Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, режиссер, актер, драматург  Атығай Шаниннің 120 жылдығына орай «Киелі өнер иесі» атты әдеби музыкалық кеш өтті.

Көрермен назарына музей қорында сақталған Атығай Шаниннің өмірінің әр кезеңінен сыр шертетін жәдігерлер ұсынылды. Оған А.Шаниннің өз қолымен жазған өмірбаяны, «Бірыңғай пенсия кітапшасы», 1973 жылы 5 сәуірде берілген «Халық театрының режиссерлері» группасында оқығаны жөніндегі куәлігі, С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы бойынша жазылған 4 перделі, 6 картиналы драма мен Қарқаралының негізделгеніне 150 жыл толуына арналған әдеби-музыкалық, вокалды-хореографиялық композицияның  қолжазбасы, Қарқаралы халық театры жайында жасаған баяндамасы, Атығай Құрманбайұлының қызы Фатима мен Райхан Шаниналардың 2004 жылы 13 шілдеде жазылған естеліктерінің қолжазбасы қойылған.

Жиында Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, ұзақ жылдар «Баянауыл» халық театрының режиссеры болған өнер иесі Жамбы Мәшім естелігімен бөлісті.

– Мен Атығай Шаниннің сахнада ойнаған кезін көрген жоқпын. Бірақ жетпісінші жылдары Қарқаралы ауылына тұрған кезімде, ондағы халық театрының дайындықтарын сырттай қарап жүретінмін. Сол кезде Атығай ағамыздың өнерпаздарға бағыт-бағдар бергеніне, сахна өнеріне бейімдегеніне куә болғаннмын. Мен ол кезде «Салтанат» ән-би ансамблінде жұмыс істедім. Атығай Шанин әртістерге, алдыме,н спектакльді әңгімелеп, айтып беретін. Сонда актерлер қойылымды түсініп, рөлдерін сомдауға кірісетін. Менің жолдасым Болат Тезекбаев әйгілі режиссердің жетекшілігімен бірнеше рөлде сомдады. Мен кәсіби оқу орнын бітірмесем де, Атығай ағамыздың әңгімелерінен, оның үйретуінен көп өнеге алдым. Соның нәтижесінде екі мыңыншы жылдардың басында Баянауылда халық театрын құрдым. Онда зейнетке шыққанға дейін жұмыс істедім, – деді ол.

Кеште өңірімізге белгілі әншілер Жалын Құнанбай «Қалқа», Мизан Жұмәлі «Бекзатым-ай»,  Назымгүл Шапағат «Есіңе мені алғайсың», Алмаз Мұқатай Абай әндерін орындады.

Атығай Құрманбайұлы 1905 жылы  Баянауыл ауданының, қазіргі Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген.  Әкесі Құрманбай ескі жырларды, шешендік дауларды жақсы білетін, көкірегі ояу, қара сөзге келгенде алдына жан салмайтын шешен болыпты. Бала кезден өнерге өте жақын болған Атығай әкесінің айтқан жырларына, шешендік сөздеріне, ауыз әдебиетіне, халқымыздың інжу-маржандай  нақыл сөздеріне, мақал-мәтелдеріне ерекше зейін қойып, ер жетеді.

Білім нәрін ауылынан бастаған болашақ актер оқуын әрі қарай Семей қаласында қызмет істейтін ағасы Жұмат Шаниннің қолында тұрып, ауыл шаруашылық техникумына оқуға түседі. Кейін ағасы Жұмат Шанин театрмен бірге Алматыға қоныс аударуына байланысты, оқуын Алматыда жалғастырады. Семейде оқыған жылдары Жұмат Шаниннің режиссерлігімен «Ес-аймақ» драмалық труппасы қойған спектакльдерді, соның ішінде  «Арқалық батырды» да көреді. Бұдан соң Алматы театрының әртістері  Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Күләш Байсейітова  сынды тарландармен танысуы оның бойындағы өнерге деген құштарлығын арттырады.

Атығай Шанин Мәскеу кинематография институтының режиссура факультетіне оқуға түсіп, екі жыл курсын аяқтағанан кейін, отбасы жағдайына байланысты елге оралады. 1932 жылдан 1934 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы жұмысшы жастар театрында актер әрі драматург, кейін Павлодарда қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі әрі газет қызметкері болып,  кейін  Қарағанды драма театрында актер әрі  режиссер болып қызмет атқарады. Театр сахнасында көптеген белді рөлдерде ойнап, бірқатар спектакльдерді сахналап, халықтың шынайы ықыласына бөленеді.

Актер  1943 жылдан бастап  Қарқаралы колхоз-совхоз театрының режиссері болып қызмет атқарады. 1956 жылы театрдың жабылуына қарамастан, мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі әрі драма үйірмесінің жетекшісі болып қызмет жасайды. Шалғайда жатқан ауылдарға мәдени-ағарту шараларын өткізіп, концерт, шағын пьесалар қояды. Халық театры атағын алу жолында аянбай еңбек етіп, облыстық байқауда жеңіске жетіп, республикалық сайысқа жолдама алады. 1959 жылы Алматыда өткен сайыста Әбділдә Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» спектаклін сахналап, республика байқауының лауреаты атағымен марапатталады. Ал 1960 жылы «Халық театры» атағына ие болады.

Атығай Шанин басқарған жылдары халық театры сексенен астам спектакльдерді сахналады. Солардың ішінде «Қыз Жібек», «Беу, қыздар-ай!», «Тергеу аяқталды», «Алдар көсе», «Шұға», «Досымның үйленуі», «Біздің Ғани», «Өзіме де сол керек», «Айман-Шолпан», «Қамар сұлу», «Той боларда», «Ақсақал аң таң», «Қызыл сұңқарлар»  спектакльдері бар.

Жалпы халық театры бес мәрте республикалық байқауға қатысып, бірінші дәрежелі дипломдармен марапатталды. Осындай қаржылы еңбегі үшін Атығай Шанинге 1967 жылы Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағы берілді. Режиссер Егіндібұлақ, Абыз, Тәттімбет ауылдарында халық театрларын құрып осымен ғана шектелмей, ән-би ансамбльін ашуды қолға алды. Соның нәтижесінде 1969 жылы «Салтанат» ән-би ансамбльі құрылды. 1975 жылы «Салтанат» ансамбіліне «Халық ән-би ансамбілі» деген жоғары атағы берілді. 1976 жылы Францияда өткен 19 ші Халықаралық фольклорлық фестивальдің лауреаты, 1982 жылы Германия, Болгария  елдеріне  барып өнер көрсетіп, қазақ халқының атағы мен абыройын асқақтатты.

1986 жылы  режиссер  Шанин Атығай Құрманбайұлы өмірден өтті.  Халық алдында қалтықсыз қызмет атқарып келе жатқан Қарқаралы халық театрына 2003 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Атығай Шаниннің есімі берілді.

Добавить комментарий