(Ертіс-Баян қаламгерлерінің жаңа буыны)

Ертіс-Баян өңірінде әдеби дәстүрдің өзегіне айналған бір қасиет бар: ол – жас буын мен аға буын арасындағы үзілмейтін рухани байланыс. Бұл байланыс желдей ескен өткінші ықылас емес, тамыры терең, топырағы кенен, ұлт руханиятымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті сабақтастық. Сол сабақтастықтың алтын арқауында – сөз қадірін өз қадірім деп білген, ой салмағын сезінген, кеудесінде әдебиетке деген адалдықтың алауы жанған жазушы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Би-аға – Бейбіт Бөжен тұр.

Бейбіт Бөжен – қарына қамшы ілсе де, қолына домбыра мен қаламды қатар ұстаса да, өнер мен ойдың алдында өзін жалғыз сезініп көрмеген жан. Ол қай кезеңде, қай ортада жүрсе де, алдындағы ізашарлардың аманатына адал болып, артындағы ізбасарлардың үмітін естен шығарған емес. Өйткені ол үшін шығармашылық – жеке бастың даңқын дәріптеу емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани сабақтастықтың жібін үзбеу.

Бүгінгі күні Би-ағаңның бастамасымен құрылған «ЛЕП» әдеби бірлестігі – сол үзілмеген жіптің көзге көрінген бір түйіні іспетті. Бұл бірлестік – атақ пен абырой тарататын мінбер емес, ең әуелі жас жүректерге алғашқы леп, алғашқы тыныс сыйлайтын орта. Мұнда сөздің салмағын сезінуге, ойдың жауапкершілігін арқалауға үйренген талай жас қаламгер ертеңгі күнге батыл қадам басып отыр.

Бейбіт Бөженнің еңбегі көбіне көзге ұрып тұрмайды. Бірақ ол – талай жастың ішкі күдігін сейілтіп, тырнақалды туындысын қағазға түсіруге дем берген, ең әуелі өзіне сенуге үйретіп жүр. Бір ауыз жылы сөзбен, бір сәттік сеніммен адам тағдырын басқа арнаға бұрып жіберетін сәттер болады. Ол сол сәттің қадірін білетін, жастардың жігерін ұранмен емес, үнсіз жанашырлықпен жанитын шынайы аға.

Сондықтан да Бейбіт Бөженнің айналасына жастардың үйірілуі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл – рухани жалғастыққа сенген, сөздің ертеңіне жауапкершілікпен қараған адамға ғана бұйыратын бай мінез.

Түн ортасында хабарласып:

– Жалқауланба, жаз! Мынаны оқы! Мына тақырып – сенің қолың! – деп қамшылайтындай ағалық жанашырлық – кез келгеннің қанына біте бермейтін қасиет. Мұндай мәрт мінез – әдебиетке сырттай қызығушылық емес, жан-тәнімен берілу, рухани жауапкершілік.

Бұл дәстүрдің түбі – терең, арнасы – кең. Кешегі Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлин арасындағы рухани бауырластық соның жарқын мысалы. Ғабит көзімен көріп, жүрегімен түйсінген Бейімбеттің бейнесін «Біздің Би-ағаң» очеркінде былай суреттейтін еді ғой:

«Осы мақалада ой бар ма, тіл бар ма?» – деді Би-Аға. Бөлім басшылары қызарақтап бір-біріне қарады. Сын бөлімінде мін көп: оқығандық та, оқымағандық та айқын байқалады. Бейімбет үшін газеттің тілі – газеттің жүрегі, қазаққа түсінікті, бай әрі ұғынықты болу керек. Ол жай редактор емес, ойлы, қырағы адам еді».

Ғабит сол сәтті жалғай отырып былай дейді: «Би-Аға жұмысты кешкі сағат үшке дейін жалғастырды. Әдеби қызметкерлерге жеке-жеке үлкен материал беріп, өңдеп газетке жарайтын қылып әкелуді тапсырды. Менің алғашқы материалымды оқып, төрт-ақ сөзді өзгертіп, мақұлдады да:

– Үзбей жазып көрші, – деді».

Сырт көзге жай ғана жылы сөз секілді көрінер. Бірақ сол сөз – жас жүректің ішіне от тастап, болашақ тағдырдың бағдарын бұрған шешуші сәт еді. «Сол сәттен бастап мен жазушы болу жолындағы алғашқы демімді, алғашқы батыл қадамымды осы Би-Ағадан алдым», – деп еске алады Ғабит. Бұл – ағаның талай жасты сынай отырып, сағын сындырмай, керісінше қайратын қуаттай алғанын көрсетеді. Бейімбет жас таланттарды «бір сынап қоя салмай», дұрыс жолға бағыттауға, әдебиетке деген сенімін бекіте түсуге ұмтылатын.

Сол мінезді, сол жауапкершілікті біз бүгін Бейбіт Бөжен бейнесінен көреміз. Бейімбет қалай Ғабиттің алғашқы қадамдарына дем берген болса, Бейбіт Бөжен де бүгінгі Ертіс-Баян өңіріндегі жас қаламгерлердің әр ізденісіне зер салып, қолдап, түзеп, жауапкершілікке баулиды. Бейбітті – Би-аға деп атауымыздың мәні де – осыда. Бұл – дәл сол дәстүрдің үзілмей жалғасып келе жатқанын көрсетеді.

Кешегі Мүсірепов пен Майлин арасындағы жылылық қандай болса, бүгінгі Ертіс-Баян жастары мен Бейбіт Бөжен арасындағы қарым-қатынастан да сондай мейір, сондай сенім сезіледі. Бұл – біздегі әдеби ортаның адамдық қасиеттен айырылмағанының, рухани шарапаты басылмағанының белгісі.

 

Бейбіттің бастау бұлағы

Қазақтың кейбір әулеттері болады – тағдыры бір кәсіпке, бір қасиетке байланған. Сол қасиет ұрпақтан ұрпаққа көшіп, кейде қолдың икемі болып, кейде сөздің салмағына айналып жатады. Бейбіт Медығатұлы Бөженовтің шығармашылық табиғатын таразылағанда, оның қаламгерлік мінезін бір ғана жеке дарынның жемісі деп қарау жеткіліксіз. Оны тереңнен тамыр тартқан әулеттік жадының, тарих пен тағдырдың сүзгісінен өткен рухани сабақтастықтан іздеу ләзім.

Бейбіт – Би-ағаң шыққан Ақтілес-Тышқанбай әулеті ел ішінде «Дәуіт пайғамбардың дүкені қонған әулет» атанған. Осы атаудың астарында жай ғана аңыз емес, еңбек пен қасиетке негізделген таным жатыр. Темірді балқытпай-ақ илеген Дәуіт пайғамбар туралы түсінік қазақ санасында ұсталықты киелі кәсіп деңгейіне көтереді емес пе. Ал Беласар әулетінің ұлдары – Әбшайық, Шахман, Әбіш, Халық, Салық, Бөжен – түгелге жуық темір мен ағаштың тілін білген, қол мен ойды қатар қолданған жандар. Осы әулеттік зерде кейінгі ұрпақта темір қорыту емес, ой қорыту, сайман соғу емес, сөз сомдау, тарихты қиюластыру қабілетіне айналып отыр.

Бейбіт Бөженовтің шығармашылық болмысы да осы ұсталықтың ішкі заңдылығына ұқсайды. Ол үшін мәтін – қыздырылған темір секілді: асықсаң қожданып күйіп кетеді, салғырт соқсаң сипатын таппайды. Сондықтан оның жазу мәнерінде байып, салмақ, асықпай ой түю, дерекке иек арту басым. Бұл – дала биінің шешендігі мен ұстаның дәлдігін қатар бойына сіңірген мінезден.

Бейбіт шығармаларында жиі көрінетін азаматтық ұстанымның түп тамыры осында жатыр. Ол да қаламды мансапқа емес, жауапкершілікке жегеді. Өткенге үңілуі – ақтаңдақтың орнын толтыру, ұмыт қалған есімді тірілту.

Бейбіт Бөженнің арғы атасы – Беласардың кенже ұлы Бөжен Беласарұлы (1889-1933). Байшақ ауылында рубасы болған, болыстық қызметке бірнеше мәрте ұсынылған. Алайда жеке басының емес, елдің мүддесін жоғары қойып, болыстықтан саналы түрде бас тартқан кездері де бар. Ол Алаш қайраткерлерімен, соның ішінде Қабыш Бердалин секілді тұлғалармен ел арасын аралап, жұртқа жаңа низам жаңалықтарын жеткізіп отырған. 1920-1930 жылдардағы аласапыран кезең Бөжен әулетін де айналып өтпеді. Кеңес үкіметінің «бай-кулак» саясаты салдарынан Бөжен Беласарұлы кәмпескеге ұшырап, мал-мүлкінен айырылды, қудалауға түсті. Мұрағат деректері оның және ағасы Салықтың «кулак-бай шаруашылықтары» тізіміне ілінгенін айғақтайды.

Бөжен Беласарұлының балалары – Қабиден мен Темірғалы – ерте жетім қалып, тағдырдың ауыр сынағынан өтті. Қабиден Бөженұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан мен әскери училище мектебінен өткен. Ал Темірғалы Бөженұлы тылда еңбек етіп, ұзақ жыл жүргізуші болды, кейін молдалық жолды ұстанып, ауылдың рухани тірегіне айналды. Ол Жаңабеттегі зираттарды күтіп, соғыстан оралмағандардың есімін жаңғыртуға мұрындық болды. Би-ағаң өзі айтқандай, алты жасына дейін атасы Темірғалы Бөженұлының бөркін жастанып, шапанының етегін жамылып, қойнында жатып өскен ұрпақ. Сол ақсақалдан тентекті тезге салып, естіні елдің жолына салуды үйренген. «Қарттардың бойында даланың иісі бар. Сол иіс қазіргі болмысымызда жетпей жатады», – дейді ол.

Бөжен би секілді, Би-ағаң да жеке даңқтан гөрі қоғамдық жауапкершілікті жоғары қояды. Оның мақалалары мен зерттеулерінде ата-баба тағдыры, ел тарихы, архив деректері мен ауызша шежіре сабақтасып жатады. Темір соққан қолдың қуаты кейінгі ұрпақта ой соғатын қаламға айналғандай әсер қалдырады.

Ол жазудың машақатын ол жақсы біледі: қаламға қаңтарылып отырмаған күні іштей тынып, ал қағазға төгілген ойдан кейін жыны алынған бақсыдай қалжырап қалуы бар. Ішке сыймай қалған ойдың сыртқа шығатын жалғыз жолы, айтылмаса мазаны алатын, жазылмаса тыныштық бермейтін күй – бұл. Бірақ сол шаршаудың артында бір сәттік рахат, жанның жеңілдеуі тұрады. Бұл – қар жауса үйде отыра алмайтын аңшының аңкөс күйі секілді, ерікке көнбейтін ішкі аңсар.

Күндізгі тіршілік өз арнасымен ағып жатады, ал түнде ас үйдің шамы ғана куә болатын жалғыздық басталады. Сол сәтте ешқандай қаламақы да, сыртқы қолдау да жоқ – тек жан қалауымен жазу бар. Бейбіт үшін жазу – хобби емес: ол сөз тереді, ой қуады, миындағы шикі дүниені пісіріп, бабына келтіруге тырысады. Ұнаса – қағазда қалады, ұнамаса – аямай сызылады. Себебі ол үшін ең қымбат өлшем – оқырманның әсері. Әсерлендірмейтін сөздің өмір сүруге қақысы жоқ деп біледі. Жазған дүниесіне ол бір мәрте емес, жүз мәрте қайта оралады. Түзетеді, күзейді, кейде күйзеледі. Оқиға да, ой да жолай өзгеріп кетеді. «Болды» деген ішкі түйсік келгенде ғана жүк түсіргендей жеңілдейді. Бірақ бұл тыныштық ұзаққа бармайды: уақыт өткен соң қайта оқып, «түкке тұрмайды екен» деп тағы да шимайлауға кіріседі. Таңды таңға ұрып, сөздің соңынан сөз қуады. Мұның бәрі – оқырман алдындағы жауапкершіліктен туған қатаң талап.

Қаламақысыз жазу, сөз жүзіндегі ғана қолдаумен өмір сүріп жатқан қазіргі заман қаламгерінің халін Бейбіт Бөжен жанкештілік деп біледі. Ол үшін жазу – өз-өзіңмен арпалыс, оқырманмен үнсіз келісім және уақыттың алдында жауап беру. Сондықтан да Бейбіт Бөженнің жазу өнеріндегі табандылығы – таланттың ғана емес, мінездің, төзімнің, ішкі тәртіптің жемісі.

Бейбіт Бөженнің өмірбаянындағы адамдық негіз, мінездің мәйегі ең алдымен оны бауырына басып өсірген Шәйзат апаның болмысынан танылады. 1932 жылғы ашаршылықта дүниеге келіп, уызға жарымаған буынның өкілі болған Шәйзат апа – бейнетпен шыңдалған, тіршіліктің әр иінін қолымен ұстап көрген жан. Аласа бойлы, сүйегі жеңіл, қағылез қимылды ол өмір бойы жаулығы мен кимешегін басынан тастамай, нанның қиқымын аяқасты етпей, барға қанағат, жоққа сабыр қылып ғұмыр кешті. Үй тірлігі, мал-жанның бабын табу, ас-суының берекесін келтіру – бәрі оның күнделікті дағдысы еді: қаздың майын дәру көріп, қою шайды серік еткен, ауруханаға жоламай-ақ тәнін де, жанын да өзі емдеген қайсар мінез соның айғағы. Қозысын алмай қойған саулықты да тезге салып, тәртіпке көндіретін қаталдығы мен дастарқан басындағы мейірі қатар жүрді.

1952 жылы Темірғалы атамен екеуі саман кірпіштен үй көтеріп, колхоздың қара жұмысына жегілсе де, ұрпағына арқа сүйер рух қалдырды. Ауылдан ұзап шықпай, бір мекеннің тарихын өз ғұмырымен өрген Шәйзат апа бүгін де сол берекенің символы ретінде Бейбіт Бөженнің дүниетанымында, сөзінде, мінезінде өмір сүріп келеді.

Бейбіт Бөжен болмысындағы тектілік пен тәртіп, сөзге жауапкершілік пен еңбекке адалдық оның анасы – Қарлығаш Нығыманованың өмірлік ұстанымынан жүлге тартады. Анасы – бір әулеттің ғана емес, бір ауылдың тәрбие таразысын ұстап тұрған жандардың бірі болған ұстаз. Қазақы ортадағы келін әдебін бұлжытпай сақтаған, қайын атасының алдында орамалсыз көрінуді ар санаған, үлкеннің алдын кеспей, кішінің жолын ашқан сабырлы мінезі – ұрпағына үнсіз берілген өнеге еді. Қаталдығы да болған, бірақ ол қаталдық – таяқтың емес, тәртіптің қаталдығы, баланы жамандықтан арашалап қалуға арналған ішкі жауапкершіліктің көрінісі болатын.

Қарлығаш ана қырық жылға жуық Жаңабет ауылындағы мектептің табалдырығында тұрып, бастауыштың баласына білім ғана емес, мінез де үйреткен ұстаз болды. Оның сыныбындағы тыныштық қорқыныштан емес, қадірден туған. Ауыл адамдарының тентегін де, еркесін де «Қарлығашқа берсе, адам болады» деуі – оның ұстаздық абыройының бұлжымас өлшемі еді.

Тоқсаныншы жылдардың тар кезеңінде де ол шаңырақтың еңсесін түсірмей, жоқшылықты намысқа айналдырмай, ақылға жеңдірді. Бір уыс нанның, бір тиынның қадірін ұғындырып, баласын адалдық пен аманатқа тәрбиеледі. Ас үйден аңқыған бауырсақ иісі – тұрмыстың емес, мейірімнің иісі болатын.

Ал нағашы жұрты – өнер мен сөзді тіршіліктің өзегіндей көрген, дәстүрді тірек еткен бір тұтас рухани әлем еді. Ол ортада әр сөз салмақпен айтылып, әр әңгіме ғасырлар бойы жиналған жадының жаңғырығындай естілетін. Нағашыларынан дарыған сол рух, әсіресе Қимадиден Нығмановтай айтыскер ақын, өлкетанушы, шежірешінің соңына мұра етіп қалдырған шымыр да шынайы әңгімелері, отты өлеңдері мен жалынды жазбалары Бейбіттің ой көкжиегін кеңейтіп, сөзге деген іңкәрлігінің іргетасын қалады. Сол ортада өскен бала сөздің қадірін ерте танып, рухани қазынаны өз болмысына айналдырды.

Қарлығаш ананың әкесінен дарыған шежірешіл жадысы да терең еді: ескі суретке қарап тұрып, өткеннің үнін тірілткендей сөйлейтін. Сол байып пен салмақ кейін баласының сөзге ұқыппен қарауына, ойды әділ таразылауына ықпал етті.

Бейбіт Бөженнің айтыстағы тік мінезі, сөздегі әділдігі, үлкенге құрметі мен кішіге қамқорлығы – сол ананың алақанымен берілген тәрбиенің жалғасы.

 

БЕЙБІТТІҢ БЕС ҚЫРЫ

Бейбіт – ақын

1997 жылы Бейбіт Бөжен Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназия-интернатына оқуға түсіп, ауылдан қалаға алғаш қадам басқан сәтін өміріндегі үлкен тағдыр бұрылысы ретінде еске алады. Саман үйдің маңайынан алыстап көрмеген бала үшін интернат ханның сарайындай көрінген. Алғашқыда жат ортаға бой үйрете алмай, бір жылдай тосырқап жүрсе де, дәл осы орта оның мінезінің ұңғыл-шұңғылын сомдап, өнерге қарай бет бұрғызды. Гимназия директоры Мақаш Жылқыбаевтың тәлімі Бейбіттің өмір жолында өзгеше із қалдырды. Сол ұстаздың бағыт-бағдарының арқасында ол айтыс сахнасына алғаш қадам басты, өлең патшалығының есігін айқара ашты. Бұл тек сөз үйрету ғана емес еді; бұл – ер балаға тән тәртіпті, ұқыптылықты, өмірге жауапкершілікпен қарауды үйреткен үлкен мектеп болатын.

Айтыс – халықтық өнер, ақынның жыры – жұрт жүрегінің соғысы. Кейде қобалжыған кеудеден шыққан бір ауыз сөзбен тұтас дәуірдің мінезін аңғартып, кейде екі ауыз қағытпаның өзімен ел еңсесін тіктеп жібереді. Сол алмағайып, әрі қасиетті өнердің қақ ортасына келген Бейбіт Бөжен бүгінгі айтыстың баянына ғана емес, байламына да жауап беріп жүрген азамат.

Сахнаға алғаш шыққан күннен-ақ Бейбіт өз болмысын таныта білді.

2001 жылы Екібастұзда өткен «Наурыз – 2001» «Өнер» мәдениет сарайында өткен айтыста бас бәйгені ақтоғайлық Бейбіт Бөженов иеленген еді. Сол кезден бері талай топты жарды. 2006 жылы  «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Айтыс» чемпионатында өрелі өнер көрсетті. Айтыста қарсыласын бағалау – Бейбіт үшін өнер әдебінің мәселесі. Олжас Отар, Жансая Мусина секілді елге таныс ақындармен тең деңгейде сөз сайыстырды. Дауыстың тең түскені – тартыстың тең түскенін білдіреді. Ал шынайы бағаны – халық берді. Кейін Ақсу қаласының 50 жылдық мерейтойына арналған аламан айтыста бас бәйге алып, автокөлік мінгені – соның бір айқын айғағы.

Бейбіт Бөженнің шешендігі мен өткірлігі қоғам игілігіне де қызмет етті. Ол сол кездегі облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың алдында Жүсіпбек Аймауытов ескерткішін облыстық театр алаңына орнату, айтыскер-ұстаз Асығат Тұрғанбекке пәтер беру мәселелерін өткір өлеңмен көтеріп, айтыстың әлеуметтік миссиясын айқын көрсетті.

Бейбіт Бөженнің айтыстағы болмысы – елдік пен ерліктің, аманат пен жауапкершіліктің мінбері. Айтыс – желге ұшқан жыр, айдалаға айтылған сөз емес, алты алаш санасында мәңгі өмір сүретін өнер. Сол сананы сергек ұстайтын ақындар барда, айтыстың да, айтыскердің де ғұмыры ұзақ болмақ.

Би-ағаңның сүйкей салған сөзінің өзі де сүйекті шығатыны бар. Ақынның кім екені көбіне оның не туралы жазғанынан емес, нені жазбай тұра алмағанынан танылады. Кейбір қалам иелері үшін өлең – көңілдің ермегі емес, ардың айнасы. 2000 жылы Павлодар қаласында Сұлтанмахмұт Торайғыров ескерткішінің ашылу салтанатында жастар арасында арнау жыр оқылғанда, алғаш рет әдеби ортаға танылған ақынның есімі кейін көрермен қауымға кеңінен мәлім болды. Сол сәттің куәгерлері оның қоғамдағы маңызды оқиғаларға сергек қарауын, көргенін жүрек сүзгісінен өткізіп, сезімін шынайы жеткізе алуын ерекше атап өтеді. Бұл қасиет оның кейінгі шығармашылығының басты ерекшелігіне айналды.

Алғашқы поэтикалық жинағы «Өлеңдерім – өмірбаяным» (Павлодар, 2016) өңір әдебиетінде өзіндік орны бар туынды ретінде бағалануы тиіс.

Бейбіт Бөжен поэзиясы – дәл сондай табиғаттың жемісі. Оның өлеңдерінің басты арқауы – туған жер, тарих және адам тағдыры. Ақын табиғат пен қоғам құбылыстарын шебер ұштастырып, қарапайым тіл арқылы терең ой мен әсерлі сурет жасайды. «Біздің ел» өлеңіндегі:

«Біздің елдің құлыны – құлан тектес,

Қашса қасқыр шаңына қақалатын…» – деген жолдар туған жер табиғатының сыртқы көрінісін ғана емес, оның ішкі рухани мазмұнын, еркіндік пен қайсарлыққа құрылған символдық мәнін айқын көрсетеді. Қарапайым бейнеден терең ұлттық мінез ашылады.

Ақын шығармашылығында жеке адамның жан әлемі мен қоғамдық шындықтың тоғысуы ерекше сезіледі. «О, Муза!» өлеңінде:

«Мен саған жүгініп қайта кеп тұрмын,

Ақиқатты айта алмай, таңдайымды кептірдім.

Бауыздағандай болып жатса да,

Ішім құйын, өзімді-өзім жеп тұрмын…» – деген жолдар оның ішкі психологиялық күйзелісін, суреткерлік жауапкершілігін, шындық пен шындықты айтудағы ауыртпалықты танытады. Бұл ‒ ақындық миссияның салмағын сезінген тұлға үні. Туған жер, ата-ана, ұрпақ сабақтастығы мен дәстүр құндылығы ақынның «Нең қалды?» өлеңінде әсіресе айқын көрінеді:

«Балдырған қайда шиырып атқан асығын?!

Таяқты ат қып, құрт ұрлап жеген жасырын.

Ақсақал қайда түгендеп берген тегіңді,

Ақ жаулық қайда тәлімсіз қылмас нәсілін?!».

Бұл жолдарда ауыл өмірінің қарапайым көріністері арқылы уақыт пен қоғам өзгерісіне қатысты философиялық ой айтылады. Дәстүр мен бүгінгі күн арасы салыстырылып, ұлттық рухани құндылықтар үшін алаңдау байқалады. Тағы  бір ерекшелігі – ұлттық поэзиядағы сырласу дәстүрін жалғастыруы. «Шағыну немесе Жұмекеннің аруағымен сырласу» өлеңінде:

«Тұлға қайда…

Тіл десе тігер шенін?

Құм боп шөкті ұлттағы жігер, сенім.

Жұмекендер жетпей жүр жұртымызға,

Тексіздердің тілетін тілерсегін…» – деп жырлай отырып, ол Жұмекен сынды тұлғалар рухымен сырласады, ұлттық санадағы үзілген желілерді жалғап, қоғамдағы моральдық дағдарыстан шығу жолын іздейді.

Ендігі бір қыры – этнографиялық, тұрмыстық детальдарды көркемдік деңгейге көтеруі. «Апамның құрты» өлеңінде қазақ ауылындағы әйел еңбегі, тұрмыс-салт, тағдырлы тіршілік қана емес, сол еңбектің артындағы рухани мәдениет, ұлттық мінез, аналық мейір мен тәрбиелік код ерекше жылылықпен жырланады.

«Мәзір ме бұл, жеткен елге көнеден,

Мүмкін апам қасиетті, көреген.

Баққа түскен адамдай боп қалушы ек,

Құртын ұрлап жеген сайын өреден.

Сусағанға малта құрты ем берер,

Асқазанын жүруші еді емдеп ел.

Жеріктерін басу үшін сұрайтын,

Бойларына бала біткен жеңгелер».

Құрт – құр тағам ғана емес, оны қайнату – өмір сүру философиясы, дәстүр-салттың тұнығы шайқалмаған тіршілікті сақтау коды. Ақын бұл жерде идеализацияға ұрынбайды. Ол ауыл өміріне романтикалық бояу баттастырмай, мағыналық тереңдікпен береді. Өлеңнің эпикалық тынысы, қайталамалардың ырғақ тудыруы – халық жырының заңдылықтарымен үндеседі.

Ал «Аңсар» өлеңінде адамның ішкі жан күйзелісі, жалғыздық, сағыныш сезімі психологиялық тереңдікпен ашылады. Бейбіт лирикалық кеңістікті тарылтып, адамның ішкі әлеміне үңіледі. Бұл – психологиялық поэзия. Жалғыздық та, сағыныш та, ішкі күйзеліс те нышандар арқылы беріледі. «Сағыныштың зынданында күн кештім» деген метафора – қазіргі адамның рухани халінің диагнозы іспетті.

«Алдап, арбап аңсарымды түн-сыған,

Өз теріме өзім сыймай тұншығам.

Тепкен сайын тағдырыма қырсығам,

Сезіміме сыңсу айтпай сыңсыған.

Сырғып соққан самал желмен тілдестім,

Оятам деп өлген іште құрбанды.

Сағыныштың зынданында күн кештім,

Көз алдымнан жүгіртумен сұлбаңды…».

«Тірлік-ай» туындысы ақынның әлеуметтік-сыни үнін танытады. Ол қоғамдағы әділетсіздік, құндылықтар қайшылығы, адам болмысының өзгеруі туралы батыл ой айтса, «Елесі кезіп Ермактың» тәрізді тарихи-лирикалық туындыларында тарихи әділетсіздік, ұлт трагедиясы, рухани жараның жазылмас ізі эпикалық тыныспен өріледі.

«Қысқа тірлік-ай…

Әйелдерді еркекше киіндірген,

Еркектерге әйелдің сыйын берген.

Жақ сүйегін айырып азуынан

Арыстандар бақаның миын жеген.

Қысқа тірлік-ай…

Балтырларға шүберек жетпей жүрген,

Бассыздар бар басатын бектей керден.

Ұлтым деген ұлдарды ұңғы аңдып,

Мінбелерге арда сөз өтпей келген».

Осы тектес лепті тіркестер плакаттық пафостан ада, өлеңге ашынған интонация береді. Ақын қоғамдағы әділетсіздікті тізбелемейді, оның жүйесін көрсетеді. Гендерлік ауыс-түйіс, діни жаттану, әлеуметтік теңсіздік – бәрі бір «былық тірліктің» белгілері ретінде беріледі. Мұнда Бейбіттің айтыскерлік тәжірибесі анық сезіледі: ойды ұрымтал тұстан ұрып айта отырып шындықтан ауытқымайды.

Поэзия – өткінші көңілдің кездейсоқ толқыны емес. Ол – уақыттың тереңінен сөйлейтін сыр, ел мен ердің, заман мен адамның арасын жалғап тұрған көзге ілінбес жіпті сездірер сөз өнері. Өлең – адамның өз жанын өзіне тыңдататын дүние. Осы тұрғыдан қарағанда, Бейбіттің жыры даңғаза айқайға үйір емес, іштей бұйығы, бірақ салмағы ауыр сырды көтеріп тұр. Адамның өз-өзімен арпалысын аңғартады. Бейбіттің жырында сезім желдей ескенмен, шідерсіз кетпейді. Қуаныш та, қасірет те тағаны мен тағасы таймай тұрады.

«Ардашым…» деген жоқтауы – бір адамның қайғысын көптің жүрегіне ортақ жүк етіп түсірген толғау. Ақын өлімнің өзін суреттемейді, өлімнен кейінгі үнсіздікті айтады. Тірі қалған жанның ішкі әлемі қалай қаңырап қалғанын сездіреді. Адам деген көп нәрсеге көнеді екен: уақытқа да, тағдырға да, түнерген жалғыздыққа да. Бірақ доссыздыққа көну қиын. Дос кеткен сәттен бастап дүние де өңін өзгертеді. Кеше ғана орныққан тіршілік кенет қалт етіп, іргесі сөгіліп кеткендей болады. Бейбіттің өлеңдерін оқығанда осы күй анық сезіледі. Ол достықты ұран қылып насихаттамайды, шын болған қалпында көрсетеді. Досының бар кезіндегі жан жылуын, жоқ кезіндегі өмірдің салқынын ғана айтады.

«Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Тарылып тыныс тынармын.

Қарақаланың ойында,

Қара жолдың бойында,

Қиылды қыршың құнарлым».

Мұндағы мұнар – аспанның емес, адамның ойының мұнары. Дос кеткен соң дүние бұрынғыдай жарық көрінбейді. Жол да қарайып, көңіл де тұманданады. Қазақ «жолдан жаңылу» дейді ғой, мұнда адам тірек таппай, өзі сүрініп қалғандай. Досынан айырылуды ақын былай түйіндейді:

«Ақадал достан айырылып,

Бір қанатым қайырылып,

Жылармын да шыдармын».

Қазақ үшін қанат – тірек, қорған, асу асырар күш. Қанаты сынған құстың ұшуы қиындағандай, дос кеткен соң адамның да еңсесі жер тартып қалады. Қалған ғұмыр – аспанға ұмтылғанмен, жер қазыққа байлану сияқты күй кештіреді.

Көпшілік дос дегенді бірге күліп, бірге жүрген адам деп түсінеді. Ал Бейбіт үшін дос – ауыр ойды арқаласқан, түнек түнді де, желікті күнді де бірге кешіскен жан. Тұрмыстың күйкі тірлігі мен қоғамның қамын қатар көздескен адам. Мәсінің жыртығын да, заманның жыртығын да бірге жамайтын серік.

Ақын Ардақ досын аспандатып, аңыз қылып жібермейді. Қарапайым қалпында, адам қалпында еске алады:

«Жабағы мініп жарысқан,

Тең құрбымен алысқан,

Қимайды өскен адырың».

Бұл – балалықтың иісі бар сурет. Бірге өскен қырат, бірге шапқан боз жорға шақтағы қызық. Дос деген – сенің бала күніңді, шыққан топырағыңды ұмыттырмайтын тірі куәгер ғой.

Қадірді кеш аңғару – адам баласының баяғыдан келе жатқан зады. Ақын оны да жасырмай айтады:

«Соқпақ салған жастарға,

Көшіп кеткенде аспанға,

Түсіндік енді қадірін».

Бұл – дауыс көтеріп айтылған өкіну емес, іштен шыққан шын нала. Тірі кезде бағалай алмай, кеткен соң аңсау – санамызға сіңіп қалған ескі дерт.

«Досты аңсау» өлеңінде осы ой заманмен астасады:

«Телефоным саңқылдайды:

«Абонент байланыс аясынан тыс жерде…»

Баяғыда адамды моладан іздейтін едік, бүгінде мобильді телефоннан іздейміз. Бірақ нәтиже өзгермейді. Дос – бұ дүниенің аясынан шығып кеткен жан. Соған қарамастан, оның атын өшіріп жібере салуға ақынның жүрегі дауаламайды. Өйткені дос есімі – темір телефон жадына емес, жүрек жадына жазылған. Бейбіт үшін дос – адамдықтың өлшемі. Сондықтан да ол:

«Ар, намысын ұлт үшін байрақ қылар…», – деп айтады. Мұндағы дос – айна. Сол айнаға қарап адам өз бойын түзейді. Досы биік болса, өзі де еңсесін тіктейді.

Осы жырларды оқи отырып, мына бір ойға тірелесің: адам дос таңдағанда, шын мәнінде өз болмысын таңдайды екен. Қандай адам болғысы келетінін белгілейді. Ал дос кеткен сәтте, сол асқақ арманы да тиянақ таппай кеткендей болады. Сондықтан Бейбіт Бөженнің бұл өлеңдері – дәстүрлі жоқтау емес,  адамның өзімен-өзі бетпе-бет келуі. Достан айырылған жан бұрынғы қалпында қалмайды. Алайда өзгерісті мойындай білген адам ғана тіршілігін жалғастырады.

Бір-ақ нәрсе ақиқат: достық ұғымы – тәрк етіп, табыла салатын дүние емес, сақтай білетін аманат.

Жалпы алғанда, Бейбіт Бөжен поэзиясы – қазақтың халықтық тұрмысы, тарихи жады, адам психологиясы және әлеуметтік әділет мәселелерін біртұтас көркемдік әлемде тоғыстырады. Шынайы сезімдер дәстүр мен бүгінгі заман арасындағы байланысты тереңнен түсінуге мүмкіндік береді.

 

Бейбіт – журналист

Өмір дегеніміз – ұдайы қиналып жүріп қуануды, қуанып жүріп ойлануды үйрететін үлкен мектеп. Сол мектепте әркім өзінше жол табады. Бірі қолына домбыра ұстап елдің шерін шертіп, бірі қолына қалам ұстап қоғамның жүгін көтереді. Ал кейбірі сол екеуін де қатар алып жүреді. Бейбіт Бөжен – айтыстың аламанында ел намысын қорғап жүріп, журналистиканың жүгін де тең көтере білген азамат. 2000 жылдардың басында «Сарыарқа самалы» редакциясының табалдырығын аттады. Содан бергі жылдарда Бейбіт «Ирбис» телеарнасы, кейін республикалық «Айқын» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі ретінде «ақпарат тасқынының үстіне шығып», журналистиканың ескегін ескен қаламгерге айналды. «Айқын» газетінде Бауыржан Омарұлы секілді тәжірибелі басшылар қалыптастырған бәсекелі орта әр тілшіні ойлануға, ізденуге, шығармашылыққа серпін бергені анық. Бейбіт сол ортада алдыңғы қатардан орын алған, аймақтық журналистердің рейтингінде үнемі үздік шыққандардың бірі болды. Бұл – кездейсоқ қолпаштау емес, жүйелі еңбектің, жауапкершіліктің, азаматтық белсенділіктің жемісі. «Айқын» газетінде тілшілер арасында рейтинг жүргізіліп, оны Тұрсын Қалимова апта сайын саралап отыратын. Бас редактор бұл бәсеке қаламгерлерді қайрай түсетін.  Атыраудан ақпаратты қарша боратқан Тұрсын Қалимова, Ақтөбенің тынымсызы Ақтілеу Асқар, Қарағандының қарымдысы Қамбар Ахмет, Маңғыстаудан майын тамыза жазатын Телман Бейсен, Павлодардан айтыс пен журналистиканы қатар ұстаған Бейбіт Бөжен – бәрі бір мектептің, бір рухтың адамдары. «Айқын» сол буын үшін өмірлік университет болды.

Бейбіттің журналистік мінезін бір ауыз әңгіме дәл ашады. Бірде редакциядан Қуанышбек аға қоңырау шалып:

– Бейбіт, не істеп жүрсің? – десе керек.

– Жер бетінен жаңалық іздеп жүрмін, – дейді ол.

– Онда кейде аспанға да қарап қой, – дейді ағай.

Сөйтсе, Көктөбе ауылы маңына метеорит құлаған екен. Сол күннен бастап Бейбіт тек «жердің» емес, «аспанның» да жаңалығына құлақ түретін журналистке айналады. Бұл – жай әзіл емес, журналистік философия: кейде ақиқат жоғары-төменнен, тіпті тосыннан да түседі.

Бейбіт Бөженнің публицистикасы – қоғамның ашық жарасына қол тигізетін, бірақ оны емдеуге ұмтылатын қалам. Журналист – тек оқиғаны жеткізуші ғана емес, уақытқа куә, қоғамға айна, ұрпаққа сабақ болуға тиіс тұлға. Бейбіттің журналистік табиғаты да осы үш міндеттің үдесінен шығуға ұмтылғаны анық байқалады. Оның қаламынан туған мақалаларды парақтағанда, тек ақпарат іздеген жалаң хабар емес, қоғам тағдырына алаңдаған азаматтық үн, ұлт болашағына жауапкершілікпен қараған ойлы толғаныс сезіледі.

«1220 студентке қауіп төніп тұр» деп басталатын жазбасында ол білім саласындағы келеңсіздіктерді тізбектеп қана қоймайды. Ең бастысы – сол проблеманың ар жағындағы адам тағдырын, жас буынның үмітін, ел ертеңінің сенімін көре біледі. Бұл – есеп беруші тілші емес, елдің тағдырына бейжай қарай алмайтын азаматтың үні.

Экология тақырыбына арналған «Баянауылдың басынан бақ тайып барады», «Бес миллиард тонна қалдықтың қасіреті» сынды мақалаларында ол табиғатқа жасалған қиянатты бір ғана экологиялық апат деп емес, ұлттың рухани денсаулығына түскен сызат ретінде қабылдайды. Табиғатсыз тұрақ, тұрақсыз ұлт болмайтынын, табиғатқа құрмет – тарихқа құрмет, тарихқа құрмет – болашаққа құрмет екенін оқырманға сезіндіре білді.

Ал мәдени мұраға қатысты жазбаларында Бейбіт Бөжен тек жәдігер тағдырын емес, ұрпақ санасын ойлап толғанады. «Андронов мәдениеті аяқ астында жатыр» секілді мақалаларында ол тарихи мұраны сақтау, осы саладағы қордалы проблемаларды, рухани негізді жоғалтып алмауға шақыратын биік ой айтады.

Журналистика кейде салқын цифрлар мен ресми мәлімдемелердің шырмауында қалып қояды. Бірақ Бейбіт Бөженнің публицистикасы – адам жүрегіне тікелей жол табатын публицистика. Оның Үміт ана ауылы мен шошқа фермасы жөніндегі мақаласы – соның айқын көрінісі. Онда ол мәселені тек экономикалық тұрғыда немесе әкімшілік шешім деңгейінде емес, халықтың ар-ұяты, жердің киесі, тарихтың аманаты тұрғысынан қарастырады. «Қасиетті адамдар жерленген жерді харам түлікпен ластауға бола ма?» деген сұрағында жай риторика емес, ұлттық сананы селт еткізетін рух бар. Бұл – халықтың ішінен шыққан, ұлттың сөзін сөйлейтін азаматтың сұрағы.

Журналист үшін сезімталдық – ең үлкен қару. Бейбіттің шығармашылығына қарасаңыз, онда тек қатаң талдау мен өткір сынмен қатар жылы юмор, жұмсақ іңкәрлік, адамға деген ілтипат та бар. «Жүз беске жеткен емші ақсақал», «Халықтың ұлы», «Елі ардақтаған ақын» секілді жазбаларында ол қоғамдағы қарапайым адамдардың тағдырын, өмірлік тәжірибесін, адамдық қадірін көре біледі. Бұл – үлкен жүректің ісі. Сөздің киесіне сенетіндіктен, оның қаламынан туған портреттері, тарихи очерктері, сұхбаттары мен сықақтары, тіпті поэзиясы да бір-бірін толықтырып тұрады.

Бүгінде ол «ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасында жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар саласында еңбек етіп келеді. Бейбіт Бөжен – қай салада жүрсе де, сөз арқылы елге қызмет етуді мақсат тұтады.

Қазақ журналистикасының тарихында талай тұлға өтті. Бірі өз дәуірінің даусын жеткізді, бірі өз дәуірінің ар-ұятын қорғады. Бейбіт Бөжен сол қос миссияны қатар арқалауға тырысып келеді.

 

Бейбіт – азамат

Кейде заманның жүгі бөлінбей, бір адамның иығына шоғырланып қонады. Сол жүктің салмағын сезінетіннің бәрі көтере бермейді, көтергеннің бәрі абыроймен алып жүре бермейді. Тек мұның бәрін мойнына алған жан ғана ұрпақ алдындағы парызды өтей алады. Бейбіт Бөженнің азаматтық болмысы дәл осындай тұстардан танылады.

Сөздің кезегі өтіп, істің салмағы түскен шақта Бейбіттің табиғаты өзгеріп сала бермейді, қайта өз болмысына қайтып оралады. Бірер жыл бұрын Павлодар өңірінің бірнеше ауданын су басу қаупі төнгенде, түннің бір уағында Ақтоғайға қарай жол тартты. Дабыра іздеген жоқ, елдің қамын күйттеп барды. Туған топырақта қарапайым жұрттың басын қосып, бөгет тұрғызу, су арнасын бұру секілді қара жұмыстың ортасында жүрді. Қол қусырып, сырттай бақылап тұрғаннан гөрі, халықпен бір сапта тұрып, бір кірпіш қалап, бір қап құмды иықтасып көтергенді жөн көрді.

Ол күндері Бейбіттің тірлігі тек судың жолын кесумен шектелмеді. Елдің еңсесін түсірмеудің де, көңілдің қамалын құлатпаудың да қамын ойлады. Қиындықтың үстінде жұртты жұдырықтай жұмылдыру – кез келгеннің қолынан келмейтін іс. Бұл – дауысы зордың емес, жауапкершілігі зордың еншісіндегі қасиет.

Айта кетер жайт, мұндай жанкештілік бір реттік қадам емес. Ол Жаңабет ауылына әрдайым жанашыр, игі істің басында жастарды ертіп жүреді. Бейбіттің азаматтығы да осында: ол елге ақыл айтудан бұрын, өзі үлгі болуды парыз санайды.

Ол тек сөз ұстаған ақын, ой ұштаған журналист қана емес – елдің рухани тынысын ашуға, өткенін ұлықтап, бүгінін түгендеуге, ертеңіне сенім ұялатуға жұмылған азамат. Бұрнағы жылдары Қимадиден Нығмановтай айтулы тұлғаның рухани қазынасын тірілту, мұраларын жинақтау ісі Бейбіт үшін борышқа айналғанын білеміз. Қимадиденнің сарғайған дәптерлеріндегі сөйлемдерді қайта жалғау үшін Бейбітке қаламгерлік қабілет аздық етті, оған төзім, тәртіп, ұйымдастырушылық қайрат керек болды. Әр қолжазбаны саралау, дерек пен дәйекті айыру, уақыттың сүзгісінен өткізу – мұның бәрі көзге көрінбейтін, бірақ ауыр еңбек. Бұл істің ішінде ар алдындағы жауапкершілік бар. Ол Қимадиденнің ақындығын ғана емес, тұтас болмысын – он екі қырын түгендеп шықты. Сөйтіп бір адаммен қатар, бір өңірдің рухани картасын жасады. «Ақдидар» мен «Өмір жаңалықтары» кітаптарының жарық көруі – соның нақты нәтижесі. Мұнда іскерлік те бар, табандылық та бар, ең бастысы – істі соңына дейін жеткізетін мінез бар.

Азаматтық – тек өткенді түгендеумен шектелмейді. Ол бүгінгі күнге де жауап береді. Ардақ Райымбековке арналған «Шәмшіден шыққан шарболат» кітабының басылып шығуына ұйытқы болуы, «Алаштың ардағы» атты облыстық жыр мүшәйрасын, зияткерлік турнирлерді ұйымдастыруы – Бейбіттің елдік істі жүйелі түрде ойлай алатын қабілетін аңғартады. Мәселен, Тоғызқұмалақ турнирінде Бейбіт өз қаражатынан тіккен Ардақ атындағы жүлденің жас балаға табысталуы – болашаққа бағытталған батаның ишарасындай. Осындай істердің ұйытқысы болып жүрген Бейбіттің жүрегінде елін сүйген қазақтың заты ғана емес, азаматтың нарлығы бар екені аңғарылады.

Облысымызда бірнеше жыл үзбей өткізілген «Ұлы дала» халықаралық этно-фестивалінің идеялық демеушісі ретінде де Бейбіт өзіне тән мінез көрсетті. Думанның даңғазасына емес, мазмұнына жұмыс істеді.

Қазақстан жазушылар одағы облыстық өкілдігінің жанынан құрылған «ЛЕП» әдеби бірлестігі – Бейбіттің ұйымдастырушылық болмысының айқын көрінісі. Бүгінде бірлестіктің өз тынысы бар, өз бағыты бар. Жас қаламгерлерге жол ашу, балалар әдебиетіне басымдық беру, аударма мен поэзияға жүйелі назар аудару – мұның бәрі бір күндік науқанға емес, ұзақ мерзімді рухани жоспарға ұқсайды. Мұны ойластыру – іскер азаматқа тән. Мәселен, Шарбақты сапары, ауылдағы әдеби кездесулер, билік пен руханият арасындағы көпір орнату – Бейбіттің келіссөзге де, кеңеске де, нақты іске де бейім екенін көрсетеді. Ол талап етпейді, дәлелдейді. Ұсынбайды, ұйытады. Мұндай қасиет екінің біріне бұйырмайды.

Ал марқұм айтыскер арулар Алмагүл Жүгінісова мен Гүлзат Мейрамованың рухына құрмет көрсетіп, артында қалған ұрпақтарына жанашырлық танытуы – Би-ағаның азаматтығының кіршіксіз көрінісі. Ақын ағаның бойында бақай есеп жоқ, атақ қуу жоқ. Тек адамдық бар.

Бейбіт Бөжен – ұранмен емес, іспен сөйлейді. Қаламымен ғана емес, қайратымен қарекет етеді.

Би-аға – елдің ертеңіне алаңдайтын азамат. Ол қай ортада жүрсе де руханиятқа, ұлттық өнерге жанашыр жандардың сиреп бара жатқанын жасырмай айтып келеді. Қазақтың байырғы «бай» ұғымы мен мәдени меценаттық дәстүрін жаңғыртпай, өнердің еңсесі көтеріле қоймайтынын ескертеді. Өңірде бір кезде елге пана, өнерге сая болған Шабанбай, Мұса Шорман секілді жомарт, рухы бай тұлғалардың жолын жалғар азаматтарды тәрбиелеу қажет деп санайды. Ұлттық өнерге жанашырлықты бір реттік көмек емес, тұрақты мәдениетке айналдыруды ұсынады. Сонымен бірге ол өнер, әдебиет, мәдениет адамдарының еңбегі елеусіз қалмауы тиіс екенін үнемі көтеріп жүр: театр  сахнасында басты рөлді сомдаған әртістің түнде күнкөріс қамымен такси айдап жүруі – қасіретті қайшылық емес пе. Бейбіттің пайымынша, өнерді қадірлеу алдымен сол өнерді жасап жүрген адамды бағалаудан басталса керек.

Өнерді де, тарихты да, елдің жадындағы киелі ұғымды да өлтірмей ұстап тұру, үнсіз қалған тарихты сөйлету, ұмыт бола бастаған мұраны қайта тірілу, бүгінгінің рухын көтеру, ертеңнің үмітін ояту – азаматтық ерлік. Бейбіттің азамат ретіндегі қадірі де – осында.  Би-ағаңды ақын, журналист, ұйымдастырушы деп бөле-жара атау аздық етеді. Оның басты аты – азамат. Ал азамат бар жерде, аманат та аяқ асты болып қалмайды.

 

Бейбіт – өлкетанушы

Бейбіттің бойында ақындық жүрекпен қатар туған жердің иісін, елдің үнін, тарихтың дірілін сезетін өлкетанушының қырағы көзі, сергек түйсігі бар. Соңғы жылдары семуге айналған ұлттық сананы сілкінтуге бағытталған рухани және мемлекеттік бастамалардың бел ортасында жүр. 2018 жылы құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның облыстық құрамында қызмет етуі – дәл сол белсенділігінің көрінісі. Сол арқылы архивтің тереңіне жасырылған құжаттардың шаңын сүртті, тірі куәгерлердің көмейінде қалған шындықты қағазға түсірді. Оның ізденісі көрсеткен дерек мынадай: 1928 жылы Кереку өңірінен жиырма сегіз ауқатты азамат Батыс Қазақстанға жер аударылған. Ілиястың Жанқарасы, Райыстың Әйтімі, Ақылдың Рысбегі, Зында болыс сынды ел есінде қалған тұлғалар сол қатарда болған. Бұл дежурный дерек емес, тұтас өңірге түскен ауыр зіл, заманның ашуы мен адамның наласы. Бейбіт айтып жүрген  «жылан жалаған жылдар» – құр сөз емес, ұлттық сананың жарасын ашатын, жанға тиетін шындық. Ол бұл деректерді облыстық архивтен ғана емес, ауыл қарияларының көмейінде қалған естеліктен де жинап, ел жадын қайта тірілтуге күш салған.

Жеке архивіндегі тірнектеп жинаған үнтаспалардан тұтас бір дәуірдің тірі дауысы сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Онда жазушы Мүбәрак Жаманбалиновтың, өлкетанушы Айтжан Бәделханның, ақындар Қажымұрат Смағұлов пен Мұхаметжан Дәуренбековтің өз дауыстары сақталған. Көзі тірісінде қадірі толық танылмаған тұлғалардың үнін есту – өткенмен тікелей тілдескендей күйге түсіреді. Таспаларда Естайдың әндері, Майраға қатысты жазылған шығармалардың дыбысталған нұсқалары, Исаның әйгілі «Желдірмесі» де бар. Одан бөлек, Ертіс өңірінің перзенті Амантай Мусиннің немере ағаларының шырғалаңға толы өмірбаянын өз аузымен баяндауы – деректі фильмге немесе көркем киноға сұранып тұрған тағдырлар шоғыры іспетті. Дәл осы баяндауды Бейбіт «Таттанған тағдыр» деген атаумен хикаят етіп жазды. Мұның бәрі – жеке естелік қана емес, елдік тарихтың тірі фрагменттері («Ақтоғай – Ертіс бойының тарихы»). Оған өзі ғана сүйсініп қоймайды. Ішінде бір мазасыз сезім сөйлейді: «Елге жетуі керек, өшіп қалмауы керек». Бұл – жеке қызығушылықтан гөрі ортақ борыш десе болғандай. Осы еңбегі арқылы ұлт руханиятының тамырына қайта қан жүгіртеді. Тарихи санаға тыныс береді. Оның істеп жүргені – өткенді қазіргімен табыстыру. Мұндай тірліктің артында бір сөзбен айтқанда – елге деген жауапкершілік, туған жерге деген ыстық махаббат, «мына жұрттың тарихи жадын жоғалттырмайық» деген азаматтық ниет жатыр.

Өлкетанушының мақалаларында ел есінде сақталған, аты аңызға айналған тұлғалар тіріліп шығады: «Ел-тұғырдағы» Жақсыбай абыздың киелі сөзі, Беласардың бес баласы әулетінің қасиеті, Дәуек болыс тағдыры, «Дуана» Ахметтің дәруіш мінезі, Бежу Итемгенұлының ерлік өрнегі, «Қажылардың қонысы», «Тектіліктің тұғыры», Бәтістің Иманқұлы, Берденұлы Байғожа, Иләл болыс Жүсіпұлы, Өте балуан, Дәрігер Арын – барлығы ел есіндегі тірі архетиптер. Қағазға түскен сайын тарих дәптерінің беті қалыңдай түседі.

Айта кету керек, Б.Бөжен ономастика мәселесіне де үлес қосып келеді. Ол ауыл, елді мекен, тарихи орын атауларын зерттеп, олардың шығу тегін, мағынасын анықтауға күш салуда. Өңірдің тарихи-географиялық атаулары арқылы халықтың ұмыт қалған жадын оятуға тырысады. Мысалы, «Қажылардың қонысы» мен «Тектіліктің тұғыры» мақалаларында жер атауларын тек тарихи дерек ретінде ғана емес, халықтың рухани бейнесі мен ұлттық санасының айнасы ретінде қарастырады. Өйткені әрбір атау – халықтың өмір сүрген тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін бір қазына.

Ол тарихты тек зерттеп қоймай, оны қайта сөйлетудің жолын іздейді. Павлодар қаласында «Алаш қайраткерлері саябағын» ашу ұсынысы – сол ізденістің айқын дәлелі. Бұл саябақ тек бір-екі бюст немесе ескерткіш қойылатын орын емес, тұтас кешен ретінде қарастырылуы тиіс. Мұнда амфитеатр, әдеби және мәдени іс-шараларға арналған локация, тарихи экспозициялар, ақпараттық орталық болуы керек. Оны әр келуші тек тамашалап кететін жер емес, рухани тәжірибе алаңы, өткен мен бүгінді байланыстыратын тірі кеңістік ретінде сезінуі қажет. Алаш қайраткерлерінің бюстері, олардың өмірі мен қызметіне арналған көрмелер, әдеби және мәдени кездесулер – мұның бәрі тарихты зерттеуден гөрі, оны сөйлету, ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам. Саябақтағы әрбір бұрыш, әрбір экспонат, әрбір бағдарлама – ұрпаққа тағылым беретін, өткенге тағзым жасап, ертеңге сенім ұялататын рухани алаң болуға тиіс. Өйткені тарихпен тек танысу жеткіліксіз, оны жүрекпен сезініп, өмірге қатысты сабақ шығару қажет.

 

Бейбіт – жазушы

Бейбіт Бөженнің прозалық шығармашылығы тарихи «ақтаңдақтарға» түрен салуда. Өткеннің зардаптарын, ел ішінде ашылмаған шындықтарды  көркем туындыға айналдырады. Қазіргі кезде жазушы НКВД мен КГБ архивтеріндегі құпия құжаттарды зерделеп, оларды көркем әдеби формаға түсіріп, «Соқыр Омар» повесін жазуда. Бұл шығарма Ертіс-Баян өңірінің қарағайлы жағынан шыққан Омар Нүрекеновке арналған. Ел аузында «қазақтың Робин Гуды» атанған Омар арқылы Бөжен тарихи әділет пен жеке еркіндік мәселесін көркемдік тұрғыдан қайта пайымдайды.

Бұған дейін қаламгердің бірқатар әңгімелері мен хикаяттары жарық көрді. Мысалы, «Ақанның ащы зары», «Түбіт шәлі», «Бір самаурын шай», «Тек», «Таттанған тағдыр», «Азғын», «Ана жүрегі». Бұл туындыларда жеке адамның тағдыры мен тарихи кезеңнің қиылысы, ұлттық жады мен моральдық жауапкершілік мәселесі нәзік, бірақ терең қабаттасып жатады.

Б.Бөжен прозасындағы кейіпкерлер негізінен туған жерінің, ауыл ортасының, отбасы мен қоғамдағы адамдардың нақты бейнесінен алынған. Әжелер мен апалар, мысалы, Шайзат, Оралша Иләлқызы, Раушан әже – ауыл өмірінің тәжірибесін, дәстүрін, адамгершілік қағидаларын бейнелейді. Олар «бәйбіше» ретіндегі міндеттерін атқара отырып, балалардың тәрбие алуында, дәстүрдің сақталуында маңызды рөл ойнайды.

Б.Бөжен кейде өзі де кейіпкерге айналып, ауыл ортасын, адамдардың мінез-құлықтарын, дәстүрлі тұрмысты бақылаушы ретінде көрінеді. Оның прозасында кейіпкерлер шынайы өмірлік тұлғаларға негізделген, олар ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі қазақ отбасының айнасы. Әжелер, апалар, ағалар, ауыл халқы – бәрі автордың өмірлік тәжірибесін, рухани толғанысын бейнелейтін, оқырманға мәдени тұрғыдан жақын тұлғалар.

Оның прозасында аңшылық тақырыбы ерекше орын алады. «Тек» әңгімесінде Құдиярдың Бөлдейдегі аңшылық оқиғасы, қасқырмен күресі, күшіктерін зообаққа өткізуге талпынысы – оқырманды тартатын көрініс. Бұл туындыда адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы, адамдық пен қатыгездік, еркіндік пен әділет мәселесі көркемдік тұрғыдан ашылады. Жазушы Қанат Әбілқайыр «Тек» шығармасын жақсы деп бағалап, аңшылық сюжетінің шымыр құруын, адамның табиғатқа жасаған қиянатының зардаптарын көрсететінін атап өтеді. Асыл Әбішевтің пайымынша, «Тек» – адам мен қасқыр арасындағы қасірет пен қасиет туралы терең философиялық ой. Шығарма эпикалық кеңдікпен жазылған, оқырманға адам, ұрпақ, ұлт тағдырының күрделілігін сездіреді. Қасқыр (Арлан) – адалдық пен құрбандық символы, ал адам кейіпкерлері табиғатқа қарсы әрекеттерімен рухани құлдырауды бейнелейді. Композициялық тұрғыда әңгіме үш үлкен бөліктен тұрады: табиғи инстинкт пен еркіндік, адамдық қатынастар мен қатыгездік, ұрпақ трагедиясы мен әлеуметтік драма.

Қазақ прозасында адам тағдыры мен қоғамдық қатынастың, отбасылық драманың, ішкі арпалыстың қат-қабат көрініс табуы сирек емес. Алайда бұл шығармадағы Құдияр, Қайша, Құсбек және Балым тағдыры – тек отбасылық трагедия ғана емес, адамның өз идеясының құрбанына айналуы, сол жолда өзгені де құрбанға шалуы, адамгершілік пен жалған намыс, фанатизмнің шегарасынан өтіп, қоғамнан шеттелудің өте ауыр мысалы.

Қазақ даласы әрқашан тұнық тіршілік пен суық парасаттың шайқас алаңы. Табиғат – ұлы ұстаз. Адам – пенде. Бұл әңгіменің жосыны – табиғат пен адамның шегі қайда, ар мен аңның, инстинкт пен идеяның арпалысы қайда басталып, қайда аяқталады деген сұраққа берілген ащы жауап. Арлан – сол болмыстың символы. Тік тұрып өлу – иттен туған итақайдың қолы емес, қасқырдан қалған қасиеттің жолы. Ол тізе бүкпейді. Хайуаннан кісілік іздеген күллі жұрт, адамнан жыртқыштықты көргенде селк етпейді.

Құдияр сырттай қарағанда кәдімгі аңшы, алайда ол ішкі болмысы тұрғысынан жаңашылдықтың адамгершіліктен ада түріне адал адам. Оның арманы – қасқыр мен иттен жаңа тұқым шығару. Бұл ой алғашында ғылыми немесе ұлттық мүдде тұрғысынан қызықты көрінуі мүмкін, бірақ автор оны адамды жыртқыштық деңгейге дейін құлдырататын, соқыр фанатизмге ұласқан фатальды әрекет ретінде көрсетеді.

Бөлдейдің арланы бір қарасаң адамнан жоғары. Оның қасқырлығы – тек инстинкт емес, ішкі ар кодексі. Бір қаншықты өмірлік жар етіп таңдайды. Бір рет сүйеді. Ұрпақ өрбітеді. Соның амандығы үшін өзін өлімге қияды. Қазіргінің адамынан ондай биіктікті іздеп көр… Кім үшін өміріңді қиясың? Кім үшін тізе бүгесің? Қасқырдан қалған қағида – жан құрбан болсын, ар сатылмасын. Адамнан қалған салт – ар өлсін, жан аман болсын. Шойнақ арланның өлімі – тірі адамдардың рухани өліміне қарсы қойылған көркемдік антитеза. Яғни, арлан өлгенімен еркіндік рухы өлмеген. Бірақ адамзат – Құдияр – сол рухты бағалаудың орнына оны өлтіруді, билеп-төстеуді қалайды. Қазіргі қоғам – Құдияр мен Құсбек арасындағы арсыздық пен аңсаудың отында жанып жатыр.

Құдияр қаншық қасқыр мен өзінің ала төбетін күштеп шағыстыруға тырысады. Бұл – табиғат заңына, жаратылыстың өз тәртібіне қарсылық. Қажет десең, қасқыр мен итті будандастыру идеясымен құдайға қарсы шығады. Бұнда ғылым жоқ, фанатизм бар. Мақсат жоқ, мәжбүрлеу бар. Қаншықтың бұған қарсы тұрып аналық мүшесін шайнап тастауы – рухани және табиғи еркіндіктің ең жоғары жанқиярлық көрінісі.

Ал Құдияр ше? Ол өз арманын жүзеге асыра алмағаны үшін өз әйелін,  Қайшаны өлтіреді. Өз идеясы үшін өзгені құрбан ету – аса ауыр әрі  адамгершілікке жат қылмыс. Оның ашуы жалған намыс мен өзімшілдікке негізделген. Фатальды фанатизм деген осы. Өз үйінде, күйеуінің оғынан қаза табу – әлемге тән әйел трагедиясы. Қай кезде де, қай ауылда да, әйел құрбан. Өз баласы үшін шырылдайды, бірақ қорған бола алмайды. Өйткені қазіргі  қоғамда күш мәжбүрлейді, қару сөйлейді, жүрек тыңдалмайды.

Құсбек бала күнінде анасының көз алдында өліміне куә болады. Бұл оқиға оның ішкі жан-дүниесін, өмірге деген көзқарасын, болашақтағы тағдырын балталады. Шығармадағы ең ауыр эпизодтың бірі – Құсбектің есінде қалған анасының маңдайынан аққан қан мен омырауынан саулап аққан сүт.

Құсбектің кейінгі өмірі – жетімдіктің, рухани жалғыздықтың және әлеуметтік тасбауырлықтың символы. Ол ішкі күйзелісін ішімдікпен басуға тырысқанымен, ащы шындықтан қашып құтыла алмайды. Оның бір ғана мақсаты бар – қарындасы Балымды табу, анасының аманатын, рухани парызын орындау, бірақ өзі де моральдің құрбанына айналып шыға келеді: алаяқ алып-сатар орта аяусыз қорлаған қарындасын қорғай алған жоқ, тура жолдан тайқып кеткен туысын иіліп бір рет бауырына тартпады. Құсбек осылайша тектілікті тәрк еткен тұстастарынан теріс айналады. Балымның образы – бүгінгі қоғамдағы көп жастардың қорғансыз, әділетсіздікпен бетпе-бет келген сәттегі трагедиясының көрінісі. Оның “айфон үшін” өмірін сатқандай болуына таңдану оңай, бірақ бұл – реализм. Бұл – нарықтық заманның тұзағына түскен, әлеуметтік қысымға төтеп бере алмаған, ақыл-ойы мен рухы әлі толық қалыптаспаған «жетесіз» жасөспірімдердің ортақ тағдыры.

Шығармадағы басты парадокс: зұлмат оқиғалардың арасында нағыз рухани серпіліске жеткен жалғыз кейіпкер – Балым. Иә, ол да адасты, сүрінді, қоғамның қараңғы қақпанына түсіп, өз тәнін саудалауға мәжбүр болды. Бірақ ең шешуші сәтте ол өз тағдырына қолын бір сілтемеді. Құсбектің күре тамырына төнген пышақтан анасынан аманат болып қалған ағасын арашалап қалуы – оның ең үлкен адами ерлігі. Осы бір әрекетімен Балым тек ағасын ғана емес, өзінің де рухын сақтап қалды. Ол енді жәбірленуші бейнесінде ғана емес, тұлға ретінде қалыптасып, өз тағдырын қайта жазуға бел буған адам ретінде көрінеді. Оның көзіне үйірілген жас – аяншақтықтың емес, шындықпен бетпе-бет келген, енді өмірмен күресуге дайын жанның жанарындағы көз жасы.

Автор Құдияр арқылы идея үшін адамды құрбан ету қылмыс екенін, ал Құсбек бейнесі арқылы тазалық пен адалдықты сақтауға тырысқан жанның қоғамда орын таппай, ішкі күйіктен езілгенін суреттейді.

Адамнан гөрі идеяны биік қоюдың салдары – қатерлі. «Идея мен мораль үстемдігі адамнан биік болмауы керек» деген қағида бұл шығармада еміс-еміс естіледі. Құсбек – сол қағиданың естілмей қалған зарын арқалап өмірден өтеді.

Балым арқылы автор әйел бейнесінің жаңа қырын – күрескерлікті, ішкі рухтың беріктігін көрсетеді. Ол – қоғамдық табуларды, ар мен ұят туралы таптаурын ұғымдарды жеңе білген, өз қателігін мойындай отырып, соның құрбаны болып қалмай, қоғамның шетіне ысырылып қалудан бас тартқан жас әйел. Сондықтан да, бұл шығарманың үміт сәулесі, адамгершілік оты дәл осы Балымның бойында жанған. «Тек» сияқты туындылар – ұлттық трагедияның әдеби-көркем айнасы, адам мен табиғат, еркіндік пен әділет арасындағы күрестің көрінісі.

Қазақ әдебиетінде тіл – тек құрал емес, дүниені танудың, болмысты бейнелеудің рухани арқауы. Бейбіт Бөжен прозасы осы ұстанымның айқын дәлелі. Оның шығармаларын оқығанда ең алдымен автордың көркемдік ойлау мәдениеті, тілдік бедері және дүниені сезіну тереңдігі көзге түседі. Жазушыға  сөз – сән емес, жанның дірілі, уақыттың тынысы, қоғамның айнасы. Сондықтан оның прозасын оқу – тек оқиға іздеу емес, қазақ тілінің көркемдік әлеуетін тану, ұлттық эстетиканың табиғатын қайта сезіну.

«Азғын» әңгімесінде кіріспе бөлімінде кент көрінісін суреттейді: мұнда жай пейзаж емес, кеңістікті психологиялық фонға айналдырып жіберетін суреткерлік бар. Автордың «кемпірқосақ жер бетіне төңкеріліп түскендей», «қаздың балапандарындай сап түзеген үйлер» сияқты тіркестері күнделікті еленбей жатқан қарапайым детальдардың өзіне жан бітіріп, тірі организмдей сезіндіреді. Мұнда тек сыртқы көрініс сипатталмайды, орта рухы, адам жанына әсер ететін кеңістіктің әлеуметтік-психологиялық сипаты көрінеді. Өйткені, әдебиет өмірді әспеттеу ғана емес, оның ішкі дірілін сездіру үшін жазылса керек. Бейбіт – осы талапқа жауап беретін қаламгер.

Мысалы, «Азғын» әңгімесінен үзінді оқиық: «Кемпірқосақ жер бетіне төңкеріліп түскендей әлем-жәлем болып қызылды-жасылды қоршаулы үйлер көлден қайтқан қаздың балапандарындай сап түзеп, бірінен соң бірі орнай қалған. Жамыраған жұлдыздар жарқыраған шамдарымен шағылысқан түнгі қаладағы трамвайдың тарсылдаған дыбысы былай тұрсын, мауыққан мысықтардың жылаңқы дауысы естіліп жататын кенттің өзіндік өзгермеген тыныс-тірлігі бар. Бұл өлке қаладан бұла емген бұзау қашатындай жерде ғана орын тепкен. Жаңадан көшіп келгендері болмаса, байырғы тұрғындары бір-бірімен құдандалы, туған-туыс боп араласып кеткен».

Б.Бөжен прозасының басты қуаты – зат арқылы психологияны ашу тәсілінде. Көркем деталь кейіпкердің тағдырын, ішкі арпалысын, рухани қажуын білдіретін символдық мәнге ие болады. «Сылағы түскен, сырғауылдары ырсиып тұрған үй», «жүйкеге тиетін сықырлақ есік» – бұлар тұрмыстық белгі және кейіпкер жанының шаршаған шағын, мұңы мен мұқалуын айшықтайтын метафора. Әйел бейнесін суреттеген тұста автордың сөзбен эмоцияны айнытпай жеткізетін шеберлігі айрықша байқалады. «Жүзінің сұлулығын тұрмыстың тақсіреті тонағандай» деген сөйлем – қазақ прозасындағы көркем теңеудің әсерлі үлгілерінің бірі. Мұнда сыртқы портреттен тағдырдың салмағын арқалаған әйел жанын көреміз.

«Шертүнек» новелласындағы ішкі монологтардың поэтикалық тынысы кең, бұл – автордың тілдік құрылымды психологиялық ырғаққа бағындыра алатын үлкен шеберлігінің белгісі. «Кеудемдегі көкала үйрек», «бозторғай-жаным», «бордай үгіліп боздау» секілді образдар қазақ дүниетанымына тән табиғи, ұлттық поэтикалық ойлау өрнегі. Бейбіт Бөжен мұнда классикалық қазақ әдебиетінің терең бейнелеу дәстүрімен заманауи прозаның ішкі драматизмін шебер ұштастырады.

Мысалы: «Сылағы түскен, сары саздан соғылған іргесінің сырғауылдары арық тазының қабырғасындай ырсиып тұрғаны. Ашып-жапқан сайын жүйкеге тиетін сықырлақ есік те дамыл көрмейді. Күлтесін күн сүйген сары күнбағыстың суреті салынған алжапқышын бояуы оңып кеткен қызыл көйлегінің өңіріндегі жыртықты жабу үшін  киіп алатын сары келіншек күніне жүз кіріп, жүз шығады. Тобығы тобығына соғылып бүкшіңдеген жұқа әйел бір жылда екі туған ешкідей аяғын әрең басып, басына бөлек біткен дүниені жасырғандай төбесіне түйген көк сиса орамалын түзей береді. Әйел адам сұлулықтың шырақшысы десе де, жүзінің сұлулығын тұрмыстың тақсіреті тонағандай, тағдырдың тұйық жолы шаршатқандай. Төсегінде күрсініп отырып көкшиген көк көзінің жиегін қара қарындашпен шеті кертілген айнаға қарап ебедейсіз сызды да, көгеріп іскен астыңғы қалташасына опа-далабын аямай жақты. Буылған шардың аузындай көнтиген ернін алқызыл памадамен бастыра бояды».

Жалпы, Бейбіт Бөжен прозасының табиғатын даралайтын үш қырды атап айтуға болады. Біріншісі – тілдің ерекше көркемдік қуаты. Ол сөзді жалаң тіркестіріп жұмсамайды, әр сөйлемін сезім мен сана сүзгісінен өткізеді. Екіншісі – детальдің символикалық мәні. Бейбіттің прозасында әр зат, әр қимыл кейіпкер психологиясын толықтырып тұрады. Үшіншісі – эстетикалық адалдық. Ол өмірді бояп-көркемдемейді, бірақ көркемдік шындық арқылы оның өзегіндегі ащы ақиқатты көрсетеді.

Адам ғұмыры – жол десек, сол жолдың бойында жазылған сөз – бітіктас. Бейбіт Бөжен – қаламы қашап жазған сөз – сынтасын уақыт шаңына көмілдірмей, қайта-қайта сүртіп, әр заманда оқылатын күйде қалдыруға қабілет танытып жүрген қаламгер. Оның еңбегі – бүгіннің ғана емес, ертеңнің де еншісі болғай.

 

Айбек ОРАЛХАН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий