Поэзиядағы саяси және азаматтық лирика – қоғамның рухани хәлін, бүгінгі бет-бейнесін сипаттайтын әдебиеттің өзекті бағыттарының бірі. Осы тақырыптық түр арқылы халықтың әлеуметтік мәселелері, әділетті қоғам құруға деген ұмтылысы мен арман-мұраттары айқын көрінеді. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ әдебиетіндегі саяси-әлеуметтік лирика мен азаматтық поэзия авангардтық рөл атқарды. Өйткені әр дәуірде ақынның сөзі қоғамдағы шындықты жеткізудің және халық үнін білдірудің сенімді құралы болып келген. Тәуелсіздік кезеңіндегі ақындар билік пен халық арасындағы алшақтықты, әділетсіздікті және рухани құлдықтың жалғасуын жырлау арқылы қоғамның ішкі шындығын көрсетті, ұлттың ішкі еркіндігін іздеді.
Осы тұрғыдан қарағанда, Сайлау Байбосын – тоқырау жылдарындағы толқынның бел ортасынан шығып, өз арнасын тапқан айтулы ақын. Ол қоғам алдындағы жауапкершілікті жан жүйесімен сезінген журналист ретінде де танылды. Шығармаларында саяси ой мен көркемдік тереңдік үйлесім тауып, өлеңінде өткірлік пен шындық үні өзара тоғысады.

Ақынның азаматтық үнін академик Ғарифолла Есімнің «Поэзияға сағыныш» мақаласында айтылған идеялармен байланыстыра қарастырсақ, Сайлау ақынның рухани миссиясы айқындала түседі. Ғарифолла Есім өз пікірінде қазіргі кезде өлеңі жоқ, бірақ марапат алғыш ақындардың көбейгенін, олардың кеуделерінде ордендер жарқырағанымен, жұрт олардың не үшін алғанын біле бермейтінін айтады. Себебі, ондай ақындардың өлеңдері жатталып, гимнге айналмаған, бірақ том-том болып жарияланып жатқанын сынға алады. Ғалымның пайымдауынша, бұл – поэзияның құнсыздануының белгісі. Ол сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінің 18 қазандағы санында жарияланған Сайлау Байбосынның «Өмірге деген өкпемді, өлеңге барып айтамын» атты топтамасын оқыған соң, қазақ поэзиясында нағыз ақынның бар екеніне көзі жетіп, ерекше сергіп қалғанын да атап өтеді [2].
Сайлау Әшенұлы Байбосын 1958 жылы 16 сәуірде Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Ажы ауылында дүниеге келген. Оның туған өңірі – қанжығалы қарт Бөгенбай, Үмбетей жырау, Құлтума ақын сияқты көрнекті тұлғалардың кіндік қаны тамған киелі мекен. Осындай жерде өскен ақын елдіктің, ерліктің және рухани мұраның байлығын бойына мейлінше сіңірген.
Еңбек жолын қарапайым шаруашылықта бастаған ол кейін журналистика мен әдебиет саласында дара қолтаңбасын қалыптастырды. Целиноград кооперативтік техникумын тәмамдаған соң сауда саласында жұмыс істеген. Әдебиет ауылына біржола бет бұрып, туған жер рухын, елдік пен еркіндік тақырыптарын жырлауға баса назар аударды. Оның шығармаларының қатарында «Дат» (2002), «…деген екен Ерейменде» (2004), «Рух» (2007) атты өлеңдер мен әңгімелер жинақтары, сондай-ақ «Ерейментау» (2008), «Қызылтау – құтты қоныс, киелі аймақ», «Қанжығалылар», «Есімдері жүрсін деп ел есін де» сияқты тарихи-танымдық еңбектер, «Депутаттың бәтіңкесі» сатиралық әңгімелер жинағы және «Ажалын жоғалтқан адам» романы бар. Шығармашылығының негізгі өзегі – қоғамдық сана, рухани тәуелсіздік, бұқара мен билік арасындағы қатынастар, әділет пен азаттық идеялары.
Сайлау Байбосынның «Тәуелсіздік» атты өлеңі біздің осы пікірімізді қуаттайтын терең ойлы туынды. Ақын бұл өлеңінде тәуелсіздік идеясын адамдық сана категориясы ретінде қарастыра отырып, оның ішкі мәнін ұғуға ұмтылады. Мұнда мерекелік пафос жоқ; керісінше, заманауи әлеуметтік шындыққа сын көзбен қараған азаматтық позиция айқын. Азаттық идеясының рухани, адамгершілік тұрғыдан жүзеге аспай жатқанын сын тезіне алады.
«Тәуелсізбіз дегенменен, ал, мұным –
Айтатұғын бір азырақ бар мұңым.
Тәуелсіздік – түсінгенге мәнді ұғым,
Көп айтумен кір жұқтырып алдық па,
Көйлегіндей көп киілген жарлының!?» [1. 63].
Мәтіндегі мезгіл-мезгіл қайталанатын поэтикалық риторика заманның шындығын азаматтық асқақ үнмен жеткізеді. Дербес елдің шенеуніктері мен мансап иелерінің жалған ұлтшылдығын, құлдық санадан арыла алмай жүргендігін мысқылмен суреттейді.
« «Тәуелсізбін!» – деп отырған қоқайып,
Мансабына тәуелді ғой әлгі інім…
Тақытынан төмен қояр ар атын,
Тоқалына тәуелдірек ана әкім…
Құлқынының құлы болып қалатын,
Шенеунік-шекпен киген ана… кім» [1. 64].
Бұл шумақтарда ақын қоғамдық типажды әшкерелей отырып, билік басындағы адамдардың рухани азғындауын сынайды. Өлеңнің өн бойында әлеуметтік теңсіздік пен нарық дәуіріндегі адамның жан күйініші нақты мысалдар арқылы беріледі:
«Нардай жігіт шиша терген қоқыстан,
Нарық заман жаздырмаған қанатын…» [1. 64].
Мұнда нарықтық қоғамның тұлғаны тұсаулаған шындығы бейнеленген. Лирикалық кейіпкер – ойшыл, қоғам жанашыры, әділет іздеуші тұлға. Ақын өз «менін» халықтың мұңымен ұштастыра отырып, шындықты ашық айтады. Ол өзіне де, қоғамға да сын көзбен қарайды:
«Кеңес құрып төрт қабырға – іргемен,
Жазып қоям кейде осылай мұңды өлең.
Өмір мынау – өгіз-аяң, ілбіген,
Көңіл мынау – сәл-сәл ғана кірлеген.
Бай да емеспін – киген үлде-бүлде мен,
Бастық та емен – сөйлейтұғын мінбеден.
Бәйбішеме қарап алып кей кезде,
Деп ойлаймын: «Тәуелді екем кімге мен?!» [1. 65].
Өлеңнің түйінді шумағында лирикалық кейіпкердің психологиялық күйі – реніші мен күйініші көрініс тапса, сонымен қатар рухани қайсарлығы мен адалдығы атайлоп алға шығады. Мұндағы публицистикалық сипат – автордың әлеуметтік үнін күшейтіп, өлеңге шындық қуатын дарытады.
Ақын бейнесі – қоғамның айнасы, халықтың үні мен ар-ұяты. Сайлау Байбосынның поэтикасы публицистикалық өткірлік пен лирикалық тереңдіктің тоғысында қалыптасқан. Ақын тілі бейнелі әрі қарапайым, яки халықтық, ал ойлау жүйесі – философиялық. Ол қарапайым тұрмыстық детальдар арқылы терең әлеуметтік ой айтады. Поэтикалық ырғақ табиғи, диалог түріндегі интонация өлеңге өміршеңдік сыйлап тұр. Өлеңде көркемдік құралдардың алуан түрі қолданылады. «Жалақ ерні жазылмаған жарадан» (метафора) – қоғамдағы жазылмаған әлеуметтік дерттің көрінісі. «Ана мықты – ақшасына тәуелді, / Мына мықты – басқасына тәуелді!» (антитеза) – сыртқы еркіндік пен ішкі тәуелділіктің қарама-қайшылығы. «Айтыңдаршы, кім тәуелсіз бірақ та?» (риторикалық сұрақ) – оқырманды ойландыру, өзіндік жауап іздету тәсілі. «Құлдық сана» (символика) – рухани тәуелділіктің басты метафорасы.
Сайлау Байбосын поэзиясы қазақ әдебиетіндегі азаматтық поэзия дәстүрін жалғастырып қана қоймай, оны жаңа тарихи кезеңнің мазмұнымен байытты. Шығармаларының дені ұлт санасын оятуға, рухани тәуелсіздікті қалыптастыруға бағытталған. Сайлау Байбосын – рух еркіндігін, адамдық арды, қоғам шындығын жырлайды. Оның «Тәуелсіздік» өлеңі тәуелсіз елдің азаматтық болмысы мен рухын көркемдік тұрғыдан айқын көрсеткен шығарма.
***
Қазақ қаламгерлері үшін Желтоқсан оқиғасы мен оның ұлт тағдырындағы тарихи орны өте маңызды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылған күресі. Бұл оқиға ұлттық санада жаңа дәуірдің бастамасы ретінде бейнеленді.
Ақынның «Желтоқсан» атты өлеңі Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын, ұлттың рухани серпілісін және еркіндікке деген мәңгілік ұмтылысын, әсіресе ұлттық намыс пен азаттық идеясын ерекше шабытпен жырлаған. «Желтоқсан» өлеңі – қазақ халқының қайсар рухын, жаны жаралы жұрттың жігерін жаныған саяси және азаматтық лирика үлгісі. Осы өлеңде ол оқиғаның нақты хроникасын емес, оның ұлттық санадағы символдық мәнін ашуға тырысады.
«Желтоқсаным – менің қазақ-жүрегім,
Тоқтап барып… сосын қайта бұлқынған!» [1. 82].
Мұндағы «қазақ-жүрек» – ұлттың рухын, намысын бейнелейтін метафора. Ақын Желтоқсанды бір сәттік тарихи оқиға емес, қазақ халқының ғасырлар бойғы күресінің жалғасы ретінде қабылдайды.
«Желтоқсаным – менің қазақ-төзімім,
Талай ғасыр шыдап келіп… үзілген!» [1. 82].
Бұл жолдарда тарихи сабыр мен рухани жарылыс сәті астасып жатыр. Өлеңнің ішкі драматизмі – халықтың төзімінің шегіне жеткенін, азаттыққа ұмтылыс сәтін дәл көрсетуінде. Өлеңнің басты идеясы – еркіндік пен намыстың рухани символы ретінде Желтоқсанды дәріптеу. Ақын бұл оқиғаны ұлттың «шырылдаған шындығы» деп сипаттайды:
«Желтоқсаным – жасымаған жігерім,
Желтоқсаным – шырылдаған шындығым!» [1. 82].
Мұндағы қайталау тәсілі – азаматтық пафостың күшеюіне әсер етеді. Ақын Желтоқсанды «ұлттың жігері», «шындығы», «жүрегі», «ашуы», «көз жасы», «ар-ожданы» ретінде бейнелейді.
Ақынның азаматтық ұстанымы – ұлт тағдырын жеке бас тағдырымен біртұтас қарастыру. Ол Желтоқсанды тек өткеннің оқиғасы емес, тәуелсіздіктің бастауы, рухани жаңғырудың белгісі деп түсінеді:
«Желтоқсаным – менің Тәуелсіздігім,
Желтоқсанда желді күні басталған!» [1. 83].
Бұл финалдық шумақ – поэманың идеялық түйіні. Желтоқсан – тәуелсіздіктің ақ таңы, ұлттың қайта түлеу символы.
Өлеңнің лирикалық кейіпкері – ойшыл, рухы биік, отаншыл тұлға. Ол елінің азаттығы үшін жанын ауыртқан, қоғам қасіретін өз жүрегінен өткерген адам. Кейіпкердің психологиялық күйі – мұң мен мақтаныштың, ашу мен үміттің тоғысында көрінеді.
«Желтоқсаным – менің қазақ-ашуым,
Жүріп-жүріп, ақыры кеп жарылған!» [1. 82].
Бұл – ұлттық мінездің метафорасы. Ұзақ жылдар бойы жиналған ашу, әділетсіздікке қарсы жан айқайы ақыры жарылысқа айналған. Өлең бойындағы эмоционалдық интонация – қайсарлық, рухани серпіліс, азаттық рухын үстемелейді. Өлең символдарға аса бай: «Желтоқсан» – азаттық, күрес, намыс символы; «Қара қанға малшынған ару» – зорлық-зомбылық көрген ұлттың бейнесі; «Бөрі бауырым» – ерлік пен еркіндік рухының белгісі; «Жанар», «жүрек», «қан» – ұлттық болмысқа тән нышандар.
«Желтоқсаным – менің қазақ-аруым,
Бейуақта бұрымынан сүйрелген!» [1. 82].
Мұндағы «Қазақ-аруы» бейнесі – қорланған Отан, тапталған намыс. Ақын поэтикалық тілді публицистикалық қуатпен ұштастыратынын тағы да айтқымыз келеді. «Қазақ-жүрек», «Қазақ-төзім», «Қазақ-жанар», «Қазақ-ашу» (метафоралар) – ұлттық болмысты сомдайтын көркем тіркестер.
Өлеңнің ырғақтық, ұрандық-интонациялық өрнегі ішкі екпіндер арқылы эмоционалдық реңк туғызады. «Желтоқсаным – менің…» сияқты қайталаулар поэтикалық композицияны тұтастырып, тағзымдық сипат (мемориалдық үн) береді.
Сайлау Байбосын поэзиясында публицистикалық айқындық пен лирикалық нәзіктік қатар өрбиді. Ақын оқиғаны баяндаудан гөрі рухани күйзеліс пен азаматтық толғанысқа бейіл. Оның «Желтоқсан» өлеңі – қазақ жанының шерлі шежіресі, еркіндік рухының гимні.
***
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ поэзиясында ұлттық сана, рухани тәуелсіздік пен тіл тағдыры мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Қазақ тілі – ұлттың рухани өзегі, тәуелсіздіктің басты өлшемі, дегенмен 1990 жылдардағы әлеуметтік-саяси жағдайды атамағанда қазақ тілінің қоғамдағы орны әлі де әлсіз екені ақиқат. Осы тұста ақындар тіл тағдырын халық намысымен сабақтастырып жырлап келеді. Сайлау Байбосынның 1999 жылы жазылған «Қазақ тілі» өлеңі – ұлттың басты рухани құндылығының жағдайына алаңдаған азаматтық әрі саяси лирика. Ақын тілге тағзым ете отырып, қоғамның немқұрайлығын сынға алады, ұлттық рухты оятуға шақырады. Қазақ қоғамы тәуелсіздігін алғанмен, ана тіліміздің қоғамдағы қызметі толық орнықпай, олқы тұрғаны рас. Мемлекеттік мәртебесі болғанымен, қазақ тілі билік пен әлеуметтік кеңістікте өз биігіне көтеріле алмағаны ашынтады. Ақын осы тарихи шындықты ашық әрі ащы мысқылмен бейнелейді:
«Алынғанмен бодандық – қолда бұғау,
Биігіңе біз күткен қонбадың-ау» [1. 80].
Мұнда тәуелсіздік пен рухани бостандық арасындағы қарама-қайшылық көрініс тапқан. Ақын «қолда бұғау» метафорасын пайдалана отырып, ел азаттығының толық жүзеге аспағанын, рухани тәуелділіктің әлі де бар екенін меңзейді. Өлеңнің негізгі идеясы – тіл тағдырына алаңдаушылық және ұлттық намысқа үндеу. Ақын тілдің әлсіреуін халықтың рухани күйзелісімен байланыстырады:
«Жетпіс жылғы көргенің аз болғандай,
Тағы сені жабылып қорладық-ау!» [1. 80].
Бұл жолдарда ақын кеңестік кезеңнің тіл саясатының зардабын еске алып, тәуелсіздік алған соң да қазақ тілін тұғырына қондыруға әділет орнамағанын айтады.
«Ақ айдыны сен едің Алашымның,
Ақтарылып арнаңа толмадың-ау!» [1. 80].
Ақын «ақ айдын» метафорасы арқылы тілді тазалықтың, ұлттық рухтың айнасы ретінде бейнелейді. Бірақ сол айдынның «толмауы» – қоғамның рухани кемшілігін көрсетеді. Өлең соңындағы азаматтық үн оянуға шақыру сарынымен күшейеді:
«Намыс берші қазаққа бір сілкінер,
Көк Түріктің рухы – Тәңірім-ай!» [1. 81].
Жыр иесі ұлттық рухты Көк Түрік мұрасына, тамыры терең тарихи жадқа жалғайды, яғни, «тілді сақтау – елдің тарихи жады мен ерлік рухын сақтау» дегенді меңзейді.
Лирикалық кейіпкер – ұлт тағдырына жан-тәнімен алаңдаған азамат, өз халқының рухани дертін жүрегінен өткерген тұлға. Оның бейнесі – тіл жанашыры, намысы жаралы болса да, сенімі мығым.
«Сені көріп жүдеген, аласарған,
Сыздады ғой жанымның жарасы әрмән» [1. 80].
Бұл – жеке адамның ғана емес, ұлттың ұждандық мұңы. Лирикалық кейіпкер өз халқын сынай отырып, ұлттық сипатты жоғалтпауға шақырады.
Өлең бойындағы психологиялық реңк – қайғы, күйініш, ар-ұят пен рухани сергектік болғанмен, шығармадағы ақындық позиция айқын: «тіл – елдің жаны мен болмысы, ал оған немқұрайлық – рухани өлім». Ақын «тілдің жоғалуы – ұлттың өшуі» қағидасын көркем поэзия тілімен жеткізе білген.
Сайлау Байбосын поэтикалық бейнелерді терең символдық мәнде қолданады: “Қолда бұғау” – еркіндік шектеуі; “Ақ айдын” – тілдің тазалығы, рухтың кеңдігі; “Боз інген” – ұлттың жаны жаралы, жетім күйі; “Қара шал” – тозған рухтың символы.
«Боз далада бейуақ ботасы өліп,
Боздап қалған ұқсайсың боз інгенге!» [1. 80].
Өлең бойында кездесетін риторикалық сұрақтар ақынның ішкі диалогы ретінде қызмет атқарып тұр:
«Өзің келіп төріне отырмасаң,
Неге керек – оңаша Орда мынау?!» [1. 80].
Мұнда тіл мен билік, рух пен жүйе арасындағы қайшылық антитеза арқылы шендестіріледі. Өлеңнің ырғақтық құрылымы келесі тармақты жетелеп отырады, әр шумақ сайын интонация өсу бағытымен өрбиді: күйініштен – оянуға, шарасыздықтан – шатырлаған намысқа ұласады. Бұл – саяси лирикаға тән динамика.
Сайлау Байбосынның “Қазақ тілі” өлеңі – қазақ әдебиетіндегі тіл тағдырына арналған әсерлі азаматтық жырлардың бірі. Ақын тіл арқылы ұлттың рухани халін, тәуелсіздіктің ішкі мазмұнын, халықтың жауапкершілік сезімін шебер бейнелеген.
Оның «Ей, Қазақ!» атты өлеңі де саяси-азаматтық жыр желісін жалғайды. Бұл туындыда ақын халыққа тура сөз арнап, тәуелсіздік тұсындағы рухани әлсіздікті сынай отырып, жұртты тектілік пен намысты қайта жаңғыртуға жұмылдырады. Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ ұлтының тарихи жадындағы жаралар, рухани күйі мен азаматтық намыс мәселелері тереңінен ашылады. Өлеңнің басты өзегі – ұлттың өз-өзіне есеп беруі, өткеннен сабақ алып, рухани жаңғыру қажеттігін сезінуінде. Ақын осы жағдайды терең түйсініп:
«Бір қопарып арғы менен бергіден,
Өзіңе-өзің есеп берер күн келді» [1. 76] – деп халықты өз-өзіне сын көзімен қарауға шақырады.
Ақын саяси лирика арқылы ұлттың өз ішіндегі қайшылықтарды ашады. Өлеңнің негізгі идеясы – тәуелсіздік рухының терең мәнін ұғыну, өткеннен сабақ алу және намыс отын қайта маздату.
«Көк Түріктің тұяғы едің – өр кеуде,
Татамын деп Тәуелсіздік кәусәрін.
Жағаласып жанды түйіп белбеуге,
Азулының кетті аузында саусағың» [1. 76].
Мұнда «Көк Түрік» образы – ұлттың тектік бастауы, өрлік пен азаттықтың символы. Ақын қазақтың тектілігін еске салып, сол рухты жоғалтпауға үндейді. «Азулының аузында кеткен саусақ» – тарихи езгінің, отарлық қысымның поэтикалық бейнесі.
«Тәуелсіздік өлшенбейді теңгемен,
Тұнжырамай тұғырыңда сілкін бір!» [1. 77].
Соңғы жолдарда азаматтық үн айқын естіледі. Бұл – халыққа арнау, тәуелсіздіктің тек саяси емес, рухани ұғым екенін ұқтыру. Лирикалық кейіпкер – халықтың ар-ұяты, ұлт рухының дауысы. Ол – сыншы да, қамқоршы да. Ақын өз халқының кемшілігін ащы шындықпен айта отырып, оның жарқын болашағына сенеді.
«Жағаң тозып айдалсаң да жат жерге,
Жігеріңді жолдас еттің намыспен» [1. 76].
Өлең бойында терең метафоралық жүйе қалыптасқан: “Көк Түрік” – тектілік пен азат рухтың символы; “Ноқтадан босау” – отарлықтан арылу, еркіндікке ұмтылыс; “Қазы шайнап қақ төрде, итаяқтан зәр ішкен” – әлеуметтік теңсіздік пен тарихи қорлықтың көрінісі; “Тұғырыңда сілкін” – ұлттың рухани қайта түлеуіне үндеу.
Ақын антитезалық қатарларды жиі қолданады:
«Кезің болған – қазы шайнап қақ төрде,
Кезің болған – итаяқтан зәр ішкен!» [1. 76].
Бұл қарама-қарсы бейнелер арқылы ұлт тағдырының көтерілу мен құлдырау кезеңдері көрініс табады. Өлең бойындағы риторикалық сұрақтар мен лепті сөйлемдер ақын үнін публицистикалық деңгейге көтереді, ал интонациялық өрлеу – күйініштен жігерге, мұңнан серпіліске өтудің поэтикалық тетігі іспетті: «Ту еттің бе ожданыңа таң нұрын?» [1. 76], «Тәуелсіздік өлшенбейді теңгемен!» [1. 77].
«Ей, Қазақ!» – бұл тек поэзиялық шығарма емес, рухани манифест, ұлтқа бағытталған сұрау мен серт. Өлеңнің философиялық өзегі – бостандықтың бағасын түсіну, ал рухани мағынасы – ұлт өзін танымай, тәуелсіздік толық болмайды. Өлең – саяси лирика мен философиялық толғаныстың үйлескен нұсқасы. Ондағы басты идея – еркіндік рухы мен ұлттық намысты сақтап қалу.
Сайлау Байбосын поэзиясында “Қазақ” бейнесі – мәңгілік ізденіс пен сергек рухтың символы.
Ал «Шер-толғау» атты өлеңі жыраулық дәстүрмен сабақтасады. Ақынның толғау үлгісіндегі бұл шығармасы ұлт тағдыры, рухани азғындау, әлеуметтік жіктеліс және халықтың тарихи жады мәселелерін қозғайды. Өлеңде дәстүрлі жыраулық сарын, риторикалық толғаныс, этникалық-мәдени кодтар айқын көрініс береді. Автордың сөз саптауы мен бейнелі тілі шешендік оралымдарға, жыраулар поэтикасына сүйенеді.
Қазақ поэзиясының тамыры – жыраулар мұрасы. Жыраулардың толғаулары елдің тағдыры мен ердің арына, халықтың келешек кемелдігіне арналды. Тәуелсіздік дәуірінде бұл сарын жаңаша сипат алды. Сайлау Байбосынның «Шер-толғау» атты өлеңі – осындай дәстүрдің заңды жалғасы. Ақын бұл туындысында қоғамдағы рухани азғындауды, ұлттық құндылықтардың күйреуін жыраулық сарынмен, толғау формасында бейнелеген. Өлең «шер» (қасірет, күйік) мен «толғау» (толғаныс, философиялық пайым) ұғымдарының қосындысынан тұрады, яғни бұл – ақынның заманға айтқан ащы зары мен елге арналған насихаты.
Өлеңнің тілі мен құрылымы Доспамбет, Бұқар, Үмбетей, Махамбет поэтикасына жақын. Мәселен, жыраулардағы сияқты ақын риторикалық қайталау, аллитерациялық ырғақ және қат-қабат үндеулерді қолданады:
«Керуендеп келген кешеден,
Көреген ел ең, көсем ең…» [1. 78].
Бұл кіріспе – классикалық толғаудың басталу үлгісі. Ақын өз халқымен жырау сарынындағы сұхбатқа түседі. Жыраулар сияқты ол жеке адамның мұңын емес, елдің рухани хәлі мен тағдырын қоса сөз етеді:
«Тәуелсіз болдық десек те,
Түйнеп жүр жанды мұң әлі…» [1. 79].
Бұл жолдарда еркіндікке жеткенімен рухани азат бола алмаған қоғамның шынайы бейнесі көрінеді, ал бұл Бұқар жырау мен Шалкиіздің «ел қамын ойлау» дәстүрімен үндес. «Шер-толғау» – этнологиялық, мәдени кодтарды сақтаған шығарма. Ақынның тілінде көшпелі мәдениет, салт-дәстүрдің архаикалық бейнелері тіріледі, түрленеді:
«Көбеңдеу қозы – біз бүгін,
Кенжелеу қалған шешеден!» [1. 78]
Мұндағы «көбеңдеу қозы» мен «кенжелеу қалған шешеден» тіркестері – этнографиялық метафоралар. Бұл бейнелер арқылы ақын қазіргі ұрпақтың ана рухынан, тектілік дәнінен ажырап бара жатқанын, кештеу, мешеу қалғанын астарлап жеткізеді. Сонымен қатар, «Кебеже қарын мықтылар», «Төріңе тышқан тексіздер» деген жолдар – қоғамдағы әлеуметтік жіктеліс пен жалған элитаның әшкереленуі екені даусыз.
«Төріңе тышқан тексіздер,
Төбеңе тағы шығады…» [1. 78].
Суреттелген бейне – рухани азғындау мен құндылық дағдарысын сипаттайды. Шалкиіз жыраудағы «Жақсының жақсылығы сол болар / Жаманменен бас қосып,// Сөйлемекке ар етер; Жаманның жамандығы сол болар / Сөйлесе, дәйім бетін қара етер» деген сарын осында жаңаша көрініс тапқан. Өлеңнің басты идеясы – тәуелсіздікке қол жеткізгенмен, рухани тәуелділіктен арылмау. Ақын өз халқына ашық үкім айтпайды, керісінше, жыраулық әуеземен күйзеле толғанады:
«Табаннан өткен ызғар-мұң,
Таңдайға жетіп тұр әні…»
Мұндағы поэтикалық “ызғар” мен “таудай мұң” бейнелері – халықтық мұң мен замана салқынының символы. Өлеңнің құрылысы қазақ толғауына тән буындық ырғақпен өрілген (көбіне 7-8 буынды тармақтар). Әр шумақ белгілі бір ойды аяқтап, келесісіне философиялық жалғастық жібін сабақтатады. Қайталау мен үндестік (аллитерация, ассонанс) арқылы жыраулық әуен мен сөз ырғағының “дауысы” күшейтілген:
«Күлмейтін жерде күлетін,
Күмпілдек бірақ есер ең.
Күлдір де салдыр күн кештің,
Көгермей жатып көсегең…» [1. 78]
Бұл дыбыстық үйлесім қазақтың шешендік поэтикасына тән жыраулық үлгі.
Ақынның бейнелеу жүйесі терең символдарға негізделген: «Керуендеп келу» – уақыт, тарих, дәуірдің қозғалысы; «Кебеже қарын мықтылар» – байлыққа сатылған жаңа «элита»; «Төріңе тышқан тексіздер» – рухани азғындаған билік; «Тостағанмен зәр ішу» – ар-намыс пен сенімнің тапталуы. Бұл бейнелердің барлығы қазақ қоғамының рухани кеселін ашып көрсетеді. Өлеңде сұрау, леп, қайталау жиі кездеседі – бұл жыраулар поэзиясының басты белгісі.
«Тайғанақ осы тірліктің
Түбінде болар сұрағы!
Түбінде болар сұрағы!»
Соңғы жолдың қайталануы – ескерту, үкім және үміт мәніндегі толғаулық шешім. Бұл тәсіл Махамбет, Бұқар, Асан Қайғы сынды жыраулардың дәстүрімен тікелей байланысты.
«Шер-толғауда» ақын философиялық тұрғыдан тағдыр мен жауапкершілік, рух пен бейғамдық арасындағы мәңгілік күресті қозғайды. Өлең соңындағы қайталанған түйін – жаратушы алдындағы ұлттық жауапкершілік сезімін білдіреді.
«Тайғанақ осы тірліктің
Түбінде болар сұрағы!»
Сайлау Байбосынның «Шер-толғау» өлеңі – дәстүрлі жыраулық поэзияның заманауи жаңғырығы. Туындыда жырауларға тән азаматтық үн, рухани сын, халыққа арнау, ел мен адам қатынасы жаңаша өріс тапқан.
***
Сайлау Байбосынның «Астанаға ода» атты туындысы өзге шығармаларынан оқшау орын алады. Бұл өлең дәстүрлі «ода» жанрының мадақтау табиғатын жаңаша әлеуметтік сынға айналдырады. «Ода» – мадақтау, ұлықтау поэзиясы. Алайда Байбосын бұл жанрдың сыртқы формасын сақтап, ішкі табиғатын түбегейлі өзгертеді: ол мадақтың орнына – сын айтады, ұлықтаудың орнына – шындықты жырлайды. Сол тұрғыдан қарағанда, «Астанаға ода» – ақындық шыншылдықтың көрінісі.
Бірақ енді… артық айтты деме сен,
Тілің сәл-сәл орысшалау демесең,
Туысқанға өріс тар-ау демесең,
Пара алғыштар жақсы орында демесең,
Байлығымыз жат қолында демесең…
Сені тіпті жаман қала демес ем! [1. 69].
Мұнда ақын қоғамның «көрікті келбеті» астындағы көгере солқылдап тұрған әлеуметтік жараны әшкерелейді. Ғарифолла Есім өлеңнің осы тұсын нақтылап көрсетеді: «Астанаға тұп-тура әділ сын. Ел болам десең – кемшілігіңді көре біл, айта біл, дөп басып жырлай біл» [2.]. Демек, ақынның «ода» формасын таңдауы – тосын шешім: сырттай мадақ, іштей сын. Осылайша ол жанрлық шеңберді бұзып, ода жанрын әлеуметтік-пәлсапалық толғауға айналдырады.
Сайлау Байбосынның поэтикасы, өлеңнің құрылымы, дыбыстық ырғағы, қайталау тәсілдері («демесең… демесең… демесең») Дулат ақынның сыншыл толғауларын еске түсіреді. Аталмыш қайырмалар – риторикалық соқпақ, елдің есін кіргізу амалы. Ғарифолла Есім осыны былай түсіндіреді: «Әр өлең жолын “демесең” дегенмен аяқтай отырып, ақын кәдімгі жыраулық дәстүрге салған. жыраулар осылай өндірте айтып, қоғамға, билік тізгінін ұстаған қауымға сындарлы сын айта білген [2.].
Өлеңнің идеялық өзегі – қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік пен рухани айырмашылық.
«Қарындасым еден жуған кеңседе,
Келіспейді меніменен өлсе де.
Жалақысы жамбаспұлдан қалмаған,
Жерлестерім «жетім бұрыш» жалдаған» [1. 69].
Бұл жолдар қаланың сәні мен халықтың хәлі арасындағы қарама-қайшылықты ашады. Ақын елордасын өркениеттің, тәуелсіздіктің символы ретінде емес, әділетсіздіктің өлшемі ретінде қарастырады. Ғарифолла Есім атап өткендей: «Әр қазақтың түйсігі, сана-сезіміне сәуле болып, құйылып жатқан өлең-жырдың мақсаты – өзіңді-өзің қамшылау, кері емес, ілгері аттау, алға басу. Шындық әділеттілікке бастайды десек, әділеттілік – мемлекеттің діні деген ертеден келе жатқан қағида-сөз бар. Хакім Абай «Әділеттілік – хақ жолы» деп ой түйіндеген. Ақын осы әділеттілікті «Астанаға ода» деген өлеңіне арқау еткен» [2.].
Байбосынның басты ерекшелігі – шындықты айту батылдығы. Ол билікке жағудан алшақ, шындықты айту арқылы елге адалдық танытады.
«Әлде сөзім болсыншы деп өтімді,
Ақордаға бұрып алып бетімді.
Ағытам ба айхай, мақтау не түрлі,
Атаққұмар ақын ағам секілді!» [1. 70].
Ақын өз миссиясын «ақиқаттың өкілі» деп біледі. Ғарифолла Есім бұл тұста былай дейді: «Атаққұмар ақындар жеткілікті. болмашыны боямалап, зорайту – жұртты алдау. Сайлау Байбосын осы жалғандыққа қарсы шыққан [2.].
Өлеңнің көркемдік жүйесі терең символдарға құрылған: Астана – тәуелсіз елдің рухани және саяси бейнесі; «тілің сәл-сәл орысшалау» – ұлттық сана мен тілдің әлсіреуі; «қарындас еден жуған» – әлеуметтік әділетсіздіктің көрінісі; жыртық шекпен ауылдар – қала мен ауыл арасындағы алшақтық; «аяз бидің тымағы» – халықтың қарапайым, адал болмысын аңсау. Бұл бейнелер қазіргі қазақ қоғамындағы қайшылықтарды көркем түрде жинақтайды. Ақынның ирониясы мен сарказмы – заманды сынаудың ерекше поэтикалық құралы.
Сайлау Байбосынның «Кутузов көшесіндегі Мәшһүр Жүсіп мешітінің алдында өлеңі» тарихи сана мен ұлттық рухты жаңғыртады. Өлеңде кеңестік дәуірдегі идеологиялық қысым мен ұлттық тарихи сана арасындағы қарама-қайшылық көрініс табады. Ақын Кутузов көшесі мен Мәшһүр Жүсіп мешітінің маңын таңдап, шығарманы нақты географиялық контексте құра отырып, қоғам мен жеке тұлға арасындағы тарихи байланыс мәселесін көтереді. Ғарифолла Есім бұл шығарманы былай сипаттайды: «Кеңестік идеология өз дегенін жасады. қаланың төріне қазаққа еш қатысы жоқ Кутузовтың есімін берді, коммунистер анайылылық деп қабылдамаған, керісінше, қазақтың қаласын барынша орыстандыру» [2.].
Өлеңнің тақырыбы мен композициялық құрылысы қазақ тарихын және кеңестік идеологияны салыстыра қарауға мүмкіндік береді. Жәнібек Әлиман атап өткендей: «Бұдан асырып не айтуға болады? Әуелі Кутузовты танып, Мәшһүрді кейін білген ұрпақ… мұндай басы артық ақпараттар мен көше атына таңылған керексіз кодтар қашан өшеді?» [3.].
Бұл жерде ақын тарихи шындықты көркем тіл арқылы жеткізіп, кеңестік дәуірдің ұлттық сананы бұрмалағанын сынға алады. Өлең әңгімелеу стилінде, әке-бала диалогына құрылған. Осы тәсіл арқылы автор тарихи сауалдарды оқырманға жеткізеді, поэзия педагогикалық функцияны қоса атқарады. Метафоралар, тарихи бейнелер және диалог арқылы автор өткен мен қазіргі арасындағы тарихи тартысты ашып көрсетеді. Ғарифолла Есім бұл көркемдік тәсілді былай түсіндіреді: «Шындық үнемі жалаңаш, оны өтірікпен киіндіріп қою – идеологиялық тәсіл. Ақын осы тәсілдің бет-пердесін ашқан» [2.].
Сайлау Байбосынның өлеңдері әлеуметтік, тарихи және философиялық мәнге ие. Оны тек әдеби шығарма емес, қоғамдағы әділетсіздік пен рухани кемшілікті көрсету арқылы ұлттық сана мен ар-ұжданды оятатын құралға айналдырады. «Астанаға ода» өлеңі – бүгінгі қоғамның ар-намыс айнасы, әділет пен адалдықты іздеген ұлттық ойдың көркем жария қағидаты.
Екі өлеңде де ақынның басты миссиясы – шындықты айту. Бірінде қазіргі қоғамға сын, екіншісінде тарихи санаға үгіт беріледі. Екеуін салыстырсақ, Байбосын поэзиясының ұлттық, әлеуметтік және философиялық мәні айқын көрінеді. Қос туындыны қатар қарастырғанда, олардың тақырыптық, жанрлық және поэтикалық ерекшеліктері бірден байқалады. «Астанаға ода» өлеңі дәстүрлі ода жанрының формасын сақтай отырып, мазмұнын әлеуметтік сынға бағыттап, қазіргі қоғамдағы теңсіздік, тілдік және мәдени дағдарыс сияқты мәселелерді ашық көтерсе, «Кутузов көшесіндегі Мәшһүр Жүсіп мешітінің алдында жазылған өлеңі» тарихи және географиялық контекстке сүйене отырып, диалогтық әңгімелеу формасында жазылған.
«Келетін көбі Құдай дегеннің,
Керекудегі мешіт бұл.
Әуезіндей боп шырайлы өлеңнің
Ертістен самал есіп тұр…
Мақтанғанымның бәрі далбаса,
Не деген, сірә, ұлы есім.
Кутузовты сен танып алмасаң,
Мәшһүрді таппай жүресің» [1. 72] – дейді ақын.
Алғашқы өлеңдегі негізгі мақсаты – қала мен қоғам арасындағы әділетсіздікті көрсету болса, әлеуметтік функциясы азаматтық үн арқылы қоғамдағы кемшіліктерді ашуға бағытталса, екіншісіндегі мақсаты – ұлттық сана мен тарихи шындықты сақтау, ал әлеуметтік функциясы – оқырманға тарихи шындықты түсіндіру, мәдени және педагогикалық мән беру; поэтикалық тәсілдер – метафоралар мен тарихи бейнелерді қолдану, әке-бала диалогы арқылы өткен мен қазіргі арасындағы тарихи тартысты көрсету. Осылайша, екі өлеңде де ақын шындықты айту миссиясын атқарады, бірақ оны әр түрлі тәсілдермен жүзеге асырады: бірінде әлеуметтік сын мен қазіргі қоғамның кемшіліктері, ал екіншісінде тарихи сана мен ұлттық рухтың сақталуы басты орын алады. Осы арқылы Сайлау Байбосын поэзиясының әрбір туындысы – қоғам мен тарихты аңғарып, оқырманға ой салатын әдеби құрал екенін көрсетеді.
Ақын «Кутузов көшесіндегі Мәшһүр Жүсіп мешітінің алдында жазылған өлеңінде» тақырыпты бірден аша салмайды. Оның орнына поэтикалық сахнаға баласын алып келіп, оның табиғи сұрақтары арқылы оқиғаны өрнектейді:
«Күн сайын өсіп, гүлдейді қалам,
Көркіне мынау мән дарып.
«Кутузов деген кім?» – дейді балам
Сұраулы жүзбен таңғалып.
Керемет ұлы бір кісі көріп,
(Сәбиде жоқ қой түк кінә).
Сұрайды тағы білгісі келіп:
«Бөгенбайдан да мықты ма?» [1. 72].
Баланың сұрағы өлеңнің жүрегін ашады, оның эмоциясы мен ойы кеңейіп, оқырманның санасына жылы да ойлы әсер қалдырады. Өткеннің ауыртпалығы, тарихтың салмағы жүректі тебірентеді. Жүз жыл бұрынғы тарихи жайттар ұрпаққа беймәлім болса да, олардың қалдықтары санасында із қалдырады. Бірақ ұрпақ әке мен ағаның, ата мен әженің тартқан азаптарын түгел бастан кешіруге міндетті емес. Есейгенде әркім тарихын танып, сараптайды, бағалайды. Сол себептен баланың санасы артық ақпаратпен уланбауы тиіс.
Әдебиеттің басты миссиясы – мысал арқылы рухты шыңдап, ойды тазарту. Өлең осы міндетін толық атқарып, құрылымдық жағынан үйлесімді, өз ішкі мәнін жоғалтпай тұрған шығарманың бірі болып шыққан. Әке мен баланың диалогына құрылған өлеңнің кейінгі шумақтарында автор бұрынғы ойларды анық, нақты жеткізеді:
«Жыр етерімді, мұң етерімді,
Біле алмай тұрмын мұнда кеп.
Кутузов маған кім екенімді,
Ескертіп әлі тұр ма деп!» [1.73].
Міне, осы жерден баланың сұрақтары арқылы тарихи тұлға мен жеке түсінік арасындағы байланыс, ой толғаныс, жүрекке тиетін әсер айқын көрінеді. Өлеңнің поэтикалық құрылымы тарихи сана мен жеке тәжірибе арасындағы нәзік байланысты терең әрі көркем түрлендіреді.
Сайлау Байбосынның шығармашылығы – дәстүрлі жанрларды жаңа әлеуметтік-пәлсапалық мәнге бейімдеген қазіргі қазақ поэзиясының маңызды үлгісі. «Астанаға ода» – қоғамдағы әділетсіздіктің айнасы, ал «Кутузов көшесіндегі Мәшһүр Жүсіп мешітінің алдында» – тарихи сана мен ұлттық рухтың көркем көрінісі. Ақын шындықты айту арқылы халыққа адалдық танытып, поэзияны әлеуметтік және моральдық барометр ретінде қолданады. Ғарифолла Есімнің тұжырымымен айтсақ: «Сайлау Байбосын – сол дертті сезінген, оны халық атынан айтқан ақын» [2.].
***
«Менің Қазақстаным» атты өлеңі – тәуелсіздік тақырыбын жырлай отырып, оның шын бағасын сұрайтын, ұлттың ар-ұжданы мен азаматтық намысын қозғайтын поэзия. Ақынның алғашқы жолдардан-ақ ішкі толқынысы байқалады:
«Жер менікі, тау менікі, көл ана…
Дінім мынау – сәл бұрылған жобаға,
Тілім келді кәлимә мен тобаға.
Осыны айтып мақтансам да бола ма?!» [1. 57].
Бұл – сырттай мақтаныш емес, ішкі күмән мен толғаныс. Тәуелсіз елдің ұлы өз жері үшін мақтана отырып, сонымен бірге сол мақтаныштың шынайы негізі бар ма деген сұрақ қояды. Байбосын поэзиясында ұлттық сана мен тәуелсіздік тақырыбы сыртқы ұран емес, жеке адамның ішкі монологы арқылы беріледі.
Ақынның «Жер менікі дегенменен, аспаным, қазынасы қалтасында басқаның» деген жолдар бүгінгі заманның ащы шындығын дәл бейнелейді. Бұл – экономика мен билік жүйесіндегі тәуелділікке, рухани отарлануға айтылған ауыр сын.
«Орыс та дос, қытай да дос, бәрі дос,
Оны мынау бүкіл әлем біледі» [1. 58].
Бұл жолдарда сарказм мен мысқыл бар. Ақын достық туралы емес, сол достықтың бағасы мен салмағы жайлы сөйлейді. Өлеңнің өн бойында С.Байбосын ешкімді жазғырмайды, бірақ шындықты бүкпей айтады. Көршісінің жылы сөзіне, сырт мейіріміне алданбайтын ақын жүрегі – бұл ұлттың ғасырлар бойы жинаған ащы тәжірибесінің даусы.
Өлеңнің өзегінде – жер тағдыры мен ұлттық намыс жатыр.
«Отан деген – мәрт ұғым,
Қазыналы жерім менің – нарқы мың…
Кеңқолтықтау халықпыз ғой, сондықтан
Сен ала бер артығын.
Жер иесі мен екенін бірақ та,
Есіңде ұста, жарқыным!» [1. 57-58].
Байбосынның тілі – көркем, сөзінің салмағы ауыр. Ол поэтикалық сұлулықтан гөрі, шынайы шайырға тән шындықты жеткізуді мақсат етеді. Ақынның азаматтық үні – публицистикалық қуатқа ие. Оның әр жолынан «менің елім, менің жерім» деген жауапкершілік пен намыс сезіледі.
«Өгей бала секілдімін бірақ мен,
Бұйырмаған сыбаға!» [1. 59].
Ақынның жан күйзелісі осы екі жолға сыйған. Бұл – өз жерінде отырып та, өгей күй кешкен ұлттың психологиялық портреті. Бірақ өлең үмітсіз аяқталмайды. Соңғы шумақтарда ақынның сенімі мен рухы қайта тіріледі:
«Керек емес алтының да, күмісің,
Керек емес байлығың да, құрысын.
Алтынсыз да сенсің менің ырысым,
Ауасыз да сенсің менің тынысым…» [1. 60].
Тап осы тармақтар – ақынның рухани тәуелсіздік декларациясы. Материалдық байлық емес, ұлттық рух пен ана тілі – нағыз тәуелсіздіктің өлшемі.
Сайлау Байбосынның аталған туындысының көркем стилі – публицистикалық пафос пен лирикалық тереңдіктің тоғысы. Ол қарапайым сөзбен күрделі ұғымды ашуға шебер. Сөйлем құрылысы мен мәні өткір. Өлеңнің интонациясы – бірде ашулы, бірде мұңды, бірде намысқа толы. Осы тұрғыдан өлеңді – тәуелсіздік дәуірінің көркем хроникасы десе болғандай.
Республика күніне арналған өлең – жай ғана мерекелік өлең емес. Бұл – тәуелсіз елдің ішкі диагнозы. Сайлау Байбосын поэзиясы арқылы біз өз тәуелсіздігіміздің рухани бағасын қайта саралап, шын сипатына тереңірек үңілеміз. Оның кейіпкері әредік ашулы, мұңды, кейде әжуапаз, бірақ шынайы. Ақынның аузымен сөйлеп тұрған қазақтың өз жүрегі.
Республика күні – құр дата емес, рухтың, намыстың, жауапкершіліктің күнтізбесіндегі ең киелі сәт.
Ал Сайлау Байбосынның жыры – сол күннің шын мағынасын еске салған рух айнасы.
Ұлттық поэзия – елдің ең нәзік жүйкесін үзбей ұстап тұрған рухани желі десек, уақыт пен ұлт тағдырының дүмпуі ең әуелі ақын жүрегінде туады. Ал сол дүмпуден туған сөз халықтың жан дауысын жеткізеді. Сайлау Байбосынның саяси және азаматтық лирикасы осындай рух тереңінен өрбіген туындылар.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Байбосын С. Қызылтау. – Павлодар: «Дом печати» ЖШС, 2016. – 152 б.
- Есім Ғ. Поэзияға сағыныш // Қазақ әдебиеті газеті. – 2024. – 12 қараша.
- Әлиман Ж. Алтын жүлге // Егемен Қазақстан газеті. – 2024. – 27 қараша.
Айбек ОРАЛХАН.
