Поэзия – халық рухының айнасы, ұлттың жан дүниесін танытатын асыл өнер. Сөз қадірін білетін, өлеңнің құдіретін жүрегімен сезінетін жұртшылық үшін сүйінші жаңалық жетті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан «Мөлдір өлең» поэзиялық жобасында Павлодар облысының намысын қорғаған «Леп» әдеби бірлестігінің мүшелері келесі кезеңге жолдама алып, өңір мерейін үстем етті.

Бұл жетістік – тек жекелеген ақындардың ғана емес, тұтас Ертіс-Баян өңірінің рухани өміріндегі маңызды оқиға. Өнер додасында бақ сынаған талантты ақындар Алтынбек Елемесұлы, Ерлан Аманқожа және Еламан Хасенұлы Қабділәшім өздерінің терең мазмұнды жырларымен, көркем ойымен және ақындық шеберлігімен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқаудың әр кезеңі қатысушылардан тек ақындық талантты ғана емес, үлкен дайындықты, шығармашылық ізденісті және рухани тереңдікті талап етеді. Осындай сындарлы додада павлодарлық қаламгерлер сүрінбей өтіп, келесі белеске жолдама алуы өңір әдебиетінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Команданың бұл табысына қолдау көрсетіп, рухани жобаның маңызын терең түсініп, әдебиет пен мәдениеттің дамуына ерекше ықпал еткен Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликоваға шығармашылық ұжым мүшелері зор ризашылықтарын білдіруде. Өнерге көрсетілген мұндай қолдау таланттардың қанаттанып, жаңа белестерді бағындыруына жол ашады.
Сондай-ақ команда мүшелерінің шығармашылық жолында бағыт-бағдар беріп, жігерлендіріп жүрген жетекшілердің еңбегі де ерекше. «Леп» әдеби бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөженов пен Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Төлеубайұлының ақыл-кеңесі мен қолдауы ақындардың шығармашылық шыңдалуына зор ықпал етті.
Жеңістің артында әрдайым сенім тұрады. Осы орайда команда мүшелері өздеріне қолдау білдіріп, дауыс беріп, тілеулес болған барша оқырман қауымға, әдебиет жанашырларына және жерлестеріне шынайы алғыстарын жеткізеді. Әрбір жылы лебіз бен ақжарма тілек ақындарға күш-қуат беріп, жаңа белестерге жетелегені сөзсіз.
Ертіс өңірінің талантты ақындары бүгінде жаңа кезеңге нық қадам басты. Бұл – павлодарлық поэзияның тағы бір жарқын жеңісі. Өлең өнерінің өрісін кеңейтіп жүрген жерлестерімізді үлкен жетістіктерімен құттықтай отырып, алдағы сындарда да толағай табыс, шығармашылық шабыт пен жеңісті күндер тілейміз.
Керекудің жыры әлі талай биіктерді бағындыратынына сенім мол.
Асыл ӘБІШЕВ.
