Бозторғай зорлық көріп тұрымтайдан,
Таяныш таба алмапты қырдан, ойдан.
Сәбит Дөнентаев.
Əдебиетте əрбір кезең күрделі. Ал əрбір əдеби кезеңді тарих сүзгісінен өткен, табиғаты əр алуан дарын иелері құрайды. Кезеңнің де кезеңі бар. Жиырмасыншы ғасыр басы қай əдебиетте де жанартау атқылаған буырқаныстарға толы аса күрделі кезең. Сан түрлі ағым, əдіс, тəсіл араласып жатқан қос ғасыр тоғысында ғұмыр кешкен үлкенді кішілі дарындардың рухани мұрасы талапкерден танымал зерттеушілерге дейін аса зор жауапкершілік, ыстық жүректі ыждағат тілейді. Өйткені XX ғасыр басы – қазақ тағдырына қатысты толайым ойдың батыл да, байсалды айтылған сəті. Өйткені бұл қазақ оқығындарының сүттей ұйыған ынтымақ танытып халықтық трагедия тұсында топтасып, ұжымдасқан бір сəті.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ əдебиетін зерттеу мəселесі сөз болғанда есімі алдымен аталатын ғалымдар – арамыздан 1987 жылы кеткен профессор Бейсембай Кенжебайұлы! Ол жиырмасыншы ғасыр басындағы əдебиет дегенде ішкен асын жерге қойған, өзін қат-қабат қалтарысы мол қиын кезеңге салып, қинала жүріп, осы бір күрделі дəуірді шұқшия зерттеуді ғылыми өмірінің мəніне айналдырған, тіршілік қызығына балаған ғалым еді. Аяулы ғалым өз өмірінің соңғы күндері осы күрделі кезеңнің əрбір қаламгері қалдырған əдеби мұраны қайта бір сүзгіден өткізгісі келген болатын. Мəселен, Абайдан кейінгі асқар биігіміз – Сұлтанмахмұт Торайғырұлының екі томдық шығармалар жинағына үлкен тебіреніспен «Алғысөз» жазуы – осының айғағы. (Жинақ «Сарыарқаның жаңбыры» деген атпен ғалым қайтыс болғаннан кейін 1987 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді.Қ.Е.) Көрнекті ғалым Б.Кенжебайұлы ұлы ақынның өлеңдегі өрнекті сөздерін өмірінің ақырғы сəттеріне дейін бөлек дəптерге тергіштеумен болды. Себебін сұрағанымызда, ішкі сырын тебірене отырып, аманат етіп айтқандай болып еді.
– «Шіркін, жиырманшы ғасыр (ол кісі солай айтатын. Қ.Е.) басына тарих ерекше ықыласты болған ғой. Əлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сəбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев, Əріп Тəңірбергенов… қай-қайсысы да қызық тағдыр иелері. Қалың оқырманға бұлардың біреуінің өсімі жеткен, енді бірінің есімі қаскүнемдікпен жабылып кеткен. Есімі елге еркін танылды деп жүрген осынау дарындардың өмірі мен əдеби мұрасына қатысты əлі толық ашылмаған, жете зерттеуді күтіп тұрған көптеген проблемалар бар. Тіпті сол аяулы жандардың қолжазба мұралары неге сақталмады деген сауалдың өзі жаныңды жегідей жейді ғой. Кейбірінің бірсыпыра шығармасы газет бетінде кезінде жария болды, өкінішке қарай – біздің қолымызда жоқ. Ал əдеби ағымдар мидай араласқан бұл кезеңнің көпшілік оқырман үшін жете ашылмаған жұмбақ таланттары қаншама десейші?! Аға буын – біздер ғылымға арнайы филологиялық мектептен өтпей, мектеп партасынан мұғалімдікке бірден өткен ұстаздай күйде келіп араластық. Сөйтсек те, кезінде қате бағаланған, тіпті халыққа жат, құбыжық болып көрсетіліп келген көптеген дарындарды біртіндеп ашып, ағартушы ақындар деңгейіне көтеріппіз. Біздің сорымызға уақыт аумалы-төкпелі мінез танытып, ұлт мəдениетінің кемшіндігі бұған қосымша болып, қолбайлауға айналды. Ақын-жазушыларды зерттегеніміз үшін бізге түрлі саяси жарғы тағылды. Атап айтқанда, «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының ақындығы» аталатын диссертациялық еңбегім қолжазба күйінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысына еніп, қатты сыналды. Өзім КПСС қатарынан шығарылып, жұмыстан қуылып екі қолым алдыма сыймай үйде отырдым. Бұл – біздің жолымызды кесті, қолымызды байлады. Ол сонымен қатар əдебиеттану ғылымын кенжелетіп, ілгері басқан қадамын кейін тартты. Ал əдеби методология жетіліп, жаңарып, алға оза берді. Сұлулықты тану, танығаныңды талдап жеткізу жолдары өзгерді. Соңымызға мойын бұрып қарауға мұршамыз болмады. Соны жетістіктерді меже тұтып бар пəрменмен алға ұмтылдық. Тағдыр маған бір кісіге қанат тұтарлық ұзақ ғұмыр бұйыртыпты. Менің замандастарымның бірқатары жазғанын қайта бір қадалып оқуға үлгермей кеткен жоқ па? Олай болса, тағдыр мұрсатына орай бұрынсоңды жазған – сызғандарымды мұқият қарап, сілкілеп, шаң-тозаңнан арылтуым керек. Сол үшін де өткен күнге ораламын. Қазір байыптап қарасам, кейбір шалағай идеологтар кезінде бізге «қателестің» деп айқай салыпты, біз «қателестік, жөндейміз» деп иіліп, икемге көнуге мəжбүр болыппыз. Енді, міне, жаңа қоғамдық көзқараспен қарасақ, «қателігіміз» – ілгерілеу, «жөндеуіміз» – шегіну секілді көрінеді. Сол себепті көңілім қалаған ақын-жазушылардың əдеби мұрасын қайта бір ой елегінен өткізіп, өз еңбектерімді жетілдіруді ойлаймын. Əр дəуірдегі ірі тума талант дарынын жаңаша зерттеуде қашан да сол дəуірдің үлкенді-кішілі өкілдері жөнінде бұрынғыдан жаңа, озық ой айтылуға тиісті. Сұлтанмахмұтқа қайта оралған себебім – сол! Сəбит Дөнентаевтың поэзиясын ғана зерттедім. Журналист шеберлігін, публицистік ерекшелігін ашу керек еді. Лириктік, сатириктік ерекшеліктеріне тереңдеп бару керек. Аяулы ақынмен əр кезде қызметтес болған Қаныш Сəтбаев, Мұхтар Əуезов, Самат Нұржанов, Мұсатай Ақынжанов, Жұмабай Забаев, Сақып Бейсебаев, Ғайса Сармұрзин, Ғазиз Оспанов, Ибади Матақов секілді белгілі кісілерге естелік жаздырып та алып қалмадық. Бəрі де мəденитеттің кемдігі…»
Иə, ғалым сөйлеп отыр. Ол бір орындалмай жатқан арман. Ұзақ жасап, артына «өлмейтұғын сөз қалдырып», былай қарағанда дүниеден армансыз өтті дейтін ғалымның аманат орайында айтылған осы бір ойы, сан-салалы іс-жоспары жүзеге аспаған күйінде кетті.
Көріп отырғанымыздай, Б.Кенжебаевтың жүзеге асыра алмай кеткен армандарының бірі – Сəбит Дөнентаевтың əдеби мұрасына қатысты еді. Сол себепті де, біз, кейінгі ұрпақ өкілі райында үлгілі адамдардың өнегелі істерін жалғастыруды өзімізге парыз санадық. Сəбит Дөнентаев жөнінде өз пікірімізді айтуды жөн көрдік. Біз бұл ретте əңгімені С.Дөнентаев шығармаларының жинақталып, жариялануы, талдап зерттелуі мəселесінен сабақтауды жөн көрдік.
Сəбит Дөнентаев шығармалары «Уақ-түйек» деген атпен алғаш 1915 жылы Өфеде, «Сəбит Дөнентаевтың өлеңдері» болып əдебиетші Р.Жаманқұловтың алғысөзімен 1935 жылы екінші рет, 1950 жылы «Өлеңдер» аталатын шағын жинағы, «Толық шығармалар жинағы» профессор Есмағамбет Ысмайыловтың алғысөзімен 1957 жылы қазақ тілінде, 1958 жылы орыс тілінде жарық көрген болатын.
Ақын, журналист шығармашылығын зерттеуге Мұхтар Əуезов, Рахымжан Жаманқұлов, Сəбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев, Балташ Ысқақов секілді ғалымдар əр кезеңде ат салысты. Обалы не, олар жақсы зерттеп, ақынды əр қырынан танытты. Ойға алған істер, орындалған міндеттер недəуір көңіл тоғайтады. Ақынның публицистикалық мақалаларына дейін жинақталып, 1957 жылғы жинағына енгізілді. Мұндай ыждағаттылық, басқасын былай қойғанда, бір дəуір əдебиетін басқарып, «Айқап» журналын ұйымдастыру арқылы қоғамдық ойдың қозғаушысына, əдеби ортаның ұйытқысына айналған, «қазақ баспасөзінің атасы» атанған Мұхаметжан Сералинге де жасалмағаны белгілі. Əрине, біз бұлай дегенде, Сəбит Дөнентаевқа жасаған жанашырлықты көпсінуден аулақпыз. Қайта көзі жоқ ақын мұрасының қастерленуіне қуанамыз. Сонымен қатар рухани мұраға деген ыждағат, құрмет өзге дарындарға де кең көлемде көрсетілсе деген тілек айтамыз.
Есесіне, С.Дөнентаев əдеби мұрасы 1957-58 жылдардан кейін біздің құрастыруымызбен 1989 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрді. Арадағы уақыт С.Дөнентаев есімін суытыңқырағанын айту парыз. Елдің елдігі көрінетін бір сəт-көзі жоқ дарындар есімін құрметтеуге, əдеби мұрасын ойлауға сайса керек. Ақын, журналист Сəбит Дөнентаев хақында қалам тартқанда біздің есімізде осындай міндет тұрады. Көрнекті ғалым Бейсембай Кенжебаев кітапханасынан ақынның бұрын жарық көрген жинақтарын алып таныстық. Бұрынсоңды зерттеушілер ақын мұрасын дүниеге келген уақытына қарай хронологиялық қалпын сақтап баяндаған екен, ал біз оларды қайталамау үшін, ақынның қамтыған тақырыбы, əдеби мұрасының жанрлық ерекшелігіне қарай жүйелеп талдаймыз.
Сəбит Дөнентаев 1894 жылы бұрыңғы Семей губерниясы, Кереку уезі, Ақсу болысы, төртінші ауылда (қазіргі Павлодар облысы) кедей шаруаның семьясыеда туған. Əкесі Дөнентай малға жарлы болғанымен, аздап сауат ашқан, көңіл-көзі ояу кісі болыпты. Анасынан жеті жасында жетім қалған Сəбитті жаңаша тəрбиелеуге тырысқан да – сол көзі ашық əке. Ауыл молдасынан қара таныған Сəбит 19071908 жылдары Маралдыдағы болыстық медреседе Нұрғали деген кісіден оқиды. Нұрғали – сол кездегі мəдени-ағарту орталығы болған Троицк қаласындағы «Уазифа» медресесін тамамдаған жаңаша білімі бар адам. Нұрғалидан тарих, жаратылыстану пəндері бойынша дəріс алған ақындыққа талабы бар бала өлең жазуға əуес болады. Өзі қатарлы, бірақ білімге ынтасыз, салдыр-салақ, тентек-содыр балаларды мазақтап өлең шығарады. Бұл – дарын дəнінің алғаш бүршік жаруы.
Ол 1910-1911 жылдары Мұхамедсадық медресесінде оқи жүріп, күнкөріс қамымен өзі де бала оқытады. Бұл – тұрмыс тауқыметімен мезгілінен ерте, еріктен тыс ер жету.
1912 жылы Сəбит Дөнентаев аз білімін жетілдіру мақсатымен Павлодар қаласына келеді. Өкінішке қарай, орыс мектебіне түсіп оқуға білімі жетпеген шəкірт бала Қасым қажы Ертісбаевтың медресесінен дəріс алады. Көзі ашық Қасым қажының үйінде жатып оқыған Сəбит əрі білімін үстейді, əрі татар тілінде шығатын «Шора», «Уақыт», қазақ тілінде басылатын «Айқап», «Дала уəлаяты» газет-журналдарын, өлең кітаптарын оқып, дүниетанымын кеңейтеді. Оның ұлы Абай, татар əдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқай шығармаларымен кеңірек танысатын кезі – осы тұс. Өзі де «Айқапқа» өлең, мақала жаза бастайды. Шамасы бұл ақынның:
Аз білімін шығара алмай майданға, Көп білімді жинай алмай қайранда. Білмек түгіл, білгенінен айрылып, Қалды жүрек опыр-топыр ойранда, –
деп («Өз-өзіме»), «басын тасқа да ұрып, тауға да соғып», өзінөзі қамшылап, ізденіп жүрген кезі. Айналасына жарық сəулесін шашқан ұлы Абай ақынға деген ыстық ықылас шəкірт кезеңде-ақ аңғарылғанымен, шын шығырмашылық үйрену өз жемісін кейін береді. Бірақ, Сұлтанмахмұтпен хат-хабар алысу, Тоқай өлеңдеріндегі сол дəуірге жақын сыншыл сықаққой үнді естуі жаңа талапты өрелі ізденіске бастағаны хақ. Баспасөз – қап түбінде жатпас шын талантты қойып, қатардағы талапкердің өзін жұртшылықпен жанды байланысқа түсіріп жіберетін, талпынысты қолма-қол демейтін сиқыр күш. Сəбитті санаулы жылдар ішінде тез есейткен, тіпті кітап шығаруды ойлатқан оның баспасөзбен байланысының жемісі болса керек. Сол жылдары Сəбит Сұлтанмахмұт арқылы «Айқап» журналы қызметкерлерімен де танысып, барынша ізденіс үстінде болған сияқты. Ақындыққа талаптанған бозбаланың «Досыма жазғаным» деп аталатын өлеңі Сұлтанмахмұт Торайғырұлына жазған кезекті хаттарының бірі болуы əбден мүмкін. Егер Сəбит бұл туындыны эпистолярлық жанр формасында жазылған өлең деп білсе, оған «Досыма жазғаным» – аты айтып тұрғандай, болашақ ақынның толысқан ақынға жазған хаты. Ал адресат иесі С.Торайғырұлы болмаққа керек. Күнделікті күнкөріс тіршілік, талап жайында айта келіп, соңғы шумағында: Бұл əншейін досқа жазған сырымыз, Деген емес «бұған айла қылыңыз».
Қол сермеген жемісіңіз тап болып, Ұзақ өмір, қош сəлемет тұрыңыз, – деуі де біздің осы пікірімізді дəлелдей түседі. Айналып келгенде мұның баршасы – ақынның талпыныс, ізденіс жолдары. Шəкірттік кезең жемісіндей болып 1915 жылы Өфеде Сəбиттің «Уақ-түйек» деген атпен өлеңдері басылады. Ақын өлеңдерінің басылуына қаражат жағынан дəулетті Қасым Ертісбаев көмек береді. Дəулетті адамның жетім балаға жəрдем беруінде бірнеше себеп жатса керек. Біріншіден, Сəбиттің ақындығын Қасым қапысыз тануы мүмкін, екіншіден, ұл баладан кемдік көрген мейірбанды əке бастырушы ретінде қызының есімін кітапқа жаздырғанда, қарапайым пендешілік жұбаныштан атақ шығару, мақтангершілікке дейінгі əрекет жатуы мүмкін. Қалай десек те, Сəбит Бастан кешкен бұл хал, жақсы мағынада айтқанда, оның əріптестерінің шығармашылық тағдырында қайталанбаған сəттілік болды. Сондықтан, Сəбиттің болашағын болжап, өлеңдер жинағын шығаруға қол ұшын берген Қасымға алғыс сезіммен қарағанымыз жөн. «Уақ-түйек» – Сəбиттің өнер жолындағы бір белең, оның болашаққа ынта-тілегін, өлең-жырға құштарлығын оятқан шешуші фактор.
Білім нəрінен сусындай бастаған Сəбит орысша оқу үмітімен 1915 жылы Павлодарға тағы келді. Бұл жолы ол мектепке жай тыңдаушы ретінде қатысады. Бұл – Сəбит Дөнентаев өмірінің шəкірттік кезеңі еді.
1916 жылғы июнь жарлығы жер-жерге, ел-елге зəрін төге келеді. Ол саясатты қолдамаған Сəбит июнь жарлығына қарсы үн көтерді, қолдаушыларды əшкерелеп өлең шығарып, ел арасына таратады. Сол себепті қуғын көреді. Сөйтіп, Екібастұз өндірісін паналап, жұмысшы болады. Жамантұзда почта қызметіне араласады. Ақыры байлардың қарамағына ілініп, өлмелі əкесімен қоштасып үлгермей, туысы Уəли екеуі майданның қара жұмысына жіберіледі. Рига қаласының маңында окоп қазу жұмысында болып, 1917 жылы туған еліне оралады. Өмірдің ауыртпалығы ақын дүниетанымын кеңейтеді.
Қазан төңкерісі жеңіске жетті. Кеңес өкіметі орнады. Ақын өзі армандаған əдебиетпен беріле шұғылдануға мүмкіндік туды. Ол Семей қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курста оқиды. «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналына өлеңдер жазып, жариялайды. Əрбір адамның өмірінде оңтайлы сəттер болады десек, Сəбиттің 1919 жылы Мұхтар Əуезовтен орыс тілін оқуы, 1921-1922 жылдары Қаныш Сатбаевпен бірге халық соты болып қызмет істеуі-қызықты өмірбаян беттері.
Сəбит Дөнентаевтың бұдан кейінгі қызметі негізінен баспасөз органдарымен байланысты. Ол «Қазақ тілі мен əдебиеті», «Жаңа адым», «Қазақ тілі», «Социалистік Шығыс» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Азғантай уақыт семья жағдайына байланысты мұғалімдік, педагогтік жұмыстармен айналысады.
Меңдеп алған көкірек, безгек ауруларынан айыға алмай, ақын, журналист, аудармашы Сəбит Дөнентаев 1933 жылы 23 мамыр күні 39 жасында қайтыс болды.
Ақын артында бірсыпыра мұра қалды. Көлемі шағын поэтикалық мұраны қадағалай оқығанда, ақынның ең алдымен замандастары секілді өз дəуірінің үні болғанын айқын аңғарамыз. Оның өлеңдерінде малмен бірге надан күн кешпей, өнер-білімге талпыну керек деген ағартушылық үндеу, əйел бас бостандығы, кедейдің жетілуі, байшонжардың тəркіленуі, бірде поэтикалық леппен, бірде лирикалық сазбен, орайы келгенде өткір сатиралық шенеу формасында жырланады. Өрістете қолданған бір тəсілі – кешегі жалшы мен бүгінгі кедей тұрмысын, кешегі тоқал, күң мен бүгінгі əйел тағдырын салыстырып бейнелеу – С.Дөнентаев шығармашылығының алтын өзегіне айналғанына куə боламыз. Қазан төңкерісінен кейін заң қызметкерлерінің мансап-дəрежесін пайдалануы, кейбір кесір əйелдің кекір мінезін де байқап, əзіл-əжуамен қағытуы, өткір сынауы – ақынның лирик ретінде де, сатирик ретінде де өз уақытымен бірге жетіліп, қоғам шақыруына ілесе қалам тартуының куəсі.
Қай уақытта да қаламгер өзі өмір сүрген қоғаммен бірге өседі де, қоғам шындығын көрсетуде өзіндік тақырыбын ұсынады, сол тақырыпты тиісті дəрежеге көтеріп жазу арқылы уақыт талабына жауап береді. Міне, осы тұрғыдан алсақ, Сəбит Дөнентаевтың оңтайына келген тақырыптар бар. Мəселен, Сəбит Дөнентаев – балалық шақтың жыршысы. Оны қалай түсінеміз?
Əрбір азамат секілді, қаламгердің де сағынышы естелікке айналып, жүрек түпкірінде сақталып қалған, көкейден кетпес балғын балалық, сəби шағын есіне алып, жол-жөнекей өлең жазуы бар да, дүние-ғалам сырын бала көзімен қарап, бала түйсігімен түсініп, сəбидің періште жанымен қабылдауы, тіршілік сырын саналы түрде балаға лайықтап жырлауы бар. Он тоғызыншы ғасырда қазақ ақын-жазушылары үлкендер ақыны, балалар ақыны деп іштей жіктелмегенмен, жиырмасыншы ғасыр басындағы əдебиетте мұндай саралану толық орнықпағанымен, бұл сияқты ерекшеліетер төбе көрсете бастаған еді. Тайыр Жомартбаев, Бекет Өтетілеуов секілді дарындар – тікелей балаларға арнап жазған қаламгерлер. Спандияр Көбеев пен Сəбит Дөнентаев та бұл міндеттен тысқары қалмады. Əдеби мұрасының ортақ табиғатына ден қоя отырып, авторлық мақсатты ойға алғанда, оның орындалуын қадағалағанда С.Дөнентаевты қазақ балалар əдебиетінің көрнекті өкілі ретінде тану – əділет! Оның балалықты сағына жазған лирикалық өлеңдерінен көз жасын мөлтілдетіп, шалға еріксіз ұзатылып бара жатқан Жəмила қызға жаны ашуына дейін, əйтпесе қараңғылық зынданында тұншығып жатқан еріксіз қазақ əйелінің зарынан асау тайша бұлғақтап еркіндікке қолы жеткен Айшаға дейінгі өлеңдерінде бала мінезі, бала жаны бейнеленіп, ақынның балаға деген қамқор жаны сəулеленіп тұрады. Қоғамды ащы сынайтын астарға толы сатиралық жəне юморлық өліңдерінің қайсысы да бала еркін қабылдайтын ойнақы өлеңдер. Бұл өлеңдерінде ақынның барынша қарапайым, жеңіл ырғақтар мен бунақтарға баратын себебі де – адам болашағы, халық келешегі – балаларға түсінікті болайын, солардың кəдесіне асайын деген ізгі ойдан туындап жатқан мақсат. Оның «Көркемтай» аталатын жалғыз көркем əңгімесінің де жетім бала өмірінен жазылуы ақынның өзін-өзі балалар əдебиетіне тəрбиелемек əрекетін аңғартқандай.
С.Дөнентаевтың бұл арнадағы өлеңдерінде екі ерекшелік бар: бірі – тікелей балалар əдебиеті туындылары да, екіншісі – балалықты басқыш ете келіп, əлеуметтік тірлік жайында ой толғау. Біз ақын өлеңдерінен осы ерекшелікті тиянақтайтын үлгілерді сөз ете отырып, оның балалар əдебиетіне қатысы жөнінде тоқталмақпыз. Мəселен, «Балалық» аталатын екі өлеңді өзара салыстырып көрейік. «Балалықты сағыну» – ақынның (əйтпесе лирикалық қаһарманның) алыста қалған балалығын сағынуы.
Қайда қалды тал атың
Күл, топырақ жем берген,
Қоразданып, қамшылап,
Өзің дауыстап дем берген, – деген өлең жолдары – шын мəнінде бала жанын елжіретер лирикалық саз.
Шын құрдастан айырылдың,
Құшақтасқан, сөз берген,
Ойдан қырға шапсам да,
Қанша абырой, бақ тапсам да,
Мыңнан бірін көрмедім, Мерекеңнің сен көрген! – деген бірде толғау ақындарымен үндесетін, бірде дүниенің өзгеруіне ой жіберетін жолдар – есейген лирикалық қаһарманның балалық шағына ойша сапар шегуі. Мұндай өлеңдер қазір екі ақынның бірінде кездесуі əбден мүмкін. Ал енді ақынның бірінде кездесуі əбден мүмкін. Ал енді ақынның осы тақырыптағы «Балалық» аталатын екінші өлеңіне ден қойсақ, қызық құбылысты, ұтымды шендестірулерді кездестіреміз. Ол үшін бұл өлеңді оқушымен бірге отырып тұтас оқыған жөн.
Алдау үшін көз жұмғанды «өлді» деп,
Уансын деп ұсынғанды «берді» деп,
Көңілін жықпай шұлғығанды «сенді» деп,
Нені көрсе, соған ерген балалық.
Ыстық ұрттап аузы күйген «салқын» деп,
Иегіне шұлғау орап шөрпім деп,
Жылтыраса санын соғып «алтын» деп,
Сыртқы көзбен баға берген балалық.
Шығын демей қирағанды, күйгенді,
Тек отыр деп дұшпан көріп тигенді,
«Құбыжық» деп бөркін теріс кигенді,
Жығылғанын жұрттан көрген балалық
«Ел қыдыртам, мінгіземін тайға» деп,
«Қаймақ пенен тойғызамын майға» деп,
Алдағынның бірін ұқпай айла деп,
Қолдағысын бəрін берген балалық.
Заман өтіп бара жатыр желдетіп,
Өзге халық өсіп жатыр ер жетіп,
Текке отырған көздің жасын көлдетіп,
Қашан кетер біздің елден балалық?!
«Балалық» аталатын бұл өлең өзінің тосын шешімімен қызықты. Былай қарағанда алғашқы төрт шумақ түгелімен лирикалық қаһарманның балалықты аңсауы, балалықтың қарапайым адал аңғалдығына күле қарауы секілді. Ал соңғы шумақты оқыған соң, ол ойдан қайтатыныңыз хақ. Балалық шақты характерлі баяндау халық, ел басындағы «балалыққа» (яғни шалалыққа) ұласқанда, өлең философиялық арнаға бұрылып, үлкен əлеуметтік мəнге ие болады. Бұл – əдемі шендестіру əрі сəтті сабақтастыру. Демек, ақын қай тақырыпқа қалам тартса да, үлкен əлеуметтік ойды қазық қылып алады. «Балалықты сағыну» – қарапайым лирикалық өлең де, «Балалық» – балалық шаққа күле қарай отырып, елдің бойындағы шалалықты сынау бағытындағы өлең. Өлең соңғы шумақта жалқылық (лирикалық кейіпкер балалығы) категориясынан жалпылық категориясына (халық балалығына) сəтті ұласады. Бұл ақыннан үлкен шеберлікті қажет етеді. Сол шеберлікті Сəбит Дөнентаев сəтті меңгерген.
Балаларға арнап өлең жазу жəне балалар өмірі арқылы үлкен əлеуметтік мəселелерді көтеру мотиві ақын өлеңдерінің бірсыпырасына тəн. Сарыны бір болғанмен, ондай өлеңдерде ойды беру формалары қилы-қилы болып келеді. С.Дөнентаевта «Ұры мен баласы» аталатын баллада типтес сюжетті өлең бар. Сюжетте аңыздық, мазмұнда сатиралық сарын бар. Ұрлықты кəсіп еткен əке баласын ертіп, алма бағына барады. Баласын қарауыл қойып, өзі алма ағаштың басына өрмелейді. Іске кіріседі. Ұятынан айрылмаған бала: «Не болды енді ісіміз біздің, əке? Тұр қазір мына арада біреу көріп», – деді. Əке сасады. «Апырмау, о кім, балам, қашан көрді? Қай жермен жүріп, қайда қалай келеді?» – деді. Жас бала сол уақытта əкесіне: «Ол бізді көріп тұрған – құдай», – деді. Аңыздық, тіпті мифологиялық сюжетке құрылған бұл өлеңнің мəнін ұғуға, оң түсінуге керек. Жасынан ескіше оқып, хат таныған Сəбит Дөнентаев өлеңде діни аңыз формасын пайдаланып отыр. Əкенің ұрлыққа құнығып, ұяты қалғығаны əшкереленеді. Өлең идеясы – ұрлық адалдық алдында тізе бүгуге тиісті.
Бала өміріне қатысты бұл үш өлең үш түрлі: бірінші – балалық шақты сағыну, екінші – балалық шақ пен халық бойындағы өспей қалған «шалалықты» шендестіру, үшінші – аңыздық сюжетке ден қоя отырып адалдық, адамгершілік моралін ақындық өрнекпен бейнелеп айту. Үш түрлі пландағы өлеңдерден аңғаратынымыз – ақынның балалар өміріне үлкен ойшылдықпен қарағаны, тынымсыз ізденіспен өсе түсуі.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы əдебиет өкілдерінің бозторғайша шырылдап күйіне жырлап өткен көкейкесті тақырыптарының бірі – əйел теңсіздігі мəселесі. «Кім жазықты?», «Қамар сұлу», «Қалың мал», «Мұңлы Мариям», «Қыз көрелік» т.б. шығармалардың қайсысы да сол кезеңнің шешуін күтіп тұрған əлеуметтік проблемаларына арналған. Сол тұста ойы оянып, қолына қалам алған қаламгер атаулының бұл тақырыпқа соқпай өткені, сірə, жоқ шығар. Өйткені əйел теңсіздігі əлеуметтік теңсіздік болатын. Бұл тақырыпты бүкіл шығармашылығын əлеуметтік теңсіздік проблемасына бағыштаған Сəбит Дөнентаев та көтерді. Бір ғана жазушының емес, бір дəуірдің тұтас əдебиетінің алтын арқауына айналған тақырыпты жырлауда да С.Дөнентаев өзіндік поэтикалық мəнер танытты. Оның жырлауының, мəселе қойылысы мен шешім табуының да өзіндік қызықты сырлары бар. Бір өлеңінде:
Нұрлы жүз, көркем мінез қарындасқа, Арнап сөз лайық емес жазылмасқа.
Қыз бала елдің көркі, жұрт зейнеті
Болғанда ілтипатқа алынбас па? – деп, ақынның өзі айтқандай, əйел тағдыры Сəбиттің қатты толғандырған. Бұл тақырыптағы өлеңдердің леймотиві: «Бұл күнде түрленсек те тоты құстай», «Шырағым, сипатыңнан халің басқа» -ға («Көркем қызға») саяды. Əйел теңсіздігі тақырыбы С.Дөнентаев творчествосында тотыдай таранып, гүлдей құлпырып өсіп келе жатқанымен, ертеңі мешеу, келешегі күңгірт жан ретінде, малға бағаланып – малдан əрі сасық байға əйел үстіне тоқалдыққа ұзатылған мұңлы тағдырына араша түсіп, қол ұшын берер құтқарушысын күткен зындандағы əлеуметтік тұтқын, қараңғылық енді кешегі күніне айналып, артта қалған, болашағы жарқын – асау тайша еркін бұлғақтап өсіп келе жатқан ерікті бойжеткен бейнесіне беріледі. Осынау тағдыр талқысы эволюциясы ретінде көрінеді. Жеке тағдырларды типтік дəрежеге көтеру үшін ақын түрлі поэтикалық мəнерде сөйлейді. Қарындасқа қамқор аға, күреген бақытқа зар жылаған қайырымды да дəрменсіз əке, қарны боқты, аузы түкті кəрі бай күйеуді аяусыз əшкерелеуші сатирик, жаңа ғасыр көгінде теңдік алған əйел бақытын шаттана жырға қосқан лирик, əйел бостандығын қоғам болашағы деп түсініп, оқуға, өнер-білімге шақырған дидактик… бəрі де ақын үшін, оның лирикалық кейіпкері үшін жат емес. Ең бастысы тақырыбына қарай баршасы тоғысып кеп Сəбит Дөнентаев поэзиясын форма ретінде түрлендіріп, ажарын аша түседі. «Көркем қызға» – табиғат сұлулығы мен қоғам əділетсіздігін қарсы қоя суреттейтін өлең. «Жəмила қыз» – қатыны өлген Бекіш шалға мал құрбаны болып ұзатылған қыз зары. «Əйелдер мейрамына» – қазақ əйелінің кешегі қараңғы тірлігі мен бүгінгі жарық күнін салыстыра жырлайтын одаақын өлеңдерінің мінез-сипаты, тұжырымдап айтқанда, осындай.
Енді кейбір өлеңдерінің түйініне айналған ойларына зер салайық:
Жақсылық киім мен мал, көрікте деп, Өлшемей ой мен сырды жаза баспа.
(«Көркем қызға»)
Шайтан алсын, шал алсын, Төкең байғұс мал алсын.
( «Жəмила қызға» )
Құттықтамыз қуанышты күнінде, Мейрамыңды январьдің бірінде.
( «Əйелдер мейрамына» )
Жас жүрегім, жанып, күйіп барасың, Қара көзім, кімге қарап қаласың? Құтқарушым, айғайың бар, қолың жоқ, Мен зынданда, қашан арқан саласың?
( «Мен зынданда» )
Ерікті Айша,
Толған Айша.
Жарқылда да, жарық бол!
Басқа Айшалар,
Сендер бар,
Күндіктен шық, қарық бол!
( «Ерікті Айша» )
Құтты болсын тойларың!
Орындалсын ойларың!
Еркекпен тездеп теңелсін,
Білім мен қызмет бойларың!
(«Əйелдердің он жылдық тойына»)
Бұл – бір тақырыптағы алты өлеңнің алты түйіні. Қысқа үзінділерден-ақ өлеңнің шын болмысын, ақын мақсатын аңғаруға негіз бар. Ақын кезінде ойлады ма, жоқ па, бұл алты өлеңде қазақ əйелінің қараңғылық тұмшалаған ескілік зар заманнан теңдік алған ерікті күндеріне дейінгі эволюциясы көрініс тауып жатыр. Бір ғажабы, ақын лирикалық кейіпкер тағдырының өзгеруіне орай өлең ырғағын да құбылтып, ойнақыландырып отырады. Алғашқы екі өлең түйіні мен соңғы екі өлең түйінін өзара салыстырып көрейік. Алғашқыларында сесті қара бояу, шенеме ырғақ, соңғыларында еркіндікке орай («Ерікті Айша, толған Айша», «Құтты болсын тойларың! Орындалсын ойларың!») еркіндік қуанышы, шаттық ырғағы, жарқын бояуы белең алады. Бұл – ақын палитрасы, тақырыпты жыр эволюциясы.
Иə, əйел теңсіздігі – əлеуметтік теңсіздіктің түйінді бір мəселесі. Сан ғасырдан бергі ойшылдардың жан күйзелісіне айналған бұл мəселені ақын Сəбит Дөнентаев өз шығармашылығының үзілмес тақырыбына айналдырды, бірде монолог, бірде диалог, бірде кейіпкер мұңы, келесісінде кейіпкер шаттығы формасында жырлау арқылы қазақ даласын ескілік шырмауына матаған əлеуметтік мəселелерді қозғай білді.
Ақын жыр мұрасына содан кейінгі едəуір жақсы қамтылған тақырыптың бірі – табиғат тамашалары. Табиғаттың əдебиетке пəн ретінде енуі – реализм жемісі. Көне əдебиетте табиғаттың суреттелуі аз. Суреттеле қалған күнде де натуралдық қалпында, көріністің куəгері ретінде ғана суреттелетін. Сəбит Дөнентаев өз өлеңдерінде сыншыл реализм əдісін кеңінен қолданған ақын. Ақын көңілі табиғат сұлулығын тани біледі. Бірақ көрген, білгенін табиғат келбеті қалпында ақ қағазға түсіру Сəбиттей əлеумет өміріне сыншыл көзбен қарайтын ақынға жеткіліксіз. Ол табиғат бояуы арқылы қазақ халқының қоғамдық өміріне араласып, жаз, қыс, көктем, күз маусымдарының типтік суретіне, өзіндік мінез ерекшеліктеріне орай əлеуметтік іргелі ой айтуды қош көреді. Мəселен, «Жаз» аталатын өлеңінде:
Қаз қаңқыл, үйрек сымпыл, аққу сұңқұл
Еткенге құлақ түріп салайық та,
Құс-құрттар білген əнін жырламақта
Тым-тырыс біз де үндемей қалайық па?
Жер жайып түрлі кілем, той қылмақшы,
Кел, қазақ, тойға таман барайық та… – деп жырлайды. Демек, жалаң табиғат – ақын үшін мұрат емес. Ақын табиғатты жырлай отырып, халықты өмірдің жазына шақыруды мұрат еткен. Əйтпесе «Шілде» аталатын өлеңін оқиық. Өлеңнің эпспозициясында-ақ «Жазбен жалғас шілде келеді, Деп ұқпаңдар мүлде келді» – деп ойландыра бастайды.
Ақында «Жарық ағаш» аталатын өлең бар. Астаршыл ақынның терең əдіп, тегеурінді ойға құрылған өлеңінің бірі – осы. Бұл – баллада типтес сюжетті өлең. Өлең ат байлайтын ағаштың желге зары ретінде беріледі. Жайқалған орманда айнала мəнге, сəнге бөленгенде, жыршы құстың əніне үн қосып, төредей тірлік еткен едім, – дей келіп, ат байлайтын жарық ағаш желге мұңын былай шағады: Қиратты дəуренімді, бағымды алды, Шуылдап, бұтақтарым жетім қалды. Мəз болып жарқыратып дей алмаймын Балтадан мына жерім аман қалды.
Бұл не? Ақынның орман ағашын кесіп, адам игілігіне жаратуға қарсылығы ма, əлде ақын ойында сол кезеңнің өзінде-ақ табиғат қорғау проблемасы туындаған ба? Өлеңде адам епсіздігі, ұқыпсыздығы жайында да ойлар бар тəрізді, əйтсе де басты мəселе – басқада! Ақын адам баласының əділетсіз күш əсерінен елінен, жерінен қуылуы, жер аударылуы, қажетке жарамсыз күйге ұшырауы жөнінде тебіреніп отыр.
Көтерген нелер көңіл досым, желім, Кеткені-ақ қияметке кегім менің, Өзімді не қылайын, өтті күнім… Аман ба тек соны айтшы, қайран елім?! –
деген өлең финалы бізге əмбе соны ұқтырғандай. Шамасы, бұл өлең өлмелі əкесімен қоштасуға үлгермей, қара жұмысқа айдалып, Рига түбінде мұң-шерді серік еткен ақынның астар, ишарамен өз тағдырын бейнелеуі болса керек. Туған ел-жерге деген ыстық сағынышын ақын осылай қалың орманнан кесіліп, ортасынан аластаған жарық ағаш келбетінде, оның желге шаққан мұң-зары ретінде бейнелейді.
Аталған өлеңдер – ақынның Қазан төңкерісіне дейін жазған өлеңдері. Ақынның айтарын астарға бүгіп, ишарамен айтатын себебі де сол! Ақынның сақтығы оның табиғат жайындағы өлеңдерінде өрнек болып тарады. Қазан төңкерісінен кейін де ақын табиғат тақырыбына «Бірінші май», «Жазғытұры жар басында», «Күздің сыры», «Май туады» секілді өлеңдерін жазды. Бұл өлеңдерде ақын бұрынғыдай əлеуметтік теңсіздік сырын астарламай, шаруаға ұқыпсыздық секілді қоғам мұратын айтады. Кейде табиғат көрінісін фон ретінде алып, адам өмірі жайында философиялық ойға беріледі. Жаңа тірлікке керенау мінез, кер жалқаулық көрсетушілерді сынайды. Енді ақын өлеңдеріне «Минут тыным қылмаған»дегендей, уақытқа орай жаңа лексикон енген. «Күздің сыры» аталатын өлеңде:
Жасында сұлу бұлғақтың,
Жастық пен сері ырғақтың.
Жасы толып келгенде
Сүрлеуі-ақ қалар ол жақтың
Ұқсаттым соған кесірін, – деп сыр түйеді. Екі кезең өлеңдерін өзара салыстырып қарар болсақ, бұрыңғы кезеңде түнеріңкі табиғат, ол шеккен зар, шерткен сыр тақырып құраса, кейінгі кезең суретінен көмескі, көлеңкелі бояуы жоқ, қайнаған ерікті еңбек фонына айналған жайнаған табиғатты көреміз, тақырыбына орай түлеген табиғат пен жаңа өмірді кестелеген тіл өрнегін табамыз. Бұл – ақынның бір ғана тақырыптағы эволюциясы.
Əр алуан жанрда қалам тартқанмен, əр таланттың жарқырап айрықша көрінер жанр үлгісі бар. Дөнентаев, əсіресе, сатира жанрында айрықша тұлғаланып танылған талант. Ақынның сынсықақ жазудағы үлгі тұтар ұстаздары Крылов, Абай, Тоқай, Ахмет секілді ойшылдар болса керек. Ол сатираның фельетон, сықақ, əзілқалжың, мысал формасын өрістетті.
Сəбит сатирада халық аузындағы аңыздық сюжеттен өмірде нақты адресі бар оқиғаларға дейін пайдаланды. Тақырыбына келсек, ескілік, надандық, байлықтың құлына айналу, қаракетсіздік, көп əйел алу, елім деп жалған еңірейтіндер, шайпау мінездердің ешқайсысы да Сəбиттің уытты қаламынан тыс қалмады. Бірақ ел тағдырын қолында ұстаған бай-шонжарлармен онсыз да жаға жыртысып, елден амалсыздан кетуге мəжбүр болып жүрген ақын үшін оларды үнемі əжуалап, масқаралай беру оңайға түспесі мəлім. Сондықтан да ақын көбіне сатиралық персонаждарын хайуанаттардан алып, өзі көрген, білген, көңіліне түйген кемшілік, мерез мінездерді мысал жанрында əшкерелейді. Өз тағдырын да, халық тағдырын да, қоғам беталысын да жан-жануар тіршілігін суреттеген болып отырып айту ақынның алғашқы өлеңдерінен-ақ қылан берді. Сатиралық уыт, келемеж ақынның алғашқы кезеңде жазған үгіт-насихаттық өлеңдерінің өзіне нышан ретінде араласып кетіп жататын. Кейін бұлар сатиралық деталь ретінде қызмет етті. Мұның баршасы ақын бойындағы талант бейімінің біртіндеп бүр жаруы, шым-шымдап қалыптасуын байқатса керек.
Ақындық жолдың алғашқы сəттерінде жазылған өлеңнің бірі – «Қиялым». Өлеңде лирикалық кейіпкер құс болып ұшқысы, құс болып тіршілік кешкісі келеді. «Таза жүн, түсі əдемі бір құс болсам, Бұтаққа көңілім сүйген ұшып-қонсам, зарымды жұртқа айтарлық сайрағыш боп, Уа, дүние, шағып мұңым, көрсем шолпан!» – деп армандайды. Көріп отырғанымыздай, өлең экспозициясынан бəлендей сатиралық сарын аңғарыла қоймағанымен, лирикалық кейіпкердің элегиялық мұңдылау көңіл күй кешуі бар. Сұлу құс қалпына көшуді армандауы – бір əлетте өзінің адамдар ортасындағы əділетсіздікті сынау формасына саяды. Міне, осындай ой қылаң берген сəтте:
«Бұл істі ұнатсам да, бір жағымда
Қаршыға, тұзақшы бар, сонан қорқам.
Ойлаймын – кім қызықпас мені ұстауға,
Іліксем, қаршыға жер үзіп қолқам», – деп қорқады. Міне, осы сəтте аллегориялық тəсіл төбе көрсетеді. Келе-келе аллегориялық тəсіл ақын шығармашылығында ұзына бойы желі тартады. Аллегориялық сарын үзілмес желіге, образдылық элементі ретінде сатиралық-аллегориялық тəсілге айналады. Ондай өлеңдерінде ақын:
Зарланып, көрмей дамыл не ай, не жыл, Сондағы бар мұратың бір қызыл гүл. Не гүл жоқ, не даусыңды тыңдаушы жоқ, Бейнеті босқа кеткен сорлы бұлбұл! Дабыл жеп ақырында қаршығадан,
Бұл күнде болып сақау қырқылған тіл, – («Бұлбұлға») деп өз тағдырын ишаралау, астарлаудан бастап, қоғамдық құбылыстардың қай-қайсысын да өткір шенеп отырады. «Рамазан айында ібілістің айтатыны», «Бір көлдегі үш балық», «Ауырған арыстан», «Көзі тоймайтын ит», «Екі теке», «Көк төбетке», «Бит пен бүрге», «Сұңқарлар мен қарғалар», «Бозторғай», «У жеген қасқырға», «Тотыға», «Шошқа мен саудагер», «Бөшкенің зары» секілді өлеңдері қазақтың мысал жанрына қосылған үлкен үлес дерлік. Бұл мысалдардан қазақ арасындағы берекесі кеткен би-болыстықты, бірлік кетіп, алауыздықтың иектегені, қарын қамын ғана ойлайтын ашкөздікті хайуанат-персонаждар арқылы келістіріп келемеждейді. Оқушыға түсінікті болу үшін ақынның бірнеше мысалына тоқталып өтейік.
Сəбиттің сатирада тəрбиеленіп өскен мектебі – шығыстық философияға толы «Калила мен Димна», Ұлы Абай, Ғ.Тоқай, А.Байтұрсынов шығармалары. Ол «Бит пен бүрге», «Бір көлдегі үш балық» мысалдарын «Калила мен Димнадан» еркін аударған, «Рамазан айында ібілістің шайтандарына айтатыны» – татар классигі Ғабдолла Тоқайдан еркін аударылған өлең. Ақын ұлы Абай, ұлы ағартушы Ахмет үлгісінде көптеген сын-сықақ өлеңдер жазды. С.Дөнентаев сатиралық шығармаларды аударғанда, оны қазақ өміріне икемдеп күшейтіп, жанынан қосып, еркін аударған. Мəселен, жоғарыда айтылған Ғ.Тоқайдан жасаған аудармасының соңына ақын өз атынан «Шайтанның саған қылар зорлығы кем, Қазекем, өз нəпсіңмен келісіп бақ» деген насихаттық жолдар қосқан.
Үйреніс үлкен нəтижеге бастап, келе-келе ақын фольклорлық сарында көптеген сатиралық шығармалар жазды. Соның бірі – «Ауырған арыстан» деп аталады. Үздік мысалдың ұзын-ырғасы шығыстық аңыз, əңгімелерде бұрыннан бар сарын. Аң патшасы – Арыстан кенеттен ауырып қалады. Аң біткен оның халін сұрай барады. Араларында түлкі жоқ. Оның қарасы көрінбегенін пайдаланып, қаскөйлікпен Қасқыр жамандап үлгереді. Түлкі қу бəрін де біліп, ертеңіне сайланып келеді.
«Түлкі айтты: (іліп ала-ақ), ей, сұлтаным,
Кеше еді сізден жаман ауыр халім,
Қасқырдың артқы аяғы сіңірін жеп,
Жазылды сəлемет боп ғазиз жаным».
Аң патшасы – Арыстанға қасқырдың сіңірі мəселе болып па? Қанын судай ағызып, қасқырдың сіңірін алады. «Жануар қызыл аяқ, қайда жүрсің?» – деп, түлкі Қасекеңді күлкі қылады. Мысал идеясында халықтың «Біреуге ор қазба, қазсаң терең қаз-өзің түсерсің» деген мақалы жатыр. Сонымен бірге автор адамдар арасындағы шағыстыру, ұрыстыру, күншілдік, бірін-біріне айдап салу секілді мерез мінезді де əшкерелейді. Халықты өшірмесе, өсірмейтін осы мінезді əшкерелей келіп:
Қазақта қасқыр да көп, түлкі де көп,
Алайда жіп тақпаймыз ешкімге дөп,
Сөз жүгіртіп шағыстырған қасекеңдер
Түлкіге қалып жатыр күлкі де боп, – деп түйеді.
Ел басындағы көнбістік, төрелердің талағыш мінезін əшкерелейтін аллегориялық тəсілмен жазылған екінші бір қуатты өлеңі – «Бозторғай». Бозторғай – құс біткеннің əлсіз момыны. Тұрымтайдан зорлық көрген бозторғай əлді құстардың əлденешеуіне барып, мұңын шағады. Мұңын шағар-шақпастан олардың да зорлықшыл қарекетін көріп, түңіледі. Қырғидан түңілген бозторғай:
«Жаным-ау, мынау біздің төреміз бе?
Шынымен артық көрмей өлеміз бе?
Кемтарға бұлар қайтіп кек əпермек,
Құдірет: «Көн!» деген соң, көнеміз де!» – деп мұң-зарын шағады. Персонаждар əрекетінің үйлесімімен, аллегориялық астарының қалыңдығымен «Бозторғай» қазақ мысалының шоқтықты бір туындысы болып қала береді.
Сəбит Дөнентаевтың əр өлеңі халыққа қажеттіктен, халық бойындағы жарамсыз мінезді əшкерелеуден туып жатады. Қапысыз сатираға жататын бұл өлеңдер балалардың да жаттауына жеңіл, шуақты күлкіге оранған. Оларды оқи отырып, бала жақсы рухта, яғни Абай айтқан «бес нəрсеге асық боп, бес нəрседен қашық болуға» тəрбиеленеді. Бұл айтқанымызға ақынның бірсыпыра жеңіл ырғақты əрі ойнақы, бірақ түрлі астарға құрылып жазылған: «Қожа», «Ауырған арыстан», «Көзі тоймайтын ит», «Екі теке», т.б. өлеңдері балалардың сүйіп оқитын, үлгі, ғибрат алатын сүйікті шығармалары – дəлел бола алады. Түрі жағынан соншалық қарапайым, жазылу формасы одан да қарапайым осы өлеңдерде қайталанбас шынайы шеберлік, айрықша типтен-дірілген үлкен əлеуметтік ой астарланып жатқанын байқап, сүйсінеміз. Мəселен, «Көзі тоймайтын ит» өлеңін оқып көрейік: Көпірге түсті бір ит сүйек тістеп, Ойы бар көпірменен дария кешпек.
Көрінді су бетінде бұған бір ит,
Бұнда да сүйек бар бақса түстеп.
Судағы ит – бұл бейбақтың көлеңкесі,
Білерлік көлеңкені болмады есі,
Толымды көрінген соң анау сүйек,
Ол иттен тартып алмақ бар дəмесі.
Сол оймен атты суға айбаттанып,
Бар күшін жинап бойға қайраттанып,
Түскен соң жойқын суға бұл батырдың
Ісінің не болғаны айдан жарық…
Қарапайым ғана өлең. Бірақ, екінің бірі уысына түсірер оңай олжадан емес. Мысал өлеңнің айтар ойы салмақты. Бұл – қай кезеңде де тіршілік кешетін қандай бір халық, қандай бір адам баласы бойынан да табылатын, əбден мүмкін жағдай. Қарапайымдылығына өлеңнің кеңдігі құп жарасып, кемел сипатқа ие болған. Жалпы; Сəбит Дөнентаев – қос ғасыр тоғысында тіршілік кешкен қазақ ақын-жазушылары арасынан қара үзіп шыққан үздік сатирик. Ол кезеңде Сəбит Дөнентаевпен қатар тұра алатын екінші бір сатирикті табу қиын. Ол қазақ халқының бір дəуірден екінші дəуірге, саясиэкономикалық бір кезеңнен аса жауапты екінші кезеңге өту сəтінде өз жанрының түрін тауып, жұтынып тұрған сатиралық өлеңдерімен жаманнан жирендіріп, жақсыға ұмтылдырып, туған халқына зор қызмет етті. Оның сирек сатиралық туындылары сол кезеңнің өзінде европалық үлгі мен шығыстық үлгі буданы секілді үйлесім тапты. Сəбит – XX ғасыр басындағы қазақ ақындары арасынан бұл жанрда дара тұлға.
Мейлі, төлтума болсын, мейлі телтума болсын, ақын мысалдырының сынары – ашкөздік, аярлық, жалқаулық, арызқойлық, парақорлық, шақырары – ынтымақ, бірлік, еңбек. Сондықтан да сатирик əрбір мысалын насихаттық түйінмен аяқтап отырады. «Əр қайда «ашкөздінің» олжасы осы. Байқасақ, іс түбіне көзін салып» («Көзі тоймайтын ит»), «Екеуі де суға құлап тиыш тапты (Жігіттік қып, көпірді тезден босатты), Ерегістің нəтижесі осы да, Таласқандар мұнан артық не тапты?…» («Екі теке»), «Содырлы жалғанда емес жалғыз бүрге, Ауысар бүрге əдеті бірден-бірге. Жоқ емес бит секілді мейман дос та, Пендесі хақ жаратқан əрбір түрде» («Бит пен бүрге»), «Қашаннан жегеніңнің бəрін құстың, Қанеки, сол құлқыннан тапқан пайдаң! Не елде, не өзіңде ризалық жоқ, Обалға, өкінішке, сорлыау, қалған!» («У жеген қасқырға») секілді əрбір өлеңнің түйіні əрі мысалдың идеясын айқындайды, əрі халыққа адалдық жайында автор ойын айқын жеткізеді.
Ойды мысалмен тəмсілдеп айту, хайуант əрекетімен бүркемелей бейнелеу С.Дөнентаевтың Қазан төңкерісінен кейінгі шығармашылық жолында жалғасып отырады. Ендігі бір ерекшелік – ақын мысалмен бірге, фельетон жанрына да ден қойған. Бұрынғыдай мəселені жалпы алмай, енді сын объектісін нақты өмірлік материалдардан алып сынайтын болды. «Сүлейменнің нануы», «Елшіге», «Жалдама Сандуғаш», «Шошқа мен саудагер», «Бөшкенің зары», «Бір адвокаттың өмірінен» – көбіне нақты өмір шындығынан туған шығармалар.
Ол кезеңнің ақын-жазушылары шығармашылық шеберханасын ашуды салт-дағдыға айналдырмағаны мəлім. Сəбит Дөнентаевтың да шығармашылық шеберханасы – қай өлеңін қалай жазғаны – өз дəрежесінде ашылды деу қиын. Əйтсе де кейбір өлеңдерін қалай жазғаны жөнінде қысқа мəлімет қалдырып үлгерген. Бұл, бір жағынан, ауру меңдеткен Сəбит Дөнентаевтың қолжазбасымен ыждағатты жұмыс істеп, жинағын құрастырып, 1935 жылы жарыққа шығарған талантты əдебиетші, марқұм, Рақымжан Жаманқұловтың ұқыптылығы деуге де келеді. Ол ақынмен əңгімелесіп отырып, қай өлеңнің қандай жағдайда жазылғанын анықтап, 1935 жылы жинаққа («С.Дөнентаев өлеңдері», Алматы, 1935) əрбір өлеңнің соңына қосымша ретінде түсініктеме беріп отырған. Ал кейбір деректерді анықтауға ақынның тəрбиесін көрген адал шəкірті Сəду Машақов өз естеліктерімен жəрдем етеді. Кейін, 1957 жылы, Сəбит Дөнентаевтың толық шығармалар жинағы бір том болып жарық көргенде, ақын өлеңдерінің жазылу тарихына түсініктеме түзушілер де үңіле түскен. Бір қызығы, жазылу тарихы анықталған өлеңдердің дені – сатиралық өлеңдер. «Жəмила қыз» – 1915 жылы Павлодар уезі, Ұрық болысында қызын бір бай шалға тоқалдыққа берген кедейге жақын бір орта шаруаның мінезінен алынып жазылды, атақты «Бозторғай» өлеңі жөнінде: «1915 жылы патша үкіметінің жергілікті əкімшіліктерінен бастап арыз жүргізушілердің қалпынан алынған. Бүркіт – Николайдың өзі», – деді. «У жеген қасқырға» өлеңі жөнінде де: «1915 жылы Семей уезі, Сейтен болысындағы атақты жуан тұқым Темірғали бірнеше жыл болыс болып, жемқорлықпен аты шыққан Хұсайын дейтін баласы шегінен асқан қылмыстары туралы абақтыға түскен. Соған арнап жазылған» деген мəліметті оқимыз. «Бір адвокаттың мінезінен» деп аталатын сатиралық өлең хақында: «Семей қаласында Шынжы Керейбайұлы деген бір адвокат болған. Соның мінездерінен алынып жазылды» деген.
Кейбір өлеңнің дүниеге келуі жайында қысқа-қысқа мəліметтерді келтіре отырып, мынадай ой түюге болар еді. Бұл – Сəбит Дөнентаевтың өз түсініктері. Неге? С.Дөнентаев шығармашылығын зерттеуші Балташ Ысқақов кезінде былай деп жазған еді: «Ендігі ойы бұрын-соңғы өлеңдерін жинастырып, бастыру болады. Сол мақсатпен 1932 жылы апрель айында Алматыға барып, өлеңдер жинағын тапсырады. Бірақ, Қазақстан жазушылар ұйымының салақтығынан Сəбит өлеңдері жарыққа шықпай, жоғалып кетеді. 1933 жылы, өлерінің алдында, Алматыға келіп, Сəбит өзінің барлық жазған өлеңдер жинағын Қазақстан Мемлекет баспасына екінші рет тапсырады. Тағы да басылмай, аяқсыз қалады». (Б. Ысқақаов «Сəбит Дөнентаевтың ақындық жолы», Алматы, 1966, 41-42-беттер.) Біздің ойымызша, ақынның Алматыға соңғы рет келуінде тапсырған қолжазбасы жалындап өсіп келе жатқан жас əдебиетші Р.Жаманқұловтың қолына түскен. Бəлкім, сол жолы ақын мен əдебиетші жолығысып, əңгімелесуі де мүмкін деген ойдамыз. Қалай болғанда да өлеңдерге берілген қысқа-қысқа түсініктер ақын тарапынан жасалған. Ал шығармашылық шеберханаға бастайтын түсініктің басқа жанр туындыларына берілмей, сатиралық туындыларына берілуінде мəн бар. Шамасы, ақын басқа жанрдан гөрі сатираға икемділігін сезіп, сатиралық туындыларына айрықша үміт артса керек. Ақынды үміті алдамаған. Ақын мұрасының кейінгі ұрпақпен бірге ұзақ жасары – сатиралық туындылары.
Иə, Сəбит Дөнентаев өзінің дарын қуатын əр жанрға қалам тартып ұштады. Қай жанрда жазса да, бар игі мақсаты – халқына адал қызмет ету еді. Аз ғұмырын халқының тағдырын жырлауға арнады. Сондықтан да Сəбит Дөнентаев кейінгі ұрпақ есінде қазақ өлеңінің бозторғайы болып қалды.
Құлбек ЕРГӨБЕК
1988 жыл, «Өлеңсөз» қазақ поэзиясының сын кітабынан.