «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» және 1901 жылы жазылған «Жапырағы қуарған ескі үмітпен» өлеңдерін оқыдық. Ал Захар Шишко қайталанбас сәтті таспалап үлгерді. Осылайша біздің мағыналы-мәнді, тағылымды-өнегелі сапарымызды аяқталды.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Павлодар – Семей – Жидебай – Баянауыл.

Добавить комментарий