Жаңғырық: «Айдын» – 20 жыл
Алаш туы астында
Өлсек бірге өлдік біз!
Не жақсылық, не қайғы,
Көрсек бірге көрдік біз.
Ішкі жанжал таласты,
Күншілдікпен қарасты,
Мына жерге көмдік біз!
Жасасын Алаш, жасасын!
Сұлтанмахмұт Торайғыров.
XX-шы ғасыр. Осы жүзжылдықтың тарихы қарама-қайшылықтарға толы. Бір өзінің бес ғасырдың салмағына пара-пар зілі бар, бейнеті мол, батпан ғасыр. Қазақ елінің басына осы ғасырда түскен қиыншылықтарды еске түсірсең, көзге елестетсең, иманың қасым болады. Қазақ елінің жанқиярлығына, өмір сүйгіштігіне таң қаласың. Басқасы басқа, 1930-1932-ші жылдардағы аштықты алайықшы. Орталық Азиядағы түрік нәсілді халықтардың ішіндегі ең көбі, ең байы, ең білімдісі болып, ғасыр шекарасынан асып, болашаққа жастық жігермен, қайратпен ұмтылған қазақ елінің жартысы қырылып, қалғаны көрген азабынан, қорлығынан есі шығып кетті. Жер ауып, Жиделі – Байсынды іздеп, жат елге тентіреп кеткені қаншама?!
XX ғасырдың 30-шы жылдарындағы ғаламат апаттан әлсіреп, жаншылып шыққан қазақ елінің 1939-1945-ші жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстағы сайыпқыран ерлігіне тәнті боласың. Не деген қайсарлық, не деген жанкештілік?! 400 мың қазақ азаматының сүйегі Еуропаның әр өлкесінде жатыр. Айдаһарды үш кессең де кесірткелік күші бар дейді. Біздің аталарымыз әлемді тітіреткен ұлы еуразиялық империялар құрған ер жүрек көшпелілер суперэтносының тұяғы екенін тағы да дәлелдеді.
Қазақтың өміршеңдігіне себеп болған не еді? Ең алдымен біз Алаш ұранын айтқанымыз жөн. Қазақ әлі күнге «Атамыз – Алаш, керегіміз – ағаш» дейді, осы ұран жер жүзінде қанша қазақ бар, барлығын бауыр, туыс, ағайын қылып басын қосады. Себебі Алаш идеясы – туысқандық идеясы. Сонымен бірге Алаш – ең алдымен мемлекет, «Алаш деген ұранға қосылмағанды әкең де болса ұрып жық» дейді қазақ. Бұл мемлекет мүддесі үшін ең жақын туысысыңның өзін аяма дегенді білдіреді. Қазақ елін XX ғасырдағы сан зобалаңнан аман шыққан – болашақта өз тәуелсіздігімізді аламыз, өз мемлекетімізді қайта құрамыз, жаттың тепкісінен құтыламыз деген елес үміт. Осы қажырлы күрестің арқасында 1991-ші жылы ақ түйенің қарны жарылды, тәуелсіз Қазақ ордасының туын көтердік.
XX ғасырдың басында Қазақстан аумағы Ресей империясының әртүрлі әкімшілік орталықтарының құрамында болды. Далалық (Омбы мен Орынбор), Түркістан, Астрахан генерал-губернаторлықтары мен Каспий сырты (Закаспий) облыстары. Ресей империясы әлеуметтік-экономикалық жағынан жедел қарқынмен даму үстінде болды, капиталистік өндіріс қанат жая бастады. Осы қарым-қатынастармен қазақ қоғамындағы партиархалдық-туыстық негізде қалыптасқан ерекше дәстүрлер үйлесім тауып жаты. Қазақ қоғамындағы ішкі қарама-қайшылық тап күресіне дейін жетпесе де байы бай, кедейі кедей болып өмір сүрді. Бірақ «түбіміз Алаш, тегіміз Алаш» дейтін түсінік арқасында ел бір-біріне деген мейірімділігінен, өзара көмегінен ажыраған жоқ. Қазақтың басын қосатын ол кездегі жалғыз идея – бостандық болды.
XX ғасырдың басына дүниежүзінде, Ресейде, оның ішінде Қазақстанда да болған түрлі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың әсері: 1905-1907 жылғы бірінші орыс революциясы, 1914-1918 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылғы ақпан, одан сонғы қазақ төңкересі қазақ халқының санасының оянып, саяси істерге араласуына, тәуелсіздік үшін күрес жолына түсіп, Алаш қозғалысын құруға, одан соң Алашорда үкіметін орнатып, Алаш партиясын жариялауға алып келді.
Бұл туралы академик Кеңес Нұрпейісов өзінің «Алаш һәм Алашорда» деген монографиясында: «Алаш» немесе «Алашорда қозғалысы» – бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Сондақтан да әуел бастан Алаш (Алашорда) қозғалысына жататын жекелген мәселелердің басын ашып, оларды нақты түрде қарастырған жөн. Біріншіден, олар саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекет құрылысы түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақтың мемлекеттілігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер. Осы нақты үш мәселе жиынтығы «Алаш» немесе «Алашорда» қозғалысы деген ұғымды білдіреді» деп жазған. Шындығында «Алашорда қозғалысының» мәні тереңде жатыр. Ол 1905 жылғы 14,5 мың адам қол қойып, патшалық самодержавияның отарлау саясатына наразылық білдірген «Қарқаралы» құзырхатынан басталады.
Түптеп келгенде, Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ елінің өзін – өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйесін құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мол шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, нарықтық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқығын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажетті шарттар түзу болды.
1914-1918 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыстың ел ішін күйзелткен ауыртпалығынан және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің зардаптарынан ащы сабақ алған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының іс-қимылдары, әсіресе 1917 жылдың ақпан және желтоқсан айларының аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті деп бағалауға болады. Себебі, осы уақыт ішінде алдымен қазақ комитеттерінің пайда болуы, кейіннен іле-шала Алаш партиясының, соңынан Алашорда үкіметінің құрылуы осына дәлелдейді.
Қазақ саяси партиясын, яғни Алашорда партиясын құру туралы мәселе 1917 жылдың шілде айының 21-26 аралығында Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ құрылтайында қаралып, жүзеге асырылды. Ал, Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады, облыстық ұйымдар алдымен Семейде, кейін Омбы және Орынборда ашылды. Облыстық партия комитеттерінің төрағалары болып Семейде Халел Ғаббасов, Омбыда Айдархан Тұрлыбаев, Торғайда Әлихан Бөкейханов сайланды. Бірақ партияның арнайы құрылтайын шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге ешқандай мүмкіндік болмағандықтан, Орталық комитет құрылмады.
Ал, Алаш автономиясының үкіметі (Ұлт Кеңесі) болса, 1917 жылдың желтоқсан айының 5-13 жұлдызы аралығында Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ құрылтайында сайланды. Құрылтайдың күн тәртібінде қарастырған басты он мәселенің ең маңыздысы – Алаш автономиясын құру және оның үкіметін сайлау болды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 25 қаңтар күнгі санында: «Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатынан уақытша ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады» деп жазыпты.
Жоғарыда атап өткеніміздегі құрылтайда құрылған Алаш автономиясының үкіметі – уақытша ұлттық кеңес – Алашорда деп аталынды. Оның басты мақсаты қазақстанды большевиктердің төңкерісінен қорғау болады. Алашорда үкіметінің басшылары мен мүшелері түгелге жуық Петроград, Москва, Қазан, Томскінің жоғары оқу орындарын бітірген, саяси істерде шыныққан Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышпаев, Жақып Ақбаев, Отыншы Әлжанов сияқты біртуар азаматтар болатын. Сондай-ақ, Алашорданың құрамына қазақстанның барлық аймақтарынан Уәлихан Тоқашев, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Айдархан Тұрлыбаев, Халел Ғаббасов, Садық Аманжолов және т.б. сайланды.
Алашорданың басты органы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов 1913 жылдан 1918 жылға дейін Орынбор қаласында шығарып тұрған «Қазақ» жалпыұлттық демократиясының газеті саналды. Бірақ оның Қазақстанның басқа аймақтарында да «Бірлік туы», «Ұран», «Сарыарқа», «Абай» сияқты басылымдары болды. Оларды Сұлтанбек Қожанов, Халел Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов тәрізді ақын, жазушы, ғалым, қоғам қайраткерлері шығарып тұрды. Олардың халық арасында беделі өте жоғары болды. Мысалы, С.Қожанов, М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, Х.Ғаббасов, А.Байтұрсынов большевиктердің көсемі В.И.Ленинмен, И.В.Сталинмен тікелей қарын-қатынаста болып, кейде олардың үрейін де ұшарып отырды. Әлімхан Ермековтің Ертіс пен Жайықтың жағасын қазаққа қайтарып берген күресі, Лениннің алдында Сибревком делегациясын тас-талқан қылған баяндамасы елдің есінде ме?
Сондықтан да болар Уақытша өкімет те, большевиктер де Түркістан автономиясын да (Қазан автономиясы), Алашорда үкіметін де қолдамай, жекедара билік орнату мақсатымен қазақ жерінде өздерінің өктемдік саясатын орнатуға бар күш-жігерлерін сарқа жұмсады. Оның үстіне 1918-1920 жылдардағы Шетел интервенциясы мен азамат соғысы да Алашорда қозғалысының кең өріс алып, тұрақтануына мүмкіндік бермеді.
Бұл туралы тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиев «Алашорда азамат соғысы жылдарында Кеңес құрылысына жау күштер жағында болды. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін таратты. Кеңес өкіметі Алаш пен Алашорданы қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісінде қару жұмсап, күштеу жолын да қолданды. Кезінде (1919-1920 жж.) Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды» деп жазды өзінің «Алашорда қозғалысы» еңбегінде.
Алаш қозғалысына Кереку-Баян елі де белсене араласты. Бұл жерде, әсіресе, зиялы қауым өкілдірін ерекше атау керек. Олардың барлығы да ерте замандардан бері қазақтың ұлт болуын ойлаған, патша үкіметімен сан рет айқасқа шыққан, сол кездің өзінде ұлыс елді меңгерген әулеттердің өкілдері болды. Революцияға дейін Павлодар уезі Семей облысына қарағаны белгілі. Ақпан революциясы болып, Николай тақтан түскеннен кейін алғашқы қазақ комитеті осы Семей қаласында құрылды. 1917-ші жылдың 27-ші сәуірі мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезінде облыстық комитеттің мүшесі болып Мұқыш Боштаев және Жүсіпбек Аймауытов сайланды. Съезді құттықтап сөйлеушілердің арасында павлодарлық Омархан Күзембаев деген азамат бар. Алты Алашқа белгілі, танымал Шәкәрім Құдайбердіұлынан кейін сөйлеу үшін де бедел, білім, тіпті жүрек керек шығар.
Осы аталған азамат сол жылы Павлодар уездік қазақ комитетіне жетекшілік жасады. Өкінішке қарай біз әлі күнге дейін Омархан Күзембаев туралы аз білеміз. Павлодар тарихымен айналысып жүрген азаматтарға жұмыс аз емес.
Баянның тағы бір таңдаулы азаматы Қошке Кемеңгеров Омбыда құрылған Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болып еліне, соның ішінде Баян жеріне де елді ұйымдастыру үшін келді.
Павлодар уезінің бірінші қазақ съезі 1918-ші жылдың 15-ші ақпанында болды. Ел алмағайып жағдайда еді. Дүниежүзілік соғысы майданынан қашқан орыс солдаттар, әуел бастан Ертісті мекендеп қалған содыр-сойқан қазақ-орыс, қалада саудамен, кәсіппен айналасып жүрген орыс-татар мещан-саудагер қауым, бәрі бөлек-бөлек, ел ат басын қайда тірерін білмеді. Осыған қарамастан, Павлодардың бірінші қазақ съезі бұл өлкенің тірішілігіндегі елеулі оқиға болды. Съездің жұмысына Тұрағұл Құнанбаев пен Міржақып Дулатов қатысты. Ұлттық қорға деп қала халқы 21939, татар тұрғындар өз бетінше 8500 сом ақша жинады.
Павлодардың екінші қазақ съезі 1918-ші жылдың 25 маусымында болды. Ол кезде аз уақыт қалада билік жүргізген большевиктер биліктен кетіп, қазаққа қарсылар азайып, соның арқасында Уездік Алаш Кеңесі құрылды. Оның алғашқы төрағасы болып Ертіс бойының азаматы Қабыш Бердалин сайланды. Қабыш иісі қазаққа танымал Қазанғап бидің немересі еді. Оның орынбасары баянауылдық Ахметолла Барлыбаев, мүшелері болып Иманқұл Бедісов, Мұхтар Жәлелденов, Омархан Күзембаев сайланды. Осылайша, 1917-ші жылдың 13-ші желтоқсанында Орынборда құрылған Алаш орда үкіметінің шешімдері елден қолдау тауып, оның жергілікті органдары құрыла бастады.
Осыған байланысты жергілікті өлкетанушылардың алдында үлкен жұмыстар бар. Ол жұмысты жан-жақты жүргізген дұрыс деп есептемейміз. Мысалы, Алаш Кеңесі шаруашылық жұмыстарды қалай басқарды, земство жұмысын игере алды ма, әлеуметтік және этникалық мәселелерді қалай шешті деген сияқты. Сонымен бірге архив құжаттарына қарағанда осы кеңестің шешімімен 150 адамдық алаш отряды құрылған. Олардың міндеті елде тыныштықты ұстап отыру, большевиктерді тізгіндеу т.б. Біз әлі күнге дейін осы отряд туралы еш хабар білмейміз, оның құрамында кімдер болды, кім басқарды деген мәліметтерді зерттеген жоқпыз.
Осы кезенде Алаштың Павлодар уездік кеңесінің атқарған істері: совет үкіметінің заңдары мен төтенше жарлықтарының күшін жою, земство туралы, әскери кеңес құру, дін бостандығын беру, жариялылық және бостандық, жер туралы, темір жол және коммуникация туралы, мемлекеттік салық т.б. Осылардың ішінде ең бастысының бірі – темір жол мен коммуникация, себебі қандай бір мемлекет болмасын бір орталыққа бағынған шаруашылық жүйесін құруға мүдделі. Алаш орда үкіметінің Батыс және Шығыс болып бөлінуі де ұлан-байтақ қазақ жерінің ішкі инфрақұрылымы жетілмегеннен еді.
1918-ші жылдың 17 қаңтарында өткен Семей облыстық земство жиналысына Павлодар уездік ұйымы түгел қатысты. Ол кезде бұл ұйым түгелдей Алаш орда ықпалына өткенін көптеген мысалдардан көреміз. Облыстық земствоны басқарған Р.Мәрсековтың жанына Павлодардан уәкіл болып М.Боштаев, Ә.Сәтбаев, И.Әлімбеков сайланды. Иман Әлімбековтың түбі Қарқаралылық азамат. Облыстық земствоның мүшесі болып павлодарлық К.Мұстафин, Қ.Бердалин сайланады. Оның үстіне Мұқыш Боштаев облыстық қазақ сотына өтті. Қ.Мұстафин Павлодар уездік сотының мүшесі есебінде белгілі.
Біздің өлкедегі «Алаш қозғалысы», «Алашорда үкіметі» тарихын зерттеу барысында сол кезеңде шыққан әр түрлі газеттер мен журналдарға («Сарыарқа», «Халық үні», «Абай», «Жас азамат»), әр түрлі саяси ұйымдарға, оның ішінде жастардың топтарына («Ғалым», «Бірлік», «Қызмет», «Ғылым» ұйымы) көңіл бөлу керек. Ол кезде Павлодар қаласы 10 мыңнан әзер ғана асатын адамы бар, шағын провинциалды қала, осыған қарамастан саяси өмірдің қуаты үлкен қалаға бергісіз. Оған себеп зиялы қауымның, оның ішінде мұғалімдердің белсенділігі сияқты. Мысалы, 1917 жылы құрылған «Ғылым ұйымы» қоғамы Павлодарда мұғалімдер дайындайтын қысқа мерзімдік курстарды ұйымдастырумен айналысты. «Ғылым» – оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау, мектеп мұғалімдерін аттестациялаумен айналысты. Оның құрамында Әбікей Сәтбаев, Ахметжан Күзембаев т.б. азаматтар болды.
Соңғы бірнеше жыл С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары мен оқытушалыры Кереку-Баян өңіріне еңбегі сіңген азаматтарды елге танытумен айналысып келеді. Жыл сайын республика көлемінде өткізіліп тұратын конференциялар да, соның ішінде Сәтбаев оқулары да осы мақсатты көздейді. Дегенмен, әлі де жұмыс аз еместігі анық. Тіпті Жүсіпбек Аймауытов пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұраны», «Жасасын Алаш, жасасын», «Ғаскер өлеңі» (марш) өлеңдері де Алаш орда тарихтын зерттеу тұрғысынан терең мән беруді қажет етіп тұрған сияқты. Бұл мәселе Қошке Кеңмеңгеров тұлғасына, оның әдеби-публицистикалық мұрсына да қатысты.
«Алаш» қозғалысын зерттеу барысында біз қазақтың сан мыңдаған жас азаматарының XX ғасырдың басындағы тағдарына қанық болмақпыз. Олардың арман-мүддесі, ой-тілегі Алаш ұранымен тікелей байланысты болғаны шүбәсіз. Сонда ғана біз жоғалтқанымызды түгендейміз, ел болудың жаңа сатысына көтеріліміз. Тәуелсіздікті одан әрі нығайту, рухани тірек табу қазақ қоғамының Алаш дәстүрлерін игеруі арқылы жүзеге аспақ. Сонда ғана Жүсіпбектің:
Арғы атам ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз.
Алаштың ақ туын,
Қолға алып, ақырып,
«Алаштап» шапқанда,
Жауға ойран саламыз, – дейтін ұранды сөздерінің мағынасы қазақ баласына түгел түсінікті болмақ.
Қалай болғанда да Қазақстан тарихында Алашорда – тәуелсіздік бастауы болып саналады. Себебі, қазіргі тәуелсіз жалпыұлттық демократиялық Қазақстан жағдайында XX ғасыр басындағы елімізде болған саяси хал-ахуал қайтадан шындық тұрғыдан қарастылып, өзінің әділ бағасын алуда. Ал, кезінде отаным, елім, жерім, туған халқым деп өткен «Қызыл саясат» құрығына іліккен алашордашылдар мен олардың оң істерін жаңа сипатта одан әрі жалғастырған Т.Рысқұлов, С.Аспандияров, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев сияқты ондаған, жүздеген қоғам қайраткерлері ақталып, ұлт мақтанышына айналуда.
Қазақ халқының ұлы, классик ақындарының бірі Жұбан Молдағалиев ағамыз айттандай «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бүгінгідей тәуелсіздік таңына үш ғасырлық бодандықтан соң, талай қиындықтарды көріп, талай от пен судан өтіп, небір Отаным, елім, жерім деп туған арыстарынан айырылып, қол жеткізгені тарихта қаламмен емес, қанмен жазылып мәңгілікке сақталып қалған. Әрине, басқа да отар елдердің тарихы сияқты, қазақ халқының тарихы үнемі бұрмаланып, бір жақты жазылып келгендігі шындық. Оның ішінде әсіресе Алашорда тарихы. Бұл туралы қазір біздің қолымызда Қазақстанға танымал Кеңес Нұрпейісовтың «Алаш һәм алашорда», Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты зерттеу монографиялары және бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар болса да, бұл мәселе түбегейлі шешіліп, тарихтан, саясаттан өз орнын таба қойды деп айтуға болмайды. Өйткені, әлі де болса жекелеген ғалымдардың, саясаткерлердің, бұқара халықтың арасында қарама-қарсы пікірлер кездесіп қалады. Сондықтан да болар биыл ресми түрде Алашорда қозғалысының 90 жылдығы болса да, республика көлемінде кеңінен аталып өтілмей жатқандығы.
Ештен кеш жақсы деген. Кеште болса осы мақаламыз арқылы қалың елдің жүрегіне ой салайық, білген деректерімізді ортаға ұсынайық дедік. Бұл бір жағынан осы биылғы жылы күзде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткізілмек ғылыми конференцияның бастамасы да. Ғылыми қауым елден, азаматтардан қолдау күтеді.
Ерлан АРЫН,
экономика ғылымдарының докторы, профессор.