Бүгін – Қазақстанның халық жазушысы М.Әлімбаевтың туған күні.

«Ардақтап біржолата ел есінен,

Кітапты суырғандай сөресінен,

Сөзіме қосып әлде өзімді де

Уақыттың лақтырар ма кемесінен». Міне, осындай да үрейлі ойлар кейде мазалайды. Көркем ой мен көрікті жыр тауып, көп алдына шығу қиындап барады… («Өмір. Өнер. Өнерпаз» эссе кітабы, 339-бет).

Мұзафар Әлімбаев осылай деп жазыпты. Жазушы жауапкерлігін терең сезініп, ақындық арын биік ұстауды армандайтын, асырып айтқандық емес, тәкаппар таланттар ғана осылай ойлайтын болар? Осындай өр сезім ғана өрге сүйрейді, талантты өзіне өзін сілкілетеді.

Мұзафардың қымсына-қысыла отырып, творчестволық кредосын танытқан бір шағын өлені бар. Сонда:

«Айқайлап айтпасақ та: о, сұмдық-ай,

Жасырын жарысамыз Абаймен де», – депті («Сүймеген жүрек семеді», 197-бет).

«Кіші болсын, дәу болсын,

Сырқат болсын, сау болсын:

Ақын шептің алдында!

Қандай шүбә бар мұнда?!», – депті М.Әлімбаев бірде («Сүймеген жүрек семеді», 207-бет).

Бұл оның арман аңсары да, өз сенімі де секілді.

Ақынның өз азаматтық келбеті кандай және өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман бейнесі қандай деңгейде? Бұл екі мәселенің де ақын творчествосының болмысын, бітімін, салмағын анықтауда атқарар рөлі аз емес.

Олай болса, ақынның екі замандасының куәлік сипаттамасына құлақ салайық: көрнекті ақын, дуалы ауыз риясыз Ғафу Қайырбековтың бағасы мынандай: «Мен Мұзағаңмен республика ішінде де, сыртында да талай сапарлас болдым. Баладай алаңсыз ақ көңілі мен сергек, сезімтал, әңгімешіл, сырласқыш, жадында оқыған, білгенін, естігенін, елтігенін магниттей тартып жібермейтін, көп білгенін көпке үлестіргісі келетін, өзгенің табысына, жақсысына қуанып өзінікіндей көріп, мәз болғыш, күлегеш те қызық мінезді, жаратылысы жақсы адам екеніне сол жылдарда да әбден көзім жеткен еді. Сол үшін де айрықша жақсы көріп, кұрметтейтінмін» («Егемен Қазақстан», 29 қазан, 1993 ж.).

Михаил Светловтың «Жаман адамнан жақсы ақын шықпайды» деген де парасатты нақылы бар.

М.Әлімбаевтың азаматтығы жайында онымен ондаған жыл бойында өмір өріне қатар аттап келе жаткан әйгілі әрі ақиқатшыл әдебиетші ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішевтың пікірін оқып көрелік: «Сырт келбетімен де, күлкісімен де, әзіл-қалжыңымен де, жаны жақсыларға жанасқыш майда мінезімен де, ешкімді жатсынбайтын бауырмалдығымен де, әңгімеден аузы кұрғамайтын сөзуарлығымен де Мұзафар қырғызша айтқанда, шоң қазақтың бірі. Мұзағаңның азаматтығы оның ақындығына күш-қуат беретін, тар қолтықтан демеп, өрлі жерден асырып жіберетін қасиет десем, артық болмас. Сонда Некрасовтың баршаға мәлім кемеңгер нақылын еске аламыз да, ақындығына дән риза боламыз» («Өз өрнегі бар дарын» мақаласы, «Сарыарқа самалы» газеті, 4 қараша, 1993 ж.).

Мұзафар Әлімбаев ақындықтың парыз-міндетін имандай сыр қылып, аса бір әсем өлеңімен иландыра пәтуалы образбен ашып берген деуімізге әбден болады.

Тумайды жұртын ақын жылатуға,

Туады жүректерді нұрлантуға.

Өлеңін орамал ғып өтеді олар

Көз жасын адамзаттың құрғатуға («Ақын», 1-том, 178-бет). Масштабты, қомақты ой, ұлы парыз!

М.Әлімбаев жалаң ақын ғана емес, ол өзі де әдебиет зерттеуші. Аса көрнекті ақын Ғ.Қайырбеков сөзімен айтсак, «Мұзафар Әлімбаев шынтуайтқа келсек, нағыз ғылымның адамы» («Егемен Қазақстан», 29 казан, 1993 ж.).

Мұзафардың зерделі білімдарлығын аңғартатын мына бір анықтамасына көңіл назарын салайық: «Көркем әдебиет – сөз сұлулығы ғана емес, сөзге сіңген сұлулық, оның жаны – ақиқат, ажар-келбеті – әсемдік» («Өмір. Өнер. Өнерпаз» эссе кітабы, 286-бет).

Ақындық деп аталатын көркем әлем портретін, табиғат-жаратылысын жарасымды жырлаған тұтас екі циклы «Поэзия патшалығында» және «Поэзия парасаты» деп аталады. Екі цикл жүз бір өлеңнен тұрады (1-том 321-336-беттер және «Сүймеген жүрек семеді», 196-215-беттер).

Бұл тақырыптағы жеке өлеңдері өзі бір төбе.

Жоғарыдағы топтаманың ішіндегі жеке бір шумақта:

«Өлгендер өре тұрардай,

Өңімен ұрып жығардай,

Бір сөзді жалған жазсам мен,

Ғұмырда сағым сынардай», – делінген (1-том, 325-бет). Ия, Мұзафар Әлімбаев ақындығының бір белгісі сөзге айрықша жауапкершілігі екенін талайлар атап айтқан (А.Сейдімбеков, Т.Кәкішев және т.б.).

Жалпы алғанда, ақынның «Көңіл күнделігінен» (1980), «Қалам қайраты» (1976), «Өмір. Өнер. Өнерпаз» (1990), «Толқыннан толқын туады» (1992), «Көңіл күнделігі» (1996) сияқты әдеби, өнери зерттеу кітаптарында да көркем әдебиет, ақындық, өнер жайындағы көзқарасы мол қамтылған. Ол кітаптардың бәрі де қазір қолға түспес басылымдар қатарына тұрақты енген.

«Ақиқаттан айныса, ақын сорлы,

Сөзін айтпай біткені ақыр соңғы…

Одан кейін жөні жоқ жақ ашудың,

Қу кедейдей жайлаған тақыр сорды» («Сақшы» газеті, 11 маусым, 1994 ж.).

Бұл дербес туынды, жеке төрттаған рубай. Автор М.Әлімбаев оны «Ақиқаттан айныса…» деп атады. Осыны әрі ақынның өз сөзі, әрі лирикалық қаһарманның сөзі деп қабылдауға әбден болады, кімнің сөзі екендігінің ара-жігін айыру қиын. Бұл, міне, ақынның бағы жануының белгісі – нышаны.

Әрине, мұндай ұласуға, яғни ақын мен лирикалық қаһарманның бір бейнеге тұтасу дәрежесіне жету ақындықтағы белгілі бір биіктік. Ақынның лирикалық кейіпкері арғы аталардың өзінің алдындағы ағаларының барша Алашына бақыт сыйлаған жолындағы жемісті еңбегін аса жоғары бағалайтын азамат болғандығынан ондай ағаларды достар түгіл, дұшпан да табалай алмайды деп түйеді «Аталар мен ағалар» атты өлең («Сүймеген жүрек семеді», 61-бет).

«Еңбекті, ел үшін еңбек етуді адамның бойындағы қабілет-дарынын қопарта, жарқырата ашатын арена, ашық майдан» деп түсінетін лирикалық кейіпкер «Ертеңге еңбек ету бір ғанибет» дейді. Оның сенімі:

«Өзін өз заманына мойындатпай,

Ертең күн кім атанар ерен батыр?!», – дейді «Тәнтімін жарап уақыт талғамына» деген өленде (Сонда, 61-бет).

Өмір, тірлік дегеніміз М.Әлімбаев өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер ұғымында халық үшін үздіксіз қажырлы еңбек, қаһармандық ерлік болуға тиіс. «Өмірбаян қалай жазылады?» деген жырында осындай ой қорытқан лирикалық кейіпкерді кезіктіреміз (Сонда, 61-бет).

Ол үшін әр азамат аяншықтамай, өзін аямай туған елі үшін еңбектенуі парыз.

«Әр ұл-қызың от болып лапылдаса,

Маздамасқа дәтің жок, Қазақстан!». Лирикалық кейіпкер өзін Сталин заманындағыдай винтик деп санамайды, «халқымның арқа сүйер азаматымын, панасымын!» деп сезінеді. Әлгі «Ұл тумайтын күнің жоқ, Қазақстан» деп аталатын шағын өлеңінде әр азамат от болып лапылдаса ғана, өз парызын толық өтей алады, деген ой түйеді автор (Сонда, 62-бет).

М.Әлімбаевтың:

«Өзің от боп жанасың,

Өзгелердің нұрлантуға санасын.

Өзің күл боп қаласың,

Өзгелердің құнартуға даласын», – дегеніне иланасың, нанасың. Ақын мен лирикалық кейіпкердің бір тұлғаға ұштасқанын, тоғысқанын сезесің.

Ақынның лирикалық кейіпкері өткеніне үнемі ой жіберіп, талдау таразысын тартып, қорытынды жасауды үрдісіне айналдырған. Онысы болашақтың қамы, өзін жан-жақты жетілдіру қамы. Мысалы: «Шәкірттіктен құтылдық деп шаттандық» дейтін өленде «Көп нәрсені әлі шала білеміз» деп өкінеді. Оқуды бітірумен тынуға болмайды.

«Аз білердің сөзі әлі кібіртік», «Абзал ұстаз – мінсіз шәкірт». Ол ғұмыр бойында үйренуден тиылмайды. Оқу-білімін үстемелеу үзілмес үрдіс болғанда ғана – өмір өкінішсіз, еңбек жемісті («Сүймеген жүрек семеді», 31-бет).

Ендеше ондай кейіпкер интеллектуал… Жаңа замандағы!

Екінші бір өлеңде («Ақиқатты іздеген») лирикалық кейіпкер ақиқатты іздеген жанды өзіне дос санайды, ал жалғандықты жақтаған бір туғанын да жат деп есептейді («Сүймеген жүрек семеді», 8-бет).

Майдан даласында үзілген телефон сымын тістеп тұрып жалғастырып, екі жақты тілдестірген байланысшы ерлігін суреттеген автор:

«… Көрінер ме балкім мұным балалық,

Араға егер түссе сайтан алалық,

Дос жүректі дос жүрекке әрқашан

Сын сағатта сол солдаттай жалғасам», – дейді (1-том, 65-бет).

Мұнда да лирикалық кейіпкердің ақынмен бір тұлға болып, тоғысып, бірігіп-кірігіп кеткенін тағы да жүрегіңмен сезгендей боласың. Адал достыққа дәнекер бола білген адам өзі де достыққа берік екеніне шүбә келтіруге ешқандай секем қалмайтын сияқты.

«Қаруластарға хат» деген өлеңінде (1-том, 68-бет) лирикалық кейіпкер сонау қанды соғыста шыбын жанды шүберекке түйіп, Отанды опаттан аман алып қалысқандардың бірі болғанын мақтаныш тұтады. Сөйтіп, өзінің ер жүрек сарбаз, ел қорғаны екенін жанамалай аңдатады.

«Алға жылжы, қансырап,

Қалмаған соң әліміз,

Бір шұңқырға тамшылап,

Бірге ұйыпты қанымыз», – дейтін лирикалық кейіпкердің достығы беріктігіне оқырман сенеді де («Қан құйысқандар» өлеңі, «Сүймеген жүрек семеді», 169-бет).

«Матросовтың қаруласы сөйлейді» деген өленде лирикалык кейіпкер:

«Қаһармандық жасалмайды бұйрықпен,

Жасалмайды уәде еткен сыйлықпен.

Ерлік көзі – ардың ғана әмірі,

Ерлік көзі – жүректердің дарыны

…Тыным жоқ қой, шек те жоқ қой ерлікке,

Қиын жоқ қой, қиын жоқ қой елдікке!» – деп түйгені көңілден шығады (Сонда, 168-169-беттер).

Расында «Жүректер дарыны» және «Қиын жоқ кой елдікке» сияқты екі тіркес жаңа сөз, жарқын ойлар көпті ырзалайды…

Қорытып айтсақ, ақын М.Әлімбаевтың лирикалық қаһарманы – оқыған зиялы, интеллект иесі, елжанды ер азамат, еңбекқор, әділ, қайырымды, достыққа берік, ата дәстүрін ардақтағыш, жалғандыққа жаны қас, жаны таза, намысшыл адам…

Ақынның лирикалық кейіпкеріне қосыла:

«Адамсыз бүкіл әлем қуыс қана,

Үйде де, соны ойлаймын жұмыста да…

Қуысты ізгілікпен толтыруға

Тартыншақ болсаң егер, ту ұстама!», – дейміз.

 

Бақыт БАТКЕЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты.

(«Ақиық ақын Мұзағаң» кітабынан алынды)

Добавить комментарий