…Бұрынғысын қазбаламай-ақ қояйын. Тек соңғы он жылдың өзінде еліміздегі кітап индустриясы тым қатты дамыды. Баспаханалардан  шығып жатқан кітапта қисап жоқ. Алуан-алуан тақырыптарды арқау етеді. Формасы бар, мұқабасы жұтынып тұр. Саны көп. Бірақ сапа ше? Өкінішке қарай, қатталып, қаптап шығып жатқан кітаптың оқылуы тым құлдырап кетті. Кітап көп, оқырман аз. Сөре толы, сана бос.

Оның үстіне, ондаған кітап шығарса да, жұрттың арасынан өзін таппай жүрген ақын-жазушы сымақтар да көбейді. Өзін-өзі қаламгер жариялаған, өз көлеңкесін өзі биіктеткен, жұрттың сұранысын емес, жеке амбициясын ғана күйттеген «жазарман» қауым қаптады. Бұл – әдебиет үшін емес, атақ үшін туған өнімдер заманын елестетеді.

Кітаптың сыйлануы – мұрат емес, оқылуы – мұрат. Ал бізде кітап көбіне сыйлыққа, есепке, есеп беруге, көрмеге, фотоға арналған атрибутқа айналды. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде кітап индустриясында «Ай дер ажа, қой дер қожа» жоқ. Әлін білмеген әркім де жазарманға айналып кетті. Тіпті, ондайлар соңғы уақытта күрт көбейді. Сүзгі жоқ жерде сапа да болмайтыны белгілі ғой.

Осы күнгі жылпостар жолын тауып, қоғамға берері, рухани құндылыққа қосары жоқ шимай-шатпақтарын да оп-оңай кітап қып шығара қояды. Баспа бар, ақша бар, ал жауапкершілік ше? Бірақ ондай дүниені жиырма-отыз адам ғана, оның өзінде қалам ұстап, қара көрсетіп жүрген таныс-тамырлары ғана оқыған болады. Талдау жоқ. Талқылау жоқ. Сараптау жоқ. Салмақтау жоқ. Әдеби орта үнсіз. Жалпы бұқараға, әсіресе жас ұрпаққа келіп-кетері шамалы. Төңірек біткен марғау. Оқылмайды. Халтура да оқылмайды, классика да (егер ол соңғы кезеңде бар болса) оқылмайды. Бұл – қауіпті тенденция.

Бұрын кітап оқуға құмарлардың өзі осы күні айнып қалды. Оқырманды халтурщиктер мен халтура шығармалар әбден айнытты. Дүбәра жинақтар жұртты теріс қаратты. Сенім жоғалған жерде қызығушылық та өледі.

Шынайы да өткір сын деген соңғы отыз жылда әбден тоқырап, тоқтаған соң, кітапқұмарлықтың бұрынғы қалыбы да құлдырады. Әдеби сын – әдебиеттің иммунитеті, деген сөз бар. Ал иммунитеті жоқ ағза қалай әлсіресе, әдебиет те солай әлсіреп барады.

Көңілжықпастық пен жағынуды, жақсы көрінуді, мақтау мен мадақты ғана көздеген сын-сымақ һәм сыншы-сымақ арамызда толып жүр. Бірін-бірі көтермелеу, қолдан жұлдыз жасау, жасанды бедел қалыптастыру – үйреншікті құбылысқа айналды. Бірақ бұлай ойлайтын өрелілер тым азайып барады. Шетімізден өлерменбіз. Әдебиетте де, журналистикада да.

Кітап оқуға уақыт бөлу дегенің аулақта қалып, жұрттың бәрі дерлік желілерге желімделді. Экран – құдай, жылдам ақпарат – жалғыз өлшем.

Бұған дейінгісі әншейін-тұғын. Ал соңғы кездері әлеуметтік желілер кеңістігінде шыедықпен «шатағы шамалы», нақтылықтан ауылы алыс, фактіні бұра тартқан ақпарат анағұрлым артты. Істерге іс, ұрынарға қара таппай, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп ұсынатын жылпостар көбейді. Талғамы таяз, сараптауға сауаты, салмақтауға санасы, өңдеуге өресі жетпейтін аңғал жұртты иіріміне иліктіріп, бәлду-бұлдырға иландырып тастайтын ақпарат борап тұр.

Желідегі желіккен, есінеп отырып еріккен, оның үстіне аз білетін кісіге не айтып, не жазып, не көрсетіп берсең де маржан бола беретінін «қызық» қуғандар жақсы пайдаланып жүр. Манипуляция дегенің тіптен дәуірлеп кетті.

Жалпы, ақпаратты Жеткізуші (поставщик) және Тұтынушы (потребитель) деген ұғым бар болатын. Тірлігімізге ғаламтор еніп, әлеуметтік желілер салтанат құрғалы бері Ақпаратты Жеткізуші мен Тұтынушы мидай араласып, біте қайнасып, оның соңы құнсыз қойыртпаққа тойдыруда.

Ақпаратты жеткізу кәсіби мамандардың еншісіндегі шаруа еді ғой. Тұтынушы соларға ғана жүгінетін-ді. Қазіргі қойыртпақ сол – тұтынушы да жөні мен жосығы келсін-келмесін, әйтеуір ақпарат таратамын деп арамтер болып, білек сыбанып, өлермендікке салынып кетті. Ақпаратты Жеткізуші мамандарда, яғни журналистерде бейтараптық ұстаным бұрын қатты сақталатын-тұғын. Осмы күні бейтараптық ұстанымға иек артатындарды саусақпен санап алатын деңгейге жеттік-ау деймін. Оған жеткізген не? Мұны тарқата түссем, тұтас сараптаманың ауқымды бөлігін осында салуыма тура келеді. Ол уақыттың еншісіндегі шаруа.

Осы күні журналист қауымның жауырды жаба тоқуы, қайсібір тараптың ыңғайына жығыла салуы, бұра тартуы, мүддені көздеуі үйреншікті әрекетке айналып кетті. Әділ де ашық, бұра тартпас, қоғамның мүддесі ғана ескерілетін ақпарат берудегі құндылықтар құлдырап барады. Сайып келгенде, бүгінгінің талабы – көл-көсір ақпарды талғамай жұта берудң тоқтатып, ақпаратты екшеп, салмақтап қабылдауға үйрену. Айқайлаған тақырыбы болғанымен, айтары жоқ, йдалаға лаққан, бұ қоғамға түк опа бермес, адастыру мен шатыстыруды мұрат еткен дүниелерге абайлап қарау қажеттігі туындап отыр.

Дәл қазіргі қазақ қоғамының әр тәулігі желіге телмірумен, соған ғана тәуелділікпен өтіп жатыр. Таңның атысы, кештің батысы интернет ақтарып, желі біткеннің қоясын қопарып, сөз аңдумен, өсек пен төсек мәселесін қуумен, лайк басып, пікір жазып, дүмбілез дүниені оңды-солды таратып-бөлісумен уақыт өткіземіз. Кейде желіден минут сайын жылтыңдаған қайсыбіреулерге қарап, «осылар күнделікті, міндетті жұмысын істей ме екен өзі, әлде күнұзын желіге желімделгендей уақыт өткізіп қана қайта ма екен» деп ойлайсың.

Интернеттің иіріміне ене қалсаң, оны-мұны желіде отырып алып, бірімен-бірі айтысып-қырқысқан, егесіп-жұлқысқан, шаптанып-шарпысқан қазақты көресің. Жүрегің айниды, рас! Әлеуметтік платформалардағы өзара агрессия мен жұлысып-жауласқан жұрт бетпе-бет кездесе қалса, бірін-бірі талайтындай болып, зәреңді алады.

Әлбетте, әлеуметтік желілерде тұтас қоғамды, соның ішінде азаматтық-рухани азыққа аса зәру өскелең ұрпақты тәрбиелейтін, жүрекке рух, көкірекке құндылық дарытар жазбалар, тәлім һәм тағылым таратар түрлі мазмұндағы дүниелер жоқ емес. Бірақ аз. Оң дерлік мұндай материалдардың қаралымы мен оқылымы да маңдымайды. Қала берді, өмірлік рухани азық, тәрбие болатын материалдарға үңіліп, тұшынудың орнына, итше абалап, шаптанып шығып, лаққан-қыртқан пікір қазып қалдыратын, жұрттың арасында дау-дамайды ушықтыра түсетін әумесерлердің қатары да қалыңдап барады.

Сайып келгенде, біздің бұл қоғамға не керегін ажыратып болмайсың. Сондықтан әлеуметтік желі жиіркенішті болған бүгінгі келбетінен арылатын кезеңді күтіп, босқа далбақтай беруді доғару керек шығар.

Жаһандық Медиакоммуникацияның дамуы соншалықты, ілесе алмаудамыз. Жасанды интеллект адамзат өмірінде, қызметінде, күллі салада дендеуде. Әсіресе, білім-ғылым, мәдениет бағыттарында кеңінен қолданысқа ене түскен нейро-желінің қызметі жап-жақсы-ақ. Бірақ таяу болашақта бетпе-бет келетін қауіп-қатерлер де үрейлендіреді. Киберқылмыс, Кибертеррор, Киберсоғыс атаулыны 80,90-шы жылдардан бертінге дейін фильмдерден ғана көріп, Фантастика деп қоя салатын едік.

ЖИ СУПЕРИНТЕЛЛЕКТ сатысына жеткенде, адамзаттың ақыл-санасынан асып түседі дегенге көз жете бастады. Жоғары технологиялар арқылы адам баласының қолымен жасалатын автономды машиналар адамзаттың өзін жоюға жол ашады деген болжамдар да жоқ емес. Біз қаншалықты дайынбыз?

Өмірлік құндылық тек сапалы кітаптарда.

Әзірге осы…

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий