Күздің күндері еді. Шаһар шетіндегі екі үй бір-біріне қарама-қарсы тұратын. Бір үйде Бәтима апай – ақ шашты, ширақ мінезді, жанары мейірімге толы кейуана. Екінші үйде Валерия әжей – бетіне жылдардың табы із салған, көзі күңгірт тартқанымен жүрегі жылы орыс кемпірі.
Күнде күн бесіннен ауа шырайлы шапақ төгілген шақта, олар аулаға шығатын. Кездесе қалса, езу тартып амандасатын. Бірі қазақ тілінде, бірі орысша жауап беретін. Бірақ тілдің айырмашылығы жүрекке бөгет бола алмайтын еді.
— Сәлемет пе, көршім! – деп дауыстаушы еді Бәтима апай. — Салам… салам! – деп тырысып жауап беретін Валерия әжей
көңіл тілі – жүрек тілінде тілдесіп.
Бастапқыда Бәтима апай ымдап, қимылмен түсіндіретін. Валерия кемпір күлгенде бетіне шұғыла жайылып, ұялғанынан басын шайқайтын. Бірақ уақыт өте келе Валерия әжейдің ішінде бір сезім оянды: «Мен де осы тілде сөйлегім келеді».
Ол ұялы телефонын алып, қазақ тілін үйренетін қосымшалар іздеді. Кітап дүкеніне барып, балаға арналған әліппе сатып алды. Әріптерді қалтырап отырып жазды. Әрбір жаңа сөзді үйренген сайын қуанып, Бәтима апайға мақтана айтатын.
— Нан… су… жақсы… рақмет! – деп апайдың алдына келетін.
Бәтима апай оның әрбір сөзін естіген сайын, әжімдерге толы жүзі бал-бұл жанып, ырғалық ықылас танытып отыратын.
Күздің соңғы күндерінің бірінде Бәтима апай үлкен қазан асып, жылқы етінен қонақасы дайындады. «Көршімді қазақ салтымен сыйлайын», – деді іштей.
Сол кеште Валерия әжей балалары мен немересі Вованы ертіп келді. Үй ішін сары қымыздың иісі, домбыраның күмбірі кернеді. Шәмшінің әндері шырқалды. Вова телефонын суырып алып, бәрін бейнежазбаға түсірді.
Бәрі жайғасқан дастарханда Валерия әжей тұрып:
— Бәтима, мен сізге рахмет айтам. Қазақ тілі — менің жүрегімнің жаңа әні, — деді тілін бұрмаласа да жүрегімен.
Алайда ертеңінде базарға барған Валерия әжейге бір жас келін дүрсе қоя беріпті:
— Әй, қазақша сөйлеп үйренсеңші, қанша жыл болды! – деді көзінің қиығымен қидалап.
Әжейдің іші қақырап кеткендей. Жаңа бүр жарған талды біреу сындырғандай. Ол үнсіз үйіне қайтты. Тек көзінің кемерінен мөлтілдеген бір тамшы жас сырғып түсті.
Бәтима апай мұны естіген соң, көршісіне жетіп барды. Екі қолымен бетін басып:
— Тіліңнің шұбарланғаны емес, көңіліңнің бұзылғаны ауыр. Сөздің де, көңілдің де емін сыйластық табады, – деді.
Сол күні Бәтима апай аудан ақсақалдарын жинап, арнайы бастама көтерді: «Тіл мен Жүрек» үйірмесін ашты. Оған орыс, неміс, кәріс ұлтының үлкен-кішісі түгел жазылды.
Бір жылдан соң қала орталығында Тіл мерекесі өтті. Сахна төрінде қолында домбыра ұстаған Валерия әжей немересімен бірге қазақша өлең оқыды:
«Тілім менің – тірлігімнің тірегі, Сен арқылы нұрға толды ғой жүрегім…»
Көрермендер тік тұрып қол соқты. Әжей көз жасына ерік берді.
Сол күні теледидар арқылы бүкіл ел арнайы сюжетті көрсе, Вованың түсірген видеосы әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинады. Пікірлер қарша борады:
«Қазақ тілінің құдіреті!». «Нағыз достық пен сыйластықтың көрінісі!». «Қазақ тілі – жүректен жүрекке бастап апаратын алтын көпір».
Қазақстанда қазақ тілінің кереге жаюына кедергі жоқ екен. Оның дамуына бір-ақ нәрсе керек: сыйластық.
Найзадай қадалатын ауыр сөз емес, жүрекке жылу себетін жылы сөз керек екен.
Қазақ тілінің болашағы – ашулы айқайда емес, мейірім мен ынтымақта екен.
Айбек ОРАЛХАН.