Биыл – қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл.

Әйгілі жерлесіміз 1900 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданында дүниеге келген. Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Иса жастайынан суырып салма ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен көзге түседі. 1919-1920 жылдары ел ішінде Бағит, Құдайберген деген ақындармен айтысып, жеңеді. Алғашқы өлеңдері 1924 жылы жарияланды. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш театры ашылғанда, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнады. Иса қырықтан астам халық әндерінің сөзін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта жазды. Репертуарындағы халық әндерінің көпшілігі «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына енді. 1931-1940 жылдары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет етті. 1940 жылы Иса «Ақбөпе» поэ­ма­сын жазады, ол 1941 жылы баспадан жарық кө­реді. Одан кейінгі жылдарда ақын Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып, ауыл-ауылды аралап жалынды өлеңімен, асқақ өнерімен үгітшілік қызмет атқарды. Исаның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) халық арасына кеңінен таралды. Шығармалары бірнеше рет жеке кітап болып басылып, орыс тілінде де жарияланды. Өнер иесі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған. Иса Байзақов 1946 жылы қайтыс болды.

Жазушы Николай Анов «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесін жасады. 1925 жылдың көктемінде өткен атақты Құлынды жәрмеңкесіндегі Иса Байзақовтың өнерінен қатты әсер алған жазушы Николай Анов былай деп жазады:

«Исаның өңі қатты қуарып, ол безгек тигендей қалтырай бастады, көздерінде шоқтай жанған ұшқындар пайда болды. Импрови­заторлығы басталды. Домбыраға тура жан біткендей, біресе жанай, біресе аяқ астынан ұшып безек қағып әкетіп барады. …Тасқынды легімен әндері нөсерлей төгілді, ақынның құдырет­ті­лігінің күштілігі соншалық, шулап отырған халық бірден тына қалды. Елу мың аттылысы бар, жаяулысы бар дүйім халық бір адамдай ақын әнін қалт жібермей тыңдап отыр, ма­құл­даған және күлген дауыстар шыға бастады».

Исаның шығармашылығы жайлы қазақ музыка театрының алғаш­қы режиссері және оның негізін салушылардың бірі – Қаз ССР халық әртісі Қанабек Байсейі­тов былай деп еске алады:

«…Ол бізге бір ертегідегідей болып көрінетін, онымен бірге қызметтес және жақын аралас-құралас болған біздің өзіміз, оны бірнеше рет көріп, өз құлағымызбен бірнеше рет тыңдап отырсақ та, кей кезде онымен қатар отырып, бейне бір тұңғиыққа сүңгіп кеткендей, аң-таң болып қаламыз».

Көзкөрген замандастарының естеліктері осылай деп сыр шертеді.

Иса ақынның өмірі мен шығармашалығын бүгінгі өнертанушылар мен зерттеушілер де назардан тыс қалдырған емес. Солардың бірі – белгілі өнертанушы, баянауыл ауданының Құрметті азаматы Ерлан Төлеутай. Ол Иса Байзақовтың ән мұрасы туралы былай дейді:

«Композитордың көп шығармасы бізге жетпей қалды. Ішінде талан-таражға түсіп кеткендері бар. Мысалы, өзінің сүйгеніне арнап шығарған «Қалқа» деген әнін Қалқа Жапсарбаевқа теліп жіберді біреулер. Иса ауырып жағдайы қиынға айналғанда Сәбит Мұқанов ағамыз ақынның өмірін өз аузынан жазып алуды жазушы Сапарғали Бегалинге тапсырады. Иса Сапарғали ағамызға өз өмірін әңгімелеп отырып, өзінің «Қалқа» әнінің Қалқа Жапсарбаевқа телініп кеткеніне қынжылады. Әншінің орындауындағы біраз әндері бізге орыстың музыкатанушылары арқылы жетті. Атап айтсақ, Александр Затаевич 1922 жылы Орынборда жолығып, «Бике», «Кәкен», «Маныш-Ханша», «Жар-жар» секілді бірқатар халық әндерін жазып, нотаға түсіріп алған. Ал Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнінің Күләш Байсейітова орындаған операдағы түрі осы Иса Байзақовтың өңдеуіндегі нұсқасы екенін айтқанымыз жөн. «Гәккуді» Жібектің ариясына пайдалану үшін «Қыз Жібек» операсының композиторы Евгений Брусиловский Исаның өз аузынан жазып алған. Сол секілді «Үридай», «Алтай» «Кең сарай», «Бір бидай» «Қалқа», «Кербез сұлу» секілді әндерін Борис Ерзакович Исаның өз орындауында нотаға түсірген. 1930 жылдары көптеген халық әндерінің өлеңдері ескілікті жырлайды деген желеумен «сотталды» ғой. Сонда мына «Назқоңыр», «Көгершін», «Ісмет» сияқты халық әндерінің сөздерін қайта өңдеп жазып, аман алып қалған. Өкініштісі Исаның көп өлеңдері ол өлген соң жоғалып кетті, арасында қолды боп кеткендері бар. Мәселен өзі пір тұтып өмірбойы қастерлеп өткен Махамбет жайлы поэмасы еш жерде жарық көрместен жоғалып тынған. Төлеген Тоқтаровқа арнаған поэмасы да осының кебін құшты. Арал балықшыларының 1916 жылғы көтерілісін бейнелейтін «Қырмызы – Жанай», екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Мәлік Ғабдуллин жайлы «Мәлік бейнесі» дастандарын аяқтауға Исаның өмірі жетпеді. Майданға қаржылық көмек жасаймын деп ел ішіне шыққанда Мойынқұм даласында боранда адасып кетіп, екі өкпесін суыққа алдырады. Бұл жолы ол ауруынан айыға алмайды. Қазақ ән өнеріндегі желдірме жанры Біржан салдан бастау алады. Одан кейін бұл дәстүрді Ақан сері, Ысқақбай,Үкілі Ыбырай, Құдайберген Әлсейітовтер жалғады. Бірақ Иса соның бәрін өз талантымен түйіндеп, желдірмені әлемдік музыка деңгейіне көтерді».

Добавить комментарий