Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен Павлодар қаласында өзге ұлт өкілдері арасындағы әскери қызметшілерге арналған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттау, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және әскери қызметшілер арасында тіл мәдениетін арттыру.
Байқаудың екінші кезеңіне Өскемен, Семей, Курчатов және Павлодар қалаларындағы Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Қатысушылар мемлекеттік тілде мәнерлеп сөйлеу, көркем сөз оқу, шығармашылық қабілеттерін көрсету бағытында өзара сайысқа түсті.
Қазылар алқасының құрамында «Ақ жол» демократиялық партиясының Павлодар облыстық филиалының қоғамдық-идеологиялық жұмыс жөніндегі маманы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан болды. Қазылар байқауға қатысушылардың тілдік сауаттылығы мен көркем сөйлеу қабілетіне ерекше мән беріп, әділ бағасын берді. Сондай-ақ Айбек Оралханға Шығыс” өңірлік қолбасшылығының атынан тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жөніндегі орынбасары подполковник А.Сеитов алғыс хат тапсырса, Айбек Тілеубекұлы партия филиалы төрағасының атынан ұйымдастырушы тарапқа алғыс хат табыстады.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды 6679 әскери бөлімінің ефрейторы Максим Королев, ІІ орынды 5512 әскери бөлімінің лейтенанты Григорий Корнев, ІІІ орынды 3514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Данила Сидоров иеленді. Жеңімпаздар мадақтамалармен және Павлодар аудандық мәслихатының демеушілік қолдауымен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау – әскери ұжымдарда мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтаны арттырып қана қоймай, жауынгерлік рух пен патриоттық сезімді де нығайтатын маңызды шара. Алдағы уақытта мұндай жобалар жалғасып, дәстүрлі түрде өткізіліп отырады.