Астанадағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» елімізде тұңғыш рет ресми түрде «Ұлттық кітап күні» аталып өтті. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов, Парламент және сенат депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов және зиялы қауым өкілдері, баспагерлер, кітапхана меңгерушілері, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы қызметкерлері, ақын-жазушылар мен кітапсүйер оқырман қауым жиналды.

Мемлекет басшысының 2024 жылы өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» болып бекітілген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Кітапқұмарлық жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді… Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын. Осы орайда «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» ЮНЕСКО бекіткен «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен» тұспа-тұс бекітілуі де сәтті таңдалғанын айта кету керек.

Жиынның шымылдығын ашқан Мәжіліс Төрағасы Ерлан Жақанұлы кітаптың құндылығына, жас ұрпақты тәрбиелейтін орасан зор күшіне жан-жақты тоқтала келе, Түркияның Анкара қаласындағы Ұлттық кітапхана туралы нақты мәліметтер келтірді. 4 млн-нан астам кітап қоры, 200 мың сирек қолжазба сақталған, кітап ордасына соңғы 5 жылда 7 млн оқырман білім, ғылым нәрімен сусындап, танымы мен ой көкжиегін кеңейткен. Біздің еліміздегі дер кезінде қолға алынып отырған игі бастама алдағы уақыттарда осындай межені бағындырудың алғашқы баспалдағы болады деп сенеміз.

Жиын барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары: балалар әдебиеті, комикс, нон-фикшн, детектив, сатира, иллюстрациялық кітап, аударма, фантастика, үздік баспа және «Жыл кітабы» номинациялары бойынша марапатталды. Жеңімпаздарды анықтауға тағайындалған әділқазылар мүшелері жан-жақты сараптама жасап, турашыл талқы, дұрыс шешім шығаруға үлкен жұмыс жасады. Байқауға 10 номинация бойынша келіп түскен 120 өтінімді саралап, үміткерлерге өзінің әділ бағасын беріп төрелік еткен әділқазылар қатарында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов те болды.

​Сондай-ақ Мереке Әбдешұлы «Детектив жанрындағы үздік кітап» номинациясы бойынша тағайындалған жүлделі орындарды сахна төрінде жеңімпаздарға салтанатты түрде табыс етті. «Детектив жанрындағы үздік кітап» номинациясы бойынша сынға түсіп, үздік деп танылған кітаптар: І орын – 2млн теңге жүлдеқорымен «Түнде атылған оқ», авторы – К.Тоқаев, «Фолиант» баспасы; ІІ орын – 1 млн теңге жүлдеқорымен «Дело было в Алматы», автор – Э. Воронцов, «Zerde Publishing» баспасы; ІІІ орын – 500 мың теңге жүлдеқорымен «Үйірі жоқ көкжал», авторы – Ғ. Құлахмет, «Arna-b» баспасы.

​«Жыл кітабы» номинациясы бойынша Гран При – 5 млн теңге: «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген «Қазақстан тарихи тұлғалары» сериясы кітабына табысталды.

​Руханият пен ілімнің мерекесіне жиналған көпшілік қауым сирек кітаптармен, қолжазбалармен танысып, Жеңістің 80 жылдығына арналған және 2024 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген әдебиеттер көрмесін тамашалады.

​Осылайша кең көлемде ұйымдастырылған тұңғыш кітап мерекесі мәресіне жетті. Бұл игі шара – саналы ұрпақ, сапалы ұлтты қалыптастырудың негізі болатындықтан, жыл сайын өтетін дәстүрлі мерекеге айналары анық.

Жанна ИМАНҚҰЛ,

«Жалын» журналының қызметкері,

«Ақпарат саласының үздігі» иегері.

Добавить комментарий