Биыл – талантты актер, қазақ театр өнерінің дамуына мол үлес қосып, сахнада сан тағдырлы, алуан мінезді жүздеген ер-азаматтың бейнесін сомдаған   Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі,  әнші, актер  Хасен Байырмановтың туғанына 120 жыл толып отыр.

Ол қазақтың әйгілі өнер тарландары  Қалибек Қуанышбаев, Серәлі Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов сынды өнер саңлақтарымен бірге көптеген спектаклдерді сахналап, әйгілі әнші, композитор Естайдың өз аузынан естіп, үйренген «Қорлан», «Жайқоңыр», «Бір мысқал» әндерімен қатар, ұлы өнер иесі Иса ақынның желдірмелерін  өзіндік ерекше мәнерімен орындап, төл шәкірті болған. Театр сахнасында 50 жылға жуық жемісті еңбек еткен актер 200-ден аса басты және қосалқы рөлді сомдаған.

Өнер иесі 1905 жылы 8 сәуірде Павлодар облысы, қазіргі Ақсу қаласында  қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан әке-шешеден  айырылып, жетімдік тауқыметін тартса да, ауыл молдасынан хат танып, араб тілін және құранды жақсы меңгереді. Бала кезден өнерге  жақын болған актер,   мерекелерде  терме, жыр-толғауларды жатқа айып, халықтың қошеметіне бөленген.  1930 жылы режиссер Жұмат Шанин алғаш рет Павлодар қаласында жас таланттардың байқауын ұйымдастырады. Осы байқауда Хасен Байырманұлы атақты әнші, композитор  Естай Беркімбаевтың «Қорлан» әнін шырқап, өнер тарландарының көзіне түседі.

Ақын Сәбит Дөнентаев жас жігітті Жұмат Шанинмен жолықтырып, нәтижесінде болашақ актер тұңғыш режиссердің шақыртумен Алматыдағы драма театрға  актерлік топқа қабылданады. Осы уақыттан бастап әншінің бүкіл өмірі өнер саласына, оның ішінде қазақ драма өнерінің дамуына арналады. Актер әркез: «Сәбиттің сол қамқорлығы мені келешек өнерге қанат қақтырды. Ол өмірімнің алғашқы сапарына жол сілтеген ұстазым болды», – деп еске алып отырған.

Театр сахнасында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасында Кебектің, Ғабит Мүсреповтың «Қыз Жібегінде» Төлегеннің, «Ақан сері – Ақтотыда» Жантықтың, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Қобыланды бейнелерін және тағы басқа көптеген  рөлдерді асқан шеберлікпен сомдап, халықтың сүйікті актеріне айналды.  Сонымен бірге, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Жапалдың рөлін, Ж.Шаниннің «Шахтасы» мен «Торсықбай қу» шығармаларындағы жанына жақын жұмысшылардың рөлін асқан шеберлікпен сомдайды.

Осы театрда болашақ жары Рахила Сүлейменованы кездестіріп, отбасын құрады. Жары Рахила  да өнерге жақын, театр бишісі, атақты Күләш Байсейітованың құрбысы  болған. Жас отбасын Иса Байзақов қамқорлығына алып, аяқтарынан тұрып кетулеріне көп көмегін тигізеді. 1931 жылы бір топ жас таланттарды Мәскеу қаласындағы театр техникумына оқуға  жіберіледі.  Соның ішінде Хасен Байырманов та болған.  Ол Мәскеу қаласында атақты этнограф, композитор, музыкант Затаеевичпен кездесіп, «Қазақтың 1000 әні» жинағына он шақты қазақ әнін енуіне қол жеткізеді.

Мәскеуден оралғанан кейін  жас актерлерлерді театр өнерін дамыту және театр ашу мақсатымен Қазақстанның әр жерлеріне жұмысқа  жіберіледі. Ал Хасен Байырманов  жұбайы Рахила екеуі Семей қаласына қоныс аударып келгенімен,  театр жоқ еді. Актер ет комбинатына қарасты Мәдениет үйінде жас домбырашылар үйірмесін ашып, концерттер беріп, жан-жақтағы шағын ауылдарды аралап, өнер көрсетеді. Ал 1934 жылы Семей қаласында музыкалық драма театры ашылып, актер алғашқы театрдың іргетасын қалаушылардың бірі болады.  Театр шымылдығы ашылған күні  Хасен Байырманұлы Ілияс Жансүгіровтың «Кек» драмасында қойшы баланың рөлін сомдаған екен.

Ұлы Отан соғысы жылдарында жарақаттанған жауынгерлердің алдында домбырамен ән салып, көңілдерін көтерсе, кешке театр сахнасында өнер көрсетіп, бар күш-жігерін халыққа арнаған. 1944 жылы елге сіңірген ерен еңбегі үшін Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды. Сонымен қатар «Еңбек Ері» атағымен, көптеген орден медальдармен марапатталды.

Сәуле  АРЫНҒАЗИНА,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі  өнер бөлімінің басшысы.

Добавить комментарий