
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында біз Павлодар қаласындағы «Данель» емханасының терапевт-дәрігері Альфия Қасымқызы Бакировамен сұхбаттастық. Альфия Қасымқызы дәрігерлік жолды таңдауы, қазіргі медицинаның алдында тұрған жаңа міндеттер, аурудың алдын алудың маңызы және дәрігер мен пациент арасындағы сенімнің рөлі туралы әңгімелеп берді.
– Альфия Қасымқызы, не себепті дәрігер болуды таңдадыңыз?
– Бір сәтте мені тек ғылым ғана емес, адам тағдыры қызықтыратынын түсіндім. Әрбір сырқаттың артында жай ғана диагноз емес, өз үміті, уайымы, арманы бар тұтас тағдыр тұрады. Маған адамдарға көмектесу, олардың өміріндегі ең қиын сәттерде жанынан табылу әрдайым маңызды болып көрінді.
Менің медицинаға деген қызығушылығым бала кезден бастау алды десем болады. Әжемнің денсаулығына қамқор болып, жағдайын бақылап, қолымнан келген көмегімді көрсететінмін. Сол кездің өзінде дәрігерлік мамандыққа деген алғашқы қызығушылық оянды. Уақыт өте келе бұл кәсіптің жай жұмыс емес, нағыз өмірлік миссия екеніне көзім жетті.
– Алғашқы пациентіңіз есіңізде ме?
– Әрине. Еңбек жолымды Екібастұз қалалық ауруханасының кардиология бөлімінде бастадым. Алғашқы пациентім жедел коронарлық синдроммен түскен еді.
Жас маман үшін бұл үлкен жауапкершілік пен толқу болатын. Осындай сәттер ешқашан ұмытылмайды. Дәл сол кезде дәрігер мамандығының қаншалықты жауапты екенін және күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдаудың маңызын терең сезіндім.
– Мамандық таңдауыңызға кім немесе не әсер етті?
– Ең алдымен, отбасылық құндылықтар мен ақ халатты абзал жандарға деген құрмет әсер етті. Адам ағзасының қалай жұмыс істейтінін, дерттің зардабын жеңілдетіп, денсаулықты қалпына келтіруге қалай көмектесуге болатынын білгім келді.
Менің ойымша, дәрігер тек емдеуші ғана емес, сонымен бірге адамға үміт сыйлайтын, қиындықты бірге еңсеруге көмектесетін жан болуы тиіс.
– Терапевт-дәрігердің басты міндеті неде?
– Терапевт – пациент ең алдымен жүгінетін маман. Алғашқы диагноздың дұрыстығы әрі қарайғы емнің нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Біздің міндетіміз тек дәрі-дәрмек тағайындаумен шектелмейді. Ауруды дер кезінде анықтау, қауіп факторларын бағалау, науқастың әрі қарайғы емдеу бағытын айқындау және ең бастысы, асқынулардың алдын алу – терапевт жұмысының маңызды бөлігі. Терапияны медицинаның іргетасы деп бекер айтпайды.
– Қазіргі кезде сырқаттың қандай түрлері жиі кездеседі?
– Өкінішке қарай, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, жүйке жүйесінің және тірек-қимыл аппаратының сырқаттары әлі де өзекті болып отыр.
Қазіргі өмір ырғағы, күйзеліс, қозғалыстың аздығы мен дұрыс тамақтанбау адамдардың денсаулығына айтарлықтай әсер етуде. Сондықтан аурудың алдын алу мен салауатты өмір салты ерекше маңызға ие.
– Соңғы жылдары елімізде дәрігер жұмысы қалай өзгерді?
– Өзгерістер өте ауқымды. Медицина цифрландыру кезеңіне қадам басты. Жасанды интеллект элементтері енгізіліп, скринингтік бағдарламалар кеңейіп келеді. Қазіргі дәрігер үздіксіз ізденіп, білімін жетілдіріп, жаңа диагностикалық және емдеу тәсілдерін меңгеріп отыруы қажет. Шын мәнінде, дәрігер өмір бойы оқиды.
– Мамандықтағы ең қиын нәрсе не?
– Ең алдымен – жауапкершілік. Өйткені дәрігердің қабылдаған шешімі кейде адамның денсаулығына ғана емес, өміріне де әсер етеді.
Сонымен қатар, бұл мамандық үлкен эмоционалдық төзімділікті талап етеді. Пациентке жанашырлық танытып, ауыр жаңалықтарды жеткізе отырып, сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдай білу оңай емес. Бүгінде дәрігерлер арасында эмоционалдық қажу мәселесі де өзекті. Бірақ мамандыққа деген сүйіспеншілік барлық қиындықтарды жеңуге күш береді.
– Сізге ең үлкен қанағат сезімін не сыйлайды?
– Дәрігер үшін ең үлкен марапат – науқастың жағдайының жақсарғанын көру. Пациент күлімдеп келіп, өзін жақсы сезінетінін айтқанда, еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің. Ауруды дер кезінде анықтап, оның асқынуына жол бермеу де ерекше қуаныш сыйлайды.
– Дәрігер мен пациент арасындағы сенім қаншалықты маңызды?
– Бұл – табысты емнің негізі. Пациент өз дәрігеріне сенуі керек, ал дәрігер науқастың сауығуына шын ықыласпен мүдделі болуы қажет. Өзара құрмет пен сенім болған жерде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
– Адамдар өз денсаулығына қатысты қандай қателіктерге жиі жол береді?
– Көпшілік өзін-өзі емдеумен айналысады немесе дәрігерге тым кеш келеді.
Тағы бір жиі кездесетін қателік – дәрігердің ұсынымдарын орындамау. Ал тәртіп пен денсаулыққа жауапкершілікпен қарау көптеген асқынулардың алдын алады.
– Профилактикалық тексерулер не үшін маңызды?
– Өйткені аурудың ерте сатысында анықталуы емнің тиімділігін арттырады. Уақытылы медициналық тексерулер адамның белсенді әрі сапалы өмір сүруіне, еңбек қабілетін сақтауға және ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
– Павлодар тұрғындарына қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, денсаулыққа ұқыпты қарауға, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге, жаз мезгілінде су ішу тәртібін сақтауға, тамақ пен ауыз судың сапасына көңіл бөлуге кеңес беремін.
Өзін-өзі емдеуден аулақ болып, дер кезінде дәрігерге қаралған жөн. Маусымдық вакцинацияның да маңызы зор.
– Иммунитетті қалай нығайтуға болады?
– Дұрыс тамақтану, сапалы ұйқы, дене белсенділігі мен жақсы көңіл күй – мықты иммунитеттің негізі. Ғажайып дәрі жоқ. Денсаулық күнделікті қалыптасатын жақсы әдеттерден басталады.
– Күш-қуат пен рухани тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?
– Маған ішкі сабыр, мамандығыма деген сүйіспеншілік және адамдарға көмектесуге деген ниет күш береді. Пациентті тыңдау ғана емес, оны шын мәнінде түсіну өте маңызды. Кейде адамға дәріден бұрын жан жылуы қажет болады.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Бос уақыт көп бола бермейді. Бірақ мүмкіндік болса, спортпен айналысқанды, Ертіс жағалауында серуендегенді және отбасыммен бірге уақыт өткізгенді жақсы көремін. Отбасы – мен үшін күш-қуаттың, шабыттың қайнар көзі.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Студент кезден бойымызға сіңірілген «Зиян келтірме!» қағидасы – менің басты ұстанымым. Өйткені адам денсаулығы – ең үлкен құндылық.
– Сіз үшін Медицина қызметкерлері күні нені білдіреді?
– Бұл – мамандығымыздың маңызын тағы бір мәрте сезінетін ерекше мереке.
Бұл күн – атқарған еңбегіңнің бағасын сезініп, аман алып қалған өмірлерді еске алып, айтылған алғыстарды қабылдап, барлық қиындықтардың бекер болмағанына көз жеткізетін күн.
– Нағыз дәрігер қандай қасиеттерге ие болуы керек?
– Кәсіби біліктілік, жауапкершілік, адамгершілік, пациентті тыңдай білу және оған құрметпен қарау – ең басты қасиеттер.
Сонымен қатар дәрігер үнемі ізденісте болып, кәсіби тұрғыдан дамып отыруы керек.
– Әріптестеріңізге және пациенттеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
– Ең алдымен, зор денсаулық, төзім, отбасылық амандық және еңбектерінің лайықты бағалануын тілеймін. Пациенттердің алғысы мен құрметіне бөленіп жүре берсін. Ал, ем алушыларға айтарым – денсаулықтарыңызды күтіңіздер, өмірден қуаныш таба біліңіздер, әрдайым жақсы көңіл күйде болыңыздар. Ал біз, дәрігерлер, сіздердің денсаулықтарыңыз үшін әрқашан қастарыңыздан табыламыз.
– Егер барлық пациенттеріңізге бір ауыз сөзбен үндеу жасау мүмкіндігі берілсе, не айтар едіңіз?
– Әрбір жаңа күн сіздерге күш-қуат, үміт пен сауығуға деген сенім сыйласын. Ал жандарыңызда әрқашан жақын адамдарыңыз бен көмек көрсетуге дайын дәрігерлер болсын!
– Альфия Қасымқызы, мазмұнды әңгімеңізге рақмет! Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!
Сұхбаттасқан – Асыл ӘБІШЕВ.
