(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №14 әңгімеге рецензия)

Тұлғаның тегі мен тамырын іздеуі – қазіргі қазақ әдебиетінде жиі көтерілетін тақырып. Марлен – шетел асып кеткен, батыстық мәдениетке сіңіп кеткен кейіпкер. Бірақ оның көкірегіндегі бір сезім – жадтың жаңғырығы атажұртына жетелейді. Бұл мынау жаһандану жағдайындағы қазақ үшін өте өзекті. Автор осы өзін тану мәселесін эстетикалық құрал арқылы бере алған.

Оқиғаға алғаш бой ұрғанда тастанды бала тағдырына қатысты деректі әңгіме секілді көрінуі мүмкін. Бірақ баяндау желісінің жүлгесінен туындаған эпизодтар мен параллель арналар салмағы шығарманың басты жүгін иығына артқан. Негізгі кейіпкер – Әрсен. Бірақ бұл хикая бір ғана баланың тағдыры емес, тамырынан үзіліп, туған жерімен тек түс арқылы ғана байланысып  тұрған ұрпақтың нышаны. Тіпті, Әрсен – бүгінгі жаһанданған заманда өз тілінен, өз дәстүрінен, өз тегінен алыстаған, бірақ түпкі санасында сол жоғалған Отанның тауы мен суын, әні мен әуенін, исін аңсайтын ұрпақтың әдеби бейнесі.

Басты сюжет 7 жасар баланың анасымен Ресейге ем алуға еріп баруы, шетелдік отбасыға асырауға берілуі, жілік майы толысқан жігіттің туған топырағын тек түсінде көріп, түйсігіндегі түртпекпен еліне қайта оралуы және АҚШ-қа қайтуын қамтиды. Осы сыртқы желінің ар жағында қаптаған рәміз бен астар, үнсіздік пен ұғыну, жымысқы жүйе мен рухани күйреу қатар еріп отырады. Мұнда көркем бейне мен қоғамдық дерт, жеке трагедия мен ұжымдық ұят қатар өріледі.

Анасы Әлия – науқас баланы дүниеге әкелген, аз ғұмыры оны аурудан айықтырамын деп арпалыспен өткен әйелдің жиынтық бейнесі. Ол ұлын Мәскеу клиникасында жалғыз қалдыруға  мәжбүр, бәлкім таңдау еркі де сол шығар. Автор ашып айтпаса да бұған мемлекет пен медицина, әлеуметтік қамсыздандыру мен рухани жәрдем жүйесін үнсіз айыптайды. Ананы айыптамайды, тіпті ақтамайды да. Өйткені, ол баласын сатқан жоқ, жетім қылып тастаған емес, бірақ жоғалтуға мәжбүр болды. Шығармадағы басты қайғы – осы.

Әрсен – аты қазақ, заты америкалық бала. Бірақ ол түсінде қазақ даласын көреді. Бұл түс – ұмытылған жадының, көмілген кіндіктің белгісі. Өйткені  баланың кіндігі жерге көмілмеген, туған үйінің босағасына бұйырмай, қалтадағы тұмарға байланып қалған. Мұндағы айтылмақ мән – топырақта, тілде, танымда, туыстық қатынаста жатқандай. Шығармадағы ең сүңгі символ – осы тұмар.

Ал Қайрат ше? Қайрат – Әрсеннің әкесі. Бірақ ол баласын «тірі көмгенде» де, тірі көргенде де үнсіз қалады. Бұл – қоғамдағы өз міндетін, өз мәртебесін әлсіреткен әке бейнесі. Ат үстінде жүрудің орнына, аттың тасасында қалған ер. Бұл жерде автор тек бір адамның емес, тұтас буынның күйін суреттейді: еркек – үнсіз, заң – дәрменсіз, қоғам – салғырт.

Әрсеннің шетелге заңсыз қалай кеткені ашылып айтылмайды. Осы ашылмаған тұс – ең ауыр түйін. Сол түйіншектелген түйіннің ішінен мемлекеттік жүйенің, заң мен әділеттің тұманданып кеткен кейпін көреміз.

Самат пен Қадиша – бүтіндікке ұмтылған бейнелер. Бірі – жанашыр ағайын, екіншісі – өз бауырынан бала өрмесе де, ана бола білген асқақ рух иесі. Автор осы қос кейіпкер арқылы бүгінгі қоғамда асыл қасиеттердің ешбірінен  қол үзбеген, адамдық ардан айрылмаған азшылықты бейнелейді. Себебі олар – қос үміт, ал трагедия – тұтас халыққа ортақ.

Шығармада ештеңе шешілмейді. Шешілмейтіні де заңды. Себебі бұл хикая ұлттың ішкі дертін сипаттауға арналған. Әңгіме аяқталмайды. Алайда сұрақтар алдымыздан самсап шығады. Қайрат пен Әлия шешім қабылдады, Мадам Ларен мен Джордж таңдау жасады. Әрсен де, Самат та әрекет етті. Ал енді біз ше? Шығарма оқырманның өз ішінде аяқталуға тиіс дүние. Өйткені ол – әдеби шындықтан бұрын ұлттық ар алдындағы айна. Бұл айнада кімнің жүзі бар, кімнің көлеңкесі тұр – соны оқырман өзі көрмек. Жазушы соған жағдай жасап қана отыр.

Бұл шығарманы жай ғана көркем дүние деуге келмейді. Ол – әлеуметтік-мәдени дабыл. Өйткені бүгінгі Қазақстанда шетел асып кеткен балалар саны мыңдап саналады. Бір ғана 1999-2011 жылдар аралығында 8805 баланы өзге елдің азаматтары асырап алған. Олардың көбі жайлы қазір мәлімет жоқ. Олар қайда? Қай тілде сөйлейді? Қай дәстүрмен өсіп жатыр? Әрсен – солардың әдеби бейнесі. Ол – Бельгияда жүрген «Жәнібек», АҚШ-та адасқан «Айым», Африкада өмір сүріп жатқан «Аслан».

Бұл сұрақтарға шығарма жауап бермейді. Бізден сұрайды. Егер бәріміз кіндік қанымыз тамған  жерді ұмытсақ, тұмар ғып түйген түйір топырақпен тұтас ел бола аламыз ба? Егер елдің баласын елге қайтара алмасақ, ел болып қала аламыз ба? Бұл сұрақтардың салмағы – шығарманың тынысы. Бұл тыныс – дем емес, күрсініс.

«Тұмаркіндік» – ұлт болу ұранмен емес, ұрпақпен өлшенетінін еске салған туынды. Ұмытпасақ екен.

 

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий