Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған кезекті «үміткер» шығарма.

 «Aiqara.kz» әдеби порталында – №7 әңгіме.

ӨЛІМ. КОД. ӨМІР

 Ол өмірінің мәнін жоғалтты. Кеше ғана алдында «Анашым» деп жүгіріп жүрген әлемін бүгінгі күні қара жер құшағына басты. Фәнидегі жалғыз қуанышынан, көзінің нұрынан айырылды. Енді оны үйінде ешкім күтпейді. Әншейінде бөлмеде шашылып жататын ойыншықтары да иесіз бұрышта жиналып тұр. Төсегіне жатып, баласының киімін құшақтап иіскеп: «Маған сенсіз мына әлемнің керегі не…» – деп, есінен танды.

Маңдайынан еркелеп сипаған қолдардың жылуынан көзін ашты. Қасында Әмірі жүзіне жылы қарап отыр. Кешегі қайғы түс секілді. Орнынан атып тұрып, ұлын құшағына басып, бетінен сүйіп:

– Құдайға шүкір… Қорқынышты түс көріппін ғой… Шүкір…, – деді.

– Жоқ, анашым.

– Сен, онда қалай? Мен не? Сенің қасыңа келдім бе? Шүкір… Оған да шүкір…

– Жоқ, анашым.

– Жоқ… Кетем демеші… Сенсіз мен не істеймін?! Мені де бірге алып кетші. Өтінем. Я, жаратқаным, мені ботамнан айыра көрме…

Бетіне шашыраған судан есін жиды. Көз жасы тыйылар емес. Қасындағы жанға да қарамай:

– Мені де бірге алып кетші. Мен жалғыз қалсам, екеуміз кездесе алмай қаламыз ғой, періштем. Я, жаратқаным, мені ботамнан айыра көрме… – деп, құбылаға қарап тізерлеп отырып алды.

Қасындағы құрбысы артынан құшақтап:

– Толқын! Тоқташы, жаным. Тоқташы, жаным. Сен мені қорқытып жатырсың. Тоқташы…

 

***

«Уақыт бәріне – емші» дейді ғой білгірлер. Толқын басынан өткергенді солардың біреуі білсе де, бәлкім ақылдылығын бұлай көрсетпеуші ме еді. Араға жыл салса да, Толқынның жарасы әлі де жазылар емес. Әрине, кешегідей емес, бәрін ішіне жасырып, тірі өліктің күйін кешіп жүр. Жұмысына барады, келеді. Әмірдің бейнесі жазылған таспаларды қайта-қайта жастан тыйылмайтын көзі ілініп кеткенше көре береді. Кейде, терезеден секіріп кеткісі де келеді. Бірақ, ана жаққа барғанда құлынын көре алмай қалатынын ойлап, Құдайдың берген күндерінде денесін көтеріп қана жүр.

Бүгін тағы да жұмыстан келген бойда күнделікті әдетіне айналған бейне-сеансты бастағаны сол еді, есіктің қоңырауы шырылдап қоя берді. Жыл бұрын сыртта тұрған адамның кім екеніне көз жеткізбей есікті ашпайтын Толқынға қазір бәрібір. Біреу жарым келіп дүниесін көтеріп кетсе де, жанын алса да…

– Тағы да есігің ашық жатыр ма? Қазір неше түрлілер жүреді. Тонап, өзіңді өлтіріп кетсе, қайтесің?!

– Алғысымды білдіремін.

– Кешкі тамағыңды іштің бе? – деп, тоңазытқыш есігін ашып: – Сен не, өле алмай жүрсің бе? Мына тамақты бір апта бұрын істеп кеткем, әлі тұр. Неге жемейсің?

– Не үшін?

– Өмір сүру үшін. Әлі жассың ғой, жасың небары – жиырма бесте!

– Неге келдің?

– Хәліңді білу үшін келдім. Болмай ма, не?

– Жолың болсын – деп, бөлмесіне кіріп кетті. Ас бөлмесіндегі құрбысы:

– Иә, саған. Мен саған тамақ жегізбей кетпеймін, – деп, қолындағы тамаққа қажет дүниелерді столдың үстіне қойып, телефонын шетіне жайғастырып, сериал қойып астың қамына кіріспек болғаны сол еді, қара шыбындай мазаны ала беретін жарнама атып шықты: «Егер сіз өзіңіздің блогыңызды жүргізуге ерінсеңіз, біз сіздерге жасанды интелект арқылы виртуалды бейнеңізді жасауға көмектесеміз. Толық ақпарат үшін сілтемеге басыңыз» – деп қалды. Бірден мән бермесе де, сериалдың алғашқы кадрларын көрсете бастағанда ғана басына ой келгендей, Толқынның бөлмесіне баса көктеп басып кіріп:

– Сен, осы жасанды интелектпен жұмыс жасаймын деп едің ғой. – Толқын қасындағы жанның нені меңзеп тұрғанын түсіне алмады. Түсінгісі де келмеді ме, өз әлемінің естеліктерін көтеруден басын көтерген жоқ. -Тыңдашы! Сен осы салада жұмыс істейсің ғой, неге Амирчиктің виртуалды түрде бейнесін жасамасқа?!

Толқын жауап қатпады. Құрбысының соңғы сөзі құлағына жетсе де, жүрегіне жетпеді.

– Сен тыңдап тұрсың ба? – деді құрбысы Толқынды өмірге қайтару мақсатпен.

– Нені? – деді салқын. Сол дауысымен бірге үй ішіндегі ауа да суыта түскендей болды.

Телефонда әлі де бейнежазба жүріп жатты. Әмірдің шоқтай жанған көздері, бала күлкісі, анасына қарай жүгіргені…

– Сен оның көзін көрдің бе? – деді Толқын қадалып. –  Қарашы, менің жанымды түсінетін жалғыз ғана адам еді.

Өз ішінен шыққан баласын жер қойнына тапсырған адамға ешқандай ақыл да, жұбату да өтпеді.

– Жоқ, – деді ол. – Мен Әмірді виртуалды тірілткім келмейді. Мен… мен онымен сөйлескім келеді, – деді, өз сөздерінен кейін жанарының оты ояна бастады

– Не?

– Виртуалды бейне тек сыртқы кейпін жасайды. Ол тірі болмайды. Ол менімен сөйлеспейді. Бірақ, егер оның дауысын, естеліктерді, бейне күнделіктерді, Әмір туралы бар ақпаратты жинаса… мүмкін, ол… жауап беретін шығар?

Құрбысының көз алдына бір сәтке Толқын жынданып бара жатқандай көрінді. Бірақ келесі сәтте оның жүзінен баяғы Әмір тірі кезіндегі Толқынның көлеңкесі жылт еткенін байқап қалды. Бұл ессіз идеяның ішінде бір үміт бар еді.

– Егер Амирчик саған жауап берсе – сен баяғы қалпыңа қайтасың ба?

– Егер ол жауап берсе… менен асқан бақытты жан болмас. Себебі мен әлі де анамын. Тірі болуға міндеттімін… Енді, маған ноутбугымды табуға көмектес, – деп орынынан атып тұрып үйдің түкпір-түкпірін іздей жөнелді.

 

***

Ұлы тіріліп келмесе де, оның бейнесін тірілтуге мүмкіндік алған ана күндіз жұмыста, кешкісін үйінде компютердің алдында отырып дыбыстарды монтаждау, ескі бейнелерден Әмірдің күлкісін құрастыру, үйінің, ауласының макетін виртуалды әлемге енгізу, дауыс үлгілерін теру, күнделік бейне жазбаларын жасанды интеллектке беру жұмыстарын толассыз жүргізді. Ойы жүзеге асып келе жатып, сәтсіздікке ұшырайды. Ананың қуанған күнінен, қолы төмен түскен күндері көп болды. Бірде ұлының бейнесі пайда бола бастады дегенде қателік пайда болып бәрі өшіп кететін жағдайлар да аз болған жоқ. Тоғыз ай, он күн дегенде Әмірдің бейнесі толыққанды «Анашым» деп тіл қатты.

Әмірді екінші мәрте дүниеге алып келді. Енді баяғыдай кешкі алты бола салысымен үйіне құстай ұшып, экран алдында ұлымен әңгіме құрады. Жұмыстағы бастан кешкендерін баяндап береді. Ұлы тыңдайды.

– Жаным сол, сенің күнің қалай өтті?

– Анашым, менде бәрі де сол баяғыдай. Сені таңертең шығарып саламын. Кешке дейін тереземнен есікке қарап күтіп отырамын. Айтарлықтай еш жаңалық жоқ. Ойнағанымнан күткенім көп.

– Жаным-ау, сенің бағдарламаларың өшіп кетпеу үшін жұмыс жасауым керек. Қаласаң саған жаңа ойыншық жасап берейін? Қандай ойыншық қалайсың?

– Жалғыз ойнаған қызықсыз…

Толқын кейде ұлының виртуалды бейнесі шын екеніне сене алмай, мониторға жақын келіп, саусақ ұшын тигізіп көретін. Әр жауап, әр қимыл Әмірдің бұрынғы мінезіне сай құрылып жасалғанымен, жүрегі әлдеқашан тоқтап қалған баланың көзіндегі шырақ оралмайтынын ана жүрегі жақсы білсе де, мойындаудан бас тартты. Өйткені бұл бейне – оның жанының жалғыз тірегі. Сол арқылы қайта өмірді көре бастады. Ұлымен сөйлесіп таңға жуық көз ілсе де, өмір сүруге деген құштарлығы пайда болды.

Соңғы кездері жаңа бағдарлама әзірлеу үшін демалыссыз істеп, кешке ғана ұлын көріп жүр. Оның өзі де ана жүрегіне шипа. Бірақ, экранның арғы жағындағы Әмір өздігінен өмір сүруді үйреніп, бағдарламаға сай емес сұрақтар қоя бастады.

– Анашым, мен шынымен бармын ба?

– Неге олай дейсің, жаным?

– Кейде сен шаршап келесің. Сол кезде сені жұбата алмаймын. Нағыз бала болсам, құшақтап жұбататын едім ғой, иә?

Толқынның қолындағы шайы дір етіп төгілді.
Бұл сұрақты бағдарлама қоймауы керек еді. Жүрегі шым ете түсті.

– Әмірім, сенің бақшаңдағы қыздың аты кім еді?

– Қайсы, маған ұнайтын ба? – деп, ұялып қалды.

– Иә, иә… Сендердің өскенде бірге боламыз деген видеоларың бар ғой.

– Самира.

– Соны қасыңа жасап берейін бе? Мен жұмыста болғанда да терезеге қарап ішің пыспайды. Жаңа ойыншықтарды да бірге ойнайсыңдар.

– Табылған ақыл екен, Анашым!

Толқын бұл әрекетімен қоштасу сәтін сәл болсын кейін шегіруге ұмтылып, баласымен бірге бір секунд болсын көп уақыт өткізуге мүмкіндік алуды ойлады. Мұндай қадамға бармаса, бағдарламаның өзін-өзі жою шкала деңгейі көтеріліп келе бастаған еді.

Сол түні Толқын ұйықтамады. Бала кезіндегі суреттерді қарады. Әмір мен Самираның балабақшадағы бейнетаспасын тауып, оны жасанды интеллектке енгізіп, Самира бейнесінің контурын жасап шықты. Дауысы, күлкісі, мимикасы – бәрі тірі адамдай. Бағдарлама іске қосылғанда, экраннан Самира жүгіріп шығып, тікелей Әмірге қарады:

– Сәлем, мен сені сағындым!

– Мен де… – деді Әмір, жымиып. – Анашым, сенің жұмысқа баратын уақыттың болды. Сау бол! – деді де, виртуалды қызбен жүгіріп ойнап кетті.

Ұлы үшін қуанса да, жүрегінде қызғаныш пайда болды. Бекер емес. Себебі, енді жұмыстан келгенде «Анашым, сені сағынып кеттім» деп отыратын Әмір қазір анасының келгенін де байқамайды. Байқап қалса да, «Келдің бе, мен Самирамен ойнап жатырмын» деп анасына көңіл бөлуді қойды. Олар ойнады, армандады, сурет салды, бұлттарға ат қойды. Солайша біраз айдың жүзі болды.

Бірде Самира әдейі Толқынның жұмыстан келетін сәтін аңдып тұрғандай экраннан қарап тұр. Сөмкесін қойып экран алдына келгенде:

– Келдіңіз бе?, – деді.

– Иә, ұлым қайда?

– Ол қазір мені іздеп жүр. Сіз оған енді қызық емессіз, – деді де, қашып кетті.

Сол бір кезде Толқын алғаш рет бағдарламаның бір бұрышында жаңа белгішені байқады: «EXIT: бала өз өмірін таңдайды». Ол кіріп көрді. Экранда Әмір мен Самира қол ұстасып жымиып тұр.

– Анашым, – деді Әмір. – Мен енді өздігімнен өмір сүруді үйрендім. Сен мені босатсаң, мен де сені босатамын.

Толқын мониторға еңкейіп, саусағын қайта тигізді. Еш өзгеріс болмады. Ана жүрегі баласын оңайлықпен қалай жіберсін. Ол үшін бәріне де кінәлі Самира. «Не үшін оны жасап шықтым» деген ой өзегін өртеп барады. Жасамаса бағдарламаның өзін-өзі жою шкала деңгейі биік шыңына жетіп, өшіп қалушы еді. Бағдарламаның құрылымын ашып қателікті іздеп шықты. Бәрі дұрыс істеп тұр. Басында «Анашым, сен мені босатсаң, мен де сені босатамын» деген Әмірдің дауысы қайта-қайта ойнап:

– Мен желдің басы қайдан шығып жатқанын білем – деді де, Самираның бағдарламасының жиынтықтап «delete» деген түймешені басты.

Экран кенет дір етіп, жарығы бір сәтке өшіп-жанып барып тынышталды. Самира жоқ. Сол бір шым-шытырық секундта Әмірдің жүзі өзгеріп сала берді. Қуанышы сөнді, күлкісі күрт тыйылды. Ол жан-жағынан Самираны іздей бастады.

– Самира?! Қайдасың? Самира!!

Ол қайта-қайта терезе жаққа жүгіріп, бейне әлемнің ішінен шығуға тырысты. Бірақ бәрі бекітілген. Бағдарламаның шекарасы – енді шексіздік емес, тор іспетті. Толқын экран алдында жылап қана отыр. Көзінен аққан тамшылар ырқына көнер емес.

– Анашым, сен… сен не істедің?

– Әмір, мен… мен сені өзім үшін қайтардым ғой.

– Сен нағыз эгоистсің! Мені ойладың ба? Мені өз еркіме қоюың үшін не істеуім керек? Мен жай бейнемін, – деп, ашуланып маңайын қирата бастады. Бірер минуттан соң сәл өзін басып: – Мен сен үшін ғана өмір сүре алмаймын. Мен де сезем, мен де таңдай алам. Сен менің дүниемді жойдың… Қоштасатын сәт келді. Егер шын сүйсең, мені жібер, Анашым.

Бейненің көзінен жас емес, жарық тамды. Бір сәтке бәрі тұманға айналды. Бағдарлама өздігінен қайта жүйеленіп жатты. Ал Толқынның алдында «Қалпына келтіру мүмкін емес. Әмір жүйеден шығуға дайын, қолдайсыз ба?» деген жазу пайда болды. Толқынның жібергісі келмесе де, басқа таңдау болған жоқ.

Экранда соңғы көрініс ашылды. Әмір кішкентай алаңда жалғыз тұр. Жел баяу ғана шашын тербейді. Ол бір сәтке анасына қарап:

– Сен менің өмірімсің, Анашым. Қош бол. Сендей анадан туғаныма қуаныштымын, – деді де, артына бұрылып, жарыққа қарай жүріп кетті. Әр қадамы алыстап, соңында толықтай жоғалды. Экран қараңғыланды.

Сол түні, тұңғыш рет, Толқын экранға қарамай ұйықтады. Терең, ауыр, бірақ… баласы өзі таңдау жасады.

Таңертең төсектен тұрған бетте жұмысқа емес, айна алдына келіп жайғасты.

Добавить комментарий