Сәдуақас Шормановтың туғанына – 175 жыл

Сәдуақас Шорманов 1850 жылы Баянауыл дуаны, Ақкелін болысында Мұса Шормановтың от басында дүниеге келген. Әкесі Мұса мырза Баянауыл сыртқы округінің аға сұлатаны болған. 1855 жылы Ресей патшасы ІІ Александрдың таққа отыру салтанатына полковник Мұса Шорманов, құдасы Тәттімбет, жездесі Шыңғыс Уәлиханов, Тоқтамыс, Аққошқар, Бегалы, Ыбырай, Секербай би бірге барған. Бұл кісілердің Санкт-Петербургте бірге түскен суреттері тарихи құнды құжат ретінде сақталған. Осы сапарына баласы Сәдуақас та бірге еріп барған екен. Сонда салтанатқа барған қазақтар қайтуға жиналғанда патша олардың мұқтаждарын сұрайды. Біреулер шен-шекпен, жер, пұл сұрап жатқанда Мұса мырза: «Менің өтінішім жоқ, балам да болмаса» дейді. Сонда патша жас бала бір зат сұрайтын шығар деп ойлапты. «Айтсын, айтсын» дей беріпті. Сәдуақас айтыпты: «Бересіз бе?» деп. Патша тағы «Берем, берем! Қалағанынды айт!» депті. Сонда Сәдуақас тұрып: «Түрмеге тұтқынға түскен, айдауда жүрген қазақтарға бостандық берсеңіз» депті. Патша: «Мен берем деп қалдым. Ол айтып қалды! Өтінішін орындаймын» деп уәдесін беріпті. Сол себеп болып, көп ұзамай қаншама адам босатылған екен. Сол оқиғадан бастап Сәдуақас ерекше мәртебеге ие болады.

Атақты Біржан салдың Сарамен айтысқан өлеңінде:

«Арқада бір құтым бар Мұса Шорман,

                   Үзілмей келе жатқан ескі қордан.

                   Мұсаның бел баласы – Сәдуақас,

                   Құтқарған сан қыранды түскен тордан», – деп айтқаны бар. Расында да көп адамдарды басына түскен қиыншылықтан алып шыққан. Қарқаралылық Мәди Бопиұлы мен Қияш деген адамның жалғыз баласын Сәдуақас түрмеден босатып алған деген де дерек бар. Сәдуақастың көмегі, сонымен бірге, Торайғыр бидің ұрпақтарына да тиеді. Хан Кененің қозғалысын жақтағаны үшін Торайғыр би 1849 жылы итжеккенге айдалып, содан оралмайды. Нағашыларын сағалаған би жұрағатын Сәкен ағай 1896 жылы Баянға алдырыпты. Сұлтанмахмұттың оқуға баруына қаржылай көмек беріпті. Бірде Сұлтанмахмұт Торайғыров Сәкен ағайдың үйінде болған кезінде  өлеңмен ризашылығын білдіріп:

                              Шоң едік, Шорман едік,

                              Бір бірімізге қорған едік.

                              Торайғырдың жапырақтары,

                              Бұтағына келіп қонған едік.

                              Жауырыныңызды көрсетпей,

                              Жүзіңізді көрсеттіңіз, аға, – деп алғысын айтқан.

Ел Сәдуақастың атын атамай «Сәкен ағай» деп кеткен екен.

Мұса мырза баласы Сәкенді және Сәтбайдың баласы Имантайды Омбыдағы оқуға: Сәкенді гимназияға, Имантайды начальное училищеге береді. Зерек балалар оқуларын бітірген соң Сәдуақас Томск университетіне, Имантай Омбыдағы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Бірақ Сәдуақас сырқаттанып оқуға бара алмайды.

1869 жылдан бастап қазақ даласында дуандықтар жойылуына байланысты полковник Мұса мырза отставкаға шығып, ауыл адамы болады. Ел қамы қазақ жұртының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері жөнінде Омбы баспаларында мақалаларын бастырады. Туған халқының тарихи, әдеби мұраларын жинастырады. Осы істе Сәдуақас әкесіне көп көмек жасайды.

Әкесі Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса Шормановтың өле-өлгенше арманы еліне мектеп, медіресе ашып, елдің көзін ашу болған. Сол арманын баласы Садуақас орындап, ізін жалғап іске асырған. Зейтін Ақышев Сәдуақастың ағартушылық, ақындық, аңшылық, өнерпаздық секілді қасиеттерін айта келе, ол өз ауылында  немере ағасы Көкеннің ағаш үйін бала оқытатын мектеп ретінде тарту еткенін жазады. Кезінде Қаныш Сәтбаев та осы мектепте білім алған. Сайып келгенде ауыл балаларының оқуына жағдай жасалған Ақкелінде (қазіргі Мұса Шорман ауылы) ағаш мектеп болғаны тарихтан белгілі. Бұл турасында жазушы Медеу Сәрсеке «Сәтбаев» атты кітабында: «Бұрын ауыл мектептері болыс отыратын үйдің кішкене коридорында немесе киізбен бөлген тар тұрғын үйде болған. Ақкелінде Шормановтар салдырған мектептер екі, үш бөлмелі ағаш үйден тұрған. Керекті оқу құралдары толық жабдықталған, онда жылы, жарық, сәулетті болған», – деп жазыпты. Бұл көне Ақкеліндегі алғашқы мектеп ел жадында алтын әріптермен сақталып қалды.

Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов – ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындары тобына жататын елеулі тұлғалардың бірі. Парасатты, зиялы, ізгі қасиеттердің иесі Сәдуақасты жұртшылық қадір тұтып, Сәкен ағай деп атаған. Ол 1912 жылы «Айқап» журналына «Баянаула жайлы» атты мақала жариялаған. Сол мақаласынада: «Отырықшы жұрттардың тіршілігіне ынсаф көзбен қарасақ, олар бізден әлденеше қабат жоғары. Енді біз отырықшылықтан неге қорқамыз, онымыз өнерден, білімнен қорқу болмай ма? Есмағанбет Гаспиринский Жәнаптары «Тәржіман» газеті жарыққа шыққаннан бері қарай: қазаққа «қала бол, сол уақыт өнерге аяқ басарсың» деп неше түрлі сөзбенен артықшылығын көрсете келді. Құлаққа алған жан болды ма? Жиылған қала жоқ, мектеп, медресе жоқ, жата бердік. Біздің кейбір ескі адамдарымыз төте жазудан қорқады. Бұ қорқу да ұнамсыз деп, түсінеміз», – деп жазады.

Сонымен қатар Сәкен ағайдың ақындық өнері де болған. Ел аузында осы күнге жеткен кейбір өсиет сөздер бар:

                                       «Бұл 20-шы ғасыр,

                                       Оған барып асыл,

                                        Әуелі ғылым біл,

                                        Сосын келетін,

                                        Заманның тілін біл.

                                        Күш заманы қалған,

                                        Күшке сену – жалған»,  деген екен. Сәдуақас ақын мен әнші-композитор Жарылғапберді екеуінің творчестволық бірлестігі арқасында әйгілі «Ардақ» әні дүниеге келген.  Сәдуақас әкесі Мұса мырзаның жинастырған әдеби мұраларын, қолындағы Абай өлеңдерін және өзі жазған қолжазбаларды бастыруға С.Петербургтағы мұсылман баспа иесі Ілияс Бораганскийге барады. Бұл жөнінде зерттеуші проф. Қайым Мұхаметханов: «Бұл үлкен қолжазбаны Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов 1897 жылы Петербургке барған сапарында Петербург университетінің профессоры, қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуші ғалым П.Мелиоранскийге тапсырған екен. Қазір ол қолжазба Ленинградтағы Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада академик А.Н.Самойловтың архивінде сақталады», – деп жазған болатын («Ұлы ақынның мұрасы», «Семей таңы», 09.08.1975 жыл).

Сәкен ағай қазақ жастарын оқу-білімге тарту жолында жанашырлық көрсете білген. Халықты білімге тарту туралы мақсатты Шорман би бастап баласы Мұса орындап, Сәдуақас Мұсаұлы жалғастырса керек. Белгілі Шота Уалиханов бір жазған мақаласында: «Садуақас әкесінің жолын ұстай білді, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болып қалыптасты, үлкен ел басы болған адамның мұрагері бола алды. Оқу оқимын деген жастардың қамын ойлады», – деген.  Оған Сәдуақас Шорманұлының мына сөздері дәлел: «Қазіргі қазақ балалары түрлі оқу орындарында оқи бастады, – деп жазады Г.Н.Потанинге бағыштаған хатында. – Гимназияда он тоғызы оқиды, кадет корпусында-бесеуі, мұғалімдер семинариясында – төртеуі, техникалық училищеде екі шәкірт оқып жатыр. Омбы шаһарында барлығы отыз қазақ баласы оқиды, біреуі Петербург университетінде. Сырттанов деген. Олармен кездесіп, мүмкіншілігіңіз болса шәкірттерді қолдап, ақыл-кеңесіңізді берсеңіз жақсы болар еді». Осындай жастардың білім алуына жанаршыр болған ағартушы асыл жан.

     Жуыр арада жарық көрген «Баяндағы тектіліктен бір баян» деп аталатын кітабымда да Сәдуақас Шорманов секілді тұлғаның өмірін үлгі қып жаздым:

Мұсалар елдің қамын ерте ойлаған,

Ғылымы мен білімі ортаймаған.

Даналық дарыны үшін елі сүйіп,

Шормандай ұл екен деп пай-пайлаған.

 

Өткір еді ақыл айла қара қылдан,

Озық боп өнегесі қанша жұрттан.

Күні еді Баянаула тоғыз болыс,

Мәртебесі асқақтап аға сұлтан,

 

Таратам толғауменен Мұса ұрпағын,

Өлеңде өз басымен бос тұрмасын.

Иә Алла қуат бер, бұл құлыңа,

Көңілім қаламменен қос жырласын.

 

Болса құлақ адамдар енді тыңдар,

Шежіре боп төгілсін енді жырлар.

Елдің маңдай алды боп жаратылған,

Шорманов Мұсадан туған ұлдар.

 

Садуақас, Жәми, Кәбіш, Біләл туған,

Асылдан саф алтындай ұлдар туған.

Кей біреуін ерекше айтып өтем,

Балаларын түгендеп мұнан туған.

 

Тәрбиеден мүмкін ғой болуы бас,

Тарихым куә міне болғаны рас.

Әке жолын жалғаған ер болыпты,

Мұсаның бел баласы Сәдуақас.

 

Жомарт жан ақылы кең, ақын еді,

Жоқ жітік қиналғанға жақын еді.

Елі үшін жұмсаған күш жігерін,

Сәкен ағай атымен мәлім еді.

 

Көп сөздері сақталған ел аузында,

Жақсы жырды арнаған ел, ауылға.

Мына айтқанын тыңдаңыз Сәкен ағай,

Өнеге қып келтірсем кең қауымға.

  Көзі ашық, көкірегі ояу Сәдуақас ел ішіндегі ғұрыптарды сақтап Омбыдағы жетімдер, ғаріптер, кәрі-құртаңдар үйлеріне, кедей оқушы-қыздар гимназиясына қайырымдылық жасап көмектесіп отырған.

Әкесі Мұса мырза өз дәуірінің игі жақсыларымен сыйлас аралас болған. Оның беделі, алатын орны жөнінде Абай, Саққұлақ би, Шөже ақын, Мәшһүр Жүсіп, Сегіз Серілер жазып кеткен. Баянауыл сыртқы окурігінің аға сұлтаны болып 15 жыл ел басқарып, полковник шенін алған әкеге тартып туған Садуақас, аспаса кем болмаған жан еді. Мұса мырза дүниеден қайтқанан кейін басына Садуақас мәрмәрдан тас орнатқызып, бір жылдан соң өзі бас болып үш жүзге сауын айтып үлкен ас береді.

Сәдуақас Шормановтың осындай игі істері қисапсыз. Құт дарыған атадан балаға қалған малы да кем болмаған. Бірде Сәдуақастын жылқысының ішіндегі тәуір айғыры ауырып, дөмбекшіп жатып қалады. Сонан бар ат жегіп Көшербай абызды алғызыпты. Сәдуақастың баласы жоқ қой сол үшін де алғызған шығар ойлаған Көшербай абыз: «Сәдуақас, сен мені шөп кіндікті малға салма, топырақ кіндікті адамға сал» депті. «Одан да ұрпақ сұра» деген дейді. Сонда Сәдуақас: «Ата, айғыр малымның басы еді, құты еді, ұшықтап беріңіз» деп жалынып тұрып алыпты. Абыз бишікпен үш салғанда айғыр ұшып түрегеліп үйіріне қосылыпты.

Бір деректерде Сәдуақастың Мақсұт атты ұлы болғаны, жастай науқастанып қайтыс болғаны жазылған. Сәдуақас бұл өмірден өтерде өзінің әйеліне жоқтау айтуды тапсырған екен.  Сол дүниеден өткенде:

Тұяқсыз өткен тұлпарым

Қанатсыз кеткен сұңқарым – деп жоқтапты. Бірақ алып тұлғаның ағайындас Шорманнан тараған ұрпақтар, Құдайға шүкір, баршылық. Атап айтсам, Мұса Шормановтың туған інісі Мұстафадан тараған Сәтбаев ауылындағы Саликовтар әулеті бар.

Садуақас Шорманов әрқашан оқу, білім, өнер салаларының дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Өкінішке орай кей бір еңбектері сақталмады. Ол туралы Мағмұра Аспандиярқызы Шорманова: «Сол бір шаш ал десе бас алған белсенділер Сәкен атамның өлеңдерін, дастандарын, хаттарын, қолжазбаларын оған қоса Шоқанның, Мұса бабам жазған хаттарын алып кетіп өртеп,жойып жоғалтқан», – деп жазады. Сайып келгенде Сәдуақастың кезінде өз ауылынан мектеп ашқан ағартушы тұлға болып тарихта қалуы әбден орынды.

Халықты өнер, білімге тартып, қазақтың салт-дәстүрін әлемге паш еткен.  Шормановтар ауыл балаларын Омбы мен Керекуге оқуға жіберіп тұрған. Соның арқасында Баянауылдан небір ғалым, небір академиктер шыққан. Барша жұртқа «Сәкен ағай» аталып кеткен. Артында ұлан асыр еңбегі қалған заңғар адамның бар ғұмыры бір кітапқа сыймас. 175 жылдық қарсаңында Сәдуақас Шормановтың халыққа жасаған игі істері, мұрағаттардағы мұрасы, ел аузындағы ұлағатты өнегелі жолы одан сайын ашыла түссе, кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Төлеш СЕМБЕКОВ,

Баянауыл ауданы. Қаражар ауылы.

Добавить комментарий