Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстанның жаңа әдеби-танымдық панорамасы» жобасына қатысып, Алматы облысына шығармашылық сапармен барған жазушы Жантас Еркіннің «Жақыныңды жоғалту…» кітабы жарық көрді. Кітапқа «Жақыныңды жоғалту…» романы, «Австралиядағы өрмекшілер маусымы» сынды әңгімелер, «Суреті жоқ сурет» қатарлы новеллалар және «Дельфиндер билей алмайды» хикаяты енген. Қаламгер сондай-ақ, абсурдты, мистикалық, детективті әңгімелерін де оқырманға ұсынған.

Жерлесімізді шығармашылықтағы жаңа белесімен құттықтай отыра, оқырман назарына «Жақыныңды жоғалту…» романынан үзінді ұсынамыз. Автор романда өте нәзік тақырыпты шиеленістіре отырып, оны адамзаттық ортақ құндылықтармен, философиялық ізденістермен көмкерген. Туындыны бір салада ғана қарастырмай, «Жақыныңды жоғалтқаннан» кейін қандай сезімде боласың және ол адамды қандай қараңғы немесе жарық ойларға жетелейді?» секілді сұрақтарға да қорықпай жауап беруге тырысқан.

 

Бақа басты адамдар туралы

…Бірде мен бірінші қабаттағы дүкенге барып жүріп, бақа басты адамдардың көбейіп кеткенін байқадым. Дәл бала күнімдегі тоғанда көретін құрбақалар. Үстіңгі жақ сүйегінде тісі жоқ, көздері бадырақ, желбезегі үлкен. Көршім оларды «жаңбыр тоқтамай жауған соң пайда болды» деді. Бірақ бұл кезде көршім әлгі «ақ лимузинімен» әуей боп, есінен алжаса бастаған еді. Бірақ менің есім сап-сау ғой.

Жертөледе аптасына бір рет ғана жұмыс жасайтын шаштараз бар. Тұрғындар індет салдарынан қаулап өскен сақал-мұртына шағым айтқан соң санитарлық тәртіпті қатаң сақтай отырып, бір шаштаразға рұқсат берді.

Мен онда бейсенбі, түстен кейін жазылдым. Әйтсе де мемлекеттік маңызды орында істейтін бір топ құрбақалар кезегімді алып қойыпты. Айтуынша олар қаланың шетіне, тосқауыл-постын қоюға асығып барады екен.

Кешкі сағат сегізде кезегім келді. Үш залға бөлінген жарық ғимараттың кіреберісінде жағажайға жиналғандай өңшең жалбыр бақалар кезек күтіп тұр. Ара қашықтық үш метр. Әр бақа тұрған орын арнайы қызыл шаршымен боялған. Мен де елеусіз бір шаршыға кеп тұрдым. Бір бақа қайта-қайта құрылдап, көңіл-күйі болмай тұр. Басқалар оның баға жазылған қағазға наразы екенін ымдап жеткізді. Ол бұрын, індет басталмай тұрып шашын бұдан екі есе төмен бағаға жасатып жүрген. Ұят болмасын деп қалған бақалар да мұның «шағымын» шаштараз әкімшілігіне жеткізіпті. Сонда боғағы бүлкілдеген шаштараз меңгерушісі шығыпты да:

– Ұнамаса үңгіріңе қайта бер!– депті. Содан бері қалған бақалар да шағым айтуға батылы бармай, прайс листегі бағамен лажсыз келіскен.

Мен тақтайшаға зер салдым.

«Еркек бақаның шашын жасау – 5000 тг;

Әйел бақаның шашы – 7000 тг.

Мектеп жасындағы бақа – 3000 тг…»

Әрі қарай «тырнақ» жасату бағаларын да шұбырта жазыпты. Ол бағалар бұдан екі есе қымбат.

Мен «бақалар да жас жасатады екен-ау» деп ойладым. Кезек маған келгенде тәртіпті бала сияқты орындыққа секіріп отыра қалдым. Сосын кенет айнадағы өз бейнемді танымай аң-таң болдым. Сөйтсем мен да бақаға айналып барады екем. Енді толық бақа болдым деп айту қиын. Бірақ ішіне тартылған жақ сүйектерім, шодырайған маңдайым, алдыға шыққан еріндерім бақанікінен аумайды.

– Мен неге ұқсаймын? – деп сұрадым шаш жасап тұрған әйелден.

– Адамға. Басқа кімге болушы еді, – деді ол таң қалып.

– Бақаға ше?

– Қандай бақа?

– Кәдімгі құрбақа. Үстіңгі жағында тісі жоқ. Сасып тұрады.

Әйел мені бір-екі рет иіскеді де:

–  Ешқандай иіс сезіп тұрған жоқпын. Бірақ ол сіздің бақаға айналғаныңызды білдірмейді – деді жұбатып.

Мен басымнан сырт-сырт үзіліп түсіп жатқан шашыма қараумен болдым.

– Білесіз бе, бақалар қайдан келеді? – деді шаштараз.

– Қайдан?

– Жаңбырдан.

– Бірақ бізде жаңбыр жауған жоқ ғой.

– Жаңбыр жаумаса да жаңбыр иісіне шыға береді – деді шаштараз иығын қиқаң еткізіп.

Шаштараздан шыққан соң, пәтеріме келіп, интернеттен құрбақалар жайлы қарадым. Қазақстанда олардың 3 түрі мекен етеді екен. «Кәдімгі құрбақа, жасыл құрбақа, доната құрбақасы. Кәдімгі құрбақаның терісі бұдырлы, мүйізді болатындықтан құрлықта тіршілік етуге бейімделген. Денесінің ұзындығы 20 сантиметр, орманды-далалы аймақтарда мекендейді. Ал жасыл құрбақалар ұзындығы 14 сантиметр, биік тауларда, шөлді жерлерде тіршілік етеді. Құрбақалар денесі кеппес үшін, күндіз орман төсенішінің астына, тышқандар мен көртышқандардың індерінде, құлаған ағаш пен олардың тамырының астында жасырынып, қорегін түнде аулайды. Жаңбырлы күндері, күндіз де белсенді тіршілік етеді-мыс…».

Көршімнен бұл жақсылыққа апара ма деп сұрағанда, ол «білмеймін» деген мұртын қасып. «Әр індет бір залалын ала келеді. Мәселен оба кезінде тышқандардың қаптағаны есіңде шығар» деген. Десе де бақалардың кәдімгі адам сияқты дүкенде, шаштаразда, авто-тұрақта жүруі тегін емес.

Араға бір апта салып «жасыл бақалар адамдарды улайды» екен деген қауесет тарады. Сосын тағы бір құзырлы орында істейтін бір бақа тек өзіне қарайтын журналистерді шақырып, сол жайлы жиын жасады.

̶ Дым уайымдамаңыздар! Бұйырса «індет» те бізге келіп қалар. Бірақ мәселе онда емес – деді дауысы қарлығып.

̶  Енді неде? – деген бір белсенді бақа.

̶  Тойда. Бақалар түнімен жасырынып той жасайды. Оны дереу тоқтату керек.

̶ Ал жасыл бақалардың кәдімгі бақалар мен адамдарды улап жатқандығы туралы не айтасыз ?

̶  Олар адамдарға тиіспейді. Бірақ кәдімгі бақаларды құрту керек. Олар тым сасық болады. Және бүкіл ауланы ластап бітті.

̶   Бірақ кәдімгі бақалардың да өмір сүруге құқығы бар емес пе?

̶  Кім айтты сізге олардың өмір сүруге құқығы жоқ деп –. Басшының көзі шатынап кетті.

̶ Жасыл бақалар оларға қорлық көрсетпеуі тиіс деп есептеймін – деді белсенді бақа.

̶  Сіздің өзіңіз осы жерде кәдімгі бақа боп тұрсыз?

̶  Жоқ,  мен – жасыл бақамын.

̶  Оны әлі көрерміз! – деді тісін сықырлатып басшы бақа.

Мұның соңы жасыл бақалар мен құрбақалар арасындағы қақтығыспен аяқталған болатын. Әрине құрбақалар жеңді. Бірақ бар болғаны тунель астында тұру, су құбырында еркін жүру деген сияқты бір-екі құқықтарға ғана ие болды. Ал шын мәнінде бүкіл билік бәрібір жасыл бақалардың қолында қалған еді…

Добавить комментарий