Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Павлодар қаласына гастрольдік сапармен келді.

Ертегі әлеміне саяхат

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында, алдымен, балғын көрерменге арналған «Ертегі түннің әуені» атты классикалық ертегілер жиынтығы қойылды. Режиссер Олжас Дәлелхан әлемге әйгілі Г.Андерсеннің, Э.Гофманның және үнді халқының ертегілерін сахналады.

Ерке іні рөлін Әнуарбек Бектас нанымды сомдады. Ертегіші аға бейнесін Марғұлан Наменов сәтті алып шықты. Қамқор қарындастың образындағы Ситора Анварова балалардың көзайымына айналды. Ал, ертегіге көтеріңкі көңіл күй мен позитив сыйлаған қонжық – Саида Сағынова балалар мен әртістер арасына дәнекер бола білді.

Кішкентай достарымыз «Ұсқынсыз үйрек» ертегісін тамашалап, өздерінің бойындағы ерекше қабілеттерді ашуға ұмтылды. «Бұршақ үстіндегі ханшайым» ертегісі оларға талғампаз, кірпияз, бекзат болуды үйретті. «Шақылдақ» ертегісін көріп, махаббат пен мейірімділіктің зұлымдық пен жауыздықты жеңіп шығатынына көз жеткізді. «Алтын антилопа» ертегісі арқылы сараңдықтың қандай жаман қасиет екенін тереңірек ұқты. Ертегі кейіпкерлері балалармен ойын ойнап, асыр салды. Думанға бөленген балалар мәз-мейрам болып, ерекше әсерге бөленді.

Болашақ әртістер кәсіби актерлермен кездесті

Спектакльден кейін актерлер – Марғұлан Наменов, Әнуарбек Бектас, Ситора Анварова, Саида Сағынова, Ақжан Құрмашева және Сұлтан Тұрсынбеков оқушылармен кездесті. Кездесуге Павлодар қаласындағы орта мектептердің оқушылары, «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығының «Айналайын» театр үйірмесі мен «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының «Еркетай» театр студиясының тәрбиеленушілері қатысты.

Театр актерлері шығармашылық жолындағы қызықты сәттерімен бөлісіп, шеберліктерін ортаға салды, мастер-класс көрсетті.

«Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы жол тартқан «Бір үйдің балалары» телесериалы арқылы көпшілікке танылған Марғұлан Наменов актер боламын деген балаларға кеңес берді.

– Театр актері кез-келген кинода ойнай алады. Себебі тетарда барлығы жанды. Бұнда бір сахнаны тьек бір мүмкіндіктен мүлтіксіз орындап шығу қажет. Ол үлкен шеберлікті талап етеді. Ал, кинода бірнеше дубль жасауға болады. Кейбір балалар 4 жыл оқып, бітірген соң киноға түсіп кетемін деп ойлайды. Олай оңай емес. Кейде 10 кастингке қатысып, фото, видео жіберіп, өте алмай қаласың. Кейде ойламаған жерден шақыру келеді. Актерге ең маңыздысы – сахна тілі. Әр әріпке мән беру керек. Әр әріптің түсі, бояуы бар, – деді ол.

Бұл ойды Әнуарбек Бектас жалғады. Ол тіл тазалығынан, сөз сөйлеу мәнерін жетілдіруден мастер-класс көрсетті.

– Жаттығулар кешенді болады. Ол қолды қыздырудан басталады. Одан кейін тамақты, жақ жүйесін, тілді қыздыру қажет. Ары қарай рет-ретімен кете береді. Актер дауысты жетер жеріне жеткізе білуі керек. Дауысың анық болмаса, актер болу қиын. Дем ала білу де актер үшін өте керек. Әріптерді анық айта алатыныңды өзің сезе білсең, жақсы әрі дұрыс сөйлейсің. «Ң», «Р», «Ш», «С» әріптерін айта алу қажет. Дауыстың дұрыс шығуы әріптердің дұрыс дыбысталуына тікелей байланысты. Одан кейін орфография, орфоепия заңдылықтарын, үндестік заңдарын сақтау керек. Актер қазақ тілі пәнін өте терең меңгеруі керек, – деді ол.

Ақжан Құрмашева актер үшін кітап оқудың маңыздылығына тоқталды.

– Берілген рөлді жан-жақты зерттеу керек. Ол рөл тарихи оқиғамен, әдебиетпен байланысты болуы мүмкін. Рөлді түіну үшін кітапты білу керек, түсіну керек, – деді актриса.

Марғұлан Наменов: «Әсіресе, ертегіні дауыстап оқу керек. Сонда дауысты құбылтып, рөлге кіріп оқыса, шеберлік шыңдалады», – деген кеңесін де берді.

Кездесу оқушыларға өте пайдалы болды. Қойылымға арнайы келген «Алтын сақа» орталығы басшысының орынбасары Амангелді Хамитов өз әсерімен бөлісті:

– Біздің орталықтан 50 бала келіп, ертегіні тамашалады. Танымал ертегілерден құралған тәрбиелік мәні бар қойылым балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шат-шадыман қүлкі мен қуанышқа бөледі. Шәкірттерге таңғажайып қойылым қою арқылы өнерге деген құлшыныстарын арттырған, жаңаша көзқарас қалыптастырған  ұлттық театр актерлеріне алғыс білдіреміз!, – деді ол.

«Кешкі 7-дегі» сырласу…

Саған тілі 19:00-ді соққанда сахнаға театр әртістері – Бәзіл Сұлтанғазы, Қайыржан Садықов, Ақжол Мамыр, Әнуарбек Бектас, Бибарыс Орман, Бекарыс Шалқар шығып, көрерменмен қауышты. Олар түрлі тақырыпта әңгіме өрбітті, күнделік беттерін парақтап, сыр шертісті. Бірі балалық шаққа саяхат жасады, бірі алғашқы махаббат туралы, бірі аяулы арман жайлы, енді бірі ерте солған үміт гүлі мен қыршыннан қиылған жас өмірді еске алып тебіренді. Бірі азаматтық ойын ортаға салып, қоғамға «Мен керекпін бе?» деп сауал тастады… Ән шырқады, өлең оқыды. Оларды театр ансамблі сүйемелдеп, әсерге әсер қосты. Әр сөз жүрекке жетті, төгілген саз сөзбен үйлесім тауып жанды баурады. Әр қимыл сазбен де, сөзбен де ұштасып, көңілге жылылық сыйлады. Көрермен де тербелді, тебіренді. Бірі қимасын қайта сағынды, бірі сырласын ойға алды, бірі ғашығына сезімін білдіруге асықты. Бірі күлді, бірі жылады… Актер: «Көзбен сүю – махабббаттың жартысы» дегенде бір жүрек бүлк етіп, арманға айналған алыстағы асығын аңсады. Актер: «Сен… Мені емдеме деп тұрған жарасың» дегенде бір көңіл көбелекке айналып, ғашық-гүл жұпарын сезінгісі келді… Осындай әсермен кешкі кездесу тәмәмдалды. Осындай әсермен көрермен қол соқты. Жігіттерге қошемет-құрмет көрсетті.

«Кешкі 7…» қойылымынан кейін Ұлттық театр басшысының орынбасары Артур Ізтілеуов көрермен қауымға және Ж.Аймауытов атындағы театрдың директоры Арман Темірбек пен ұжымына алғыс білдірді. Өз кезегінде Ж.Аймауытов атындағы тетардың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның Алғыс хатын табыстады.

Театр көрермені Ербол Теміров әсерімен бөлісті:

– Қалибек Қуанышбаев атындағы ұлттық театрдың «Кешкі 7…» спектакль-концертін тамашаладық. Бастапқыда жалаң күлкі мен даңғаза әуенге келдік пе деп едім. Театрға бармағалы көп болған ғой, саф өнердің күлдіре отырып, ой салатынын, ойландыра отырып, мұңдандыратынын ұмытыппын. Керемет әсер алып қайттық. Астанаға көшіп барсақ, Қаллеки театрының бір де бір қойылымын қалт жібермеспін деген оймен қайтып барам, – деді ол.

 

Суреттерді түсірген: Есенжол ИСАБЕК.

Добавить комментарий