Биыл – қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті ғалым-экономист, экономика ғылымдарының докторы, Ұлы Отан соғысының жауынгері, Қарағанды қаласы мен туған жері Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Талғатбек Әбдірахманұлы Әбдіразақовтың туғанына 105 жыл.

Талғатбек Әбдіразақов 1920 жылы Баянауыл ауданының Жаңажол (қазіргі Мәшһүр Жүсіп) ауылында туған. Болашақ ғалымның жастық шағы соқтықпалы, соқпақсыз болды. Әке-шешесінен жастай айырылды. «Анам Зейніл менің алты жасымда қайтыс болыпты, қазір жүзін елестете алмаймын, суреті де жоқ. Әкем Әбдірахман 31-ші жылы менің 11 жасымда қайтыс болды. Ата-ананың жалғыз перзенті едім. 1931 жыл халқымызға өлім септі, егін емес, дерт септі, алапат аштық әкелді… Әлі көз алдымда, орнынан тұруға халі жоқ әкем қара көлеңке үйдің бұрышында қала берді, мейірімге, мұңға толы көзімен маған қарай берді. «Бар, құлыным, жалғызым, бақытты бол», – деді. Мен бейтаныс адамның соңынан еріп, арбаның үстінде шошайып кете бардым. Оны соңғы көруім сол болды …» – дейді Тәкең өзінің өмірлік серігі Мәпіш Шәріпқызына айтқан бір әңгімесінде (М.Шәріпқызы, «Қыран ғұмыр» жинағы, Қарағанды, 2016 ж., 64 б). Содан Благодать деген жердегі балалар үйінде тәрбиеленеді. Алматыға келіп, байланыс техникумына түседі. Бірақ мұнда үш жыл оқуға жағдайы көтере алмайтын болған соң бір жылдық мұғалімдер курсына түседі. Курсты бітірер кезде мұны әкесінің кенже інісі Жанайдар іздеп тауып алып, өзімен бірге Семейдің Үржар ауданына алып барады, мұғалім болып қызмет етеді. Сол жерден 1939 жылы қызыл әскер қатарына алынады.

Талғатбек Әбдірахманұлы соғысқа алғашқы күннен қатысып, ең ауыр шекара маңындағы шайқастарды мойнымен көтергендердің бірі. 1941 жылдың 22 маусымында ол қызмет атқаратын 39-танк дивизиясының 39-шы мотоатқыштар полкы Черновцы қаласына жақын жерге орналастырылады. Орман ішінде өткен митингіде фашистік Германияның уәдеден тайып, елімізге бас салғанын естиді. Осы жерде өндірдей жас жігіттер Отан үшін қасық қаны қалғанша айқасатындығы туралы ант береді. Күші басым жаудан күндіз қорғанып, қараңғы түсісімен елдің ішіне қарай ұйымдасқан түрде шегініп отырады. Бір түнде 20-30 шақырым марш жасап, қайтадан қорғанысқа көшіп отырған. Қоршауда да қалады. Ақыры Николаев облысына дейін шегінеді, осы облыста Нигулец деген өзен маңында 20 қыркүйек күні сол аяғынан жараланып, біразға дейін қатардан шығып қалады.

Соғыс ардагерінің табанды қарсылық туралы айтқандары қолбасшы Г.Жуковтың мемуарында дәлелденеді. Сол кездегі Бас штабтың бастығы Бас командование ставкасының өкілі ретінде Оңтүстік-Батыс майданына 23 маусымның өзінде келіп, Дубно түбіндегі қарсы шабуылды ұйымдастырғаны мәлім. Ол өзінің естеліктер кітабында Оңтүстік-Батыс майданының басшылығы 9 шілдеде Бердичев түбінде қарсы соққы бергенін келтіреді. Солтүстікте Житомир маңында 5-армия қарсы шабуылын жалғастырады («Воспоминания и размышления», М., 1969, 284 бет). Осыған байланысты қоршауда қалып қоюдан қорыққан немістер шабуылды тоқтатады. Бұл жағдай 6-шы және 12-армияларды қоршауда қалып қою қатерінен құтқарып, Киевті қорғауды едәуір нығайтты, деп жазады маршал. 12-армияның құрамына қызыл әскер Т.Әбдіразақов қызмет еткен 17-ші және 39-атқыштар полкы кіретін еді.

Сегіз ай госпитальда емделіп, жарасы жазылғаннан кейін Тәкең қайтадан қан майданға аттанады. Ол кейін 3-Белорус майданы атанған Батыс майданы әскерлерінің құрамында орыстың ежелгі Смоленск аймағының орманды-батпақты жерінде ата жаумен айқасып, қазақ халқына тән қайсарлығымен танылады. Басында зеңбірекшілер расчетінің командирі болған ұзын бойлы, ақсары, орысша сауатты ержүрек қазақты командирлері барлаушылар бөлімшесінің командирі етіп тағайындайды.

Біздің қолымызда интернет желісі арқылы алынған 192-ші атқыштар дивизиясы 298-ші артиллериялық полкы бойынша 1943 жылғы 14 қыркүйекте шыққан бұйрықтың көшірмесі бар. Онда 2-дивизионның барлаушылар бөлімшесінің командирі сержант Талғатбек Әбдіразақов жаудың қарша жауған оғына қарамастан біздің зеңбіректердің снаряд атқылауын түзетіп, дұшпанның үш пулемет нүктесін, бір миномет батереясын жоюды қамтамасыз еткені жазылған. Сол үшін полк командирі ержүрек қазақ жауынгерін солдаттар құрамына берілетін аса мәртебелі «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалімен наградтайды.

Қайсар қазақ бұдан кейін де талай тапқырлық, ерлік көрсетеді, бірақ аңдыған жау алмай қоймайды дегендей, 4 қазан күні Орша қаласы түбіндегі ұрыста оң иығынан ауыр жараланып, қатардан мүлде шығып қалады. Емделеді, елге қайтып, еңбекке араласады, жастайынан құштарланып, арман еткен білім нәрін алады. Онан кейінгі еңбек жолын қысқаша былай айтуға болады. Кешегі соғыс мүгедегі Қарағанды мұғалімдер институтын, СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебі мен Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітіреді, кандидаттық және докторлық диссертацияларын ойдағыдай қорғайды. Қазақстан ЛКЖО ОК бірінші хатшысы, Қарағанды және Гурьев қалалық партия комитеттерінің хатшысы қызметтерін атқарады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Қарағанды педагогикалық институтының саяси экономия кафедрасын басқарып, ҚарМУ-дің экономика факультетінің тұңғыш деканы, 1978-1986 жылдары Қарағанды кооператив институтының ректоры қызметін атқарады. Өзінің ұзақ ғұмырында соңғы жылдарға дейін қолынан қаламын тастамай ғылыми және публицистикалық қызметпен айналысады. Оның қаламынан 200-ден астам ғылыми еңбек, 20-ға жуық монография, оқулықтар мен еңбектерінің жинақтары шыққан.

Ол экономика ілімінің сұңғыла ғалымы ғана емес, телегей теңіз білімді азамат, тарих, философия, саясат, әдебиет пен өнер салаларына қалам тербеген жалынды публицист те болып табылады. Біз, экономика тақырыбына жазатын журналистер, тәуелсіздіктің таңы атып, дағдарыстың зардабы денеге батқанда Тәкеңнің өткір мақалалары мен үкіметтің іс-қимылына сыни баға беретін өміршең көзқарастарын қызыға оқушы едік. Саясат пен өмірдің күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелерін, мейлі ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне баға беру, 80-жылдар соңындағы шахтерлер ереуілі, нарықтық қатынастардың көкейтесті мәселелері, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы агрессиясы болсын, немесе баяғыда өтіп кеткен тарихи оқиғалар, айталық, жоңғар шапқыншылығы, Қазақстанның Ресей бодандығында болуы, Әмір Темірдің сонау ХІV-XV ғасырдағы жорықтары, т.б. мәселелер туралы осы заман тұрғысынан ой безбендейтін.

Ол мемлекет және қоғам қайраткері болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды, сонан кейін оқытушылық қызметке ауысып, ғылым мен білім саласында көрнекті табыстарға қол жеткізді. Қайсар тұлғасымен, ерік-жігерімен, өзіне де, өзгеге де қоя білетін талапшылдығымен ерекшеленетін. Саяси экономиядан дәріс оқитын, Маркстің «Капиталын» жатқа білетін, өзінің еңбектерінде Ежелгі дүниеден бастап марксизмге дейінгі, индустриалдық қоғам теориясы мен кенсиандықтан қазіргі заманғы қоғамның экономикалық дамуының ерекшеліктеріне дейін таратып берді.

Ол өз елінің отаншыл азаматы ретінде, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы аласапыран заманда өмір сүре отырып, өз қолымен орнатып, кеудесімен оқтан қорғаған, дәуірлеп тұрған кеңестік құрылыстың қалай ыдырағанына, балаларымыз бен келер ұрпақ үшін әділ қоғамды қалай орнатуға болатындығына жауап іздеді. Марксизмді барлық әлеуметтік ғылымдардың негізі деп біліп, оны жан-тәнімен қорғады, өзі қатысқан Ұлы Отан соғысының тарихын бұрмалаушыларға соққы беріп отырды…

Көптеген монографиялық еңбектерінің ішінен орыс тілінде, қалың аудиторияға арналып жазылған «Қазақстанның Ресейге қосылуының экономикалық салдары» (Қарағанды, 1992 ж.) және «Кеңес Одағының ыдырауы. Себептері мен салдары» (Қарағанды, 1999 ж.) деген қос кітабын ерекше атап өту керек. Қарағандыда, ғылыми орталықтардан алыс ортада жазылған бұл шығармалар тақырыптарынан көрініп тұрғандай, сол кезең үшін ғылымға түрен тартылған тың бағыттар болатын. Алғашқысында Ресей бодандығында болған еліміздің бұрын айтылмай келген құпиялары архив материалдары мен қазан төңкерісіне дейінгі басылымдар негізінде талданады.

Талғатбек Әбдіразақұлы өзінің тынымсыз еңбек жолында қазақ тілінде де ғылыми еңбектер мен оқулықтар жазуға елеулі үлес қосты. Кезінде ол кісінің қаламынан шыққан «Қазақстанның экономикалық даму проблемалары» (1975 ж.), «Саяси экономияның қысқаша курсы» (1991 ж.) және жаңа заман ерекшеліктеріне арналған «Орталықтандырылған жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға өтудің негізгі мәселелері» (1994 ж.) деген кітаптары ғылыми ортада жоғары баға алды. «Ақиқат» журналына шыққан «Нарық және басқару проблемалары» (№10, 1995 ж.) және де басқа ғылыми мақалалары мемлекеттік тілді дамытуға қосылған үлес деп білеміз.

Жоғарыда айтылғандай, Тәкең білімдар адам ретінде қоғамда болып жатқан өзгерістерге немқұрайлы қарамай, ақпарат құралдары арқылы оқиғаларға өз пікірін білдіріп тұрды. Қазақ халқының сана-сезімі оянғанына, халықтың ұлы адамдарының аттары тарихқа оралғанына қуанды. Бұқар жырау, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Ж.Шаяхметов, Ж.Тәшенов, Ш.Шөкин туралы танымдық мақалалар жазды. М.Горбачевтің саясатын, қателіктерін әшкерелеп, қашқын премьер Ә.Қажыгелдиннің орта мерзімдік бағдарламасын, жауапкершіліксіз лепірмелерін қатты сынады.

Өмірлік серігі, 65 жыл отасқан асыл жары, Баянауыл ауданы Ақши ауылының тумасы, ауданның Құрметті азаматы Мәпіш Шәріпова былай еске алады: «Тәкеңнің өміріне төрт оқиға салмақ салып өтті. 1931 жылғы аштықта жетім қалып, балалар үйінде өсті. Ұлы Отан соғысы жылдары екі рет ауыр жараланып, еліне мүгедек болып оралды. Республика комсомолдарының 1-хатшысы болып жүргенде орталықтың басшыларын сынап, ақыры орнынан алынды. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне байланысты қазақ студенттерінің проценті басым деген сылтаумен институт ректорлығынан алынды. Осының ешқайсысына мойымады. Қасқайып тұрып қарсы алды.

Ғылымда, білімде қажымады, талмады. Жеті жыл Мәскеуде оқыған оқымысты азамат еді. Сондағы марксизм классиктерінің, Плехановтың, Сперанскийдің және т.б. еңбектерінің конспектілерін кейінгі кезге дейін сақтап келді. Солардың пайдасын ғылыми еңбектер, экономикалық білімдер туралы шолу тұрғысындағы оқулықтар жазғанда көрді. Балаларын, немерелерін тәрбиелеуге, білім беруге үлкен көңіл бөлді. Мені Тәкең сияқты азаматпен қосқан тағдырыма ризамын». Сол ризалығын Мәпіш Шәріпқызы өмірлік жары Талғатбектің рухына арналып, мақалалар мен естеліктерден құрастырылған «Қыран ғұмыр» атты жинақпен білдірді (құрастырушы осы жолдардың авторы).

Талғатбек пен Мәпіш мұғаліміміздің отбасылық альбомын ақтара отырып, екі тарихи суретке көзім түсті. Бірі Тәкеңнің атасы Әбдіразақ пен інісі Аллажар қазақтың атақты этнографы Мәшһүр Жүсіп Көпеевпен 1924 жылы түскен сурет еді. Талғатбек аға Баянауыл өңірінің тумасы екені белгілі, сонда қазақтың тағы бір ұлы адамы, сазгер Мәди Бәпиұлы Мәшекеңді «Қазақтың пайғамбары» деп атағандай, аталары текті азаматтармен жақсы қарым-қатынаста болғандығын көреміз.

Екінші суретте Тәкең 1954 жылы Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Қазақстан компартиясы ОК 1-хатшысы Жұмабай Шаяхметовпен бірге түскен. Кезінде бұл сурет одақтық «Правда» газетіне шыққан екен. Бір қызығы, көп ұзамай Қазақстанның осы екі қазақ басшысы да орындарынан алынып, орыс азаматтарымен алмастырылды. Жұмекең Хрущевтің тың дүрмегіне қарсы болса, Тәкең комсомолдың мәскеулік басшыларын орынды сынға алғаны үшін.

Иә, Талғатбек аға қарағайдың қарсы біткен бұтағындай дүниеден қасқайып өткен қайсар адам еді. Оның өнегелі өмірі, жауынгерлік ерліктері мен бейбіт еңбектегі, ғылымдағы іздері тарих жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

 

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист,

Қарағанды қаласы.

Добавить комментарий