(Ақын Самат Мәненұлының шығармашылығы қақында бір үзік ой)

Ақындықты адам өзі таңдап алмайды. Ол сіз әу баста жаратылғанда сізбен бірге өмірге келетін тылсым құбылыс. Кейде адам бойында талант  бір пайыз, еңбек  тоқсан тоғыз пайыз деп жатамыз. Ол да дұрыс шығар, бірақ талантсыз шығармашылық адамы болу, оның ішінде ақын болу ақылға сыймайды.

Біздің тілімізге тиек, сөзімізге сүйеу болғалы тұрған жан да – ақын. Ол жай ақын емес, инженер ақын. Ақыннан инженер шығуы мүмкін. Ал инженерден ақын шығуы – екіталай. Ендеше инженер ақын Самат Мәненұлы жайлы, оның шығарашылығы жайлы толғасақ.

Самат Мәненұлының өмір жолына үңілгенде, еңбекке ерте араласқан ауыл баласының руханият мәселесіне қашанда бір бүйрегі бұрылып тұрғанын, жақын жүргенін байқаймыз. Ол 2017 жылы «Үздік өлкетанушы» медалімен марапатталса, сол жылы «Ертіс ауданының Құрметті азаматы» атағын алған. Бұлар ақынға тектен тек берілген атақтар емес. Самат Мәненұлы аудандық басылымда қызмет атқарып жүрген тұстары өлкетануға, оның ішінде Ертіс өңірінің киелі жерлерін жете зерттеп, жеріне жеткізе жазуға, бел буып кіріскен.

Ақын осы уақытқа дейін жеті кітап шығарып үлгеріпті. Тырнақалды туындысы  «Жыл мезгілдері» 2015 жылы жарыққа шыққан. 2017 жылы «Атамекен», «Қазаннан желтоқсанға дейін», 2018 жылы «Байсан баба және оның ұрпақтары», 2020 жылы «Жәбенің жаңғыруы»,  2021 жылы «Мен – ауылдың баласымын», «Дала жырлары» атты кітаптары оқырманға жол тартты.

Біз ақынның осы жеті кітабының ішінде, кейінгі екі жинағына назар аударып, қал-қадерімізше саралап өтсек. Ақын өзінің «Мен – ауылдың баласымын» атты жинағында біздің қазақ ауылдарының жағдайы екі мыңыншы жылдықтың басында күрт нашарлап, азып-тозып бара жатқанын тілге тиек ете жырлайды. Ақының жаны осыған ауырады. Ол «Қайран ауыл» атты өлеңінде:

…болса да дән іздеген күні нұрдай,

Қайран ауыл пейілі бұрынғыдай.

Кірдің бе, қуыс үйден құр шығармас,

Сылтауға сынық табар ырымы бай.

 

Түтін сиреп кетіпті сән күйіңнен,

Болар ма алдан туар қайыр күннен.

Иесі жоқ қотанда ит бейшара,

Ұлиды келер күннің жайын білген.

 

Естіп жатқан жоқ ешкім ел азасын,

Уақыт жатыр шығарып жаназасын.

Сарқып жылдар барады сындарыңды,

Төл мекендер қорым боп қала ма шын!?, – деп сұрақ қоя жырлайды.

Қазақ ауылдарының азған, тозған кейпін көз алдыңа әкеліп, алтын бесігіміздің құрдымға кетіп бара жатқанын ашына жырлайды. Ақын осылай қоғамға ащы тілмен сөз қатпаса, оның ақындығынан не қайыр?!

Самат Мәненұлы – ауылға кіндігімен байланған төл перзенті екенін әрқашан дәріптеп келе жатқан ақын. Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі деген тәмсіл қалыптасқалы қай заман. Ал мен айтар ем: Ақындар ауылда туып, ауылда жасауы керек. Сонда ғана оның шығармалары мәңгілікке туған жер сақшысына айналары сөзсіз.

Біз ақынды инженер деп айттық. Ол осы салада ғұмырының көбін өткізіп, бойда бар асыл қасиет – поэзияға кештеу келгені, әрине, көңіл қынжылтады. Кеш келсе де, ол керемет дүниелер жаза білген. Өзінің «Ештен кеш…» атты өлеңінде:

Балауса балалықтың бал бағында,

Жел кеулеп желкен керген арманыма.

Балапан жүректе жыр бүршік атып,

Жетпек ем өнер атты орда-ауылға.

 

Тағдырдың тақымынан асқан бар ма?

Әйтеуір мен өнерден кеш қалғам да.

Жасықтау мінезім бе, өмір шіркін,

Жастығымды сынады басқа жолда…

 

…Қара түн күйін кешем жарқанаттың,

Жанымнан жоғалады жорғалап мұң.

Биігінен бел асып кеткенім жоқ,

Десем де Ұлы өнерге қолқанатпын…, – дейді. Өлеңі – ақынның өмірбаяны дейтін болсақ, осы өлеңінен-ақ ақынның поэзия әлеміне кештеу келіп қалған өкінішін байқауға болады.

Ақын:

ұйқысыз, жырсыз отырмын,

төбемде тұрды ұйып түн.

Әр әрпін санап атыңның,

Қайдасың менің, сүйіктім?, – дейді. Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады деген ойды адақтап тұрған осы өлең «Мен – ауылдың баласымын» жыр жинағының бірінші бетіне басылуы да кездейсоқтық емес деп ойлаймын.

Қоңыр ма әлде, сары ма, әлде күрең бе?

Теңеуім жоқ бұл мезгілде түр өңге,

Үсік шалып, желмен ұшқан жапырақ,

Қызыл-жасыл айналыпты кілемге, – дейді ақын «Күз соңы» атты өлеңінде. Жалпы ақынның шығармашылығына үңіліп отырсақ, күз жайлы өлеңдері өте көп. Шығармашылық адамына шабыт сыйлайтын осы бір мезгіл Самат Мәненұлына ерекше әсер ететін болса керек.

«Дала жырлары» деп аталатын келесі жыр жинағына ақынның қазақ сахарасындай кең мінезді жаны жайсаң жырлары шоғырланған екен. Аты айтып тұрғандай, асау мінез ақын ұлы Ертістей әз анасын толқып, тебіреніп жырлайды, Ертістің егіс алқабындай балқи жырлайды, Алтайдай аңырап жырлайды, өлеңде өксік зары қап жырлайды.

Ол:

көшу деген таңсық емес бізге бұл,

Бағзы заман жалғасатын ізгі өмір.

Ауыл болып қотарыла көшетін,

Көктемеде, сосын қара күзде бір, – дей келіп,

…Ал, бүгінгі көштің мәні басқада,

Емес анық жақсы үрдіс, бастама,

Ауылымнан қос көш кетіп барады,

Күте ме оны мейірімсіз тас қала?, – деп ауыл халқының қалаға қотарыла көшуіне тағы да жүрек тұсы сыздайды. Ақын мен ауыл бір ұғым екенін тағы бір аңғартқандай болады осылайша.

Оятты бала бұлақты,

Сәуірден ескен жел ерке.

Көктемнің күні шуақты,

Көңілдің күйі көлеңке.

 

Шаңырақ аспан күлімдеп,

Даладан шешті беренді.

Тосыннан келген бір індет,

Шулатып жатыр әлемді…, – дейді «Індет» атты өлеңінде. Ақын қай кезде де өз қоғамының үні бола білген. Кейін де бола бермек. Ақын халықпен бірге қуанып, халықпен бірге мұңға батады. Ел басына күн туса, етігемен су кешер жан болса, ол да – ақын.

Самат Мәненұлы өлең, жыр, дастан ғана жазбай, осы Ертіс өңірінен шыққан ұлы тұлғалар туралы көлемді, ойға қонымды, тың дүниелерді де жазып келеді. Осы тұрғыда Ертіс өңірінің тарихын жырлаған екі адам болса, оның бірі – балалар әдебиетінің классигі Мүбарак Жаманбалинов. Ол өзінің «Әйгілі аудан Ертісім» кітабымен-ақ Ертістің арғы-бергі тарихын қазып, хатқа түсіріп, жазып кетті. Ал екіншісі – Самат Мәненұлы деп білемін. Ақын ғана емес, шежіреші, тарихшы Самат Мәненұлы «Байсан баба ұрпақтары» атты шежіре эссесін жазды. «Үш ауыл» дастаны арқылы Қараөткел, Ынтымақ, Кеңес ауылдарының арғы-бергі тарихын анық та, қанық жырлады.

Қараөткелім, Байсан – Кеңес, Ынтымақ,

Өрісінде мал жайылған шұрқырап.

Тоғай барсам, қарсы алады көк шалғын,

Қарақаттың жұпар иісі бұрқырап…, – деп жырлайды автор.

Өскелең ұрпақ осы жыр, дастандарды, танымдық эсселерді оқу арқылы өз туған жерлерінің қадіріне, қасиетіне жетіп, өз өлкелерінен қандай тау тұлғалы жандардың шыққанын біліп, солармен мақтанып жүрері сөзсіз.

Біздің бұл мақаламыз  Самат Мәненұлын көпірте мақтап, өкірте жақтау емес, Ертіс деген алақандай ғана мекенде тұрып, өз қал-қадері келгенше қазақ руханияты үшін елеулі іс атқарып жүрген ұлт жанашырының шығармашылығына тоқталдық. Ақынның шығармашылығына дендеп, өмір жолына көз салсақ, Арда Алтайдан қанат қаққан бала бүркіт, бүгінде ерке Ертістің бойында қыранға айналған іспетті.

Нарқұлан РАЙХАНҰЛЫ,

ақын, филология ғылымдарының магистрі.

Добавить комментарий