Биыл облысымыздағы байырғы қоғамдық ұйымның бірі – Павел Васильев атындағы әдеби бірлестіктің құрылғанына 70 жыл толды. Осы мерейлі датаға орай Ертіс-Баян өңірінде түрлі іс-шаралар жүзеге асуда.

Әдеби бірлестіктің 70 жылдығы – шын мәнінде тарихи маңызы жоғары әрі қалемгер қауымға шабыт сыйлайтын айтулы оқиға. Сондықтан да көрнекті ақынның есімін мақтанышпен иеленіп отырған бірлестік мүшелерін және оқырмандарды шын жүректен құттықтаймын.
Жетпіс жыл – жай ғана сан емес. Бұл – шығармашылық ізденіске, рухани дамуға, сөзге адалдық пен әдебиетке қалтқысыз қызмет етуге толы тұтас бір дәуір. Осы жылдар дересінде бірлестік болмысы дарынды, қаламы қарымды жандардың басын қосқан, ой-өрені бір арнаға тоғыстырған нағыз рухани орталыққа, әдеби дәстүрлердің сақтаушысына, насихатшысына әрі жаңа есімдердің ұстаханасына айналды.
Әдебиет сүйер қауымның бірі ретінде өз атымнан осы бірлестіктің жұмысын ұзақ жылдар бойы жүргізіп, абыройын алға бастырып келе жатқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Олардың әрбірінің еңбегі – тек әдебиеттің дамуына ғана емес, қоғамның рухани баюына қосылған зор үлес.

Бірегей бірлестік ұзақ жылдар бойы әрі тұрақты түрде шығармашылық кездесулер, поэзия кештерін, өңіріміздің ақын-жазушыларының мерейтойларына арналған іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Нәтижесінде ұрпақтар сабақтастығының ерекше атмосферасы қалыптасып әрі сақталып, қазіргі күнге дейін жалғасуда. Сайып келгенде, Павел Васильев атындағы әдеби алаң тәжірибе мен жастықты тоғыстырған рухани ортаның шаишырақ-бағдаршамына айналып кетті.
Жалпы, біздің Павел Васильев атындағы әдеби бірлестікпен өзара байланысымыз әрдайым тығыз әрі нәтижелі болды. Бұл әсіресе «Найзатас» журналының жарық көру кезеңінде айқын байқалды.
Бір анығы сол – әдеби-көркем журналдар қай заманда да қоғамның мәдени өмірінде ерекше орын алады. 2012 жылдың сәуір айында Ертістің Павлодар өңірінде «Найзатас» атты әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журнал өз жұмысын бастаған-тұғын. Ол өңірдің әдеби-мәдени кеңістігін дамытуға арналған маңызды алаңға, оқырман үшін рухани қорек көзіне, ақын-жазушылар қауымының үнжариясына айналды.
Журнал екі айда бір рет қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп отырды. Оның басты мақсаты – Ертіс өңірі авторларының шығармаларын оқырманға таныстыру болды. Алғашқы сандарынан-ақ көрнекті жерлестеріміз – ақын-жазушылардың туындылары жарияланды.

Журнал беттерінде Виктор Семерьянов, Ольга Григорьева, Татьяна Окольничья, Любовь Кашина, Жасталап Нұркенов, Юрий Мостовой, Иван Кандыбаев, Людмила Бевз, Жасулан Садыков, Рафаэль Мухамеджанов, Наталья Щепко, Елена Игнатовская, Александр Вервекин және басқа да көптеген авторлардың шығармалары ерекше орын алды.
Журнал тек танымал қаламгерлерге ғана емес, жас, енді ғана шығармашылық жолын бастаған авторларға да өздерін танытуға мүмкіндік берді. Бұл жаңа әдеби толқынның қалыптасуына және талантты жастарды қолдауға ықпал етті.
Журналымызда қалыптасқан, тәжірибелі ақын-жазушылармен қатар, жас қаламгерлер – Евгений Лумпов, Илья Приходченко, Настя Кулик және басқалар да өз туындыларын жариялады.
Әдеби бірлестіктің маңызы туралы айтқанда, оның қызметі әрдайым мәдени мұраны сақтауға, көркем сөзді дамытуға, туған жерге, қалаға және елге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге бағытталғанын атап өткен жөн.
Әдеби бірлестіктің 70 жылдығы – қоғамның рухани даму жолындағы маңызды белес. Бұл – көпжылдық қажырлы еңбектің нәтижесі, бай тарих, құнды мұра және ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.

Қазақстан Жазушылар одағының жергілікті өкілдігі құрылғанға дейін өңіріміздің әдеби өмірі көп жағдайда Павел Васильев және Иса Байзақов атындағы бірлестіктердің қызметімен үйлестіріліп отырды. Бүгінде бұл игі іс өз жалғасын табуда.
Әсіресе, өткен жылы өңірімізде жас қаламгерлерді қолдауға бағытталған «Леп» атты жаңа әдеби бірлестіктің құрылуы көңілді көкке өрлетіп, қауымды ерекше қуантады. Павел Васильев атындағы бірлестіктің бай тәжірибесі мен дәстүрлері «Лептің» де дамуына берік негіз боларына сенімдімін.
Бүгін өткен жолға көз жүгірте отырып, сіздер әдеби дәстүрді сақтап қана қоймай, оны дамытып, жаңа мазмұнмен толықтырып, келер ұрпаққа табыстап келесіздер деп сеніммен айтуға болады:.
Алдағы жылдар әдеби бірлестік үшін жаңа идеялар мен есімдердің, жарқын шығармалардың және шығармашылық жеңістердің кезеңі болсын деп тілеймін. Еңбектеріңіз талғампаз оқырманның жүрегінен орын таба берсін.
Баршаңызға шығармашылық бірлік, шабыт, жаңа жобалар және өңіріміздің әрі еліміздің әдеби мұрасын одан әрі байыта берулеріңізге тілектеспін!
Асыл ӘБІШЕВ.
