(Әңгіме)
Бір қара бұлт келіп аспанға жыланша ирелеңдеп, жалындатып, жалақтап, лездің арасында бір емес бірнеше бағытқа – Балқай, Аралтөбе, Мисал, Көкдомбақ, Жәми бағыттарына тез тарап кетеді. Ешқандай соққан дауыл немесе желдің белгісі білінбестен Ақкелін тауын қара түтінге орайды. Соның салдарынан бес отбасы – 25 адам өрттен көз жұмған. Осы зұламат апатты көзімен көрген ақсақалдардан сұрап-біліп, «Бүгінгі өмір – келешек тарих» деген қағиданы ұстанып, бізге жеткізген – Е.Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің мақтан тұтар түлектерінің бірі, ұлағатты ұстаз, Еңбек ардагері, Қазақ КСР-ына еңбегі сіңген мұғалім, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Нескен Мәлікқызы.
***
Ел десе елең етіп, өрісі мен өткенін бағамдай қарайтын шақта келер ұрпақтың адам тағдырын тығырыққа тіреп, жарға соқтырған зұлмат оқиғаның тарихын жеткізуді өзіме міндет деп есептеймін. Ақкелін тауы етегіндегі Қаржас елі Қызылтаудан бастап Шоман көлі, Ақсаң, Сабындыкөлдің сырт жағынан Далбаға дейінгі, Семізбұғы, Төрткөл, Ботақара, Шідерті, Өлеңті өзендері мен Ерементау тауына дейінгі ұлан-байтақ жерлерді мекендеп, жайлау, қыстау, күзеу еткен. Баянауылға Теңдік ауылына апаратын жолда, қазіргі Құндыкөл ауылы бағытында Мысал, Жәми деп аталатын елді мекендер бар. Ақкелін тауының етегіне қарай таспен қоршалған зиратқа жол үстімен өткен жолаушылар тәу етеді. Бірақ тарих көші ілгерілеген сайын сол қорымның тарихы мен зардабын біреу білер, біреу білмес.
Талай тарихи тұлғалар, тарих шежіресінің бай мұрасының шоқжұлдыздары осы Ақкелін бөктерінен тарады. Әйгілі Сәтбай – Шорман әулетінің ұрпақтары осы Теңдікте мекен етуде. Теңдік колхозы 1929 жылы алғаш 15 үйден тұратын артель, бес адам мүшесі бар партия ұясы бар ұжым болды. 1929 жылы «Теңдік» колхозы болып құрылды. 1930-1933 жылдары колхозшылардың тұрмыс-тіршіліктері ауыр жағдайдың құрбаны болып, ауыр кезеңді бастан кешірді.
Соған қарамастан ел бірлік пен ынтымақтың арқасында қиындықты артта қалдырды. Ауылда бастауыш мектеп ашылды. 1935 жылдары алғаш тракторлар келе бастады. Бастауыш мектеп 1938-1939 жылдары жетіжылдық мектепке айналды. 1940 жылы ел еңсесін көтерген жылдар болды. Сол жылы Баянауылға баратын жолға қиыршық тастар төсеу үшін бригада ұйымдастырылып, «Жәми» қыстауына алты үй көшірілген деп еске алады ауыл ақсақалдары. Әбішев Әлімжан, Омаров Зейнекбар және Рымбай Түсіпбаевтардың аузынан естіген дерегім бойынша осылай. Онда Тайлаш, Қамыш, Көкен, Хасен, Кенжебай, Дірілдектердің үйлері көшіріліпті.
Шілденің ыстығына қарамастан қиыршық тастарды қазып, оны алу оңайға соқпады. Ер адамдар жол үстінде істеп, әйелдері мен бала-шағалары көшкен тұрақта қалған.
Ешқандай соққан дауыл немесе желдің белгісі білінбестен Ақкелін тауы үстінен, кейін жұрт «Құйын өрт» деп атаған бір қара бұлт келіп аспанға жыланша ирелеңдеп, жалындатып, жалақтап, лездің арасында бір емес бірнеше бағытқа – Балқай, Аралтөбе, Мисал, Көкдомбақ, Жәми бағыттарына тез тарап кетеді. Өрттің жалынын алғаш көрген әйел адамның дауысы шығар-шықпастан естерін жия алмаған. Еркектері жұмысқа кеткен. Қауқарсыз бала-шаға мен әйел-аналарымыздың бар күші айғай-шу мен жылап-еңіреуге ғана жеткен. Естері шығып, сол жердегі үлкен жарға тығылады. Дәл бір осылардың жарға келіп тығылуын күтіп тұрғандай сумаңдаған қызыл жалын жанын шүберекке түйген әлсіз жандардың паналаған орынын қоршап алады.
Жәми үстіндегі өртті көрген ер азаматтар тұра шабады. Еркектер жеткенше тілсіз жау бәрін жалмап еді. Атқа міне салып шапқан еркектер құлап-сүрініп жетті. Өрт басына алғаш жеткен Хасен көйлегін жалын шалып ордан тырбанып шыға алмай жатқан қызы Хамиданы көргенде есі шығып кетеді де қызына қолын соза бергенде ордан құлап кетіп отқа оранған. Ақсақалдар «Хасен шауып келіп: «Сендерден қалған жан маған неге керек» деп атымен бірге еңіреп отқа ессіз өзі түсіп кеткен» деп айтып отыратын.
Артынан түтінге булығып, адам танымайтын халде жолшыбай құлап-сүрініп, естері шығып кеткен отбасы иелері мен жұмыскерлер жетті. Бұл кезде от өшіп, бықсыған түтін мен адам танымайтындай жанып кеткен өлі денелердің, адам шыдамайтындай иістері бет қаратпайтындай халде еді.
Алайда жан-жаққа тараған от жалыны бұнымен тынбады. Мисал тұсындағы өзеннің үстінде барлық дүниелерін суға лақтырып, су кигізге, алашаға, сырмаққа оранған балалар, қарттар, қариялар еңіреп жылап, Жәми тұсындағы құйын өрттің өздеріне келіп соғарын біліп қоштасып, құшақтасып, қоштасу үстінде болды. Бұл кезде бас көтерер еркектер ордың ішіндегі өлі денелерді күңірене жоқтау үстінде еді.
Дәл осы бір сәтті күткендей Жәми мен Мисал арасындағы арба үстінде май құйылған бөшкемен жұмыскерлерді тасып жүрген Дірілдек келе жатыр еді. Құйын өрттің бір ұшы Дірілдектің соңына түсті. «Қанша қашса да өрт өз дегеніне жетті» деп еске алады Рымбай ақсақал. Жәми тұсында өлі денелердің кім екенін танымай еңіреп, күңіренген дауыс естіген адамдардың сай-сүйегін сырқыратты. Аядай ауылға келген нәубеттен есі шыққан халық қолдарынан ештеңе келмесін біліп, бірін-бірі құшақтап, еңіреп, күн батқанша талықсумен болды.
Осы бригадада есепші болып еңбек еткен Омаров Зейнекбар аға: «Хасен ағаның орға түсіп кеткенін еске ала отырып, сол күнгі қайғының ауыры Хасеннің екінші қызы Әминаның құлындаған дауысы есімнен көпке дейін кетпеп еді» деп еді. Әмина мектеп бітіріп, Алматыдағы ағасы Қадырдың жанына бару үшін құжаттарын жинап, Баянауылдан Теңдікке келе жатқан бетінде көлік болмай Алексеевка (қазіргі Құндыкөл) ауылындағы колхоз басшысы Әзбергеннің арбасына мініп, арман арқалап келе жатады. Баянауылдан колхоз жүргізушісі Мусин Насыр бұл оқиғадан хабардар болып, асығып келе жатып туысы Әминаны көріп ауылға алып келеді. Дәл осы сәтті Әлімжан Әбішев ақсақал өте бір тебіреніспен былай деп еске алып еді:
«Насыр кейін маған: «Әлімжан, Әминаны жаныма отырғызып, «Бір отбасынан жалғыз қалған туысым-ай» деп айтуға дәтім шыдамай, іш жүрегім езіліп отырғанда, қалай шыдадым деп әлі күнге дейін таңқалам. Алланың берген күші шығар «Жәмидегі» оқиғаны көзбен көргенше тіс жармадым» деп егіліп еді. Жасы небары 15 жасқа жеткен Хасенқызы Әмина бүкіл елдің етжүрегін елжіретіп, қайғы дертіне ерте шалдыққан өксігі ауыл тұрғындарының аңызына айналып еді.
Отбастарынан, әйел, бала-шағаларынан айрылған еркектердің қасіреті елдің сай-сүйегін сырқыратып, жанып-күйген денелер кімдікі екенін ажырату мүмкін болмаған. Тек бір-бірін құшақтап, не істерін білмей, қас-қағым сәтте жайпап өткен құйын өрттің зардабын шеккендер азасы тоқтар емес. Жол бойына көшірілген алты отбасының барлығы мерт болған.
Аудан орталығынан келген Жүсіпбаев Тұмардың әйелі Хасенқызы Хамида (әкесінің үйіне келіп жатқан), Хасеннің өзі, шешесі Фарида, әжесі Салиха, бауырлары, апа-сіңлілері – Мариям Шатбану, Қуаныш, Сабыр бақилық болды. Сұраубаев Көкен, Ысқақов Қамыштың отбасы әйел-балаларымен, Кенжебайдың отбасы, Күлбанның шешесі, бесіктегі баласымен, Оспанов Нұркеннің отбасы да жанып кетті. 1934 жылы колхоз председателі болып, 1940 жылы ғана Баянауыл ауданының тұтынушылар одағына қызметке ауысқан қызылтаулық Сарбасов Қалышбектің отбасы да осы өрттің құрбаны болды.
Қалышбектің осы өрттен аман қалған ұлы Бекен Қалышбекұлы естелігінде:
«Мен 16 жаста едім. Біз Баянауылда тұрдық. Анам Сұраубай қызы Бәтияның төртінші балаға аяғы ауыр болды да жазғы каникулда Теңдіктегі нағашымыз Сұраубаев Көкен, әжем Дәмештің үйіне демалуға келдік. Екі-үш күннен кейін мен демалысты Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы «Үлгі» ауылында нағашы апам Мақыш пен жездем Жандайдың үйіне өткізуге кеттім. Екі бауырым мен анам Теңдікте қалды. Аз күн ғана болған соң, өзімнен-өзім кеткім келіп, көңілім елге жетсем екен деп алаңдай берді. Ол кезде көлік жоқ. Қайтсем де кетуім керек деп таңнан тұрып алдым. Мені Баянауылға қарай өтіп бара жатқан машинаның кабинасына үшінші адам қылып отырғызып жіберді. Қазіргі Төрткөл ауылы жанынан өтіп, Теңдікке қарай беттегенімізде алдымыздан көк түтін жүргізбей қойды. Жанымдағылар шөп өртеніп жатыр деп топшылап келе жатты. Теңдік ауылы жақындаған сайын жүрегім алабұртып, өзімді жайсыз сезіндім. Бір кезде алдымыздан полуторка машина шығып, машинаның алдына тұра қалып, шоферға «Машинаңды бұр, өрт сөндіруге көмектес» деді. Шофер жігіт бұрылғысы келмеді ме, бөгеліп қалып еді, әлгі кісі «Мен – райком хатшысы Бердіғұловпын. Тез бұрыл!» деп бұйырған соң бұрыла бастады. Маған қарап: «Сен бала, қайда барасың? Сен кімсің?» деді. Мен Сарбасов Қалышбектің баласы екенімді айта бастап едім, «Жүр, менің машинама отыр» деп отырғызып алды да, жолға түсті.
Жол үстіне қарасам, у-шу халық, кім екенін, не екенін түсінбедім. Бір уақытта жаңағы кісі мені басқа көлікке отырғызып, Баянға жеткізуді бұйырды. Жолға түскен кезде байқағаным: жол үстінде екі ат арбамен шала күйгендерді аудан орталығына апара жатыр екен. Әлде бір себеппен тоқтаған машинаның терезесінен арбаның үстінде жатқан нағашы әжем Дәмешті көзім шалып қалды. Қалай ытқып шыққаным есімде жоқ арба үстіндегі әжемнің халін көріп, есім шығып кетті. Тілі сөйлеуге келмейді, өне бойын күйік шалған, ес-түссіз жатыр. Әжелеген айғайымнан ауызы күбірлегендей бола ма, әлде елес пе, білмедім, арба соңынан өксіп ілесе бердім. Баянауыл ауруханасына жетпей екі арбадағы адамдар бірте-бірте көз жұма берді. Соның ішінде кезінде мектеп табалдырығын аттағанда «Менің фамилиям – Дәмешов» деп барған әжемнен көз алдымда айрылдым. Әжем деп жылап тұрған кезімде дәл сол өртте анам Бәтиядан, Өртай, Қайыртай атты інілерімнен және дәл сол түні анам дүниеге әкеліп, атын да қоюға үлгермеген кішкентай қарындасымнан айрылғанымды кешкілікте бірақ естідім. Есіктен еңіреп кірген әкем Қалышбек жалғыз қалған мені медет етіп еңіресе, ешкімі қалмай бәрін өртке берген нағашым Көкен сай-сүйегімді сырқыратты. Сөйтіп екі үйлі жаннан үш еркек үш бұрышта қалдық.
Ордың ішіндегі жанған жандарды ажырату мүмкін болмаған. Тек менің анам Бәтияны сол күні дүниеге келген сәбиді омырауына қысып алып екі қолын айқастыра құшақтаған қолындағы білезігі мен жүзігінен ажыратқан екен», – деп егіле еске алатын.
Аудан орталығынан келген тексеру комиссиясының қорытындысы бойынша өртке қарсы дайындық іс-шаралары болмаған, «Шалғының жүзінен кеткен сияқты» деген қортындыға келіп, сол кездегі колхоз председателі Қордаш Қожахметовты 5 жылға, ауыл совет председателі Шакин Сартайды 7 жылға, бригадир Шадетов Мұқышты 3 жылға соттайды. Қордаш пен Сартай сол жақтан оралмады. Шадетов Мұқыш екі жылдан соң оралып, отбасында ғұмыр кешті.
1940 жылы осы ауыр қайғыдан кейін колхоз председателі болып Сарбасов Қалышбек қайта тағайындалды. Жалғыз баласы Бекенді 1941 жылы сұм соғысқа жібермеуге де күші келер еді. «Бір өрттен аман қалды. Екінші отқа неге жіберді?» деген сөзге қарамастан, елден ерекшелікті серік етпеген, салқын қандылық танытқан Қалышбек жалғыз ұлын соғысқа аттандырады.
Қайғысын қайсар еңбекпен ұштаған Теңдік елінің қаһарман басшысының арқасында 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы жылдарын еселі еңбек еткен Теңдік колхозы соғыстың күйіп тұрған кезінде миллионер колхоз атанды. Бұл Жәми тұсында болған нәубеттің құрбандарына берген серті мен көз жастарының құрғатылуы еді.
Қалышбектің екінші отбасынан ұрпақ болмады. Жалғыз Бекені Алматыдағы педогогикалық институттың тарих бөлімін бітіріп, еңбек жолын Павлодар ұлттық қауіпсіздік комитетінде бастап, сонда өмірінің соңына дейін еңбек етті. Полковник шенін алды. Теңдік зиратында жерленген. Бекен Қалышбекұлының басшылығымен «Жәми» тұсындағы шейіт болған өрт құрбандарын қоршатып, сол кездегі совхоз директоры Айнабай Қайырбекұлы Жортығұловтың қолдауымен қоршау салдырды.
Бүгінгі күні жол үстіндегі жолаушылардың мойын бұрып, тәу ететін сол құрбандар қорымы – өткен тарихтың белгісі. Мен бұл естелікті ұрпақтарымыздың екі-үш буыны алмасқаннан кейін, «Жәми» тұсындағы зұлмат оқиғаның құрбаны болған жас-кәрінің, бірнеше отбасының қыршын құбандарын, көзін ашпастан кеткен сәбилердің ғұмырларын құрметтеп, соларға арнап айтып отырмын. Олар – бейбіт күнде шейіт болып, арманда кеткен біздің аға буындарымыз.
Жылдар жылжып өтті. Өмір дөңгелегі тоқтап қалмады. Бәрі де – тағдыр. Өрт құрбандарының отбасы уақыт өте келе тағдыр салған ауыр қайғыны еңсеріп, өмір кешті. Соғыс тауқыметін де көтерді. Барлығы да екінші отбасыларын құрды. Ал Хасеннен қалған Әмина қыз Әбілдин Шайқымен (Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім) отбасын құрып, батыр ана атанды. Қазір бәрі де өмірде жоқ.
Өрт құрбандарының ұрпақтары бүгінде бақытты тұрмыс кешуде. Бұл зұлмат ұрпақтарыма сабақ болсын. Осы күні олардың тамақтары тоқ, көйлектері көк, бақытты болса, оның бәрі көктен түскен жоқ. Ата-аналарымыз тұрмыс ауыртпашылықтарын, аштық-жалаңаштық көрсе де рухани құндылықтарын, адамгершіліктерін аздырған жоқ, ұрпақ өсіруін шектеген жоқ. Ел бірлігі, ағайын-туыс ынтымағын, мейірбандылық, қайырымдылықтарын сақтай білді. Кейде кейбір жастар «Біз бақыттымыз, бетке қақпаңдар, ал сендер басқаша өмір сүрсеңдер, өз бақытсыздықтарыңнан көріңдер» деп есіріктің еркелігін көрсеткілері келеді. Соны кейбір ата-аналары мойындап, қазіргі жастардың өз бақыттары деп келісе салады. Бұлардың бақыты ғасырлардың тарихи тереңінде жатқан бұрынғы өткендердің ауртпалықтары арқылы елін, жерін қорғауда қиылған қыршындардың өмірі мен төгілген қандарының төлеміне, аштық, жалаңаштығымен келген. Қымбатқа түскен бақыт. Аталардың, аналардың бақыттарының құрмалдығы. Олардың ұғымында бақыт – болашақ ұрпақ, өмір жалғасы. Мен үшін, сен үшін тер төккен, қан жұтып, жан қиған күрестердің жемісі. Бұл бір ұрпақ үшін ғана келген жоқ, келешектегі ұрпақтарға да ысырапсыз жетуі, қалуы керек. Ондай қымбатқа түскен, бақытты есіріктердің желөкпе топас сандырақ ұғымымен күресу керек!
Әзірге бақыт деп дандайсып жүргеніміз – дүние байлығы, тұрмыстық жағдайлардың дәрежесіндегі ғана түсінік. Біз әлі ата-бабалар күрескен, белдескен ұлттық рухани байлықтарды игере, иемдене алмай отырмыз. Бәрін ақшаға бағындырып, ақшамен өлшенетін тізгінсіздікке бас ию, соған құл болу. Бұл – күмәнді-тұманды келешек. Жастарымызға ел тарихын, жер тарихын ұғындырып отыру – аға ұрпақтың парызы. Бәріміз де сол туған жердің өсірген өркендері, бұтақтары, жемістеріміз. Әр өңірдің өз сыры, өз тарихы бар. Пернені басып қалсаң, күмбірлей жөнелетін сазы мен ашылмаған сыр сандығы бар. Сол сандықтың сырын ашып, елім деп, туған жерім деп елең ететін өрісі мен өткенін бағамдай білетін шақта келер ұрпақ үшін тағдырлары тығырыққа тіреліп, жар соқтырған зұлмат оқиға тарихын жеткізуді өзіме міндет санадым.
Ерәділ ТҮСІПБАЕВ.