Иса Байзақовтың туғанына – 125 жыл
(Айтпай Хангелдиннің естелігі)
Иса Байзақов 1924 жылы күз айларында Ташкентке келіп, қазақ институтында істейтін өзінің бір таныс мұғалімімінің үйіне тоқталып, осында жатып, физиоинститутында емделеді. Емделіп жүрсе де кейде институттың әдебиет сабығына келіп тыңдап та жүрді. Институттың мәдени іс-шараларына да қатысқан екен.
Бір күндері Абайдың ақындығы жөніндегі бір талас үстінде оның өлеңмен шығып сөйлегені бар екен. Ол сөз Ташкентегі қазақ жастар клубында Абайдың ақындығы жайында болды. Бұл жиналысқа Ташкенттегі түрлі мектептерде оқитын қазақ жастарының көпшілігі қатысты. Баяндамашы Абайды байшыл-федал ақын деп қорытты. Міне осы мәселе жөнінде үлкен айтыс-тартыс болып басталады. Жұртшылықтың көбі баяндамашымен келіспесе, кейбіреулері қолдап жатты. Соның бірі ақын Ғұбайдолла Балақадыров еді. Ол сөзінің басынан бастап, аяғына дейін Абайды байдың, федалдың ақыны деумен болды.
Балақадыров сөзін болысымен Иса орнынан ұшып тұрып, басқарушыдан сөз сұраған екен. Сөз Исаға беріледі. Балақадыровтың сөзіне шыдамай тұрған Иса былай деп бастаған екен:
Жаңада айтып кетті Балақадыр,
Сөзіне мен отырмын етпей сабыр.
Халық сүйген Абайды федал дейді,
Сөз бар ма ұлы ақынға бұдан жәбір.
Алтын мен мысты байқап айырмайтын,
Санасыз Балақадыр неткен пақыр?
Бір шарықтап кетсе, Исаны тоқтата қою қиынға соғатын. Иса шұбыртып ала жөнеледі. Клубтағы жұрт қырғын-күлкі, мәз-мейрам болып жатыр. Иса одан сайын қыза түсіп, тіпті Балақадыровтың үстіне төне түсіпті. Жұрт әрең қойдырған екен.
(Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорынан алынды).