Адамдар дүниенің бәрін түсіндіргенмен, өздерін өздері әлі де болса түсіндіре алған жоқ.
***
Алпыс адам – бір жақ, ақын өзі – бір жақ.
***
Әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық!
***
Адамның бүкіл өмірі өзін-өзі жұбату, өзін-өзі алдау.
***
Ақын – жазушылардың бәрі болмағанмен, біразы әдеби есірмен.
***
Нағыз қайыршы ұрлық жасамайды.
***
Өлімнен қорқатын ештеңе жоқ, Өмірден қорық!
***
Есенин ішсе, бір нәрсе тындырып барып ішкен. Ал біреулер ішіп алып бірдеңе тындырмақ. Тына қояр ма екен!
***
Елге, әсіресе басшыларға, тірі ақыннан гөрі өлген ақын тиімдірек. Олар өкіметтің мазасын алмайды. Айтатынын олар баяғыда айтып, сынайтынын олар баяғыда сынап кеткен. Енді олар оппазиция емес, бар болғаны цитатаға, мысалға айналған.
***
Қасқыр орманға қарап ұлыса, қазақ қырға қарап күрсінеді.
***
Егер шатақ шығару керек болса, қымыздың өзі жетіп жатыр. Ал шабыт шақырып, шығармашылықпен шұғылдану қажет болса қымыздан артық ішімдік жоқ!
***
Әдебиетте саған көзіңнің тірісінде қоғамның берген бағасы – анық баға емес.
***
Дүние-мүлік, әсіресе байлық – көздің құрты. Ал сол байлықтардың ішінде кітапқа жететін бірдеңе бар дегенге өз басым сене алмаймын.
***
Басқаны білмеймін, ал хан сарайында ұзақ қызмет істеген адамдардың сөзіне де, ісіне де сенуге болмайды. Олардың ақыл ойлары, тіпті адамдық-азаматтық сезімдері де деформацияға ұшырамай қоймайды. Өзгелерді айтпағанда олар өз үйлеріндегі сүйген жарларымен, бала-шағаларымен де дипломатиялық қарым-қатынас жасайды. Өзінің қабағын, өзінің тілін күзетумен күндері өтеді. Қарқылдап күле алмайды, еңкілдеп жылай алмайды. Ғабит Мүсірепов айтқандай: «Ауызын толтырып, айызын қандырып боқтай да алмайды»
***
Адам – Құдайдың шығармасы.
***
Білместі білсем, көрместі көрсем деу – талантқа біткен табиғи құштарлық.
***
Өзіне-өзі қанағаттанбау – жақсы қасиет.
***
Жазушылар одағын пенде басқармауы керек, Адам басқаруы керек. Арамдық басқармауы керек, Ар басқаруы керек.
***
Әуелі төсек тербеледі, сонысын бесік тербеледі.
***
Көлден үлкен теңіз бар,
Елден үлкен неңіз бар?!
***
Біреу нарын жоғалтады,
Біреу жарын жоғалтады.
Отанын жоғалтқан
Бірден барын жоғалтады.
***
Базарда адалдықтан басқаның бәрі бар.
***
Адамның шашқаны емес – тергені, алғаны емес – бергені қалады.
***
Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді.
Үйренеді күлуді, бірақ күліп өлмейді.
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өледі, өзгені де жылатып.
Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын.
***
Адам боп оңай туғанмен,
Адам боп қалу көп қиын.
***
Адам боп туу – анадан,
Айуан боп кету – өзіңнен.
***
Өз бағаңды көтеру үшін, біреудің бағасын түсіріп керегі жоқ.
***
Хайуандар ғана емес, адамдар да түлейді.
Қадыр МЫРЗА-ӘЛІ.