Намысшыл көжек
(ертегі)
Ну орманның тереңінде кішкентай Көжек өмір сүрді. Көжектің жүрегі жұқалау, көңілі нәзік. Жолыққан аңның бәрі оны «Су жүрек» деп мазақтай береді.
– Су жүрек қоянның баласы!
– Қорқақ көжек, өз көлеңкесінен өзі шошиды!
– Біреу түшкірсе, шөпке жасырынып кетеді! – деп Қасқырбай, Түлкітай, Борсықбек секілді қатарластары жиі мазақ астына алады.
Олардың сөздері Көжектің жүрегіне тікен болып қадалып, әр күні, іштей: «Мен де батыр болғым келеді…» – деп үйіне мұңайып оралады.
Күндердің күнінде, орман мектебінің табалдырығында бір тосын оқиға болды. Күндегідей сабағына асыққан аң балалары алдынан зіңгіттей қап-қара Өрмекші шыға келді. Мектептің есігіне жуан торын керіп тастапты.
– Менің ішім пысты! – деп гүр етті ол.
– Біз не істеуміз керек? – деді де Кірпі, қорыққанынан домаланып алды. Оны көрген Өрмекші рахаттана күліп, кенет тоқтай қалды да:
– Мен қорқу сезімдерін көруден шаршадым. Маған ерлік, батырлық деген ұғымды кім көрсете алады?! – деді.
Мұндай сұсты сұраққа бүкіл орман балалары үн қатпады. Үнсіздік орманды бүркеп алды. Үлкен Аю ағай мен кербез Керік апай да абдырап қалды.
– Көжек, сен барсаңшы! – деді Түлкітай миығынан күліп.
– Мүмкін, қорыққанда салатын суретің Өрмекші апайға ұнап, бәрімізді өткізіп жіберер! – деді Борсықбек.
– Қараңдар, қазір көжек жылайды! – деп Қасқырбай кемсіткені үшін рахаттана күлді.
Көжек үндемеді. Жүрегі дүрсілдеп, тұла бойын үрей жайлап бара жатса да, кенет… көзін тарс жұмып тұрып:
– Мен де батыр болғым келеді! – деп айғайлап жіберді.
Өз дауысынан өзі шошып қалғанымен, ешкімге білдірмей, көкірегіндегі намысқа тырысып, Өрмекшіге жақындады:
– Мен тырысып көрем… – деген Көжектің жауабы Өрмекшіге ұнап:
– Жарайсың! Бірінші тапсырмадан өттің! – дегені сол еді, барлық орман балалары:
– Мұндай тапсырмалардан біз де өте аламыз – дей жөнелді.
– Тыныш! Әйтпесе… – деп, гүр еткен дауыстан тағы тыныштық орнады.
– Екінші тапсырма былай, ойлы есеп: Ит таразыға тұрған кезде оның салмағы – 3 келі. Егер ол саусақтарымен тұрса, салмағы қанша болады?
– Иттің саусақтары болмайды, демек ол саусақтарымен тұра алмайды. Салмағы бәрібір – 3 келі – деді, көжек жүрегі қорықанынан жарылып кетердей болып тұрса да, дауысын анық шығарып. Басқа орман балалары бір-бірлерімен:
– Туу, бұл да тапсырма ма? – деп жатты.
– Үшінші тапсырма – менің торымнан, ұзын қолдарымнан қорықпай өтіп, қоңырауды соғу. Батыл, әрі тапқыр көжек екенсің! Сен маған ұнап қалдың. Бірақ… менің торымнан жылдам өтпесең, ренжіме! – деді. Бағанадан бері «осы да тапсырма болып па?» – деп тұрған орман балаларына қарап – Көжектің орынына бұл тапсырмадан өткісі келетіндер бар ма? – деп бәрінің көзіне қарап шықты. Бәрінің аяқтары дірілдеп, дауыстары бітеліп қалды.
Көжек болса, бір сәт демін ішіне тартып, көзін жұмды да, орнынан бір-ақ атылды. Өрмекші сөзін аяқтап үлгермей қалды. Торға ілініп, дәл Өрмекші төне бергенде, бар күшін жинап жүгіре жөнеліп, қоңырауға жетті. Сол-ақ екен, мектеп қоңырауы сылдыр ете қалды!
– Рақмет саған, Көжек! Менің көңілімді көтердің! – деді Өрмекші мәз болып, торын жинап. Орман балалары аң-таң.
– Мынау нағыз батыр көжек қой!
– Бұл нағыз намысшыл көжек екен!
– Біз оны дұрыс түсінбеппіз… – деп, бір-бірлерімен жарысып көжекті мақтай жөнелді. Сол күннен бастап Көжекке бәрі құрметпен қарайтын болды. Ешкім енді оны мазақ етпейді. Себебі: батырлық – күште емес, намыс пен жүректе екенін түсінді.