«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық филиалы Баянауылдың біртуар перзенті, ақын, қазақ халқының көрнекті мемлекет қайраткері, ойшыл, парасатты тұлғалық келбетімен ел ішінде «Сәкен ағай» атанған Сәдуақас Шормановтың 175 жылдығына арналған «Халқына сөзі құнды, өзі сыйлы Сәкен ағай» атты облыстық студенттер мүшәйрасын жариялады.
Мүшәйраның мақсаты:
– Сәдуақас Шормановтың бейнесін жыр тілінде сомдау, оның қайраткерлік істерін жастарға өнеге ету;
– поэзияның дамуына ықпал ету, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету және еркін елдің кенен тарихы мен жарқын жетістіктерін қара өлеңнің құдіреті арқылы дәріптеу.
Мүшәйра шарттары:
– мүшәйраға Павлодар облысы аумағындағы колледж, университет студенттері қатыса алады;
– мүшәйраға Сәдуақас Шормановқа арнау және еркін тақырыпта – барлығы 2 өлең ұсынылуы тиіс;
– әр поэзиялық шығарманың көлемі 100 жолдан аспауы керек;
– шығармалар электрондық нұсқада Microsoft Word форматында (14 кегльде (шрифт), жоларасы 1 интервал, Times New Roman қарпімен) жіберілуі қажет;
– жинақтарда, мерзімді басылымдарда, сайттарда, әлеуметтік желілерде жарияланған, басқа байқауларға ұсынылған және талапқа сай келмейтін шығармалар қабылданбайды;
– қазылар алқасының іріктеуінен өткен үміткерлер қорытынды шараға қатысады.
Үміткерлердің шығармаларын бағалау кезінде:
– ұсынылған шығармалар тақырыбының байқау мақсатына сәйкестігіне;
– шығарманың идеялық мазмұнына;
– туындының көркемдік сапасына;
– автордың сөз саптау мәнері, стильдік ерекшелігіне назар аударылады.
Барлық келіп түскен шығармаларды байқаудың қазылар алқасы қарап, талдау жасайды және бағалайды.
Мүшәйраның жүлде қоры:
Бас жүлде (біреу) – 100 000 теңге;
1-орын (біреу) – 80 000 теңге;
2-орын (біреу) – 70 000 теңге;
3-орын (біреу) – 50 000 теңге;
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық филиалының жүлдесі (біреу).
Мүшәйраның жеңімпазы мен жүлдегерлері дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Марапаттау рәсімі өтетін уақыт пен орын қосымша хабарланады.
Мүшәйраға атсалысып, қосымша қолдау білдіреміз деген азаматтар болса қарсылық болмайды.
Жүлдегердің қорытынды іс-шараға келіп-кету шығыны өз тарапынан қарастырылады.
Мүшәйраға қатысу үшін үміткердің тапсырыстары (жеке куәлігінің көшірмесі мен аты-жөні, оқу орны (анықтама міндетті), байланыс телефоны және шығармалары 2025 жылғы 28 ақпанға дейін qazaqtili_qogamy.bnl@mail.ru электронды мекенжайы бойынша қабылданады.
Анықтама телефоны: +7 705 600 22 60
Байқаудың ақпараттық қолдаушысы – «Aiqara.kz» порталы. Байқау қорытындысында ең үздік өлеңдер әдеби порталда жарияланатын болады.
Егер сіз студент болсаңыз, қапы қалмаңыз, «Халқына сөзі құнды, өзі сыйлы Сәкен ағай» атты облыстық студенттер мүшәйрасына қатысыңыз!