Жуырда қасиетті де киелі Ерейментау жерінде «Қазақтың қамал корғаны» болған даңқты қолбасшы, мәмлегер Қанжығалы Бөгенбай батырдың 345 жылдығы, «Арғынның ақсақалы» атанған, даланың абыз, би, шешені Саққұлақ бидің 225 жылдығы және діни ғұлама, ақын, ойшыл, фольклоршы Садуақас Ғылманидің 135 жылдығына орай «Тау тұлғалардың елі – Ерейментау» атты ұлттық мәдени-спорттық іс-шара саланаты өтті.

Ерейментау маңындағы Малтабар ауылының солтүстік-шығысындағы  жазықта халық қалың жиналып боз кілемде қазақша күрес жарысын, ипподромда ұлттық ат ойындарын: көкпар, бәйге ұлттық ойындар мен сахнада өнерпаздар концертін тамашалады. Ұлттық ат ойындары, қазақша күрес және басқа да  спорт түрлерінен жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне автомобиль, мотоцикл, бағалы сыйлықтар табысталды.

Зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен ғылыми-практикалық конференция ашық аспан астында арнайы орнатылған сахна трибунада халқымыздың тарихын зерттеуші ғалым тарихшылар баяндамалар жасады.  Ауа райының жауын-шашын жауып,  күн бұлттанғанына қарамай жиналған қауым тарихтан тәлім-сабақ алып, жусаны мен жуасының исі аңқыған таза ауада кең отырып, қатар тигілген ақ шаңқан ақбоз киіз үйлерден дәм татып, тамаша мереке серуен құрды. «Ереймен елі» қоғамдық бірлестігі мен  Ерейментау қаласы әкімдігі үлкен жұмыс жасап, барын салып ұйымшылдықпен өткізді.

Тойға республиканың барлық аймақтарынан келген қонақтардың мерекенің көңілінен шыққаны жарқын жүздері мен көтеріңкі көңілдерінен байқалды. Ақынжанды той куәгері өлең  жолдарымен  суреттегендей той өтті Ерейменде дүбірлеген:

…Жан жақтан ағайындар: «Қалай өтті!», –

деп енді салып жатыр сұрау маған,

Айтайын (ақынбыз ғой жыр аулаған,).

Жиналып Алты Алашың Ерейменге,

Дүбірлеп кетті сол күн мынау далам,

Кешегі бабалардың аты аталып,

Сәт болды аруақтарым бір аунаған!

 

Қуанып, ел де міне, жер де міне,

Мәз болды қызық думан көргеніне.

Берейік оң бағасын, той өткізген,

«Ереймен елі»  бірлестігі еңбегіне!

 

Әкімшілер  бас болып, елді жинап,

Шығарды жақсыларды төрлеріне!

Меймандар жайлап есік пен төрді,

Алламыз елге рызық-нәсіп берді,

Орынбасары облыс әкімінің,

Досұлан жиын тойды ашып берді!

Той өтті көңілімізді өсіріп бір,

(Кейбіреу мағынасын кеш ұғып тұр).

Жан-жақтан ғалымдар мен қаламгерлер,

Бас қосып, сөйледі ғой көсіліп бір.

 

Десек те «Ерейментау елім еді!»,

Қайсыбір түсінбестер не біледі?

…. Айтайын қайсыбірін келгендердің,

Сөйлеген ақ батасын бергендердің,

Әйтеуір дүбірлеген бір той өтті,

Тарихы ұмытылмас ел мен жердің!

 

Туғасын Қазақ деген нар анадан,

Дұрыс қой өткеніңді бағалаған,

Ағайын, пендеміз ғой, ұмытпайық,

Өзенді Өмір деген жағалаған.

Бес күндік жалған ертең кетеді өтіп,

Дұрыс қой соны біліп шамалаған.

Сондықтан түйін сөз айтар болсам;

Осындай той болады барлық елде,

Бірлігі мен ынтымағы тарамаған.

Осы орайда,  1991 жылы жазғытұрым  Ерейментауда ең алғаш республика деңгейінде өткен азаттық пен бейбіт дамудың бағасын түсіндірген Қанжығалы Бөгенбай батыр бабамыздың 300 жылдығына арналған той еске оралады.

Павлодар облысы делегациясының құрамында облыстық телерадио комитеттен барып репортаж жүргізуі маған бұйырғанын осы күндері ризашылықпен еске аламын.

Сол күндері орталық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бастаған зиялы қауым өкілдері: Олжас Сүлейменов, Қуаныш Сұлтанов, Кеңестер Одағының екі дүркін батыры Талғат Бегелдинов, белгілі жазушы-ақындар  Алматыдан келіп Ел ішінде халықымен бірге  болып үш күнге жалғасқан ұлан-асыр той-думан салтанатын өткізген еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып» ел іші болашаққа зор үмітпен қарап, қуанышқа бөленген сол күндер ел есінде. Елдің тарихи сана-сенімінде сілкініс болып ұлттық жаңғыру бастауы десек артық айтқандық емес еді. Ата мекен Ерейментау жерінде Мәскеудің неміс автономиясын ашпақ болған дүрбелеңі де ұмытылмаған, Елорданы   Алматыдан Астанаға ауыстыру  идеясының алғашқы қадамы туындағаны сол себептен солтүстіктегі алтын сахарамыз Сарыарқа  жері болатын.

Сол күндері Қазақ елінің бірлігі мен ынтымағы символы болып ашылған «Үш найза» ескерткіші осы күндері  Ерейментау қаласының  кіреберісінде төбе басындағы тұғырында тұр. Ескерткіштің ашылу салтанатында Өзбекәлі Жәнібеков өзінің баяндамасында:

– Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Бірақ  ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз,

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөзді асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

дәмі тұзын ақтай білген елміз,

Асқақтаған хан болса,

хан ордасын таптай білген елміз…, – деген Қаз дауысты Қазбек бидің сөзін қазақ халқының моральдік кодексіне теңеп, сол ұлы сөз осы күнгі қазақ халқына бабалардан қалған өсиет, – деп еді. Иә, мәңгілік Елдің ұран сөзі   әрбір өзін қазақпын, қазақстандықпын дейтіндердің жадында сақтайтын ұлттық коды, моральдік кодексі десе болғандай.

Тағы бір естелік оқиға: Мәскеу Олимпиадасынан  кейінгі сексенінші жылдары балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне бокстан бапкер жаттықтырушы болған кезімде Бөгенбай батыр бабамызға арнап турнир ұйымдастырмақ болғанымда «ұлтшылдық пен рушылдық насихаттау» желеуімен домалақ арыздардан директор үрейленіп өткізе алмаған едік. Енді міне, Тәуелсіздіктің жеңісі Батыр бабаларға ас беріліп, ескерткіштер орнатылып, топонимикалық жер, су аттары атаулары қайтарылуда…

Ерейментаудағы  «Батыр Бабалар тойы» біздің алдын ала келісілген «Класстастар кездесуі» түлектердің қауышуымен тұспа-тұс келіп сыныптастардың емен-жарқын естелік бас қосуымен жалғасты. Жетпіс жасты жағалаған біздің буын КСРО заманының «жоғалған ұрпақ» атандық. Орда бұзар шағымызда Тәуелсіздіктің таңы атып, азаттық жылдары еңбекке белсене араласқан біздің буын бүгіндері  ақсақал мен бәйбіше жасындамыз. Еліміздің еркіндігінің арқасында өмірде кездескен асулардан өтіп,  армандарымыз орындалды бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің бақыты біздің заманымызға бұйырды. Қатарымыз сиреп қалсада Еліміздің болашағына әліде еңбек еттіп немере-шөбере тәрбиелеп отырған жайымыз бар. Класстастар арасында «Құрмет ордені», медальдармен  марапатталғандарымыз, кітап шығарған ақынымыз, мемлекеттік қызметтен, запастағы әскери шенділеріміз, сондай ақ Еліміздің Тәуелсіздігі жолында күрескен қоғам белсенділері, тіпті осы жаста әртіс ретінде рөлдерді сомдап Қазақстанды бейнетаспа роликтерде әлемге жариялап жүрген еңбекқор зейнеткерлерміз де бар.  Ең бастысы бес-оннан бала тәрбиелеген Алтын Алқалы аналар атанған  немерелері мен шөберелерін тербетіп отырған кешегі көзкөрген қыздырымыз бүгіндері ақжүректі Ұлы аналар.

Еліміздің өркендеп дамуына әлі де болса немере-шөберелерді аман-сау тәрбиелеп өз үлесімізді күш қайратымыз жеткенше аға ұрпақ біздер сарп етудеміз. Той тойға ұлассын, туысқан ағайын!

Айдарғазы МАКИШЕВ,

ардагер ұстаз-бапкер,

Павлодар қаласы.

Добавить комментарий