Көне Көктаудың баурайы таланттарға бай. Олар киноиндустрияда, ғылымда, әдебиетте, мәдениетте өзіндік өрнегін сала білген. Тіпті, Баянауылдан шығып күллі қазақ жазирасында тұңғыш өз істеріне бойлағаннан болар, Баянауылды «Тұңғыштар елі» деп атап жатады. Бұл біз үшін кеуде керер мақтаныш болса, өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сурет, кескіндеме өнеріне келгенде де Баянауыл өз таланттарынан құралақан емес еді. Аталмыш салада жерлесіміз, кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі, өнертану кандидаты, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ұлы Отан соғысына қатысқан Нағым-Бек Жемал-әд-Динұлы Нұрмұхаммедовты мақтанышпен айта аламыз.
Нағым-Бек ата 1924 жылдың қараша айының 6-сы Баянауылдың Сайтанды атты жерінде дүниеге келген. Енді осы Сайтанды мекеніне тоқтала кетсек. Үздік өлкетанушы Алтынбек Құрманов Баянауыл өңірінде үш Сайтанды деген мекеннің барын алға тарта келе, кейіпкерімізді Қызылтау өңіріндегі Лекер мен Қалмаққырылған маңындағы Сайтандыда дүниеге келген деген болжам жасайды. Алтынбек Жұматұлының айтуынша екінші Сайтанды Майқайың төңірегіне тиесілі болса, Баянауылдан Павлодарға шыға-берістегі оң жақ өзектерді де Сайтанды деп атайтыны жайлы айтты. Және, ол кісінің айтуынша Нағым-Бек Нұрмұхаммедовты «Қазақтан шыққан тұңғыш маринист» дейді екен.
Алматыда тұратын Нағым-Бек Жемал-әд-Динұлының қызы Мара Нағым-Бекқызымен байланысқа шықтық. Ол әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті.
– Әкем алғашқы өнертану ғылымының кандидаты. Көбіне теңізшілермен дос болған. Сол себепті қарапайым теңізшілер мен адмиралдардың бейнесін салуға көбірек қылқалам сермеген. Өмірде қатал бірақ өте әділ болды. Маған қазақша сөйле деп жиі айтатын еді. Жалқау адамдарды жақтырмайтын мінезді болды. Түк бітірмейтін жандарға таңырқай қарайтын еді. Қалайша түк істемеуге болады деп. Өзінің еңбекқор болғаны соншалық, екі тәулік тоқтамай жұмыс істеуге бар еді. Оның суреттен бөлек Қазақстан тарихы мен соғыс ардагерлерін зерттеуге әуестігі болды. Осы бағытта кітаптар жазды. Сурет өнерінде этюдтарды көп салатын. Әкемнің 90 жылдығына орай 2015 жылы үш тілде «Нағым-Бек Нұрмұхаммедов» деген альбом шығардық. Мұқажанова Гүлжазира Жұмаділқызы бұл жинақта әкеме арнап үлкен мақала жазды. Аталмыш альбомның шығуына Алматы қаласының әкімдігі мен Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы қаржылай демеу көрсеткен болатын. Біз екі ағайындымыз. Біз де өнерден алшақтамадық. Менің Мұрат есімді бауырым бар. Ол да скульптурада білім алған. Мен музыка мамандығын тәмамдадым. Қазіргі таңда әкемнің екі немересі бар, – дейді Мара Нағым-Бекқызы.
Болашақ суретшінің әкесі – халық мұғалімі Нұрмахан (Нұрмұхаммед) білімді адам болған, бірнеше тіл білген, көне қолжазбаларды жинаумен айналысқан. Бұл жерде түсінікті болуы үшін тоқтала кететін бір мәселе бар. Кейіпкеріміз әкесінің есімін тегіне «Нұрмұхаммедов» деп иеленіп, «Жемал-әд-Динұлы» деп арғы атасының есімін әкесінің есімінің орнына алмастырған. Әкесі 1931 жылы қайтыс болып, сол себепті жеті жасында балалар үйінде тәрбиеленеді. Мара Нағым-Бекқызының айтуынша әкесі балалар үйінде ұзақ тұрақтамаған.
Туыстарының қолында өскен дейді.
1940 жылы Нағым-Бек Нұрмұхаммедов Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, оны 1942 жылы тәмамдап, дәл сол жылы Мәскеу авиациялық институтына оқуға қабылданады. Бірақ сол жылы ағасы соғыста қайтыс болғаннан кейін Кавказды азат ету үшін өз еркімен майданға аттанады. Соғыстан кейін ол алдымен Әскери-теңіз артиллериялық училищесін оқыды. Ал, 1945-1946 жылдар аралығында Таллинде әскери қызмет атқарған. 1946-1947 жылдары Бүкілресейлік Көркемсурет академиясының жанындағы орта көркем сурет мектебін тәмамдайды. 1947-1953 жылдары И.Е.Репин атындағы Ленинград қаласындағы кескіндеме, мүсін және архитектуралық институтында профессор Р.Р.Френцтің жетекшілігімен шайқас жанры кескіндемесінде білім алады. 1955 жылы ол КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы А.М.Герасимовтың шығармашылық шеберханасының аспиранты атанады. 1961 жылы Өнертану ғылымының кандидаты атанып, Алматыға қоныс аударады.
Павлодар облыстық суретшілер одағының төрағасы Өсербай Шуранов жерлесіміз жайлы былай дейді:
– «Тұңғыш маринист» деген атақ ол кісіге лайықты. Бұл салада одан асып салған суретші жоқ деуге болады. Қалмұқан Исабаевтың деректерінде Нағым-Бек Нұрмұхаммедовқа Қаныш Сәтбаев қолдау білдіріп тұрған. Енді бұл кісінің есімінің ұлықталуына келсек, облыстық көркемсурет музейіне Нағым-Бек Нұрмұхаммедов есімін беру идеясын жергілікті суретшілер болып көтеріп келеміз. Мен бұл мәселені көтеріп Алматыға барып, ұсыныс хатқа осы кісімен қызметтес болған Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сабыр Мәмбеев бастаған азаматтардың қолын қойғыздым. Хатты әкімдікке ұсынып келе жатқанымызға алты жылдың көлемі болды. Соңғы рет былтыр желтоқсан айында қазіргі әкім Әбілқайыр Сқақовпен облыстың зиялы қауым өкілдері жүздесіп, «Нағым-Бек Нұрмұхаммедов» кітабын қолына табыстадым. Атауын ала алмай жүргені, бұл кісі елордадағы атауын беретін тұлғалар тізіміне енбей қалған екен. Міне, енді сол тізімге енгізу бойынша хат жолдадық, – дейді Өсербай Аманжолұлы.
Жерлесіміз негізінен жанрлық картиналарда, кескіндеменің әр түрлі жанрларында жұмыс істей отыра, сонымен қатар бірқатар портреттердің, пейзаждардың, тарихи тақырыптағы картиналардың авторы атанған. Оның қолынан шыққан «Даладағы өрт», «Әкем келе жатыр», «Бес қаруың сай болсын», «Кеңес Одағы Әскери Теңіз-флотының адмиралы И.С.Исаков», «Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин», «Теміртау су қоймасы», «Алатау беткейінде», «Фудзияма тауы», «Еңбек даңқы ерлері» атты еңбектері кеңінен танымалдылыққа ие болған. Нағым-Бек Нұрмұхаммедов Бүкілодақтық және республикалық көрмелерге қатысты. 7 мәрте өзінің жеке көрмесін өткізген. Қазақстанның бейнелеу өнері жөніндегі бірнеше кітаптар мен альбомдардың авторы. Франция, Англия, Бразилия, Жапония, АҚШ, Канада, Мексика, Үндістан сынды елдерге сапар шегіп, нәтижесінде бірнеше суреттер топтамаларын жасайды. Жерлесіміздің еңбектері Канада, Бельгия, Югославия, Финляндия көрмелерінде қойылғанын мақтанышпен айта аламыз.
Оның туындыларын сурет өнері саласында жүрген жандар әр қырынан танып жатады. Сурет өнерінде өзіндік көзқарасы бар Павлодар облыстық көркемсурет музейінің басшысы Айгүл Нұрланқызы жерлесіміз жайлы төмендегідей пікір білдірді:
– Суретшінің барлық жұмысы өткенге, өз халқына, оның өміріне, оның таланттарына бағытталған. Ол Абай Құнанбаев, Әбілхан Қастеев, Сапарғали Бегалин, Тоқаш Бокин, Мәлік Ғабдулин, Талғат Бегелдиновтың портреттерін жасады. Суретші бәрінің басшысы және жасаушы қожасы – адам, деп санайды. Портретпен бірге тақырыптық кескіндеме суретшінің бүкіл кезеңінің басты жанрларының біріне айналды. Көп фигуралы полотнолардың форматы суретші үшін ең сәтті болып шықты. Ол керемет бұрыштарды, бояудың көрінісін, формалардың динамикасын іздейді. Суретші жасаған әр түрлі мамандық иелерінің портреттерінің кең галереясы үлкен руханилығымен ерекшеленеді. Нағым-Бек Жемал-әд-Динұлының есімі қалай ұлықталса да лайықты деп білемін. Қазақстан Республикасының Суретшілер одағы ұсынған Павлодар қаласындағы «Ангарская» көшесі – Нағым-Бек Нұрмұхаммедов көшесі болып өзгеруін қала тұрғыны ретінде қолдадым, – деді ол.
Нағым-Бек Жемал-әд-Динұлы «КСРО Суретшілер одағының мүшесі». 1959, 1971 жылдары «Құрмет белгісімен», 1963 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері», 1974 жылы «Қазақ КСР халық суретшісі», 1978 жылы «Ш.Уәлиханов атындағы І Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты» атанады. Сонымен қатар, «Еңбек даңқы ерлері» топтамасы үшін «Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын иеленіп», 1985 жылы «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және медальдармен марапатталған. КСРО СО Орталық тексеру комиссиясының және Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі болып сайланады.
Қазақ жастары тәуелсіздік үшін күрес жүргізіп жатқан сәтте Нағым-Бек Жемал-әд-Динұлы 1986 жылы 17 желтоқсанда Алматы шаһарында мәңгілік сапарға аттанады. Өмірден озған соң да есімі құрметтен құр қалмады. Жерлесімізге арнап 2008 жылы Алматы қаласында «Қалқаман-2» ықшамауданындағы 1600 метрді құрайтын 13-ші көшесіне Нағым-Бек Нұрмұхаммедовтың есімі берілген. Осы жуырда ғана Павлодар қаласының орталығындағы 23 көшенің атауын өзегерту туралы мәселе көтеріліп, оң шешімін тапқан еді. Сол 23 көшенің арасында ескіше атауы «Ангарская» көшесі – Нағым-Бек Нұрмұхаммедов көшесі болып ҚР Суретшілер одағының ұсынысымен жерлесіміздің есімін иеленді.
Барша қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Нағым-Бек Нұрмұхаммедов жайлы айтар сөз әлі де таусылмақ емес. Оның өнерге арналған ғұмыры том-том кітап десек артық болмас. «Жақсыны білмекке» деген қазақтың баласымыз. Біз де бүгін аз-кем жақсы адам жайлы қалам тербедік. Әлі де тербеле бермек. Жерлесіміздің есімі мәңгілік жадымыздан өшпесіне сенеміз.
Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ.