(Қалмұқан Исабаевтың кітаптарына шолу)

Өмірінің саналы бөлігін қаламгерлік пен қайраткерлікке арнаған Қалмұқан Исабаевтың «Ажал құрсауында», «Жұмбақ үй», «Бетпе-бет», «Қарабала», «Сұңқар самғауы», «Соңғы тәулік», «Соңғы ерлік», «Өткелде», «Жолдас комендант», «Арна», «Соңғы тәсіл», «Айқыз», «Бақытты сәттер», «Шоң би», «Қажыға барған қазақтар», «Комендант», «Қаныш аға осындай еді», «Жанашыр жазбалары», «Мұндайлар болған», «Алғы шепте» сынды көптеген кітаптары жарық көрді. Қазақ әдебиетіне сүбелі үлес болып қосылған бұл туындыларда қаламгер ел-жер тарихын баяндайды; заңғар тұлғалардың тағдырын, халқымыздың ұлы перзенттерінің өмірін үлгі ете әңгімелейді; су, өндіріс, ауылшаруашылық сынды салалардағы еңбеккерлерді арқау етеді; Отансүйгіштікті, патриотизмді дәріптейді; соғыс тақырыбын қозғап, әскери тыныс-тіршілікті бейнелейді; қарапайым қазақ әйелінің тағдырын жырлайды.

Оқырман назарына жазушының бірқатар кітабына шолу ұсынамыз:

«Баян» әңгімелер жинағы 1959 жылы жарық көрген (Алматы, «Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет» баспасы). Бұл – қаламгердің алғашқы еңбегі. Жазушының тұңғыш әңгімесі – «Баян» 1954 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналына жарияланған.

«Жұмбақ үй» кітабы 1962 жылы жарыққа шықты (Алматы, «Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет» баспасы). Автор бұл еңбегіне енгізген әңгімелері мен очерктерінде Ұлы Отан соғысында майдан шебінде жауға қарсы күрескен ерлердің ерліктерін және өндіріс өрендері мен ауылшаруашылық озаттарының еңбектерін жыр етеді.

«Арман арнасымен» очерк-күнделігі 1962 жылы шықты (Алматы, Қазақ мемлекеттік баспасы). Жазушы Ертіс-Қарағанды каналы салынатын жерлермен жаяу жүріп, ел аралап, каналдың ел шаруашылығына пайдасы жайлы жұрт пікірін, ойын жинақтаған. Кітапта осы игі іс туралы ол өз ойлары мен топшылауларын да ортаға салады. Бұл кітапша жазушының сапарындағы күнделігі болып табылады.

1967 жылы шыққан «Айқыз» романы (Алматы, «Жазушы» баспасы) – қарапайым қазақ әйелінің ерекше қырын танытатын туынды. Ескі дүниеге қарсы ашық айқасқа шыққан Айқыздың ел бостандығы жолындағы сүбелі істері сөз болады. Ержүрек әйелдің бойынан табылған өжеттілік, қарапайымдылық, бауырмалдық, турашылдық бас идіреді. Ажал аузында тұрып, әділет жолындағы күрестің жеңетіндігіне де кәміл сендіреді. Романда сужүрек, ез еркектің, батыл да батыр, қиындыққа мойымаған әйелдердің, бауырмал ағайындылардың өмірі айтылады.

«Жолдас комендант» 1975 жылы шықты (Алматы, «Жазушы» баспасы). Бұл кітапқа әскери тақырыпқа жазылған романы мен әңгімелері енді. «Жолдас комендант» романы – шетел өмірін суреттейтін қазақ әдебиетіндегі санаулы туындылардың бірі болуымен қатар, қазақ офицерінің неміс қаласында коменданттық жұмыс атқаруын баяндауымен де ерекшелінеді. Отан сүйгіштік, патриотизм, халықтар арасындағы достықты дәріптеу – кітапқа негізгі идеялық желі болып тартылған.

Еліміздегі үлкен өндіріс орындарының бірі Қарағанды қаласы еңбекшілерінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік істері баршаға аян. Соғыс кезінде өндіріс орындары майдан үшін тоқтаусыз қызмет етті. Халық өндіріс маңына шоғырланды. Үлкен проблема – су молшылығы үшін де алғаш жобалар іске аса бастады. Жазушы Қалмұқан Исабаев 1978 жылы шыққан «Өрде» (Алматы, «Жазушы» баспасы) романында осы жайларға тоқталған. Роман Қазақстан Қәсіподағының жабық бәйгесінде екінші орын алған.

«Бақытты сәттер» кітабы 1989 жылы жарық көрді (Алматы, «Жазушы» баспасы). Онда адал азаматтың тағдыры туралы, халқымыздың есімі ұмытыла бастаған ұл-қыздарының өмірі жайлы әңгімеленеді. Кітап тарихи деректерге бай.

«Серт» романы 1991 жылы шықты (Алматы, «Жазушы» баспасы). Романда XIX ғасырдың бас кезінде ел басқарған атақты би – Шоң Едігеұлы мен оның қарамағындағы халық тарихы баяндалады. Туындыдағы тарихи шындық – оқиға тартыстары, сол кездегі қоғамдық жаңалықтардың игі бастамалары – қазіргі көкейтесті мәселелерге мазмұндастығымен тартымды баяндалған.

Кейде кітаптың да тағдыры адам тағдырына ұқсайды. Оның да шыңға шығып шарықтайтын да, омақаса құлап, қансырап қалатын да кезеңдері болады. Екі кітаптан тұратын бұл роман кезінде тағдырдың келеңсіз көрінісіне ұшыраған. Біріншісі – 1961 жылы «Ажал құрсауында» деген атпен шығып, бұрынғы әскери жарғының «Қызыл Армия жауынгері жау қолына тірідей түспейді» деген қағидасына сай келмегеннен кейін, оның қайтып жарық көруіне тыйым салынған. Екіншісі – 1963 жылы «Бетпе-бет» деген атпен жарық көріп, кітап дүкендеріне түскен жерінен «КГБ қызметі дұрыс көрсетілмеген» деген айыппен «ұсталып», өртелген. Қос роман фашизмге қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығы тұсында, 1998 жылы «Комендант» деген атаумен (Алматы, «Жазушы» баспасы) жаңа тыныспен қайта басылды.

«Мұндайлар болған» повестер жинағы 2003 жылы (Астана, «Елорда» баспасы) шықты. Кітап «Мұндай қазақ болған», «Мұндай неміс болған», «Мұндай орыс болған» атты үш повестен тұрады. Повестердегі тың және қызық оқиғалар бұған дейін қазақ қаламы жетпеген елдерге, жат халықтар ортасында өрбиді. Европа халықтары өмірін қазақ тағдырымен байланыстыра жазып келген Қалмұқан Исабайдың бұрынғы шығармалары және мына повестері арқылы қазақ әдебиетінің тақырыптық көкжиегі кеңейте түсті.

Добавить комментарий