Астана қаласы Мәдениет басқармасы «Мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясы» мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық университеті өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерді анықтау, дарынды орындаушыларды қолдау мақсатында «Шабыт» шығармашыл жастардың XXVIII Халықаралық байқауын өткізді.

Халықаралық фестивальдің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ғалым Ахмедьяров құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл фестиваль – Қазақстандағы ең ірі мәдени шаралардың бірі әрі дарынды жастардың басын қосатын халықаралық алаң.
«Шабыт» – жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерлі жастарды тоғыстыратын, шығармашылықты дәріптейтін, кәсіби шеберлікті шыңдайтын беделді жоба. Биылғы фестиваль де жаңа есімдер мен тың идеяларға жол ашпақ.
Фестивальдің басты мақсаты – 18 бен 35 жас аралығындағы шығармашыл жастар мен таланттарды қолдау, олардың кәсіби деңгейін арттыру, ұлттық және әлемдік мәдени мұраны насихаттау, сондай-ақ шығармашылық ынтымақтастықты күшейту.
Кезінде қазақтың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынова ұйымдастырып, өзі төрайымы болған байқау әртүрлі жағдайларға, әлемді жайлаған пандемияға байланысты тоқтап, араға алты жыл үзілістен соң, биыл қайта жанданған болатын.

Байқау бағдарламасына «Үздік әдеби шығарма» (поэзия) номинациясы да биыл қайта қосылды. Үздік шығарманы анықтау үшін ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов бастаған; ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Түркістан» халықаралық саяси апталығының бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқаман Сарин қазылық етті.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл номинация бойынша 63 жас ақынның шығармасы (қолжазбалары) қабылданған. Қазылар алқасы барлық шығармаларды мұқият оқып, талдап, үш рет сараптамадан өткізген. Ақтық кезеңге 30 ақынды іріктеп, олардың ішінен он бір жүлдегерді анықтады.
Нәтижесінде төмендегі ақындар XXVIII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар байқауының лауреаты атанды. Арнайы жүлделердің иегерлері:

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған «Алқа» әдеби клубының арнайы жүлдесі – Александр Мәруаұлы (Ақтөбе);
Исраил Сапарбай атындағы арнайы жүлде – Айдын Байыс (Астана);
Күләш Ахметова атындағы арнайы жүлде – Ақгүлім Ерболова (Алматы);
Темірхан Медетбек атындағы арнайы жүлде – Абзал Сүлейменов (Жетісу облысы);
Есенғали Раушанов атындағы арнайы жүлде – Нұрбек Кеңесбай (Қосшы);

III орын:
Серғазы Қайырболды (Көкшетау);
Айзада Рахымжанова (Астана);
II орын:
Шапағат Әбдір (Астана);
Еламан Қабділәшім (Павлодар);

I орын:
Ділдә Уәлибекова (Астана);
Оразай Жеңісұлы (Өскемен);

Бас жүлде иегері – Дәурен Тілеухан (Түркістан).
«Шабыт» фестивалі – шабыт пен шеберліктің, өнер мен рухани бірліктің мерекесі. Ол жаңа есімдердің танылуына, мәдениеттер арасындағы байланыс пен достықты нығайтуға мүмкіндік береді.
