(Назгүл Қожабектің баяны негізінде жазылды)
Бірде қызым екеуіміз терезе түбінде шәй ішіп отыр едік. Самал жел пердені ақырын желпіп, бөлмені жұмсақ жарықпен толтырып тұрды.
– Мама, – деді қызым ойлана сөйлеп, – мен ағылшын тілін қалай үйренгенімді, жапон мен итальян тілін екі жыл оқығанымды жақсы білем. Әр тілдің қиындығы, әр әдісі есте. Бірақ бір нәрсе түсініксіз… Орыс тілін мен мүлде үйренбеген сияқтымын. Ол маған ауадан сіңген сияқты. Бұл қалай?
Осы сәтте өткен өмірдің бір үзігі көз алдымнан тізбектеліп өтті. Еріксіз күліп жібердім.
– Білесің бе, қызым, – дедім баяу ғана, – мен алғаш күйеуімнің үйіне келін болып түскенде, ол үйдің тілі орысша еді.
Қызым таңырқай қарады.
– Бәрі орысша сөйлейтін бе?
– Иә, – дедім басымды изеп. – Атам қазақша да, өзбекше де білетін. Енем қазақша білмейтін. Балалары тек орысша сөйлейтін. Өзім де алғашында орысша сөйлеп жүре бердім. Бастапқыда оны ойламаппын, ғашықтық гармонның буы ғой…
Қызым жымиып қойды.
– Сосын ше?
– Біраз уақыт өткенде ішімдегі дауыс мазалай бастады. “Балам қай тілде сөйлейді?” деген ой маза бермеді. Бір күні күйеуіме ақырын ғана: “Баламызды қазақша сөйлетейікші. Ол үшін алдымен екеуіміз өзара қазақша сөйлейік”, – дедім. Ол бірден келісті.
– Әкем бірден келісті ме?
– Иә. Балаға деген махаббат сондай ғой. Екеуіміз бірте-бірте қазақша сөйлесуді әдетке айналдырдық. Босанатын шақ та таяп қалды. Бірақ үйде ортақ тіл бәрібір орысша еді. Енем қазақша сөйлемейді.
– Қиын болған екен…
– Әрине. Қонақ келгенде енем өзбекше сөйлеседі, біз қазақша жауап береміз. Үй іші ала-құла тілге толып тұрды. Бірақ біз алған бетімізден қайтпадық.
– Мен туған соң не болды?
– Сен өмірге келген соң екеуіміз тек қазақша сөйлестік. Ал енем қарсы болды.
– Қалай?
– “Үйде орысша сөйлесе беріңдер, бала кейін қазақ тілін өзі үйренеді”, – деді. Ал мен көнбедім. “Бала қазақша сөйлеп өссе, орысшаны өзі-ақ үйренеді. Бірақ керісінше болса – қиын,” – дедім.
Қызым үнсіз тыңдап отырды. Үнсіздікті өзім бұздым:
– Сөйтіп, енеммен талас басталды. Тіл үшін емес, текке тәндік үшін талас. Мен баламды қазақ қылғым келді. Енем өзіне тартқысы келді.
– Ақыры не болды?
– Ақыры біз бөлек шықтық, қызым. Сендер үйде бір ауыз орысша естімей өстіңдер. Ал қазір орыс тілінен кез келген орыстың өзін жаңылдырасыңдар!
Қызым жымиып қойды.
– Сонда тіл тек қарым-қатынас құралы емес екен ғой?
– Иә, тіл – айдентити, кім екеніңнің тектік тамыры. Балаңмен орысша сөйлессең, үйіңнің әр бұрышын ою-өрнекке көмкерсең де, қазақ қыла алмайсың.
Қызым шәйін жай ғана ұрттап, терезеден тысқа көз тастады. Әлем үнсіз еді. Біздің әңгімеміз сол үнсіздіктің ішінде ғасырлық дертті қозғаған мылқау мұңға айналғандай еді.
Айбек ОРАЛХАН.