Егер қазақтың ағыл-тегіл би-шешендерінің сөз үлгілеріне үңілсеңіз, мынау тұнып тұрған поэзия ғой деп ойлайсыз. Қалихан Ысқақ есімді жазушыны оқыған сайын ежелгі ауыздыға сөз, аттылыға жол бермеген жезтаңдай шешендер еске түсетіні бар. Ортаға қамшы тастап, ордалы ой, орамды дәлел-дәйек айта білген бая­ғының білгір шалдарының жаңа замандағы жалғасы еді дей аламыз. Одан қалса, сөзге сөздің көлеңкесі де, жарығы да түсетінін айтқан ұлы Ғабит Мүсіреповтің ісін қапысыз жалғастырған інісі деген абзал.

Олай дейтініміз, бір жылдары Қалихан Ысқақ «қазіргі прозада көркем тіл жоқ» деп дабыл қаққаны бар. Жазушының осы сөзін оның тоқсан жылдығына арналып, Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен ғылыми конференция­да, сол жиынды жүргізген жазушы Нұрдәулет Ақыш қайыра еске салды. Расында Қалихан Ысқақтың төрт аяғын тең басқан су жорғадай тайпалған тілі кімді болса да еріксіз елітіп әкетеді. Сенбесеңіз, «Тұйық», «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты» романдарын, әңгіме, эсселерін, тіпті публицистикасын оқыңыз. Бұл пікірді қазақтың қаймағы бұзылмаған кенеулі тілінен қанып ішпеген, сөйте тұра, телеграф стилінде жазатын жастарға қарата айтқың келеді. Бірақ конференцияға жиналған көрерменнің көбі аға буын өкілі болды.

«Қалихан ағаның қамқорлығын көрдім» деген белгілі жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев ол заманда әдеби кітап атаулы отыз, тіпті жетпіс мың данамен тарағанын айтты. Оны біз де көрдік, әр кітап шыққан сайын жұрт жабыла оқитын. Кеңес дәуірінен кейін Қазақстан Жазушылар одағы деген ұйым­ның қауырт жұмыс істегенін соңғы жылдарда көріп жүрміз. «Жақында өткен жас жазушылардың онкүндігінде сабақ бердім» деген Сұлтанәлі ағамыз жастар мүлде өзгергенін, шынайы әдебиеттің заманы өткендей әсерде болғанын сөз етті.

Сыншы Әлия Бөпежанова Қалихан Ысқақтың Мемлекеттік сыйлық берілген «Ақсу – жер жаннаты» (1994) романынан гөрі, жазушының ең мықты шығармасы ретінде атап, «Тұйық» романына көбірек тоқталды. Сұлтанәлі Балғабаевтың пікірін қуаттап, қазір шығармашылық ортада жеке бастың қайғысына малтығып жүрген жастар көбейгенін айта келе, қазақ әдебиетіндегі поэтикалық прозаның көрнекті өкілі Қалихан Ысқақтың жолы сол жастарға үлгі екеніне маңыз бере сөйледі.

Қалихан Ысқақ Асқар Сүлейменов туралы естелігінде, Асқардың «Бесатар» повесі жарияланып, енді атағы шыға бастаған жап-жас кезі болса керек, екеуі көзі тірі классик Ғабит Мүсіреповке барады. Олар да қазіргі жастардай Американың, Еуропаның әдебиетіне еліктеп жүрген кезі. Дамыған елдердің әдебиеті мен қазақ әдебиеті туралы сөз болған. Сөйтсе Ғабит жастарды тыңдап-тыңдап алып, «Жігіттер, бәрі дұрыс, бірақ америкалықтар, еуропалықтар өздерін түгендеген халық, ел, біздің әлі іздейтініміз, жоқтайтынымыз көп, сондықтан өзімізге оралыңдар», – депті. Әрине, Ғабеңнің сөзі де әсер еткен болар, болашақ екі классик, сөйтіп, ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға көшкені мәлім. Сондықтан Әлия Бөпежанова Қазақстан қазіргідей дамудың жаңа жолына түскен заманда, шығармашылық қиялмен жүрген жастарды «өзімізге оралуға» шақырды.

Әйгілі «Қоңыр күз еді» повесімен бірден көзге түскен Қалихан Ысқақ драма жанрында да көп еңбек еткені белгілі. «Қараша қаздар қайтқанда», «Апа, апатай», «Жәке-Жәкетай», «Таңғы жаңғырық», «Сайқының тұқымдары», «Кемпір іздеп жүр едік», «Мазар», «Мен әлі көрсетемін», «Көктемнің салқын кезі еді», «Есеней – Ұлпан», «Қазақтар» тағы басқа драмалары қазақ театрларында қойылды. Бұлардың ішінде Әкім Таразимен, өзге де драматургтермен бірлесіп жазған пьесалары бар екенін де айта кетейік.

Ең қызығы, Қалихан Ысқақ белгілі шығармаларды пьесаға айналдырудың да шебері болған. Ол қатарда, Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан», Бейімбет Майлиннің әңгімелері бар. «Кебенек киген арулар» трагедиясы да журналист Армиял Тасымбековтің Ақмола лагерінде, яғни Алжирде отырған әйелдер туралы деректі мақалалары негізінде жазылғаны мәлім.

«Тіліңіз төгіліп тұр, бірақ сюжетті ойнату жағы қалай, басында тоғайда, орманда жүрген жігіттер соңында да сонда жүреді» деп тілімді тістеп, үндемей қалып едім, «Оу, қарағым, сен дұрыс байқапсың, сол менің жетістігім шығар, басқа көзбен қарап көрші», – деді, артынан қарасам, шынымен жетістігі сонда екен», бұл – филолог-ғалым Гаухар Балтабаеваның сөзі. Зерттеушінің айтуынша, «Бұқтырма сарыны» повесі кеңестік кезеңде «ұлттар достығы, олардың қызықты характері әңгімеленген» деп тым жалаң, үстірт бағаланған. Бүгін турасын айтсақ, хикаяттағы кейіпкерлер Кеңес өкіметіне қарсылығын білдіре алмаған, жүйені жатсынған адамның бейнесі. Өз ошағының берекесін өзі қашырған Жагор шал, оның ұлы қашып-пысқан Федор, жалпы алғанда, бояу реңі өзгеше трагедиялық шығарма. Гаухар Балтабаева шығармашылығын зерттеп жүрген соң, ағасымен бірнеше мәрте кездесіп әңгімелессе керек. Бірде «күреңсе» сөзі туралы сұрапты. Сөйтсе, ағасы күреңсе туралы бір сағат лекция оқыпты. «Жазушы ғана емес, этнограф, биолог, Алтайының жоқшысы, іздеушісі екен», – деді.

Гаухар Балтабаева айтса айтқандай, атамекені Қатон-Қарағай ауданының табиғи қорығын бес-алты жыл соңында жүріп, ЮНЕСКО-ның қорғауына тіркеткенінен біз де хабардармыз. Бұл жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек те сөз етті. «Ағамыз кішпейіл, өте бауырмал, өзін бетегеден биік, жусаннан аласа ұстайтын, қасында он бір жыл жүрдім», – деген Ғалым Қалибекұлы тек образбен сөйлейтінін еске алды. Бұйрабас әрі қалың шашын ұзындау қылып жіберетін Ғалым інісі екі-үш күн хабарласпай кетсе, телефон шалып іздейді екен. Қазақы ортада өзге жылқының жалын күзегенімен, үйірдегі айғырдың жалын күзей бермейді. Айғыр екені анадайдан көрініп, жалының ұшы жерге тиер-тимес салбырап жүретіні де болады. Соны меңзегені болар, «Қайда жүрсің, ошағанның арасынан бие қуған айғыр құсап» деп тергейтін көрінеді.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, лингвист-ғалым Құралай Күдеринованың Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» шығармасындағы стиль мен сөз саптам туралы зерттеуі де қызықты көрінді. Әрине, «Қоңыр күз еді» – кезінде ең көп оқылған шығарманың бірі. Қазір де оқылады. Стилист-жазушы деген ұғым бар. Ғалымның пікірінше, стилист деп шығарманың тілі кішкентай детальдың өзін ерекше етіп көрсете алатын, өзінің әлемі бар, көзге елестете алатын картинадан тұратын кино іспеттес, аяқталғаннан кейін ішінен шығу қиын, жадыңда мәңгі сақталатын шығарма жазған жазушыны айтамыз. Қазақ әдебиетінде стилист-жазушы атанған қаламгер көп емес. Атап айтсақ: Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақ, Рахымжан Отарбаев.

Шынайы, таза, ақ көңіл, кірпияз, адамға деген ерекше сүйіспеншілігі, мейірімі Қалихан Ысқақтың стилін жасаған психологиялық ерекшеліктері екен. Бұл белгілерін ғалым жазушымен бірге жүрген адамдардың естелігі арқылы анықтапты. Оған қоса дәлдікпен сөзді таңдауға келгенде алдына жан салмайды. Жазушылардың есінде болатын бір ерекшелік – сөйлеу тілінің табиғи қалпы шығарманы жасандылықтан ада ететін көрінеді. «Қоңыр күз едіге» талдау жасаған ғалым мынадай белгілерін анықтаған: Сөйлеу тілі оралымы – 87, сөйлеу тіліндегі тұрақты тіркес – 84, бейнелі сөйлем – 86, метонимия 9 (метонимия – жалпының орнына жалқыны, бүтіннің орнына бөлшекті қолдану. Сөзге юмор, сарказм беретін троптың ерекше түрі) кездесіпті. Асқар Сүлейменов «өте әдемі әңгіме» атаған «Қоңыр күз еді» туындысындағы ілкідегі сандарды Құралай Күдеринова жоғары-төмен кестемен көрсетіпті. Жазушы өзі айтқандай, «прозада поэзиядағыдай ырғақ болу керек» дегені ғалым жасаған әлгі сандық зерттеуінен де көрініп тұр екен. Туындыда аса бір жарқ-жұрқ еткен көркем образ жоқ дегені де рас.

Француздардың дәлелдеуі бойынша, жалпы көркем шығармада үш стиль бар делінеді. Олар: көтеріңкі, ортаңғы, қарапайым. Қалихан Ысқақ ортаңғы стильде жазған. Ол талғампаз стильге сәйкес келеді. «Сөзді таңдап, талғап қолданатын жазушылардың бірегейі». Бұл әйгілі шығарманың сол арқылы автордың стиліне, сөз саптасына талдау жасаған ғалым осындай байлам жасаған.

Ақын Ұлықбек Есдәулет: «Қоңыр күз еді» өлең секілді оқылады. Ол жалпы шығармашылығына тән себепті ғалымдар «Қалиханның поэтикасы» деген тақырыпты зерттесе. Оралханның қара сөзбен жырлаймыны басқа», – деп бастап қызықты естелік айтты. Қалихан өзі: «Мен көзімді Бейімбетпен аштым. Кейін бірақ стилімді еуропашыландырып жібердім. Толстойды да, Түргеновті де аудардым, Бунинге келіп тоқтап қалдым, ең жаныма жақыны сол болды», – дейді екен.

Жазушылар арасында айтылатын «бес тапал» туралы қызықты хикая аз емес. Бес тапал кімдер екенін Нұрдәулет Ақыш айтып берді. Олар: Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмәділов, Әкім Тарази. Мұқағали Мақатаев Рамзай атаған Рамазан Тоқтаровпен Ұлықбек Есдәулет Мәскеуде екі жыл бірге оқыпты. Сонда небір қызығын айтқызыпты.

Бір күні бесеуі отырып «әйеліміз біз туралы не айтар екен» деп ауысып бір-бірінің үйіне телефон шалады. Бәрін ішіндегі тентектеу Рамзай бастаса керек. Бірінші Сайынның үйіне телефондайды, «Сайын бар ма екен?» – деген сұраққа жеңешеміз: «Жүрген шығар, жиналыс, жиналыс деп, жиналыста басың қалғыр», – депті, енді Рамазанның өзін тексерейік дейді, достары, Рамзай­дың әйелі: «Қай жерде тегін арақ, сол жерде жүрген шығар», – дейді, Әкімнің үйіне кезек келеді, ол кезде Розаға кездеспеген кезі болу керек. Бұрынғы жары: «Жүрген шығар қыз-келіншек қуалап», – депті. Сосын, Қалиханның үйіне телефондайды: «Дәмеш, Қалихан үйде ме?» десе, «Ол үйде, бағана келіп ұйықтап қалған, таңға жуық тұрып жазу жазады, оятпаймын», – депті. Сөйтіп, Дәмеш апа күйеуін қорғап, бәрінен озыпты (Қабдеш Жұмәділов ол жерде болмады ма – айтылмады).

Ұлықбек Есдәулет марқұм Бердібек Сапарбаев әкім болып тұрғанда бірнеше жыл Шығыс Қазақстан облысында поэзия фестивалін өткізіпті. Алматы жақтан Қабдеш, Қадыр, Тұманбай ағалары келетін болғасын, әкімге айтып, Қатон-Қарағайда тұратын Қалихан ағасын алдыртады. Ондай жиынның соңы банкетпен бітетіні мәлім, облыс әкімінің қасына Қалихан ағаны отыр­ғызбақ болады, сол өңірдегі ақсақал болғасын жол Қалекеңдікі. Сөйтсе, жеңгеміз: «Әй, Қалихан, мына жерге әкім келеді дейді, ұят емес пе, жүр кетейік», – деп Ұлықбек інісі әкеліп отыр­ғызып қойса да, екі рет кетіп қалыпты, үшінші мәрте әкім келген кезде әрең байыздап көрсетілген креслоға жамбас басыпты.

Ұлықбек Есдәулет «Жұлдыз» журналында бас редактор болып жүргенде жастарға нөмір арнайық деп келісіпті қызметкерлерімен. Қалекеңе проза бөлімін жауаптандырып қойса керек. Сөйтсе, жастарды быт-шытын шығарып сынап жазып келіпті, ақ батаңызды берген алғы сөз керек деп әрең райынан қайтарыпты. Асқар Сүлейменов жап-жас көршісі Ұлықбекті курьер ретінде жұмсап: «Сен одақта жүрсің ғой, мына папканы Қалихан ағаңа апарып бер», – дейді екен. Басқа ешкімді мойындамайтын Асекең жазғанын Қалекеңе бір оқытып алатын шығармашылық достықтары болыпты. Дидахмет Әшімхан «Аққабаның толқыны» деген керемет әңгімесінің кейбір сөйлемдерінің тігісін жатқызып жөндеп берді деп өзі айтыпты. «Бірде, – дейді Ұлықбек Есдәулет, – Әкім аға екеуі алдымда кетіп барады екен, бақылап, қуып жетпей, еріп отырдым, Қалихан аға сақалы шошаңдап кірпішті көрсетіп, бірдеңені айтып, айтып кетіп қалды, келсем Әкім аға үңіліп тұр, қарасам, жай ғана кірпіш, кірпіш туралы қандай трактат айтқанын білмедім, – деп күлдірді.

Режиссер Әубәкір Рахимов те Қалихан Ысқақтың еңбекқорлығын, досқа адалдығын сөз етті. Қазақфильм кино студиясы сценарий жоқ деген желеумен жабылып қалайын деп тұрғанда, Мәскеу­де оқып жүрген Қалағаң екі сценарийге қол қойғызып алып келіп, сақтап қалған екен. Әйтпегенде деректі фильм студиясы қылып өзгертпек болыпты. Театрда әдебиет бөлімін басқарып жүріп, көптеген драматургтің пьесасын қайта өңдеп жазыпты. Соның ешқайсысын мен өңдедім деп айтпапты. Орысша жазылған «Томирис» пьесасын қазақшалапты. «Ой, идея автордікі» деп қосымша автор атануға келіспепті.

Қалихан Ысқақтың әдеби ортада айтылатын Ақан Нұрмановтың аяқталмай қалған романы «Құланның ажалын» аяқтап шығуы расында үлкен ерлік, достыққа адалдық. Айтпақшы, осы жиынды бас ие болып өткізген марқұм Дидахмет Әшімхан ағаның ұлы Дәулет Дидахметұлына жиналғандар түгел алғыс айтты. Жақсының тұқымы деген – осы.

 

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili» газеті.

Добавить комментарий