28 қаңтар, 1900 жыл. Ялта.

Қадірлі Михаил Осипович!

Лев Николаевич Толстойдың дерті не дерт екенін әлі күнге ұқпай дал болып отырмын. Черинов бұл жөнінде мардымды ештеңе айтпады, ал мен оқыған газеттердегі ақпар мен сіздің соңғы жазғандарыңыздан тұщымды тұжырым жасау мүмкін емес.
Егер асқазан мен ішекте жара болса, ол мүлде басқа күйде білінер еді, алайда ондай анық белгілер байқалмайды. Тек өт жолынан өткен тастар ішкі тіндерді тырнағаннан болған аздаған қан іздері ғана болуы мүмкін. Ал обыр (рак) жайлы сөз де болмауы тиіс. Ондай дерт ең алдымен адамның өңінде, кескін-келбетінде таңба қалдырар еді. Толстойда ондай ештеңе байқалмайды. Аппетиті, жалпы хәл-ахуалы жақсы.
Қысқасы, Лев Николаевич – дені сау адам. Егер өттегі тастарын есепке алмасақ, әлі де жыр қылып, жиырма жыл өмір сүретін шамасы бар. Бірақ бұл ауру жайлы хабар мені кәдімгідей есеңгіретіп, біршама уақыт беймаза күйге түсірді.

Мен Толстойдың өлімінен қатты қорқамын. Егер ол өмірден өтіп кетсе, менің ғұмырымда орны толмас, терең қуыс пайда болар еді.
Әуелі айтарым – мен ешкімді Толстойдай сүйген жоқпын. Дінпаз емеспін, бірақ барша діннің ішінен өзіме ең жақыны, көкейіме қонымдысы – Толстойдың сенімі.
Екінші деп айтайын: әдебиет деген әлемде Толстой бар кезде жазушы болып жүрудің өзі жеңіл, сүйінетін іс. Ештеңе тындыра алмағаныңды сезінгеніңде де, бойыңды қорқыныш жеңбейді – өйткені бәріміз үшін Толстой бір өзі жазып жатқандай.
Үшінші бір мәні – Толстойдың беделі. Оның рухани салмағы – шын мәнінде ғаламат. Ол тірі тұрғанда, әдебиетке жармасқан ұсақ әуейілік, арзанқол талғам, айқайшыл дарақылық, ішін өрт жеген қызғаныш – бәрі көлеңкеде қалады. Оның бір ғана адами беделі бүкіл әдеби ауанды, әдеби ағыстарды белгілі бір биікте ұстап тұрады. Егер ол болмаса – әдебиет дегеніміз серкесіз отар, иә болмаса, мидай араласып кеткен ботқадай бей-берекет дүние болар еді.
Толстой жайлы сөзді осымен тәмамдай отырып, мына бір нәрсені де қоса айтқым келеді: «Воскресение» романын мен үзіп-жұлып емес, тұтас бір деммен оқып шықтым. Бұл – керемет көркем шығарма. Бір қызығы, романдағы Нехлюдов пен Катюшаның арасындағы қатынастар – мен үшін ең қызықсыз тұс. Есесіне князьдар, генералдар, бәйбішелер, қара халық, тұтқындар мен түрме қызметкерлері – міне, осы кейіпкерлер нағыз өмірдің өзінен сүзіліп алынған. Петропавл қамалының коменданты, спиритизммен айналысатын генерал туралы көрініс – демімді ішіме тарта оқыған сәттерімнің бірі болды. Ал Корчагина деген әйелдің креслодағы бейнесі ше? Федосьяның күйеуі ше? Бұл мұжық әйелін «тапқыр» деп сипаттайды. Міне, осы «тапқырлық» – Толстойдың қаламына да тән қасиет.
Повестің соңы жоқ. Түйінді тұсын «соңғы нүкте» деуге келмейді. Жазып жазып келіп, соңында бәрін бір ауыз евангелия сөзіне артып қою – діншілдікке тым иек арту тәрізді. Евангелия мәтініне сүйене отырып барлық мәселені шешу – түрмедегі тұтқындарды бес топқа бөлу сияқты негізсіз іс. Неге бес, неге он емес? Неге Інжілден, неге Құраннан емес? Алдымен евангелияның ақиқат екеніне сендіру керек, содан кейін барып, сол сөздермен түйіндеуге болар еді.
Сізді мезі қылған болсам, ғафу өтінем. Қырымға келгеніңізде сізден сұхбат алып, оны ««Новости дня» газетіне жариялаймын.
Толстой туралы кім көрінген сөз қылып жүр, солардың жазғаны – бірін-бірі қайталайтын керауыз кемпірлердің әңгімесіне ұқсас, сүйкімсіз, бір желөкпе лепірме. Толстойдың сол шалажансар жазғыштармен тілдесіп отырғаны – обал-ақ.
Соңғы екі апта сырқаттанып жүрдім. Қазір сол жақ бұғанамның астында қызарған дақ бар, бірақ өзімді ширақ сезінемін.
Суретімді міндетті түрде жолдаймын. Академик деген атаққа ризамын, Сигма маған қызғанышпен қарайды-ау деген ойдың өзі майдай жағады. Десе де осы атақты бір «жаңсақтықтың» кесірінен жоғалтатын күнім алда екені де ерекше қуантады. Ондай шатақ болары сөзсіз, өйткені академиктер біз сияқтылардан қатты сескенеді. Толстойдың өзін академияға зорға қосты. Олардың түсінігінде ол – нағыз нигилист. Оны солай деп сипаттаған «құпия кеңесші» бір бикеш, сондықтан шын жүректен құттықтаймын!
«Неделя» газетін неге ала алмай жүрмін? Редакцияда мен жолдаған С. Воскресенскийдің ««Глупости Ивана Ивановича» деген қолжазбасы жатыр. Егер жарамаса, қайтарып жіберіңіз.

Аман болыңыз! Қолыңызды қысып, сәлем жолдаймын.

Яша мен Лидия Ивановнаға сәлем айтыңыз.

Сіздің А. Чехов.

Жазып тұрыңыз!

Конверттегі мекенжай:

Царское Село.

Михаил Осипович Меньшиковке.

Магазейная, Петровтың үйі.

 

Орыс тілінен аударған: А.Оралхан

Добавить комментарий