Бүгін  Павлодар облысы әкімдігі тағайындаған «Мұзафар Әлімбаев атындағы сыйлықтың» иегері (2023 жыл), жазушы Мағира Қожахметованың туған күні.

Мағира Қожахметова 1946 жылы Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Қошқарбай ауылында дүниеге келген. «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», «Жантәсілім», «Жападан жалғыз» кітаптарының авторы. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2008).

Қаламгердің «Жылы шырай» әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

 

Жылы шырай

(әңгіме)

Селсоқ жатқан сұр даланың екпінді желі бірде жоғарылай, бірде көлдеңдей шапшып, айнала кеңістікті аяусыз қамшылауын жуық арада тоқтатар емес. Қыз бір  сәтке  демін  бүгіп,  ішінен  тына  қалып  еді,  манадан  бергі  мазасыз  ызың құлағына жәйлі тиген сияқтанды. Жердің қоян қолтығын қытықтай шымшылаған сайқымазақ  самалдың  әрлі-берлі  ойнақтатқан  майда  топырағы  жолдың  екі  жақ бойынан шашырай ұшып құрғақ шаңға айналып жатыр.

Адымын қанша қарыштатқанымен құрғақ шаңның танауын жарған татқыл иісінен ұзай алған жоқ. Талайдан бері тамшы суға зар боп кезерген даланың қағы бетке шығып, ындыны кеуіп қалғандай. «Әйпесе онша сұп-сұр боп сазарып жатар ма  еді, – деп  ойлады  Толқын, – неге ғана  келдім  екен?  Туыссырап  сонау  қия шеттен келгенімде, көргенім мынау болса, құрысын бәрі де. Ауласына бір жеңіл машинасын,  бір  мотоциклін  қаңтарып  қойып,  мені  жаяу  жібергенін  ешқашан кешірмеспін…»

Көңілсіз  ойларына  өзін  қоршаған  төңіректің  түксиіп  қалған  сүрексіздігі қосылғанда, қайтадан тынысы тарылды. Майда топырақтың сайтанжел екпінінен бұрқан-тарқан боп бетке ұрған құрғақ шаң енді басын ауыртайын деді. Қалада, сан  мың  машина  қайшыласқан көшелермен  жүргенде,  басының  дәл  осылай сырқырайтыны бар еді. Ал мынау жапан тұз, кең жол үстінде дәл солай басының зеңіп қоя бергені неліктен екендігін білмеді.

Ауылдан мана шығып кеткен. Нағашысы «қалаға баратын жүк машиналары бар ма екен, біліп келейін солардың біріне отырғызып жіберемін» деп кеңсеге қарай  аяңдағанда,  бұл  үйдегілердің ешқайсына  тіл  қатпастан  жападан-жалғыз ауылдың сыртындағы жолды бетке ұстап тайып тұрды. Ешкіммен қоштасқан да жоқ.

«Жиеніміз кеді» деп, қойын сойып, мәре-сәре болған нағашыларының екі-үш күннен  бергі  өзіне  деген  ниеттеріне  күмәнданбағанымен,  қорасында  қос машинасы тұрып, «көлік» деп қиналғандарына ызаланған-ды.

Осы келе жатқанда, Толқын тіпті ешкімге өкпелеп те келе жатқан жоқ. «Не көрсең де, өз  маңдайыңнан  көресің…  ағайынның  болғаны,  бай  болғаны жақсы, бірақ  аз  ба,  көп  пе,  не  берсе  де  өз  маңдайыңа  берсін»  деп  анасы  жиі айтушы еді.

Айналасындағылардың  нарлығына да, байлығына  да  салқындықпен қарайтын әке-шешесінің ықпалы ма, әйтеуір Толқын есін біліп, етегін жапқалы жылтырап  жалтырағанның  біріне  құлай  қызыққан  емес.  Тіпті  басқаны  былай қойғанда,  қыз  болып,  бірде  алтын  сырға  тағып  байқағанында,  қос  құлағының түбінен пәлен пұт ауырлық тартқылағандай әсерде қалғаны бар.

Дәл қазір екі туып, бір қалғанына да наз айтып, салмақ артудың жөнсіздігін сезінгенімен, мұның билет алып қойған самолетінің бүгін кешке ұшуға тиіс екенін біле  тұра, нағашыларының  аяқ-астынан  «қысылып»  қалғандары  жүрегін сыздатқаны рас. Сол қыжылдың қызуымен жаяу шығып қалса да, қалаға дейінгі жетпіс  шақырымның  жеке  өзінің  мойнында  қалғанын  ойлағанда  одан  сайын мазасыздана түсті.

Ешкімге  ауыртпалығын  салмай  жолға  шығып  кеткеніне  өкінбесе  де, «самолетке үлгере алмасам ше…» деген күдік көңілін күпті ете берді.

«Үлкен    тас  жолға  шықсам,  бір  жетсем,  ар жағында  машиналы  біреу кездесер, – деген үміті де жоқ емес, – бірақ сол тас жолға шейін қанша шақырым… жо-жоқ, үлгеруге тиіспін, тіпті қалаға шейін жаяу жүрсем де жетемін…»

Өзін-өзі демдеп, аяқалысын қаншалықты жылдамдатқанымен, бойын ширақ ұстадым дегенімен, біраздан соң екі тізесі талып, табаны удай ашыды. Жеткен жеріне  қисая кететіндей  жағдайда  қалса  да, қайсарлықтың  өнебойына  шым-шымдап  дарыған  дәтінен бе,  бір  сәтке  аялдағысы  кеп  көңілі  кетсе  де  Тоты тоқтаған жоқ.

Манағы  әзірде  басын  ауыртқан  иіс  бірте-бірте  артта  қалды,  өйткені шаңдарынан  тартқылаған  желдің  күші  баяулай  басылып,  құрғақ  шаң  да кеңірдектеуін доғарған. Бүйірден соғып емес, алыстан орағытып, толқынданған самал әлдеқайдан, салқын да жеңіл лепті үрлей жеткізіп жатыр. Ұсақ топырақтың асты-үстін қопармай-ақ жанай өтіп, бірден шығандай жөнелген желдің соңынан майда қоңыржай әуен үзіліп қалып жатқандай.

Толқын алға асыққан сайын жаңағы үздік-үздік буындар құлағына ап-анық естіліп, бір сәтте соның бәрі бір-бірімен қауышқандай, дәл төбесінен шыңғырып тұрып  алғаны.  Жалаңаш  даланың  өзіне  әрі  түсінікті,  әрі  түсініксіз  ызыңы  бір сарында ұза-а-ақ қалықтады.

Тоқтай қалып, сәл аялдап еді, әлгі сарын сап тиылып, айнала құлаққа ұрған танадай тыныштала қалды. Әлден уақытта бұған мынау тып-типыл меңіреуліктің өзі сарнап қоя бергендей әсер етті де, тұлабойын мағынасыздық жайлап, көкірегі ашып қоя берді.

Көзінің алды бұлдырап бара жатқанда, жанарына кеп қалған жасты тия алмай төгіп-төгіп жіберді. Артына бұрылды, ештеңе көрінбеді, алдына қарады, ештеңе көрінбеді. Жан-жағына елеңдегенімен көңіліне де көзіне де медет тұтарлықтай ештеңе шалынған жоқ.

Жолы мұндай ұзақ болар ма?! Бір белесімен бір белесін салыстыратындай титтей ноқат көрінсе-ші тым болмаса. Алқымдап тастадым-ау деп алды-артына алаңдай адымдаса да, баяғы бір ұшы-қиырсыз долаң дала, баяғы бір ызың, баяғы бір өнбейтін митың-митың жүріс, баяғы бір… баяғы бір, баяғы…

Қанша  жүргенін  білмейді,  құлағының  дәл  түбінен  шыққан  үнге  селк  етіп, қорыққанынан жалт бұрылды. Жүгіре жөнеліп қайтадан қарағанда ғана гүр-гүр етіп тоқтап жатқан «Беларусь» тракторын көрді. – Сонша қорыққаныңыз не… әлде өміріңізде трактор көрмеп пе едіңіз, – деген дауысты естіді. Содан кейін барып қана Толқын басын көтерді. Рульде отырған жігіттің жел тербеп, қобыраған шашы алдымен шалынды жанарына. Ашық аспан аясында желбегей қалпы тракторда, өзінен бірер саты биікте отырғанынан ба, жігіт Тотыға алып батырдай елестеп кетті.

Тіл  қатайын  деп  еді,  дауысы  дірілдейтін  сияқтанды.  Бір  уыс  боп  бүріскен қалпы үндемей  тұра  берді.  Жігіт  төмен  түсіп,  бұған  назар  да  салмағандай сыңаймен трактордың алды-артын қарап, әрлі-берлі жүріп алды. Өзіне еш емеурін танытпай,  күйбің  шаруасымен  айналыса  берген  жігітке  біраз  қарап  тұрды  да Толқын  бұрылып кетті.

– Ал, отырыңыз, – деді теріс қарап  шаруасымен айналысқан қалпы. Тіпті қыздың анадай алыстап кеткенін де аңғарған жоқ.

– Оу, қайда, қайда… – деді біраздан соң ғана мойынын иығына тығып, селқос аяңдап бара жатқан қызды байқап.

Айғайлаған  дауысты  естіп  толқын  не  алға,  не  кейін  шегінерін  білмей дағдарып қалды. Сағатына қарап еді, самолеттің ұшуына әлі бес cағаттай уақыт бар екен.  Қалаға  жетіп,  одан  әрі  ен  даланың  ортасындағы  жаңа  аэропортқа  мына жүрісімен үлгере ме, жоқ па?

– Отырыңыз, – деді жігіт тағы да. – «Қайда барасың деп сұрамайтыны қызық екен»  деп  ойлады  қыз. – Әп-әдемі  осындай  қыз  жалғыз  жүре  ме  екен…  Бүгін қатынайтын  машина  да некен-саяқ,  демалыс  күні  жаяу  шыққаның  қалай, қарындасым? Трактор екен деп қомсынба…

Жігіт бірден «сенге» көшті, – мұның да анау-мынау машинаңнан кем емес… Ал, кеттік…

Жігіттің жанына отыра беріп байқады, екеуі әрең-әрең сиятындай ғана орын екен.  Оның  үстіне  бірден  жалп  етіп  отыра  кетуге  қолайсызданып,  қысылып-қымтырла әрең дегнде жайғасты-ау.

Сонда барып аяқтарының салдырап, сілесі қата шаршағанын сезді. Өмірінде мұнша жер жаяу жүрмегенін, жол үстінде жалқы қалып көрмегенін енді есіне алды.

Әлгінде  екі  бүйірінен  пыс-пыс  еткен  трактордың  моторы  бір  қалыпты гүрілге  ауысып,  алға  жылжи  жөнелгенде,  Толқын  тепе-теңдігін  сақтай  алмай теңселіп барып басымен жігіттің иығын бір соқты. Анау ештеңеге назар тоқтатқан жоқ,  бүткіл  денесімен  рульге  жабысып  алған  жылдамдықты  арттырып, трактордың  жүрісі  әдеттегі  сарынына  түскеннен  кейін  ғана  қасындағы  қызға тіктеп қарады.

– Мен  мына  «Өзек»  совхозынанмын – деді – бір  шаруалармен  төртінші бөлімшеге келе жатырмын, былайша айтқанда, біздің ең шалғайдағы пунктіміз… Өзің  де  сонда  барасың-ау,  шамасы…  тіпті  сол  ауылдан  шығарсың…  бірақ  жол үстіндегі мына жүрісіңе қарағанда, осынша жолды орталап,  жаяу жүргеніңнің бір мәнісі бар-ау, әйтпесе…

– Бұл  жақтан  емеспін. – Даусы  жарықшақтанып  шыққандықтан, сәл кідіріңкіреп барып, қайтадан жалғастырды сөзін. – Басқа ауданнанмын, мұнда алғаш келуім…

– Бәсе, бәсе… бізге қонақпын де…

Жігіт жылы жымиып, әлдеқандай әуенді ыңылдай бастады.

Трактордың  жүрісінің  жылдамдағы  артқан  сайын  желдің  екпіні  еселеніп, бетің,  жүзің  бар  демей  осқылап  жатыр. Әміріне әбден  еніп  алған  желдің суылынан Толқынның беті дуылдап кесе де алға қараған қалпынан айныған жоқ. Жүзін ешқайда бұрмай бетін желге тосып отыра берді.

Желкесіне жиған шашы иығына жайылып, қарсы соққан дауылдың ығына мойынсұна  шашырай  желбіреді,  Трактордың,  даланың,  шашының  су-су  еткен дыбыстары қосыла шырқап, мұның бәрі қызға ұнай бастады. Бір сәтке өзін аспан аясында қалықтап ұшқандай сезініп, көңілі биіктеп жүре берді.

Жігіттің  біресе  ыңылдай,  біресе  сыздықтата  ысқырып  әндеткен  әуені  де құлағына жылы естіліп жатты. «Жел мен құйынның ортасында, жалаңаш даланың өтінде, жауын-шашынның астында жүретін шығар ұдайы, – деп ойлады жігіттің алқам-салқам  омырауына  қарап  қойып, – өзі тіпті  қымтанудың  не  екенін білмейтін  жан  сияқты…  желбегей  киінген  түрінен,  күнге тотыққан  жүзінен жанының да, тәнінің де… саулықтың таза лебі есіп тұр… соншалықты таза леп…»

– Сіз  білесіз  бе, – деді  жігітке  күлімдей  қарап, – менің  қайда  бара жатқанымды?

– Осы  жолдың  бойымен  тұп-тура  жүре  берсек,  екеуміз де  қателеспеспіз… Солай емес пе, қарындасым…

Толқын  енді  батылдана  сөйледі.

–  Мен  студентпін.  Осында  туыстарыма келгенмін… ауылымнан шыққаныма бір жұма болды, жол бойы туыстарыма соға кетемін деп кешігіп қалғаным… Кешкі самолетке үлгеруім керек.

– Ә, – деді  жігіт селк етіп, – сонда қалай болғаны… қайдағы самолетке…

қазіргі… бүгінге дейсің бе… үлгермейсің ғой…

– Неге  үлгермеймін…  сіз  бар  емессіз  бе…  осы  жылдамдығыңыздан жаңылмасаңыз болғаны.

– Әй,  қарындасым-ай, – деп  жігіт  қарқылдап  күлдіп  алды. – Өзің  қызық екенсің. Осындай әрі ескі, әрі не модный… трактормен қаланың көшесіне кіруге батылың  жетсе,  тілегіңді  екі  етпей  орындайын.  Қала  түгілі,  мұндай  немодный трактормен ауыл арасында қатынауға қыздар менсіне бермейді… әй, қарындасым-ай, сен студентсің… мүлдем менсінбейтін шығар десем…

– Мен  ұялмаймын, – деді  Толқын, – өмірімде  дәл осындай  «көлікке» мінбегенім рас… және мұндай маркалы трактор сирек қалған болуы керек, тіпті жоқ та шығар… ә…

– Оның рас, қарындасым… Қазір кабиналары биік, аспанға ентелеген кілең зәулім тракторлар ғой… Оларға әрі кең, әрі тас жол болмаса, бұрылып-шегінулері қиын-ақ. Мүлт кетсең, таудан құлағандай бір-ақ домалайсың. Бірақ күшіне салсаң, сол тауыңның өзін сүйреп әкетуі мүмкін…

Жігіт  тракторын  кең  тас  жолдың  бойынан  жан-жаққа  тармақталған  тар сораптарының біріне де бұрмастан тіке тартып келеді. Біраздан соң ауыры, жеңілі бар  бірен-саран машиналар  аракідік  ұшырасып,  алды-артынан  шапшаңдықпен өтіп-кетіп  жатты.  Зу-зу  етіп  жоғалған  машиналардың  жіңішке  гүрілі  жанында трактордың дар-дар еткен дауысы барған сайын дарақыланып, ерекшелене түсті.

Даланы басына көтеріп, анда-санда ерсілі-қарсылы кездескен бел асқан жеп-жеңіл  машиналардың  көлеңкесіндей  көлбеңдеп  қалғандары  тракторшы  жігіттің қаперіне кіріп, көңіліне кірер емес. Маңғаздағынан титей айнымастан жел сүйген кеудесін биік ұстап, сол баяғы бір жылдамдықпен айдап келеді.

Ерсілі-қарсылы жүрген машиналардың қарсы жиі көрінгендіктен бе, Толқын бірте-бірте  мына  жағыдайын  қорашсына  бастады.  «түсіріп  кетіңіз,  анау машиналардың біріне отырамын» деп айтуға әлденешерет оқталғанымен, өзінің бір сөзін екі айтқызбай тілегін орындап келе жатқан бейтаныс жігіттің жайсаң жүзіне  әлсін-әлсін  қарап  қойып  отыра  берді.  Бағанағы  мүшкіл  халі  есіне оралғанда, өз-өзінен қысылып, мүлдем үндемей қойды.

– Ал,  әдемі  қарындасым,  келдік, – деді  қаланың  шеті  көрінгенде, – аэропортқа  тура апарайын… анау мынау машиналарың жүре алмайтын төте жол бар, самолетіңнің дәл бүйірінен түсірейін, егер қаласаң…

– Жо-жоқ…  енді  өзім-ақ…  әуре  болмаңыз…  онсыз да  біраз  уақытыңызды еншіледім ғой деймін… тіпті сізге қалай рахмет айтарымды да білмей тұрмын…

Әжептәуір  жерге  шейін  ақырын  жүріп  барып,  тракторын  жайлап  қана тоқтатты. Ең алдымен өзі жерге секіріп түсті де жоғарыдағы қызға қолын созды. Төменге шапшаң қимылмен топ ете түскен манағы таза лептің таныс жұпар иісін  соншалықты жақыннан сезініп, бір сәтке жігіт кеудесіне басын сүйей теңселіп-теңселіп  қалды.  Лезде  есін  жиып,  теріс  бұрылып  кетті  де  жанарын  қайтадан жігітке  аударды. – О,  ғажап,  мұндай  да  болады  екен-ау…  соншалықты  жылы қарайды…  соншалықты  жылы  жанар…  бауырмал  жанар…  соншалықты  жылы көзқарас… соншалықты жылы…

– Қош бол, әдемі қарындасым, – деді жігіт, – әрқашан жақсы жолда жүр, біздің жаққа жиі келіп тұр…

Қос қолын жымдастыра жоғары көтеріп, қызға соңғы рет жымия қарады да, кабинаға  секіріп  мінді.  Бүткіл  қимылында  жинақылық,  шымырлық  бар,  бірақ соның бірін де өзі сезбейтін тәрізді.

«Сізге  көп  рахмет»  деген  Толқынның  сөзін  естіген  де  жоқ.  Моторды  дар еткізіп, кейін қарай бұра берді тракторын.

Толқын анадай жердегі автобус аялдамасына беттеді. Билет алған рейсіне дәл мезгілінде жетіп үлгерді.

***

Содан  кейін  де  Толқын  талай-талай  сапар  шеккен.  Содан  кейін  де  Толқын талай-талай  жанардың  отына  шарпылып,  қадала  қараған,  телміре  қараған, аңтарыла  қараған,  ақтала  қараған,  сүзіле-қомағайланып  қараған,  тіпті  аялай жәудіреген көздердің талай рет айыпкері болған. Әттең омырауы алқам-салқам боп кеудесін дауылға қарсы тосқан бейтаныс жігіттің сол бір жалт етіп жоғалған жылы  жымиысын,  мейірімге  тұнып  тұрған тұңғиық  жанарын  әлі  күнге  шейін ұмыта алар емес. Сол жылы шырайға жолықтырған жолды әлденеше рет іздеп барып  жүріп,  нағашыларының  баяғы  өзін  өкпелеткен  жеңіл  машинасымен  де талай қыдырған.

Бірақ    денесін  жел  сүйіп,  жүзі  күнге  тотыққан  жігітті  де  оның сиқырлы жанарын да кездестірген жоқ.

1977 жыл.

«Жападан-жалғыз» (Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2006 жыл)

кітабының 1-томынан алынды.

Добавить комментарий