Тихонның бойына қатыгездік пен зұлымдық, жыртқыштық болмыс бір күнде ғана ұялай қалған жоқ. Он жаска толғанша, ол да жұрт баласы қатарлы қаланың дуылы көп тірлігіне мойынсұнып, таңның атысы, кештің батысы аулада қызық қуып, алаңсыз асыр салып өсті.

Әкесі Яков пен шешесі Вераның аракідік ішімдікке әуестеніп кететіні болмаса, талдырмаштай Тихон тұрмыс-тірлікте таршылық көрген емес. Дегенмен, сонау балаң күнінде оның жүрегін жалғыз-ақ жағдай қатты мазалайтын-ды. Ол – әке-шешесінің ащы суға бөгіп алып, кикілжіңге ерік беріп, отбасында шу шығарып қоятындығы. Мұндай кездері Тихон қатты уайымға салынып, өзін қоярға жер таппағандай абыржитын. Жеткіншек болса да, ата-анасының өзара керілдесуіне құдды бір өзі кінәлідей, не істерін білмей, кәдімгідей қуыстанатын. Бірақ ата-анаға ақыл айтар амал бар ма, бар пікірін іште өлтіріп, үнсіз қала беретін-ді.

Уақыт өте келе әке-шеше арасындағы ұрыс-керістің тым жиілеп кеткені соншалық, тіпті, біріне-бірі қол жұмсауға дейін барып қалатыны кәмелеттік жасқа иек арта қоймаған Тихонды одан бетер назаландырушы еді.

Ерлі-зайыпты Яков пен Вера кейіндері ішкілікке тіптен қатты салынатынды шығарады. Бұрынғыдай емес, күн құрғатпай шылқия мас болуды әдетке айналдырған ата-ана арасындағы ұрыс-керістің де ауаны түрленіп, өзгеше сипатқа ие бола бастағанын аңғаратын болды бала Тихон. Тіпті, өзара жұдырықтасу әрекеттері де жиілеп кеткеніне қатты қапаланушы еді.

Өзін осынау жарық дүниеге әкеліп, сәби кезінде мәпелеп өсірген нәзік жанды анасының мүлде өзгеріп сала бергеніне де Тихон көп уақыт қайран қалып жүрді. Аса мейірімді, жаны соншалықты нәзік жан деп есептейтін анасының қаһарлы, сесті, қажет болса жұдырық ала жүгіретін дөңайбат екенін, әкесінен қалыспай, ұрыс-керіс кездерінде қарсылық қимылдарын еш қымсынбай жасайтынын көзбен көріп, біраз уақыт күпті көңілде жүрді. Қала берді, әке-шешесінің біріне-бірі қарша боратқан небір былапыт сөздерін, қатыгездік пен жүгенсіздікке толы көріністерді көзімен көріп, өз құлағымен естуге мәжбүр болды.

Есі кіріп қалған Тихон екі-үш мәрте ата-анасына ара түсем деп те талпыныс жасады. Алайда, онысынан түк те шықпады. Отбасындағы жалғыз баланың жанайқайын түсінер ата-ана болмады. Үнемі қызара бөртіп жүретін Яков те, Вера да Тихонды кеудеден итеріп, ауыздарына келгенді айтып балағаттап, «Аулақ кет!» деп бақырып, басынан нұқып, қуып жіберетін.

Тихон әке-шешесі ішіп келгенін көргенде немесе қосыла ішіп отырғанын байқап қалса, дереу сыртқа шығып кетіп, әр сәтін уайыммен өткізетін. Кейде ауладағы өзі қатарлас жеткіншектермен ойнап, үйдегі жағдайдың бәрін ұмытуға тырысып та көреді…

Не керек, алмасып айлар, жылыстап жылдар өтсе де, әке-шеше арасындағы жағдай еш өзгерген жоқ, Тіпті, күннен-күнге ушыға түсті. Тихонның талай таңы қапалықпен  атып, талай күні жылаумен өрілді.

Бала болса да, көкірек-кеудесі астаң-кестең жүрген жеткіншек  күндердің күнінде әкесінің жансыз мүрдесін құшақтап, аспан аударылып жерге түскендей, зар еңіреп кала берді…

Шешесі Вера өзінің өмірлік қосағы Яковті қара жердің қойнына өз қолымен аттандырғанда, Тихон он төрт жасқа аяқ басқан еді. Әкесінің өлімі оның жан-дүниесіне қатты әсер етіп, тым ерте есейтіп жіберді. Жастайынан отбасындағы келеңсіздіктерді жиі көріп өскен, ақыры әкесінің өліміне тап болған Тихон өзі үшін еңдігі өмірдің ешқандай мән-мағынасы жоқ деп ұғыңды. Осынау тірлікке деген ынта-ықыласы мүлде көмескіленіп кеткендей еді. Оның мінез-құлқы бала күніндегідей емес, тез арада түрленіп шыға келді. Ашушаңдық, сәл нәрсеге бола шаптанушылық, мейірімсіздік, қатыгездік оның бойын күннен күнге билеп-төстеп бара жатты. Ең сорақысы, Тихонның жүрек түкпірінде анасына деген өшпенділік мәңгіге сақталып қалған еді. Бірақ оны сол уақыттарда ешкім де дөп басып аңғарған жоқ. Сол өшпенділік арада бірталай жыл өткен соң, қайта жаңғырып шығады деген ой ешкімнің де қаперіне кіріп-шықпағанын қайтерсің…

Күйеуі Яковті өлтіргені үшін Тихонның шешесі Вера заң алдында жауапқа тартылып, сот үкімі оны алты жылға бас бостандығынан айырды. Сөйтіп, Тихон әкесінен мәңгіге, ал анасынан уақытша ажырап, тағдырдың қияс жолына түсті. Оның нағыз азамат болып қалыптасатын жылдары ата-ана тәрбиесінен тыс өтті.

Туыстарының қамқорлығы жаны жаралы Тихонның келешек өміріне пәлендей өзгерістер әкеле алған жоқ. Өз еркіндігі өзінде болған бозбаланың күнделікті тірлігіне туысқан-қамқоршылары да аса бас ауыртқан емес, тәлім-тәрбиесіне жібі түзу мойын бұрып та қарамады.

Тихон түздің тағысы секілді жортып жүріп жетілді. Ол жас кезінен жүрегіне шемен болып қатқан уайым-қайғыны, көз алдында жатталып қалған келеңсіз көріністерді, әрине, ұмытуға тырысты. Өткенді ұмытудың төте жолы – арақ деп түсінді.

Ол қанша қиямпұрыс, ішкілікке жақын болса да, білім алуды ысырып тастаған жоқ. Тиіп-қашып, бірде барып, бірде бармай жүріп, ақыры арнаулы орта білім алып шықты. Тек оқыды деген аты ғана болмаса, Тихонның студенттік күндері көбінесе ойын-той, қызық-думанмен өтті.

Жиырма екі жасқа қарағанда өзі қатарлас қызбен көңіл жарастырып, отау құрды. Бірақ кезінде әке-шешесі күн құрғатпай керісе беретіні секілді бұл да келіншегімен жиі-жиі кикілжіңге жол беретінді шығарады. Мұндайда Тихонның есіне әкесі мен шешесінің керіскен сәттері түсіп, өзінен-өзі тісін қайрап, өңі қуарып, жүзі сұтанып, дем арасында өзгеріп кететін. Не керек,  уақыт өтпей-ақ, жас отбасы ажырап тынады. Бұл екі арада кесімді алты жылын артқа тастап, шешесі Вера темір тордың арғы жағынан біржола босап, үйге оралған еді…

Бостандыққа шыққан анасы жаңаша тірлік бастағандай болғанымен, кейін «ежелгі досы» – ішкілікке қайта салынады. Бұрынғыны қойшы, енді ұлы Тихонмен бірігіп отырып ішетін болды. Тапқан-таянғанның бәрін арақ-шарапқа жұмсап, екеуі де отбасындағы берекені еш ойламады.

Көп қабатты үйдің төртінші қабатында тұратын ана мен баланың күйкі тірлігін көрші-қолаңның бәрі де білетін. Тіпті, олар мезгіл сайын Вераның еңіреп жылаған дауысын, ұлы Тихонның оған балағат сөздерді тасқындатып, ұрып-соғып жатқанын да еститін. Вераның көмек сұрап жан даусы шыққанын, оны өз ұлы тепкінің астына алып жатқанын естіген көршілері бір-екі мәрте олардың пәтеріне бас сұққанымен, Тихон бәрін жуып-шайып, түк болмағандай сыңай танытатын. Бірақ араға ары кетсе бірер апта салып барып тағы осындай жағдай қайталанатын. Ішімдікке әбден масайраған олар айқайласып, шуласып, біріне-бірі «Өлтіремін!» деп қоқан-лоққы жасайтыны көршінің бәріне мәлім-тұғын.

Бірде Тихон масаң күйінде өз анасын подъезде аяусыз ұрып-соғып, артынша шашынан жұлқылай ұстап, баспалдақтан төмен қарай лақтырып жібереді. Жан-дәрмені шыға шыңғырған Вераның дауысын ести сала жүгіріп жеткен көршілері дірілдеп-қалшылдап, түр-түсі жыртқыштана қалған Тихонды, аузы-мұрнынан қан кете, есінен тана баспалдақ алаңында сұлап жатқан оның анасын көріп, жаға ұстайды.

Қонсылас тұрғынның қайсыбірі Вераға аяушылықпен қараса, енді біразы оның өзін жазғыратын. Олардың ойы «Кезінде дұрыс тәрбие көрсете алмаған әке-шеше ертеңгі күні баласынан не күте алады? Тихонның қатыгез болуы Яков пен Вераның өз кінәсінен. Тихон ұяда нені көрсе, қазір соны істеп бағуда» дегенге саятын. Жүзі таныс, аралас-құраластығы бар кейбір көршілері Вераға ақыл-кеңес те айтып көрді. Бірақ ол өзгенің ақылын жүре тыңдап, «Өз жөндеріңді біліңдер, бізде шаруаларың болмасын!» деп шаптығып, былайғы жұрттың сөзіне еш көңіл аудармайтын.

…Тихон анасының зейнетақыны қай кездері алатынын жақсы біледі. Зейнетақы берілетін күнді есінен қалт жіберген емес. Егер қандайда бір себептермен кешігіп жатса, анасын қыспаққа алып: «Сен, албасты, зейнетақыны әлдеқашан алып, менен жасырып жүрсің ғой, ә!.. Олай болмайды, қане, шығар жаныңның барында!» – деп қара бұлтты төндіріп, бұлқан-талқан болып, шу шығаратын. Шешесінің осындай сәттерде туған ұлынан таяқ жеп, шырылдап қалған күндері аз емес. Зейнетақыны үнемі Тихон тартып алып, анасына шамалы бөлігін ұстатып, көпшілігін өзі жаратуды дағдыға айналдырғаны қашан.

Вераның бет-жүзі, денесі жарақаттардың ізінен арылған емес. Ұлының соққыларынан қашып құтылмақ болып, талай рет сүрініп құлады, басын жарды. Сондай ұрып-соғулардың бірінде Тихон шешесінің бетіне пышақ сілтеп, үлкен жарақаттың ізін қалдырды. Ұлы дауыс көтеріп, ұруға ұмтыла бастағанда ол балконға қашып, айқайлап, сырттағылардан көмек сұрауға тырысатын. Алайда Тихон былайғы жұртқа: «Анамның шамалы eci ауысқан, ұстамасы бар. Сондықтан анда-санда осылай жөн-жосықсыз айқайлай береді. Оған бола алаңдамандар», – дей салатын.

Сөйтіп Вера мен оның баласы Тихонның күнделікті күйбеңі жылдар бойына осылайша қайшылыққа толы болып, бей-берекетсіз өріліп жатты. Тағдырдың тәлкегін аз тартпаған Вера ұлының тепкісіне тезе жүріп, алпыс жастың бел ортасына да иек артты…

Тихон анасының түрмеге отырып келгенін, әкесі Яковті өлтіргенін жиі-жиі бетіне басып, әкесімен күн кешкен кездердегі қайшылықты жағдайды есіне түсіре беретін. Сондай сәттерде ол күректей қолымен үстелді қатты тоқпақтап, көзі қанталай тістеніп, суық та сұсты көзін тіке қадап, анасына аса бір өшпенділікпен алара қарайтын. Үңіле зер салған адам оның жанарыңда қатыгездік пен зұлымдық ұялап жатқанын бірден аңғарар еді.

Айтып-айтпай не керек, сол қатыгездік, сол зұлымдық көп жасырынған жоқ. Бір күнде-ақ сыртқа шыға келіп, Тихонның көкірегіне талай жылдан бері ұя салған өшпенділікті ақтара салды.

…Тихонның да, жетпіс жасқа қадам басқан анасы Вераның да ішімдік ішпегеніне тура екі күн болды. Сатып алып ішуге қаражат жоқ. Соңғы кездері пәтердегі заттарды саудалап, қолға түскен аз-маз пұлға жартылық алып ішіп жүретін-ді. Қазір пәтерде сата қоятындай көз тартар зат та қалмаған екен. Бұлардан көрші-қолаңның да, жолдас-жораның да, туған-туыстың да, ескі таныстардың да беті қайтқалы қашан. Араласпайды. Тек аман-есендіктен арыға ешкім де барыспайды. Оның өзіндік себептерін айтып жату артық болар. Сондықтан қарызға ақша сұрайтын да, бұрынғыдай мүсіркеушілікпен бере қоятын да жан жоқ,

Ішпеген күндері Тихон кара бұлттай түнеріп жүреді. Тез ашуланып, жоқ жерден шатақ шығаруға жұлқынып-ақ тұрады. Екі күн «нәр» татпаған ол бүгін үйге мүлде сыймады. Олай-былай жүрді де қойды. Әдетінше, ашуы алқымына тірелген ол осы уақытқа дейін өзі ұрып-соғып ауру қылған қарт анасын балағаттың астына алды.

– Кәрі сайтан, неменеге телміріп отырсың?! Жалтақтай бергенше, сыртқа шығып, тиын-тебен тауып әкелсең нетті, қақпас? Іш пысып, өлетін болдым ғой түге… – деп түнерген Тихон әудем жерде отырған шешесіне тағы соқтықты.

Байқұс шешесінің дауысына діріл араласып:

– Балам, өзім де жетісіп жүргенім шамалы, білесің… Бір уақ мазаламасаң қайтеді… Өң-бойым дел-сал болып, ауырып отырмын, – деді.

– Сен, мал, сылтау іздеп, бұлталакка салма! Ауырған түгің де жоқ! Көлгірсуді қойып, сырттағы таныс қатындарыңнан «жүрек жалғар бірдеңе» тауып әкелмесең, қара да тұр, ісім сенімен болады! – деді ұлы.

– Өтінемін, тым құрыса, дәл бүгін мазамды алмашы. Еркек емессің бе, бірер күн шыдасаң болмай ма… Зейнетақы алатын күн де алыс емес…

– Оттама, албасты! Зейнетақың қашан берілетінін бір құдайдың өзі біледі. Оған дейін қол қусырып, қарап отырмақпын ба?! Сөзді доғарып, айтканды орында! – деп Тихон анасына зілді түрде әмір етті.

Анасы ұлының мінез-құлқын жақсы біледі. Алған бетінен кайтпайтынын ескеріп, амалсыздан сыртка беттеді…

Бет-әлпеті әбден күп болып ісініп кеткен Вера сылти басып ауладағы көзге шалынған таныс әйелдерге жақындады. Қарызға азын-аулақ ақша сұрап көріп еді, бәрі де жоқ дегенен басқа ештеңе айтпады. Бірер сәт сыртта жүріп, артынша пәтерге қайтып келген ол ұлына жалынышты үнмен:

– Ұлым, өзім білетіндердің бәрінен сұрастырдым. Дәл қазір ешқайсысында ақша жоқ екен. Бір реті болар, құлдығын болайын, бүгін ішімдікті қоя тұршы осы, – деді.

– Сайтан алғыр, албасты, аузыңды қу шөппен сүртіп келдің бе тағы?! Тұрған жеріңде қағып жіберейін бе осы! – деп қаһарланған Тихон анасына төніп келіп, кеудесінен бар пәрменімен итеріп  жіберді.

Вера тәлтіректеп барып, диванға сұлал түсті. Ауырсынған кеудесін қос қолдап ұстап, күбірлей сөйлеп, жылай берді.

Тихон анасын сыпырта боқауыз сөздерге «тойдырып», есікті сарт еткізіп, сыртқа шығып кетті.

…Ол үйге қас қарайған шақта кайтып оралды. Босағадан аттар-аттамастан анасын балағаттап, өзіне шай демдеп беруін талап етті. Тәлтіректеген Вера ұлына шай жасап, азырақ көңілін ауламақ болғанымен, Тихон түнерген қалпынан айныған жоқ. Үстел басында анасына жүрек шыдамас аса ауыр сөздерді айтып, тіпті, кеседегі шайды оның бетіне шашып жіберуге де шақ қалды. Әйтеуір оған барған жоқ.

Сағат тілі түнгі екіге таяғанда Тихон күбірлеп жеткен дауыстан оянып кетті. Анасының дауысы екен. Соңғы кезде Вераның танды кез ілмей атқызған сәттері аз емес. Ұйкысы қашып немесе шошынып оянып, жылайды. Құдайға  жалбарынады. Оның үстіне ұлы Тихон салған дене жарақаттарының өзі ауыртып, тыныштық таптырмайды. Мұндай ол түн ортасында өз-өзінен күбірлеп, түсініксіз бірдеңелерді айтып, сөйлеп жататын. Бұл түні де Вера ұйқысы қашып, әр нені айтып жаткан еді…

Ұйкысынан оянып кеткен Тихон тесектен атып тұрып, анасына жетіп келді.

– Кәрі қақпас, тынышымды алып, ұйкы бермедің ғой түге! Немене сандырақтап жатырсың, албасты?! Өздігіңмен тыншымайтын болсаң, үніңді мен-ақ өшіре салайын… – деп, жуан жұдырығымен қарт анасының бетіне бірнеше жойқын соққы жасады.

Есінен танып қалған анасы біраз уақыт үнсіз жатты. Аздан соң жойқын соққыларды ауырсынған Вера жылай отырып, ұлына қарғыс айтады. Мұны естіген Тихон қайта жетіп келіп, екі көзі әбден қанталап, тістеніп, қарсыласуға дәрменсіз төсектегі қарт анасының кеудесі мен асқазан тұсынан тепкілей  жөнелді. Кәнігі жыртқыштарша төне түсіп, тіптен қатыгезденіп кеткен Тихон бұдан әрі өз ісіне есеп беруден қалады. Жарық дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсірген туған анасын он бес минуттай аса қатты соққылардың астына алады. Одан соң сұлқ қалған қарияны өз жайына тастап, ұйқысын жалғастырмаққа төсегіне бас кояды…

Анасының о дүниеге аттанып кеткені туралы таңертеңгісін Тихон полицияға өзі хабарлады. Пәтерге келген полиция қызметкерлері істің мән-жайын тексеріп, қатыгез ұлды қамауға  алады. Сот-медициналық сараптаманын қорытындысы бойынша, ауыр соққылардан Вераның ішкі органдары қатты зақымданып, екі жақ қабырғасы қирап, басына, бетіне, қол-аяғына аса ауыр жарақаттар түскен. Өмірі өксікке толы Вера ақыр-соңында туған ұлының қолынан қаза болды.

Ойлап қарасақ, Вера осыдан бірнеше жыл бұрын өз күйеуін ұлының көз алдында қалай өлтірсе, енді, міне, сол көрініс араға жылдар сала жаңғырып келіп, алдан шықты.

Кезінде анасы Вера алты жылға сотталған болса, ұлы Тихон да сот үкімімен сонша мерзімге жазаға кесілді. Бұл ретте осы процесті қараған Павлодар қалалық соты қылмыскердің өзі полицияға хабар бергенін, барлық кінәсін мойындағанын, бұрын сотты болмағанын есепке алған екен.

Р.S. Өкінішке қарай, бала тәрбиесіне мән бермеудің салдарынан мұндай оқиғалар қоғамда жиі орын алады. Оның соңы немен тынатынын осы хикаядан түюге боалыды. Арақ-шараптың кесірінен талай шаңырақ шайқалып, талай адам қайғы-қасірет жұтты.

 

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий