
Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына венгр жазушысы Ласло Краснахоркаи лайық деп танылды. Нобель комитетінің мәлімдеуінше, марапат қаламгерге «апокалипсистік үрей мен күйзелістің ортасында өнердің құдіретін қайта дәлелдеген көреген әрі айшықты шығармашылығы үшін» берілді.
Биыл бұл атаққа үміткерлер қатарында Харуки Мураками, Томас Пинчон, Мишель Уэльбек және Салман Рушди секілді әлемге танымал қаламгерлер де болған.
Ласло Краснахоркаи 1954 жылы Мажарстанның (Венгрия) Дьюла қаласында дүниеге келген.
Ол 1985 жылы жарық көрген «Шайтанның вальсі» (Sátántangó) романымен әдебиетке алғаш қадам басқан. Оның өзге де атаулы шығармалары қатарында: «Қарсылық меланхолиясы» («Меланхолия сопротивления»), «Соғыс және соғыс» («Война и война»), «Солтүстігінде тау, оңтүстігінде көл, батысында жол, шығысында өзен» («С севера гора, с юга озеро, с запада дорога, с востока река»), «Барон Венкхеймнің оралуы» («Возвращение барона Венкхейма») сынды туындылар бар.
Краснахоркаи – Аттила Йожеф атындағы әдеби сыйлықтың (1987), Кошут сыйлығының (2004) және Халықаралық Букер сыйлығының (2015) лауреаты.
Альфред Нобельдің өсиетіне сәйкес, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы «адамзатқа игілік әкелетін, асқақ мұраттарға толы аса көрнекті әдеби шығарма үшін» беріледі.
Еске сала кетейік, соңғы жылдардағы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары: 2022 жылы — француз қаламгері Анни Эрно, 2023 жылы — норвегиялық жазушы Юн Фоссе, 2024 жылы — Оңтүстік Кореялық жазушы Хан Ган аталған сыйлықты иеленген болатын.
Нобель сыйлықтарын табыстау рәсімі 2025 жылғы, 10 желтоқсанға жоспарланған. Қазіргі таңда физиология және медицина, физика және химия салалары бойынша лауреаттардың есімдері жария етілді. Алдағы күндері экономика және бейбітшілік саласындағы жеңімпаздар белгілі болады.
Нобель сыйлығы — ғылым мен гуманизм салаларындағы үздік жетістіктерге берілетін, дүние жүзіндегі ең беделді марапаттардың бірі. Бұл сыйлықты 1896 жылы қайтыс болған швед өнертапқышы және өнеркәсіп иесі Альфред Нобельдің өсиеті негізінде тағайындаған. Сыйлық 1901 жылдан бастап жыл сайын табысталып келеді.