Ертіс ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Ертіс аудандық филиалының төрағасы, ақын-журналист Самат Мәненұлы Мәненов биыл 75 жасқа толып отыр.

Ол еңбек жолын 1976 жылы Ертіс жөндеу-механикалық зауытында инженер-технолог болып бастады. 1977 жылдан 1996 жылға дейін тексеруші-механик, кеңшардың бас инженері және кеңшар директорының өндірісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Тәуелсіздік жылдары «Шапағат жер» ЖШС-де бас инженер болып жұмыс істеп, 2002 жылы аудандық аумақтық инспекцияда ауыл шаруашылығы техникаларын қадағалау инспекторы болды, бұл қызметті 2009 жылға дейін жалғастырды.

Өнерді өмірінің бір бөлшегі еткен Самат Мәненұлы 2009 жылдан бері аудандық «Ертіс нұры» газетінде тілші болып қызмет етіп, өңірдегі жағымды жаңалықтар мен игі оқиғаларды жарыққа шығарып келеді. Ол туған елін, тілін, және ұлттық құндылықтарын жоғары бағалайтын, төл тілінің қорғаушысы әрі аудан тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұмтылатын жан. Оның өлеңдері мен мақалалары аудан мен облыстық басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Сондай-ақ, Ертіс ауданында өмір сүрген дана тұлғалар мен еңбек адамдарының, қоғамдық қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы жазылған көптеген материалдар Самат Мәненұлының қаламынан шыққан. Айтыстың майталманы Иса Байзақов, ақиық ақын Аманжол Шәмкенов, алғашқы өлкетанушы Мүбәрак Жаманбалинов сияқты ұлы тұлғалардың өмір жолдары да оның қаламынан тыс қалмады.

Самат Мәненұлына зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасына амандық және шығармашылық табыс тілей отыра, оқырман назарына мақалаларын ұсынамыз.

 

Домбыра туралы

Бабалар тағдырының сыйы қалған,

Домбырам төгіліп бер, күйің арман.

Қуанышын, қайғысын қазағымның,

Толтырып шанағына құйып алған…

Самат Мәненұлы

            Қазақтың көнеден келе жатқан музыкалық аспаптарының көш басында домбыра тұр. Кез келген қазақ истінің төрінде ілулі тұратын домбыра, үй иесі ішек қағып білмесе де, ұлтымызды, салт-дәстүрімізді қадір тұтатын, ұлт сүйетін ұлтжандылығының белгісі. Ал, ептеп ішек қағатындардың мұңайғанда мұңдасы, қуанғанда құрдасы. Осындай сәттерде қара домбыраны қолға алып, шанағын қағып, қағып жіберіп, өзін бір нәзік тәтті мұңға бөлейтін, шат сәтінде көңілін күйлейтін сырласы да екені рас. Халқымызбен ғасырламен бірге жасап келе жатқан жан серігі, ән серігі домбыраның шығу тарихы тереңде жатыр.

Этногроф ғалымдардың пайымдауынша ол қазақ хандығы құрылудан 3,5 мың жыл бұрын пайда болған. Әуелгі бетте домбыраның жеті түрі болған дейді. Сол заманан бері көптеген өзгеріске ұшырап, жеті түрі жойылып, бүгінге жеткені көзімізге таныс осы домбыра. Қазірде домбыраның үш ішектісі де бар. Оны шертер дейді. Бұл жеке де ойналып, халық аспаптары оркестрлерінің де құрамында сазды әрлендіретін маңызды музыка аспабы ретінде қолданылады.

Ағаштан бітеудей қашалып, я болмаса ағаш детальдарынан құрастырылып жасалатын домбыра жұмыр шанақты, жатаған шанақты да болып келеді. Екеуі де еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен таралған. Дегенмен, жұмыр шанақты домбыра, оңтүстік, батыс өңірлерінде, ал жатаған шанақты домбыра шығыс, орталық, солтүстік өңірлерінде мәртебеге ие. Жұмыр шанақты домбыраны ауызекі тілде Жамбыл домбырасы десе, жатаған шанақты домбыраны Абай домбырасы деп те атайды. Бір кереметі жұмыр шанақты домбыра үнді, кең тынысты, өр дауысты болса, жатаған шанақты ойлы, байсалды, дауысы қоңыр, жұмсақ, нәзік болып келеді. Қазақ даласында ежелден қалыптасқан Батыс және Арқаның әндерінің әр мақамды болуы, домбыраның шанағына  да байланысты. Бұған дәлел Мұхит пен Ақан сері әндерінің, Құрманғазы мен Тәттімбет күйлерінің айырмашылықтары. Алғашқысында өршілдік, соңғысында нәзіктік басым.

Ғасырлар бойына қазақтың өмір, тірлігіне серік домбыраның шығу тарихы туралы аңыздар жетерлік. Осы туралы бүкіл Қазақ өңірлерін аралап, құнды деректер жинаған Ақселеу Сейдімбек ағамыз, «Күй шежіре» кітабында мынандай дерек келтіреді. Бұл аңызды қазақы салт, дәстүріміздің жанкешті жанашыры Ақселеу ағамыз менің кіші Отаным Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, Күршім ауылында тұрғыны Арғынбек Қилыбаев есімді ақсақалдан жазып алыпты. Аңыз «Қос ішек» деп аталады.

Ертеде бір биік таудың қиясын мекен еткен, бұғы, марал аулап азық етіп, күнін көрген бір аңшы жігіт болыпты. Бірде жолы балып, биік таудың құзар қиясынан теңбіл марал атып алады да, төмен түсіруге жеңілірек болсын деп ішек, қарнын ақтарып тастайды. Содан арада айлар өткенде аңшы жігіт аң атуға ұрымтал тұс осы еді ғой деп, баяғы теңбіл марал атқан жерге келсе, құлағына ызыңдаған ерекше дауыс естіледі. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға, құзғын іліп ұшқан болуы керек, қарағайдың бұтағына қос тін (ширатылған жіп) болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыс сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтағына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап жанға жайлы дыбыс шығарады. Бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан күйге түсіреді. Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» деп бір аспап жасап соған қос ішекті тағады. Содан соң тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналаған дейді.

Содан бергі уақытта домбыра уақыт көшімен бірге, кезекпен ауған алмағайып замандармен өзгеріске ұшыраған. Осы туралы да аңыздар баршылық. Солардың халық арасына кең тарағаны домбыраның шанағында тесіктің пайда болуы жайында аңыз. Біз білетін аңыз екеу. Бірінде домбыра шанағындағы тесік, Шыңғыс ханға үлкен ұлы Жошының өлімін естіруден пайда болды десе, екіншісінде керісінше Жошы ханға ұлының өлімін естіртуден пайда болған делінеді. Бір қызығы Шыңғыс ханға қаралы хабар жырмен жетсе, ал Жошы ханға күймен жеткен, екі аңызда да қаралы хабарды жеткізген бір адам. Ол кім еді? Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясында бұл адам 1150-1225 жылдар өмір сүрген найман руының бағаналы тармағынан шыққан тарихи тұлға, жыршы, күйші, Мысыр мамлүктерінің қолынан қаза тапқан моңғол әскерінің қолбасы Кетбұға деп көрсетілген. Сөзіміз дәлелді болу үшін танымал тарихшы Меңдігүл Ноғайбаеваның «Солтанбет баһадүр сұлтан» кітабының ІІІ томына жазған «Ұлы жыршы» мақаласын келтіре кетелік.

ХІV ғасырда Әбілғазы Баһадүр хан жазып қалдырған «Түрік шежіресі» (Шаджарат әл-атрак») атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздар бойынша, Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда, Шыңғыс ханға қаралы хабарды жеткізуге ешкім батпайды. Өйткені, «хабарды кім жеткізсе, көмейіне қорғасын құямын» деген ханның әмірі бар. Сонда Кетбұға бас кетер ауыр міндетті мойнына алып, қаһарлы ханға хабарды жырмен астарлап былай депті: көне қыпшақ тілінде «Тенгиз баштан былғанды ким тондурур, а ханым, терек тубтын джығылды, ким турғузур, а ханым?» бүгінгі тілде «Теңіз бастан былғанды кім тұндырар, а ханым, Терек түптен жығылды, кім тұрғызар а, ханым?» дегенде Шыңғыс хан: «Тенгиз баштан булғанса тондурур олум Джучи дур, Терек тубтан джугулса, турғузур олум Джучи дур», бүгінгі тілде «Теңіз бастан былғанса, тұндырар ұлыс-Жошы дүр, Терек түптен құласа, Тұрғызар ұлым Жошы дүр» деп жауап қайырған екен. Ұлы жыршы сөзін қайталағанда жамандық сезген көздерінен жас парлаған Шығыс хан: көне қыпшақ тілінде «Козунг йашын чокуртур кон фунг голды болғаймы, Джиринг конгул бкуртур, Джучи олди болғаймы», бүгінгі тілде: Лашын көзін шұқыса қоян өлді болмай ма?, Бүркіт көзін шоқыса Жошы өлді болмай ма? дегенде ұлы жыршы: «Сойлемекке эрким йоқ сен сөйлединг, а ханым, Оз йарлынг озге джаб айу сойлендинг, а ханым,» бүгінгі тілде «Шын айтуға еркім жоқ, өзің айттың а, ханым, өз қайғыңа жауапты өзің айттың, а ханым» деп жауап қайырғанда, әлемді уысында ұстаған қаһарлы билеуші: «Кулун алған куландай кулунумдин айрылдым, Айурулушкан акаудай эр олумдин айрулдум» бүгінгі тілде «Құлыны өлген құландай құлынымнан айрылдым, айрылысқан аққудай ер ұлымнан айрылдым» деп теңселіп кеткен екен деседі….

Соңы не болғаны белгілі-домбыраның шанағына қорғасын құйылады.

Осы жерде айта кетерім М.Ноғайбаеваның «Ұлы жыршы» мақаласында:

Теңіз бастан былғанса,

Кім тұндырар, а ханым.

Терек түптен жығылса,

Кім тұрғызар, а ханым, – деген жыршы Кетбұқаның сұрағына Шыңғыс ханның берген жауабы:

Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлыс-Жошы дүр,

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы дүр жауаптың көне қыпшақ тілінен бүгінгі тілге аудармасы берілген. Естіртудің екінші бөліміндегі сөздердің аудармасы берілмеген. Қандай ой айтылары белгілі болғандықтан, жыршы мен ханның сөз тартысын, түп нұсқасына сай болмаса да, мағансына сай аудардық деп ойлаймын.

Шанақтағы тесікке қатысты екінші аңыз бұрындары мектеп оқулықтарында кездесетін. Онда былай делінеді: «Саруланың арығы деген жерде үйір, үйір құлан жатыр» деген хабарды естіп, Жошы ханның жалғыз ұлы қасына құралайды көзге атқан мергендерімен жолға шығыпты. Ханның ұлы құландарды көргенен кейін үстіне қызыл шекпен киіп, қолына қаруын алып, ордалы құланмен жалғыз айқаспақшы болып, басқаларға тоқтау салады. Бастарына қу шоқайлы (төбесі тік) баскиім киген сұр мергендер сай сайдың тасасы арасымен бет-бетімен аң аулап кетеді. Сол кезде үйір ішінен ханның баласына шапқан жалғыз құлан жер тарпып, пысқырып, ханның баласын айнала шауып ойқастап өткендей болады. Жер бетін қара тұман түнек басады. Мергендер бір бірінен адасады. Сөйтіп жүргенде, бір құдіретті өктем дауыс: «Қу шоқайлыдан қаша жүрің, қызыл шекпендінің үстінен баса жүрің!»-деп жар салып өтеді. Осы өктем үннен кейін лезде қараңғы түнек сейіліп, жер беті жап жарық болып шыға келеді. Енді мергендер келіп қараса, ойнақ салған құлан да жоқ, ханның баласы да жоқ. Мергендердің тапқаны оның жалғыз шынашағы екен. Шынақты алып олар үйге қайтады.

Хан баласының оралмағанына күйініп, қаһарына мініп, елге жарлық жариялайды.

– Менің балам аңшылықтан аман-есен оралатын болсын! Баламның суық хабарын естімейтін болайын. Кімде кім «өлді» деген хабар жеткізсе көмейіне қорғасын құйдырамын. Баламның бір хабарын естімейінше азық-түлік беру тоқтатылсын-деп бүк түсіп жатып алады. Сөйтіп, қалың ел қатты торығып күйзеліп қалғанда Кетбұқа деген домбырашы шығып:

– Баласының өлімін мен естіртейін-деп дүйім жұртты өзіне қаратады. Ханның босағасына келі, тізерлеп отырып бір күй бастайды. Бұл құланның жүрісі мен айбар шеккен сәтін суреттейді. Екінші күйін шалады. Бұл күйде хан баласының қаза болғаны анық айтылады. Сонда күйді түсінген хан басын көтеріп:

– Сенің мына күйің «Балаң өлді, Жошы хан» деп тұр ғой» деп тіл қатады. Сонда Кетбұға:

– Ей, тақсыр! Балаңыздың өлгенін өз аузыңыздан естіп отырмын-депті. Сонда хан қатты қапаланып: «Қап, мен сөзден жығылдым. Қорғасынды домбырасының көмейіне құйып, өзін айдаһардың алдына апарып тастаңдар жылан жұтсын»-деп бұйырған екен. Хан әмірі орындалады. Домбырашы жыланның алдында да күй тартады. Жылан күйге балқып, бауырын жазып, жұдырықтай алтынды күйшінің алдына домалатып әкеп тастай салады. Кетбұқа өлімнен құтылып, еңіреген елдің батасын алып, олжаға батып жөніне кеткен дейді.

Екі аңызда да қайғылы хабарды жеткізген бір адам ол – Кетбұқа. Ол ойдан шығарылған қиялдағы кейіпкер емес тарихта болған адам. Қайғылы хабар бірінде жырмен, бірінде күймен жеткізілуі, домбыраның сан тараптығы. Өйткені осы күндер бармағынан бал тамған домбырашы қазақ жігіттері, домбырада әлемге таныс шетел композиторларың бірқатар музыкалық шығармаларды тыңдағанның құлағының құрышын қандырып ойнап жүр. Ал, бұған дейін Қаршыға Ахмедиаров фортепианомен орындалатын В.Моцарттың «Түрік маршын» домбырамен орындап, күллі әлемді таңғалдырап па еді?!

Аңыздың әлем тарихында ойып тұрып орын алатын тұлғаларға қатысты айтылатыны, біріншіден оның шындыққа жанасымдығын білдірсе, екіншіден домбыраның мәртебесін көтеру деп ойлаймыз. Қалай болғанда да өз ойымша аңыздар шындықтан алыс емес секілді.

Домбырамыздың мойнының басында, шағын ғана тиек бар. Осы тиектің шығуы туралы да аңыз бар. Бірде жорықтан қайтып келе жатқан батыр, шоқ тоғайға келіп дамылдайды. Көңіл сергіткісі келіп, домбыраға ұқсастау ағаш тауып, оған ішек байлап шертпек болады. Бірақ аспабынан үн шықпайды. Біраз әуре болып, қалжырап ұйықтап кетеді. Біраз тыныстап оянса, біреу аспаптың жоғары жағындағы ішектің астына бұтақтың сынығын енгізіп кетіпті. «Бұл сайтанның ісі болды-ау»-деп таңданыпты батыр. Содан кішкене тиек «шайтан тиек» деп аталған дейді. Бүгінгі күнге дейін бұл тиек, шын мәнісінде шайтан тиек болып аталады.

Жалпы, ауыз әдебиетімізде тұрмыс тіршілігімізге қатысты аңыздар қандай көп болса, халқымыздың сырлас, мұңдасы домбыра туралы да аңыздар жетерлік. Біздер солардың бірлі-екісіне ғана тоқталдық. Міне осындай аңыздардан жаралып, сан аңыздарда өзгерістерге ұшыраған домбырамыз, күмбірлеп, сыңғырлап, сұңқылдап Ілияс Жансүгіров: «Домбыра сенде мін бар ма?…» деп жырлағанындай бүгінге мінсіз күйінде жеткен…

2022 жыл.

 Ертіс атауы қайдан шыққан?

            Қай ғасырдан бабаларымыздан мирас болып, еншімізге қалған туған Отанымыздың, соның ішінде бала жасынан көзге таныс кіндік қанымыз тамған өңірдің бөтенге білінбейтін, тіптен қораш көрінетін, бірақ өзіне әсем, сұлу табиғаты аялау, оны мақтан тұту әр азаматтың жүрегіне ұялаған аяулы сезімі. Туған жерге деген ыстық ықылас. Ал, халқымыздың, өзіміз туып өскен ортаның жер су атауларын, олардың шығу тарихын білу, ұғыну, білгенін кейінгілерге айта жүру, тектілігімізге тіреу, ұлттығымызға сүйеу. Осы ойымызды мақсат ете отырып, балапан шақтан бүгінгі күнге дейін жанымызға жақын, жүрегімізге ыстық арнасы кең, суы мол, ағысы тау өзеніндей арқыраған емес, қазақы мінезіміз секілді жайлы, сылдырап қана ағатын көне қазақтың көне өзені Ертіс туралы сөз қаузауды жөн көрдік.

Қаншама ғасыр жағасын мекендеген миллиондаған адамзат ұрпағын мол суымен де, көк нуымен де асырап келе жатқан Ұлы өзен Ертіс, әлемдегі ең ұзын өзендер қатарында. Қытай Халық Республикасының Синцьзян-Ұйғыр автономомиялық облысы мен Солтүстік Монғолияның Алтай тауларынан бастау алып, Қытай, Қазақстан, Ресейдің Азия аумағын жарып ағып, Обьқа құятын өзеннің Обьті қосқандағы жалпы ұзындығы 5410 км құрайды екен. Ал, Монғолия, Қытай аумағынан Ертіске құятын ондаған өзендер, ШҚО облысынан Қалжыр, Бұқтырма, Үлбі, Катун, Қаба, Күршім, Қайыңды секілді ірі, бұлардан басқа атаусыз үлкенді-кішілі өзендердің, Қостанай облысынан құятын Тобыл және Абай облысынан құятын ондаған даланың шағын өзендерінің ұзындықтарын бірге қоссаңыз, жалпы ұзындығы 15 мың км асып жығылады. Бұл ұзындығы 40 мың км асатын жұмыр жердің экваторының жартысына сәл ғана жетпейді. Олай болса өзеннің Ұлы Ертіс аталуы тегін емес.

Өзеннің ҚХР аумағындағы ұзындығы 528 км, Қазақстанның Солтүстік-Шығыс бөлігіндегі ШҚО, Абай, Павлодар облыстарындағы ұзындығы 1700 км құрайды. Осының 110 км Ертіс ауданына тиеслі, ал Ресейдің Омбы, Түмен облыстарындағы ұзындығы 2100 км жетеді. Жағасы ұзына бойына тік жарқабақты, жатаған жағалауы аз болып келетін Ертістің арнасы да кең. Ең қысқа жері 0,5 км болса, ең жалпақ арнасы ШҚО Күршім ауданының тұсында. Бұндағы жалпақтығы 5,5-6 км шамасында. Яғни орташа ені Қазақстан аумағында 3 км кем емес.

Қытайдан ШҚО Марқакөл ауданынан ағып өтіп Зайсанға құятын аралықты Шығыс өңірінің тұрғындары «Қара Ертіс» десе, Зайсан көлінен ағып шығатын Ертісті «Ақ Ертіс» немесе «Ертіс» деп қана атайды. Солтүстік Монғолияның Алтай тауларының сілемінде қоныстанған монғол халқы Ертістің өздерінде бөлігін «Құңқы Кетунар» деп атаған. Біздің тілімізде бұл “Қоңыраулы су» деген мағананы білдіреді.

Ертіс көне атау. Ғалымдардың болжамдары бойынша «Ертіс» атауы осыдан 2,5 мың жыл, яғни бүгінгі жыл санауымыздан 500 жыл бұрын пайда болған. Алып өзен атауын ғалымдар былай талдайды. «Ертіс» сөзіндегі «ер» ежелгі түркі тілінде «жер» дегенді білдірсе, «тіс», «тес» болуы мүмкін. Олай болса, «Ертіс» жерді тесіп өткен су деген мағанада деп дүдәмәл пікір айтады. Геогроф ғалымдардың басым бөлігі өзеннің атауын жағасының тік жарқабақты болып келуімен байланыстырады. Өз пікірімше осы болжам өзеннің атауына жақындау секілді. Сол өңірдің тумасы ретінде айтарым; өзеннің Күршім ауданынан басталып, Өскемен қаласына дейінгі және одан Абай облысының шекарасына дейінгі ұзына бойына өзеннің екі жағалауы тік тас жарқабақты, күн көзі түсіп тұрғанда шын мәнісінде ертегілерде айтылатын алып адамның тісіндей жарқырап тұрады. Не айтса да қалып айтпайтын бабаларымыз, өзегіне барын да, нәрін де татырып отырған өзенге атауын дәлме дәл тауып қойған деп ойлаймын.

Бұрыңғы қытай тілінде өзеннің өздеріндегі бөлігін олар әуелі Қу Ирцыз, кейіннен Қара Ирцыз атапты. Бүгінде олар да Қара Ертіс дейді. Бұл атауды біздер қытайдан алдық дей алмаймын. Ал, олардың бізден алуы бек мүмкін.

Қазақтың ұланғайыр даласының Солтүстік-Шығыс аймағын жарып ағатын өзеннің «Ертіс» деп аталуына аңыздар жетерлік. Соның бірі мынандай. Өскемен қаласындағы Аманжолов атындағы универститеттің доценті былай деп жазады.

«Ерте заманда қара Ертіс маңында өзеннің екі жағалауында өмір сүрген найман, керей рулары жау шапқанда арғы жағада отырған елге жедел хабар жеткізу үшін «үкілі хат» жолдайды екен. Осылай атау себебі қамшының басына бір шоқ үкі тағылатын болған. Ол заман жау да көп, торуылшы да көп. Елді сырттан бақылап жүретін барлаушылар, жаушыны (хабар жеткізуші) тоқтатар болса, ол қамшысын көтереді екен. Үкілі қамшысы бар аттыны көрген әлгілер кедергісіз қоя беретін болған. Бірде арғы беттегі елге хабар жеткізуге аттанған жаушы дұшпанның әскеріне тап болады. «Әу, пірім» деп қашып құтылып, өзен жағасына жеткен соң, суы терең өзеннен қалайда өту керек еді. Төрт аяғы жерге тимей, кеудесін көтеріп малтитын атқа мінуге болмайды. Содан, киімін шешіп, ертоқымның басына байлап, хатты аузына тістеп, шылбырын бос қоя беріп, жылқының құйрығынан ұстап арғы жағаға жетеді. Хабарды дер кезінде алған ел, ерте қамданып, жаудың бетін қайтарады. Артынан үлкен той жасап, «жақсы хабар ердің тісімен жетті»-деп өзенге «Ертіс атауын» берген дейді.

Бір аңызда шығыстан жеткен қалың жау әскері арнасы кең суы терең өзен жағасына тоқтайды. Жеткен бойда бірден өтіп кетуге болмайтынын түсінген әскер басы: «Ер түс» деп әмір етеді. Бұл қалмақ тілінде «аялда» деген мағанада. Содан өзен «Ертіс» атанған дейді.

Тағы бір аңызда ХІІІ ғасырда Шыңғысханның оң қолы, ұлы ханның жылнамашысы болған тарихи тұлға Мұқылы Жалайри қалың әскерімен Алтайдан Сауыр тауларына өтейін десе, екі тау сілемін қақ айрып өзен ағып жатыпты. Сол сәтте Мұқылы терең ойға батып, «бұрын соңды сені қалайша ешкім аңғармаған» деп таңырқайды. Алтай мен Сауырдың қақ ортасында өзен шымырлап ағып, айдын ердің тісіндей жарқырап тұр. Ендеше «Ертіс» атағанымыз жөн болар деген екен. Содан бері Ертіс атанған деседі.

Ұлы өзен туралы көп аңыздың тағы бірі мынандай. Ертеде бір қыпшақтың ханы қайтыс болып, екі ұлы хан тағына таласады. Олардың біреуі ақылды, парасатты болғандықтан билікті өз қолына алуға үкім шығарып, інісін ханзада етіп тағайындайды. Бұған көңілі толмаған інісі ағасына қастандық жасамақ болады. Ойлағаны іске аспай әшкере болған соң, бір жалшылықта жүрген күңді алып, елден қашып кетеді. Аз жүре ме, көп жүре ме, ақыры суы арнасынан асқан балыққа бай, жайылмасының шөбі шүйгін өзеннің жағасына келіп тоқтайды. Даланың аңын, судың балығын аулап, қоралап мал өсіріп, өзен жиегіне ұзақ жыл тұрақтап қалады. Жер шетіндегі өзен жағасында алаңсыз тұрып жатқан бай адам туралы маңайдағы қалың елге тарап, оны көруге ынтыққандар аз болмайды. Келушілердің қатары күн санап артады. «Қашқын» деген жаман аты бар, содан қорықаны болар әйелі кімнің қандай оймен келгенін қайдан білсін келгендерге «Адал ниетпен келсеңіз, аттан түсіп, үйге кіріңіз» деуге сескеніп, «Ер, түс» айтады екен. Осы сөз ауылға күндеп, айлап келіп жатқандардың әрбіріне айтыла бергендіктен, жайлы мекенді «Ер түс», өзен «Ертіс» аталыпты делінеді.

Көріп отырғанымыздай Ертіс өзені туралы аңыз әңгімелер көп-ақ. Солардың қайсыбірін келтіріп отырмыз. Осының барлығы оның жағасында туып өскен, өмір сүрген адамдардың оған деген сүйіспеншілігі, суын ішіп, нуын паналап, асырап отырғаны үшін білдірген алғысы да болар. Түптеп келгенде туған жерге махаббаты екені анық.

Республика оқырмандарына Шығыс өңірнен танымал журналист, бұрынғы «Социалистік Қазақстан» кейінгі Егемен Қазақстан газетінде ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарған Тоқтарбек Қызықбаев ағамыз, Шығыс өңірі туралы жазған мақала, очерктерінде Зайсан көлін қоңыраулы көл деп түстеп жазатын. Кеңес дәуірінің саяхатшы жазушысы Константин Паустовский Зайсан көлін қоңыраулы көл атапты. Осының екеуі де негізсіз емес. Жоғарыда айтқандайын Қара Ертістің басталар тұсын мекендеген халха (монғол) халқы «Қоңыраулы су» дөп атапты. Олай болса сылдыры құлаққа жағымды қатты да емес, ақырын да емес, жайлап қоңыраулата аққан су арнасы. Ендеше, Қара Ертістің суымен толығып жататын Зайсан неге қоңыраулы көл болмауы керек? Ал, қоңыраулы Зайсаннан ағып шығатын «Ақ Ертіс», немесе Ертіс те қоңыраулы емес пе?!

 

   Мен туған жерім, достарым,

            Аядай шағын ауыл бір.

            Көкпеңбек мөлдір аспаны,

            Суы сондай көгілдір.

 

            Айдыны жұтып күн нұрын,

Көз тартқан алыс белеңнен.

Толқынның тыңдап сыңғырын,

Шағала ұшқан өлеңмен.

 

Жатқан жоқ жаға тау еміп,

Қоршаған дөңдер жатаған.

Көлімнің ғажап әуені,

Естілген алыс жотадан.

 

Суын-ай, мөлдір көкпен тең,

Толқыны жыршы, сұңғыла.

Қоңыраулы көл деп ат берген,

Паустовкий ғұлама.

 

Әлдиін айтып мұң, жырын,

Бесігімді анам тербеткен.

Естігем толқын сылдырын,

Босана сала жөргектен.

 

Жүректе әнін жүр айтып,

Алаңсыз сонау шуақ таң.

Тағдырым қалса мұңайтып,

Аңсаймын көлді жұбатқан.

 

Үкілеп үрпек үмітті,

Сапарға алыс аттанғам.

Болғанмен маман білікті,

Жағаңда бала қапты арман.

 

Аймалап майда жел беттен,

Қоштасқам көлмен көкпеңбек.

Ақының болсам деп кеткем,

Ақының болып жеткем жоқ.

 

2022 жыл.

Добавить комментарий