«Aiqara.kz» әдеби порталы майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған әңгімелерді жариялауды жалғастырады. Назарларыңызда – №5 әңгіме. Байқау Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
ТАҒДЫР ЖЕБЕСІ
Ми қайнатқан қапырық күн. Өгіз жеккен арбалы екі адам таң атқалы ұзақ жүрістен шалдығып келеді. Торсықтағы айранның жұғыны да қалмаған. Таңдай жібітерлік бір тамшы су да жоқ.
Өгіздің көзі аларып, аузы көбіктеніп болдырған. Аша тұяғы бірінен бірі ажырап қалардай, басқан аяғы кері кетіп, танауымен жер сүзіп келеді. Анда-санда аққайыңдар кездеспесе, айнала жазық дала.
Екі езуінің үстінен селеулене шыққан мұрты бар, бойшаң, әкесінің әрбір сөзін жіті қадағалап, ой қорытып, салмақты үнмен жауап қатып, өз аяғына өзі шалынып жатса да, оқта-текте арбаны итеріп, әкесінің көңілін аулап келе жатқан бала Қошман, азан шақырылып қойған есімі – Қошмұхаммед. Баласының әрекетіне іштей разы әкесі, бурыл мұртын ширатып, миығынан күліп, мәз. Алақанымен жай ғана «кел, отыр» дегендей орнын көрсетіп делебесін бір-екі ұрып қалып еді, қара күш иесінің күректей қолдарының қуатын сезді ме, арбаны сүйреп келе жатқан өгіздің өзі жүрісін тездете түсті. Бұл – осы өңірге аты мәшһүр ұста, палуан Темір. Абылай ханның жүзбасы болған баһадүр Есенқұл батырдың немересі. Жастайынан ұсталық өнермен айналысып, әйелдерге тебен, ерлерге қару-жарақ, сауыт берен, темірден түйін түйген ұста. Керегін іш жақтағы тамырынан барып алатын-ды. Бүгін де сол бағыт.
Қошман жүгіре басып, арбаға ырғып мінді. «Шөліркедім, шөлдедім» деп айтпақ болып әкесіне қарап еді, еріндері бозарып, қабағы шытылып кеткен.
Кейінгі кездері әкесінің бұрынғыдай емес, көңілі пәс, салы суға кетіп жүр. Оның да себептері бар еді. Қазақ жеріне аш шибөрідей ентелеп, түнде ұлып, күндіз жортып, елді есінен тандырып, ауылдарды тонап, соңғы тышқақ ешкісіне дейін алып кетіп, масайрап жүрген «сары шаштылардың» озбырлықтарына қаны қайнап жүр. Байназар ауылына келгенде бір сұмдықтың куәсі болды. Ауылы түгелімен өртенген, өксіген ащы дауыстар, зарланған әйелдер, шошынып шырқырап жылаған балалар. Ер адамдардың барлығы дерлік жер құшқан. Әйелдердің үсті-бастары жырым-жырым…. Ортада, келіндері болса керек егіліп отырған ақсақал мен ақжаулықты ана. Ақырын басын бұрып қарап еді денесі дір ете қалды, әйел жүкті екен, қарны ақтарылған, шаранасы жанында жатыр. Темір атының тізгінін тартуға дәрмені жоқ, жүрегі қан жылап келеді. Халқына деген аянышы мен дәрменсіздігі жігеріне құм құйып, кек қыраны аспанда қалықтап жүр. Уақыт өте қыран Темірдің жүрегіне кек, қолына алмас қылыш болып қонды. Елдің игі жақсыларын жинап, «сары шаштыларға» қарсы шықпақ болып бекінді. Дайындық басталып кетті.
Ызғарлы күндер артта қалып, қар еріп, жер көктеп, ағаштар бүршік жара бастаған мезгілде іш жақтан тамыры Андрей келіп, екеуі таңды таңға аттырып ұзақ әңгімелесті.
– Темір, сен сақ бол. Мына істеп жүрген кәсібің біреулердің қитығына тиіп жүр…
– Біреулерің кім? – деп зілді даусымен Темір тамырына алая қарады.
– Ол әл-гі, кім… деп кібіртіктей бастады Андрей.
– Малтаңды езбей, тоқетерін айт.
– Олар, менің қандастарым, – деп бастады досының көзіне тіке қарап. – Өткенде ауылға әскерилер келген, сонда сен туралы сөз етті. «Қазақтардың көсегесін көгертем деп, халқының қолтығына су бүркіп жүрген неме екен. Ұстаханасында жасырын түрде мылтық жасап, оқ-дәрі тасып жүр. Ендігі ісіміз сонымен болсын. Қолға түссе бірден жайратып саламыз деп қамшысын үйірді басымнан», – деп Андрей орнынан тұрып теріс бұрылды да, жейдесін көтеріп қалып еді, арқасы білеу-білеу қызарып кеткен. Орнына отырды. Екеуі де үнсіз.
– Әй, Әндір, Әндір-ай, бар шындықты айтпадың ба!? Отбасыңды қатерге тікпей. Иә, сол Темір де…
Сөзін бөліп:
– Тамыр, досым Темір! Өзің айтып жүруші едің «Әке өліп, бала қалса мұратына жетеді, бала өліп, әке қалса арманы іште кетеді» деп. Ол жауыздар ештеңеден тайынбайды, шет ауылдарға қырғидай тиіп, бала-шаға демей қылышпен шауып, мылтықпен атып өлтіргенін талай көзімізбен көрген жоқпыз ба!? Соны түсінсеңші, соңыңнан еріп келе жатқан жалғыз тұяғың бар, соған кесірі тие ме деп жұмған аузымды ашпадым.
Темір орнынан тұрып, тамырын құшақтап:
– Қандастарыңның барлығы сендей ақжарқын, адал болса ғой.
– Білем, білем досым, біз ешқашан қазақтың дархандығына жете алмаймыз.
– Сен сол қазақтың бірісің, сен жетіп тұрсың ғой, тамыр!
– Жоқ, досым, шатаспа. Олардың істеген істері үшін аттарын атап, түстерін түстеп ешкім айтпайды, менің олармен қаным бір, ендеше мен де сондай қаніпезермін, – деп көзіне жас алып, төмен қарады.
– Тамыр, мен тұрғанда сені ешкім де олай атамайды, сен қазақтың тамырысың, қазақтың Әндірісің.
Екеуі құшақтарын айқара ашып, мәз болып құшақтасып қоштасты.
Ал осы сапар Әндірге бара жатқан кез еді.
Едәуір мезгіл өтті. Кеш батты. Қырық құдық қыстауына жеткенде түнемекке бел буды. Темір арбадан түсіп, өгіздің аяғына тұсау салды да, қоржындағы азын-аулақ азықпен баласы екеуі жүрек жалғамақ болып, аққайыңға арқасын тіреп отырғаны сол еді, қойнаудың аржағынан әлдекімдердің дауыстары естілді.
Балам, сен осында бол. Мен мына адамдарға барып, су алып келейін, – деп жөнеле берді де, кілт бұрылып: – Қандай жағдай болса да, менің соңымнан келме… Оқыс жағдай бола қалса ауылға қайт, – деп бұйыра сөйледі де аяғын шапшаң басып адамдардың дауыстары шығып жатқан жаққа қарай жөнелді.
Әкесінің сөзінен секем алды ма, әлде жалғыз қалуға қорықты ма Қошман да аяғын ұрлана басып, аққайыңға жасырына отырып, әкесінің соңынан ерді. Қараңғы түн. Қалың ағаш. Онсыз да ұрланып келе жатқан баланы аппақ жейде киген аққайыңдар жасыра алмағандай, жүрген сайын сұлбасы бір жоғалып, бір көрініп келеді. Әуп еткен үкінің даусы шыққанда ағаштың түбіне барып отыра қалды, сырт етіп жоғарыдан бұтақ жанына түскенде, орнынан ыршып тұрды.
Бұл кезде әкесі әлгі адамдарға жетіп қалған еді.
– Кімсің?
– Темірмін…
– Әй!
– Ұстаңдар, – деген дауыстар шықты. Екеуі жүгіріп барып Темірді ұстамақ болып еді, ол атылған жолбарыстай секіріп барып, біреуін шоқпардай жұдырығын бір соғып, екіншісін оң жақ шынтағымен тарс еткізігенде әлгі «шірік» шіріген емен ағашындай барып гүрс етіп құлады. Барлығы жабылмаса күштері жетпейтінін сезген олар иықтарын қарыс керіп алға ұмтылды. Шибөрілер жолбарысты қоршап алды. Шайқас біраз уақытқа созылды. Ай жарығы жерге әрең түсіп, әлсіз сәуле қалтырап барып, қараңғы түнде ғайып болды. Елестей қараңдаған бейнелер бірімен бірі жан берісіп, жан алысар күйінде алысып-жұлысып жатыр.
– Тоқтаңдар, – деген дауыс шықты. Темірдің әбден қалжырағаннын күткендей, – өзім-ақ жайратып саламын, – деп сары мұртты, ұзын тұра орыс ортаға шықты. Екеуі де бірін-бірі аңдумен біраз жүрді де, алыса кетті. Анау да түйедей бір пәле екен, аузының көбігін шашып, дес бермей жүр. Темір ебін тауып иектің астынан құлаштап барып ұрды. Әлгі түйе дегенің екі-үш метрдей жерге дейін барып, шошқадай қорс етіп құлады. Есеңгіреп, теңселіп орнынан тұрды. Әлі жетпесін білді. Жанында тұрған жауынгердің қолынан қылышын алып, Темірге қарай жақындады да, алдымен оң жақ, одан сол жақ аяғының балтырынан қылышпен тереңінен батыра осып жіберді. Батыр тұрған орнынан құламады, қолымен жерді тіреп отыра кетті. Осы кезде оң бүйірде тұрған біреуі мылтықпен көк желкеден келіп ұрды, бәрі жабыла кетті. Қас пен көздің арасында тыныс алдыруға да шамасын келтірмеді, ажал құшқан арландай бүктетіле барып құлады. Аспан түсі суыды, тұнжырады, мұңайып түн жылады. Батырдың қайғылы өліміне аспанмен бірге аққайыңдар теңіздей толқып шулады.
Қайғылы оқиғаның бәрі көз алдында болды. Алдына қарай ұмтылмақ болып еді, әкесінің сөздері есіне түсіп тұра қалды. Оның үстіне отты айнала отырған адамдардың қарасы көп, бәрі де қарулы.
Бойын өрттей жайлаған ыза бала Қошманның жүрегін санаулы секундтарда қанды кекке толтырып жіберді. Әлгілердің қанын ұрттамаса тыншымастай сұстанып, кері қарай жүрді.
Әкесінің шапанын алды да, арбаның астына жемтігін аңдыған жыландай жиырыла барып жата қалды. Көңіл күпті, бір қайғы, бір үміт. Ойланып жатып көзі ілініп кетті.
Ай, балам-ай, – деген әкесінің қатқыл даусынан шошып оянды. Бір жақ денесі болымсыз дымқыл тартыпты, ұйықтап кеткеніне таң қалды. Аяғын нық басып, әкесінің қасына келді. Сұп-сұр, қимылсыз дене. Өне бойы тілім-тілім, бір көзінен ақ, бір көзінен қызыл қан ағып жатыр. Айуандықпен өлтірілген әкесінің жүзін көріп, өң мен түстің арасында жүрген Қошман әкесінің жансыз денесін құшақтай алды. Алай-дүлей дауыл көтеріліп, ағаштар теңселіп, бұтақтары мен жапырақтары суылдап «кекке – кек, қанға – қан» деп көзінен жас емес, әкесінің кегін қайтаруға жігер ұшқынын жүрегінде от қылып алаулатты.
Қаралы өгіз арба, мәйіт. Қошман бала жолға шықты.
Кешқұрым күннің шапағаты алтын түске боялып сағымданған сайын дала тылсым күйге енгендей. Табиғат сұлулығымен Қошманның ешбір шаруасы жоқ, үнсіз, терең ойға шомған. Не ойлап келе жатқаны бір Аллаға аян.
Күн ұясына бата ауылға жетті. Алдынан досы Жақып қарсы алды.
– Әй, досы-ы-ым,- дей бере арба үстінде жатқан Темір ағатайын көріп, көңілі су сепкендей басылды. Қайғылы жағдай болғанын сезіп, ештеңе сұрамады.
– Берік бол.
– Сен де берік бол. Құшақтасып, үнсіз бір-біріне көңіл айтты.
Ауыл үлкендері мен молда ақылдаса келе екі тәуліктей күн астында қалған марқұмның денесін арулап, сол түнде жер қойнауына тапсыруды шешті. Ертеңіне азын-аулақ адамның басын қосып, ас беріп, құран оқылды.
Қабір басында Қошманның көңілі еріп жаны қорғасындай балқыды, көзінен аққан жас бетін жуып барады. Өне бойы қалшылдап, әкесімен болған оқиға жасымен бірге баяндалып, тізерлей отыра кетті де, қабірден бір уыс топырақ алып, саусақтарын қатты қысып, алақанын көпке дейін ашпады.
Жақып жанына қатарласа келіп, оның оң иығына қолын қойып:
– Жыла, жылай түс досым, қайғы-мұңыңды шығар жаспен, – деді.
Әке… кегіңді қайтарамын, – деді астыңғы еріндері қанағанша тістеніп. – Оған мынау сары дала, анау аққайыңдар, жанымдағы досым Жақып куә, – деп жан қалтасынан шыттың қиығын алып досына ұстатты да, бір уыс топырақты әлгіге салып, қынабынан қанжарын алып шығып алақанының үстінен «ант етемін, әке» деп тартып қалды. Тамшылай аққан ыстық қан әп-сәтте бір уыс топыраққа сіңіп кетті. Матаны түйіп байлап жан қалтасына салды да:
Кегіңді қайтарған күні жауыздың қанын тамызып, қабіріңе әкелемін, – деді Қошман бір езуінен қуаныш, бір езуінен ыза кернеп. Әкесінің кегін қайтарам деп тұрып, оның соңы халқының кегіне айналып, қанжарының жүзі қаннан кеппесін білмеді.
Арада бірнеше жыл өтті. Кешегі бозбала бүгіндері алпамса денелі, иығына екі кісі мінгескендей, жауырыны қақпақтай сом денелі, сұлу мұрты қиылған келбетті жүзіне құп жарасқан. Биыл жасы жиырмадан асты. Осы уақыт ішінде ат үстіндегі ойындар, қылыштасу, мылтық ату өнерін жетік меңгерген шағы. Қошман жалғыз емес-ті, жанында досы Жақып, көрші бірнеше ауылдың жігіттерімен топтасып, ел қамын жеген сарбаздарға айналды. Өткен жылы елде жұт болып, төрт түліктен аша тұяқ қалмаған еді.
Кек. Салт аттылар Қоржынкөл ауылынан шығып, жолсызбен жорытып барады. Бұйра-бұйра аққайыңды қойнаулар, аракідік аралды шіліктер артта қалып, кеш бата Андрейдің ауылына жетті. Ағаштан өрілген, қаз-қатар үйлер.
Шеткі үйге жақындады да Жақып аттан түсіп, дарбазаның есігін қақты. Ар жағынан есік ашқан бұйрабас, сары шашты бала мұрнының маңқасын жеңімен бір сүртті де, қонақтарға кіріңіздер дегендей ишарат жасады.
Аула кең екен, шеттегі атбайлауға аттарын жіберді. Екеуі аң-таң. Әлгі бала құрмет көрсетіп, айнала зыр-зыр жүгіріп жүр. Қошманның шыдамы таусылды ма, бір мезетте баланы тоқтатып алып:
– Бұл кімнің үйі?, – деді.
Боқмұрын бала орысшалап:
– Әкемнің үйі, – деді. Меймандар бір-біріне қарап жымиды. Жақып:
– Әй, әкеңнің…, – дей бергенде, үйден ұзын бойлы, ақ жейде киген, омырауы жүн-жүн өздерімен шамалас орыстың жігіті шықты да:
– Қошмансың ба? – деп сұрады.
Қошман сасып қалды, бұлардың келетінін ешкімге хабарламаған еді. Орыс жігітіне қарап:
– Сен кімсің?
– Мен – Андрейді баласы Андреймін, – деді әлгі.
– Әкем жарықтық үнемі Әндір, Әндір деп жүруші еді, сол Әндірдің бірі сен екенсің ғой, – деп күлді. – Біздің келетінімізді қайдан білдің?
– Үйге кіріңіздер, төрге шығыңыздар, – деп орыс жігіт меймандарды үйге шақырды. Ағаш үй, ағаш үстел, бұрыш-бұрышта пілте шамдар жанып тұрса да, үй іші қараңғылау екен. Бір мезгілде дастарғанға қара нан, құмырада картоп, кішірек табақта ет әкелінді. «Доңыздың еті ме» дегендей екеуі жалт қарасты.
Андрей жымиып күлді де:
– Бұл қойдың еті. Сіздер үшін арнайы дайындаған едік, – деді сәл көңілі босап. – Әкем, осыдан бір жыл бұрын дүние салды. Қайтарының алдында қырық күн толғанша әр жұма күні және дәл бір жыл болғанда қазақтан Қошман деген жігіт келеді, құрметтеп күтіп ал. Туған бауырыңдай көр. Қол ұшыңды беріп көмектес деген болатын. Бүгін әкемнің өмірден өткеніне бір жыл толды, – деп сөзін аяқтады да:
– Маруся, – деп әйелін дауыстап шақырды: – Әкел әлгіні.
Әйелі сөзге келген жоқ, сыртқа шығып кетіп бір үлкен шыны бөтелкені қапсыра құшақтап оралды. Андрей меймандарға ұсынып еді, олар бас шайқасты. Алдындағы үлкен ыдысқа шөлпілдетіп құйды да басынан асыра бір-ақ сіміріп, ортадан пиязды алып танауына тақап иіскеді де аузына салды. Табақтан ет алып жұлмалап-жұлмалап оны да тағы бір мәрте аузына ұрып жіберді, ол аз болғандай картопты қолымен қысып езіп, алақанымен аузына апарып бір-ақ тықты. Бір мезетте аузынан картобы шашырап, қақалып:
– Алыңдар, алыңдар!, – деп дастарханды көрсетті меймандарға. Екі дос қара наннан үзіп алып ауыз тигенше Андрей алдындағы ыдысын ернеуіне дейін толтырып, тағы екі-үшеуін бірінен соң бірін көмейінен қылқылдатып жіберді. Екі қолымен үстелдің екі жағынан ұстады, дастарханды төңкеріп тастардай, «отец» деді де сол отырған күйі қазандай басымен столға дүңк етті де, қорылға басты. Жаңа әзірде қыбырлап, оны-мұны шаруасын айналдырып жүрген Маруся күйеуін қолтығынан демеп, бөлмесіне апарды да, іле қайыра шықты. Күйеуінің қылығына үйреніп қалғандай болғанымен, көзі жасаурап, меймандардан кешірім сұрады:
Сіздер күйеуіме ренжімеңіздер. Таңертеңнен қонақтар келеді деп қуанып, оның үстіне бауырыммен танысамын дей жүріп, ащы судан көп алып қойса керек. Мен сіздерге анау бөлмеге төсек салып қойдым, барып демалыңыздар, – деді дастарханның үстін жинай жүріп.
Таңертең барлығы дастархан басында кездесті.
Қошман:
– Аға дейін десем, ағалық қылығыңыз жоқ, дос деп айтайын десем, ол да жат. Қысқасы… – дей бергенінде Андрей сөзін бөліп, кешегі қылығы үшін кешірім сұрады.
– Сен мені кешір, бауырым, мен орыс, сен қазақ демесе, екеуіміздің тағдырымыз бір.
– Қайтіп?! – деді ызғарлы үнмен Жақып.
– Қошман тамыр, әкеңіз жақсы адам еді. Әр келген сайын балам деп бауырына басып, сыйлық әкелетін.
Ызаға булығып отырған Қошманның жүрегі жылып сала берді.
– «Бағы тайған адамды түйе үстінде ит қабады», – деуші еді әкең. Сол сөзді енді түсіндім. Темір әкей қайтыс болды деген суыт хабар келіп, әкем жолға шықпақ қамында жүргенде, үйге сау етіп «сары бас» әскерилер кіріп келіп, әй-шәйге қаратпастан әкемді тепкінің астына алды. Сүйреп алып шығып аулада қамшымен сабады жауыздар. Содан әкем екі күннен кейін өзінің құдайына аттанды. Үлкен ұлым бар-жоғы сегіз жаста, өздерімен алып кетті. Ұлымды іздеп талай бардым, «тыныш жүр, үйіңнен шықпа, әйтпесе балаңды мүлдем көрмейсің» дейді. Қол-аяғым тұсаулы, еш дәрмен жоқ, – деп ауыр күрсінді
– Қу үй, қу бас, қу дала. Қуланасың ба, қуанасың ба, қудаланасың ба тағдыр, маңдайға жазғанын көресің. Бірақ, – деп Қошманның қолын қос алақанымен қапсыра ұстап: – Тек сен, сен ғана баламды құтқара аласың, көмектесші тамыр, – деп тізірлей кетті. Баласынан айырылып қалса не боларын түйсініп, тарының қауызынан пана іздер күйге енгендей. Қошман дәрменсіз тамырын орнынан тұрғызды. Осы кезде үйге аққұба, бұрымы әйнектен түскен күн сәулесіне шомылып, алтындай жарқ-жұрқ еткен қыз кіріп келгенде Қошманның бойын сезім биледі. Жүрек қағысы жиілеп, он екі мүшесіне ыстық қан шапты, бір орнында мелшиіп тұрып қалды. Өзіне тесіліп тұрған бейтаныс жігітке қиыла қараған қыз екі беті алмадай алабұртып, Марусяның жанына барып тұрды. Екі жас көздерімен іштей тілдесіп, білісіп тұр.
– Бұл көршінің қызы Светлана – деді Маруся екі жас бірін-бірі ұнатып қалғанын түсініп. Екеуі далаға шығып кетті. Андрей сөзін жалғастырды.
– Баламды осы жерден ет пісірім жердегі ауылда ұстап отыр. Ол біздің әкемізді өлтірген поручик Ежиктің ауылы, балам соның туған-туысқандарының қолында, – деп жолаушыларға жол сілтеді.
Желіп келеді, желген сайын екеуі желге елітіп келеді. Айтылған уақытта көзделген межеге де жетті. Ауыл шетіндегі ойға аттарын қалдырып, дөңдеу жерге шығып, ауылға алыстан көз тастап, барлау жасады. Ауыл іші у да шу. Бір нәрсені тойлап жатса керек. Кей үйлерден ер адамдардың әндетіп жатқан даусы шығады. Екі дос аттарына қайтып оралды. Жақып атының ерін алып, қару-жарағын тастап, жайдақ мініп ауылға барды. Аяңдай жүріп ауылдың ана шеті мен мына шетін аралап, ең шеткі үйге тоқтап, жылқысын жоғалтқан, жоқ іздеген қазақ шаруасы екенін айтып, көп нәрсені бақылап біліп қайтты.
Шынымен ауылда той болып жатыр екен. Оған себеп Ежик жауынгерлерімен келіпті, – деп барлығын Қошманға баяндап берді.
– Әп, бәлем қолыма түстің бе?! Бүгін қаныңды судай шашайын, – деп шалт қимылдай бастаған досын Жақып жалына-жалбарына жүріп зорға дегенде тоқтатып, аттан түсіріп алды.
– Қошман досым, тыңдашы. Біз екеуіміз ғана, олар көп. Бүгінгі міндетіміз – Андрейдің баласын құтқарып қалу. Ал әкеміздің кегін алар уақыт алда. Ашуыңды бас. Асыққан шайтанның ісі. Қапыда мерт боламыз, әкеңнің кегі өтеусіз қалмай ма?! – деп досын қолынан ұстап дөңге қайтып оралды да, сұқ саусағымен көрсетіп: «Анау ортадағы үй Ежиктің үйі, ол сонда. Ал ана бір жанындағы кішігірім ағаш үйде Андрейдің баласын ұстап отыр. Сәл күтейік, барлығы сылқия мас. Баланы да құтқарып, сәтін салса кегіңді де қайтарарсың», – деді.
Қошман қиналып барып келісті.
Тамыздың тып-тыныш түні. Ай да толып айналасын күміс сәулесімен бөлеп тұр.
Екеуі ауыл шетіне аттарын байлап, ортадағы үйге қарай баспалап келеді. Анда-санда үрген иттің даусы болмаса, ауыл үсті тыныш. Екеуінде үн жоқ. Тұншығып келеді, тұншықтырған жел, жел емес-ау түтін, ана жер, мына жерде төгіліп жатқан ащы судың иісі.
Атбайлаудың жанынан өте бере Қошман кілт тоқтай қалды.
Жануар-ай, бітімің өзгеше екен, – деп байлауда тұрған атқа сүйсіне қарады. Жал-құйрығы төгілген, дене бітімі өзгеше, тұрқы ұзын есік пен төрдей жирен қасқа сәйгүлік тұр екен.
Екеуі шағын ағаш үйге жеткенде Қошман жалт бұрылып Ежиктің үйіне келді. Есігін ақырын ашып еді темекі мен тердің жағымсыз иісі бұрқ етті. Кіре берістегі бөлмеде, пеш жанына қойылған керуетте қорылға басып жатқан Ежикке жақындады. Ақырын ғана қанжарын ала бергені сол, жауыз оянып кетті, бірден қолын жастықтың астына тығып жіберіп тапаншасын алып шығып, кезей бергенінде Қошман қанжарын қолының балтырына сұғып алды. Тапанша тарс етті. Келесі бөлмеден бір адам атып шықты. Қошман қанжарымен тамағынан осып жіберді де, жүгіре басып далаға шықты. Жақып баланы алып шыққан екен. Қошман жирен қасқаға жайдақ секіріп мінді де, баланы алдына алды. Жақып та бұл кезде аттарға жетіп қалған. Үшеуі қараңғы түн қойнауына еніп, жоқ болды.
Андрейдің қуанышында шек жоқ, Маруся етегі жасқа толып, дастархан жая жүріп, баласын аналық мейіріммен бауырына басып, қайта-қайта құшарлана сүйіп қояды. Шай ішіліп болған соң Андрей тездете жүріп арбаға атын жекті де әйелін балаларымен бірге төркініне аттандырды. Түнгі жорықтан кейін, екі дос үйде демалып жатыр.
Бір мезет тарс-тұрс етіп, жүгіре басып үйге Андрей кірді.
– Тездетіңдер, жиналыңдар, әлгі оңбағандар осында. Ежик өзі бастап келіпті, – деді.
Қошман, көп ойланбастан, тамырына қарап:
– Сен Жақыптың аты мен жиренқасқамды үйдің дәл есігінің алдына әкел, – деп бұйыра сөйледі. Андрей сөзін екі етпеді. Қошман мен Жақып аттарына секіріп мінді де шаба жөнелді. Жирен қасқа әскери қимылға жаттыққан жануар екен, биік қоршаудан ешбір қиындықсыз ырғып өтті, Жақыптың атының қылша мойнына оқ тиіп, омақаса құлады. Жақып алпамсадай денесімен жер сүзіп барып, айналып түсті де, қораға кіріп жоқ болды. Онсыз да қара шұбар бетінің дал-далағы шығып, қан жуған бетіне қарамай есікті ішінен мықтап бекітіп алды.
Ежик жауынгерлерімен қораны айнала қоршап алды. Қораға тоқтаусыз оқ жаудырды. Бір мезетте Ежик жындана сөйлеп жанындағы екі-үш жауынгеріне қораның терезесінен ішке кіруге бұйрық берді. Жақып ішке кірген екеуін қанжарымен жайратып салып, үшіншісін мылтықпен атып өлтірді. Бұндайды күтпеген жау жағы не істерін білмей абдырап қалды. Сірә, жарасы әбден жанына батса керек, тістеніп ыңыранған Ежик:
– Атыңдар, – деп бұйрық берді. Гүрс-гүрс атылған мылтықтардың даусы. Жақыпты ендігі өлдіге санады ма, бір серігін жіберді. Жақып оны қораға да жақындатпады, қозғала бергенде жайратып салды.
– Қап, бәлем! Сені ме, – деп көмекшісін шақырып алды да, сыбырлай сөйледі. Бір мезгілде барлық жауынгерлері жапа-тармағай қораның үстіне шықты да, төбенің шымын ашып, үңгірдей қылып саңылау жасады. Кенет барлығы тұра қалып әлгі саңылаудан Жақыпқа оқ жаудырды. Қошманның сенімді досы, бауыры өлімді қасқая тұрып қарсы алды, жауынан да жоғары өз биігінде жер құшты.
Бұл уақытта Андрей ажалдың тырнағынан сытылып шығып тамырының ауылына келген. Болған жағдайды баяндап берді.
Қошман үндемей түйіліп, сұп-сұр боп кетті. Досын ажал аузына жалғыз тастап кеткеніне қатты күйінді, өзін кінәлады. Бала жастан бірге өскен досын қимады, қиналды. Жанын қоярға жер таппай, есік алдындағы ат басындай тұзға отыра кетті. Ұзақ отырды, көп ойланды. Жақып досының өлімі жауына деген ыза-кегін өршіте түсті. Ежикті өлтірмесе жаны тыншымайтынын білді. Бір мезетте жемтігін көрген қырандай қомданып, орнынан ұшып тұрып, жирен қасқаға секіріп мінді де, «кеттік» деп, қамшыға басты.
Андрейдің үйіне келсе, жауыздар ауланың астан-кестеңін шығарып, қораны өртеп кетіпті. Ана-мына жерде жатқан заттарын жинап, көзінің сорасы ағып еңіреп жүрген Андрейге:
– Сен әкеңе тартпағансың, ынжықсың. Еркек емессің бе? – деп айғай салып: – Бар көрші-қолаңмен сөйлесіп кел, жауыздар қайда екен, біліп қайт, -деді.
Андрей шығып жөнелді. Қошман болған оқиғаны өз көзімен көргендей марқұм досының әрбір іс-қимылын көз алдына елестетті. Бір мезетте адам аяғының тықыры естілгенде оң қолы қанжарына қалай жетіп барғанын өзі де аңдамады. Бұрылып қараса, әнеу бір күні танысқан өзінің Светланасы. Ай-шай жоқ жетіп барды да, ып-ыстық қолтығының астынан қолын жіберіп, қапсыра құшақтап алды.
– Сен мендіксің, осы жолы сені өзіммен бірге алып кетемін, – деді. Қыз жігіттің ырқына көніп, келісімін бергендей төмен қарады.
Андрей көршілерінен білгенінің бәрін айтып берді. Ежик өз ауылында екен.
Батыр атқа қонды.
– Мен ертең қайтып ораламын, осы ауылдағы барлық мысықтарды жинап қой…
Түк түсінбеген Андрей:
– Не, нені, қалай жинаймын?- деп еді.
– Онда жұмысым жоқ, – деп Ежиктің ауылына қарай шаба жөнелді.
Ежик те дайындық үстінде.
– Егер де, біз ауылда тоссақ, оны ұстап алу қиынға түседі. Анау дөңнің етегіне от жағыңдар, сол жерде күтеміз. Қазақтың денесін ортаға қойыңдар. Бәріміз айнала отырайық. Қазақтар өз адамдарының денесін алып, жер қойнына бермейінше тыным таппайды, – деп оттың жанына келіп, иісі аңқыған жас аққайыңның бұтақтарын салып, үстіне жайғаса отырды да, қырағы – жітік көздерін жан-жағына тастап, шылымын тұтатты.
Олардың әрбір қиымылын алыстан бақылап Қошман тұр.
Түн. Дала тас қараңғы. Жирен қасқасына жайдақ мініп, көзұшында алаулай көрінген отқа қарай келе жатыр. Жақындаған шақта атын тебініп қалды. Жирен қасқа иесінің әрбір қимылын, тіпті жандүниесін түсініп келе жатқандай, зулаған қалпы шауып келіп, отты шеңбер құрып отырғандардың басынан секіріп өтті. Ортадағы Жақыптың жансыз денесіне жақындағанда шабысын сәл бәсеңдетіп, бойын аласалатқандай болды. Осы мүмкіндікті пайдаланған Қошман досының мәйітін «иә Аллам, жар бола көр» деп бір қолымен көтеріп алып алдына өңгерді де, орыстар есін жиғанша қара түнекке еніп, көзден ғайып болды.
– Бұл қара елес!
– Қайда?
– Әне!
У да шу. Не болғанын өздері де түсінбей қалды. Қақпанға келіп түскен арланды ұстай алмаған Ежик қолындағы қамшысымен жанындағыларды сабап жүр.
Әкесі мен досын түнде жерлеу Қошманға Алланың берген сынағы болса керек. Андрейдің ауылы жанындағы мұсылман зиратына апарып Жақыпты – қимас досын жер қойнына тапсырды.
Тамырына келсе, өзі айтқандай бір қап мысықты жинап қойыпты.
– Досым, не істемексің мына мысықтармен?
Қошман жұмған аузын ашқан жоқ, атының басын кері бұрып бара жатыр еді, тамыры:
– Қошман, аман бол, жолың болсын! Енді көрісеміз бе, жоқ па?! Мен отбасыма кетемін, сол жақты паналамақпын, Светлана… – одан әрі даусы естілмеді. Жирен қасқа бар пәрменімен шауып бара жатқан болатын.
Таңертеңгі ақшыл тартып тұрған атырап алқызыл нұрға бөленген. Аққайың іші сайраған құстардың, тамылжыған үніне толып, жапырақтар сылдыр-сылдыр қағып, нарттай қызыл сәулелер аққайыңның ұшар бастарын нұрландырып тұр.
Ат үстінде ұйықтап келе жатқан Қошман мысықтардың мияуынан оянды. Атынан түсіп, бір қап мысықты аққайыңның тасасына қойды да, атқоржыннан үлкен мата алып шығып, енін аздап алып ұзынынан жыртты. Одан соң тамырынан алған ыдыстағы отмайға салды, әбден сіңсін дегені. Сүт пісірім уақыттай жерде Ежиктің ауылы. Анда-санда алыстан адамдардың дауыстары талықсып жетеді.
Уақыт та бір сәт тоқтап қалғандай.
Қошман өзінен өзі мырс етіп күліп жіберді. Көз алдына Светлана –Сапурасының тартымды қылықтары елестеді. Сезім шіркін қойсын ба, қайғысын да ұмыттырып жібергендей. «Оның маған деген көзқарасы, сірә ешуақытта есімнен кетпес» деп, тәтті ойға шомды. Сағыныш зары жүрегін шымырлатып, орман ішінің суылы қайғысын үдете түсті. Көзі жұмылып, маужырай барып ұйықтап кетті…
Бір мезет шошып оянса, күн батып, оттағы бұтақтар күлге айналып, тек тұқылдары ғана кей жерде бықсып жатыр екен. Шапшаң орнынан тұрып, заттарын алып, атына мінді де ауылға жақындады. Ауыл адамдары түгіл, иттерінің өзі балбырап ұйқыға кеткендей, танадай тым-тырыс.
Қаптың аузын шешіп, мияулатып-қияулатып мысықтарды алып шығып, құйрықтарына дайындап қойған шаланы байлап тұтатты да ауылға қарай қоя берді. Жанұшыра пана іздеген мысықтар ауылға лап қойды. Ажалдан қашса да, өзгеге ажал апара жатқан мысықтар бір сәтте ауылды отқа орады.
– Иә, аруақ!
Қошман қолына шоқпарын алып ауылға қарай шапты. Алдынан шыққандарды оңды-солды шоқпарымен жайратып келеді. Ауыл ортасына жете бергенде ақ дамбалының ауы салбырап Ежик үйінен атып шыққанын көрді. Шапқан қалпымен шоқпарымен қақ маңдайынан бір салып өтті. Кері айналып келіп, атынан түсті де Ежиктің көзіне тіке қарап тұрып: «Әкемнің, досымның, халқымның қаны сенің қолыңда, жауыз» деп айқайлап, қанжарымен тамағынан қой сойғандай тартып кеп қалды. Жауының көзі аларып, қорылдап қан атқылап жатыр. Қошман жан қалтасынан түйілген матаны алып шығып аққан қанға тосты да, атына отырып еш асықпастан ауылдан шығып кетті.
Алысқа кеткенге дейін алаулай жанған ауыл отының жарығы, адамдардың жан дауыстары жетіп жатты. Жер даланы мүлгіткен қара түнді бетке алған Қошман ештеңеге де мән бермеді. Ендігі ойы – сүйгеніне жету. Осыны түсінгендей аспанда жамыраған жұлдыздар жан-жақтан жымыңдап көз қысады. Бұлтсыз ашық аспан, батырдың жарқын жүзін ажарландырғандай биіктегі ай да баяу жылжиды.
Қаз-қатар киіз үйлер. Жағалай қой өріп барады. Ауыл маңы толы мал. Ауылды айнала өскен қыстау ағашы күнді көлегейлеп тұр. Күн көтеріліп, көлеңке де қысқарды, ауыл нұрға малынып, дүниенің шалқыған жаңа шағы басталды.
Светлана мұсылмандықты қабылдап, азан шақырып, Сапура деп аталды. Басына орамалын салып, қазақ ауылының келіні болып шыға келді.
Алайда мамыражай тірлік көпке ұласпады.
Ағайынын қаралап бағатын, аяғың тайса таптайтын, сөз ерітіп даттайындар, арыз жазып, адамдар арасына от салатындар қазақта баршылық. Онсыз шай ішпесе басы ауырады, ұйқысы шала, күлкіден айрылып, ананы-мынаны сөз етіп, аңдығаны жамандық, бұл надандық. Қошманның шаңырағына ауыл ақсақалдары келді. Келін зыр жүгіріп самауыр қойып, дастархан мәзіріне кірісіп кеткен.
– Әй, келін, бізді жеке қалдыр, – деді Шәріп шал. – Балам, Қошман, сен бізге бөтен емессің, әкең мен анаң қандай адамдар еді, ел қадірлеген. Сенің мына қылығың дұрыс емес.
– Не дұрыс емес?
Қаден ақсақал сөз алды:
– О заманда да, бұ заманда да, жеті атаңда да орыстан қыз алмағанбыз!
– Кәпірдің қызы, бойында тазалық жоқ, – дей беріп еді өзге де ақсақалдар. Қошман:
– Мұсылмандықты қабылдады. Басқа не керек? Бізге тыныштық беріңдер ағалар!
– Сені шайтан азғырған, бұл мыстанның ұрпағы. Басыңнан бағың тайып, тар жолда қаласың, ойлан, – деді Мұхит қарт.
Ұзақ әңгімелесті, Қошман сүйгенін қорғаумен болды. Соңында үнсіз тарқасты.
Ертеңіне ауыл молдасы келіп:
Әй, мен саған құдайдан ай көрікті ақ перизат жолықтырсын деп тілеймін, мына кәпір қыздан арыл, – деп ол кетті.
Күнде жиын. Айтарлары «Сапураны таста, еліне қайтар». Елдің мысы күннен-күнге баса бастады.
Бүгінгі күн өзгешелеу. Күн қызарып айнала төңірекке алқызыл шұғыласын шашып, бір сұмдықтың боларын сезгендей алаулап тұр. Әжболат көлінің беті қанға боялғандай.
Қошман Сапураны ертіп, көл ортасындағы аралға келді. Аралға апарар жолды тек Қошман ғана білетін.
Ауыл ақсақалдарының әрбір айтқан сөзі ойынан кетер емес, тікен шөгірдей миына қадалып, жанын жегідей жеп барады. Қошман кілт тоқтай қалды да Сапураны қатты қапсыра құшақтап алды. Маңдайынан иіскеп, көпке дейін босатпады.
Отағасы, сізге не болды? Бәрі дұрыс па? – деп Сапура Қошманның қылығына таңқалды.
Светлана, кешір мені, – деді де, қанжарын сұғып алып, жоғары бірақ тартты. Сапура ешбір дауыс шығармады, тек ғашық көздерімен Қошманға қарап күлімдеді. Батыр екі қолымен көтеріп алды да, белуарынан келгенше көлге кіріп, Сапураның жансыз денесін суға жіберді. Көздерін жұмып, кері бұрылып жағалауға жылдам жетті. Артына қараса Светлананың денесі суға батып кеткен екен. Көзін жуып бара жатқан жасын сүртіп көлге қарай жүгірді, бір мезетте су бетіне көбіршік іле соңынан бу шықты. Әкесімен досынан айырылғанда былай жыламаған шығар. Еңгезердей денесімен солқылдап жылап келеді, жылаған сайын даусы қарлығып, көз жасын бұлап келеді. Әлгезерде көл бетіне шыққан бір шөкімдей бу айнала жайылып, көл беті тұман. Қошманның көңілінде күмән.
Сүйген жары Сапура қас жауы Ежиктің немере қарындасы…
Қошман ұйқысын тастап, жаны жырым-жырым болса да, бүгін де ерте оянды. Өткенде ел аралап жүрген Тереңкөл өңірінің болысы, ағайындас туысы Жанқараның Ілиясы келіп кеткен болатын.
Патша ағзамнан сені тұтқындасын деген піркәз келді. Әскер шығарып ауыл-ауылды тінтеміз, не болмаса өздерің ұстап беріңдер деп губірнәтірден шабарман келіп кетті, – деп, сәл үнсіз отырды да: – Ел іші саябырлап, тынышталғанша сен бәдел қажылыққа барып қайт. Мына көрші ауылдағы Салық ақсақал «жолын көтеремін, мен үшін қажылыққа баратын адам тауып бер» деп өтінген еді, міне құжаты, – деп бір парақ қағазды Қошманның қолына ұстатты.
Бүгін сол сапарға шықты. Жолсерігі жирен қасқамен Тереңкөл болысының орталығы Ілияс ауылына ертеңіне жетті, болыс арнайы үй тіктіріп қойған екен, сол үйге түсті.
Таң ертесімен есімі аңызға айналған батырға сәлем беруге, бірі көңіл айтуға, енді бірі ұзынқұлақтан естігенді батырдың өз аузынан естушілердің қарасы көбейді.
Көңілі бір марқайып, бір суып отырған Қошманға бойы аласа, қоңқақ мұрын жас жігіт келіп, тізім жасау үшін қажылық құжаты керек екенін айтқанда барып есіне сарт етті.
– Ойбуй, қара басқыр-ай, оны үйде ұмытып кетіппін. Онсыз болмай ма?
– Батыр аға, ол құжатсыз қажылыққа бара алмайсыз. Оның үстіне ертеңнің арғы күні жолға шығамыз, – деп кесіп бір-ақ айтты. Енді қайтпек керек?! Киіз үй іші лық толы адам, бәрі үнсіз.
– Менің жирен қасқамның шабысына шыдап беретін бала бар ма бұл ауылда? – деді Қошман.
Бәрі бір ауыздан:
– Мына жылқышы Қарабайдың алты жасар баласы бар.
Қарабай үнсіз, батырдың өзі сұрасын дегендей бетіне қарады.
– Қареке, рұқсатыңызды беріңіз.
Қарабай ләм-мим деместен орынан ұшып тұрып сыртқа шығып кетті. Жылқышының бұл қылығын жақтыртпаған Қошман «Ал тағы кім бар?» дегендей айнала отырғандарды көзімен бір шолып өтті. Осы кезде даладан:
– Батыр сыртқа шығыңыз, – деген дауыс шықты. Батырды емес, өздерін шақырғандай үйге лық толы адамдар жапа-тармағай далаға шықты. Есік алдында Қарабай, оның қасында аяқ-қолы сырықтай, мойны қылтиып қара бала тұр. Қошман баланы көтеріп алып, жирен қасқаға отырғызды да:
– Тұлпарға қамшы жел. Тізгінді тартып ұста, еркіне жіберме. Әулиеағашқа жеткенде тізгінді босат. Өзі-ақ сені үйге алып барады. Атты суытпа, қағазды алысымен кері жолға шық, – деп Қошман балаға нықтап тапсырды. Жол алыс. Арақашықтық шамамен бір жағы сексен шақырым.
Кеш. Күн ұясына батар шақ. Батырдан тағат кетті, бір орнында отыра алмай сыртқа шықты. Киіз үйдің алдына адамдар да жиналып қалған екен, барлығының назары шабарман келер жақта.
– Әне, – деген жаққа елдің бәрі жалт қарасты. Жирен қасқа жүйткіп келеді. Алыстан иесін танып, «мен келдім» деп белгі бергендей кісінеп келеді.
…Қағазды болыстың көмекшісіне берді де, баланы аттан көтеріп түсірді. Тек арада екі-үш күн өткенде бала аттың екпініне шыдай алмай бұл өмірден қош айтысатынын білмеді.
Ұзақ жолға шығар алдында:
– Уа, жұртым! Сіздердей халқым барда мен бақыттымын, – деп тамағына тығылған өксік сыртқа шықпай, дем жетпей бара жатқандай үнсіз қалды. Сәлден кейін сөзін жалғады:
– Ұзақ жол, қажылыққа аттанып барамын. Енді мені Қошмұхамед деп атаңдар. Әнеу аққайың шоғының түбіне қанжарымды көмдім. Уақыты келгенде аларсыздар, – деп батырлық жолында серік болған жирен қасқасының басынан жүгенін сыпырып алып жалынан ұстап тұрып, маңдайынан сипады да:
– Сен де қош бол, қош… – деп босатып жіберді.
Жануар иесінің қоштасқанын білгендей, басын көтеріп кісінеді де, құйрығын көкке шаншып шаба жөнелді.
Сарыарқаның сары даласында бүгінгі заманның батырын, өз иесін іздеген жирен қасқаның елесі әлі кезіп жүр…