
Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы және «Желдірме» ақындар мектебінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында айтыс өнерінен тартысты дода өтті. Өңірдің қала, аудандарынан жиналған 14 жас ақын сөз сайысына түсіп, өзара бақ сынады.
Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл рухани шара «Ұлылардан ұлағат» тақырыбын арқау етті. Айтыс барысында жас өнерпаздар Ертіс-Баян өңірінен шыққан тарихи тұлғаларды жырға қосып, олардың өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегін өз толғауларына арқау етті.
Жарыс жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың суырыпсалмалық қабілеті мен тапқырлығы, сахна мәдениеті мен ой ұшқырлығы әділ қазылар тарапынан лайықты бағаланды. Тартысты бәсекеде тәжірибесі толысқан, республикалық оқушылар айтыстарында топ жарып жүрген Мейіржан Баршынбай үздік өнер көрсетіп, Бас жүлдені иеленді. Бірінші орын Еркеш Қажетке бұйырса, екінші орынды Нұрақымет Мәуіт пен Ризат Амантай бөлісті. Ал үшінші орынға Нұрислам Хабылхан, Жансерік Совет және Алдияр Қайрат лайық деп танылды.
Ұлттық өнерді ұлықтаған бұл айтыс – жас ақындардың шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, елдік рух пен тарихи сананы жаңғыртқан маңызды мәдени оқиғаға айналды.
