Бүгін – ақын Жұматай Жақыпбаевтың дүниеге келген күні (1945-1990).
* * *
Қанша жерге ұзартсам да көлемін,
Жетпес саған ешбір менің өлеңім.
Абайсызда газет-журнал жыртылар,
Сорымды да мен осыдан көремін.
Жүрсем-дағы, күлсем-дағы торығып,
Бар-ау менде ең соңғы үміт, сол үміт –
Бір күндері екеуімізді білетін
қалар біреу бір сәт саған жолығып…
Алдыңа кеп қатты толқып отырып,
Біздер үшін ол да біраз опынып,
Мақтар мені: «Ішпейтін бір жігіт» деп,
Сенбе оған, сол бір сөзі өтірік.
Тілеулестен артық адам болар ма,
Ашылады-ау көмейдегі тоған да,
«Қыз-қырқынға көз тікпейді» десе егер,
Сенбе, жаным, сенбе, жаным, оған да.
Тілейтұғын жан болса егер саған бақ,
Мені өткізіп жібермейтін амалдап,
Ит терімді қаптар менің басыма
Достасқаннан қоштасқанша жамандап.
Тақса-дағы ол нендей айып, нендей сын,
Сөзін тыңда, тыңда сөзін бөлмей шын.
Ол егер де: «Сонша жаман қалпымен
саған ғашық», – десе ғана сенгейсің…
* * *
Түгел боп тұр төрт құбылам қай менің,
Тосар ма екен тауқыметтер тағы алдан?
Соны елетпей, сағындырған Ләйлә едің,
Таңдану мен табынуға жаралған.
Жегідей жеп бітті білем мұң-нала,
У төгеді, төге алмады тілім бал.
Жаным, енді өзім туған шыңға да,
Бүйте берсем, жараспайтын түрім бар.
Тоз-тоз болдым. Енді кімге илігем?
Өз халіме өкінішпен көп күлем.
Атығайдың құласынан жүйрік ем,
Адайлардың қылышындай өткір ем.
Мұңлы басты енді кімге қосамын,
Тәу еткізген теңдесі жоқ бақ, қайғым?
Қара шашты қол жетпеген қосағым,
Мен өзіңсіз табытқа да жатпаймын!
* * *
Жаз өтті бастан, қыс қалды дедім,
Жерідің менен мүлде сен.
Ғұмырым бірден қысқарды менің,
Не үшін, не деп күн кешем?
Кеудемде мейірім, ар-намыс барын
Көремін-дағы сорымнан.
Сұр өмір сараң алданыштарын
Сыпырып алды қолымнан.
Көкірегіме шер толып, Тектім,
Айта алмай аузым мұңды әнді,
Өкініштен мен өртеніп кеттім,
Ішімде сұп-сұр күл қалды.
* * *
«Одан аздап өлең қалды, күй қалды,
Жан беру де оңай емес. Қиналды.
Сенің бала көңіліңнің жаршысы
Өліп қалды. Болсын байғұс иманды».
Осыны айтып қуанышсыз, зар-мұңсыз,
Тірі өлікше кешіп едім қарды үнсіз.
…Сенсіз өмір – елсіз өңір екен ғой
Жан толқытар жақсылығы мардымсыз.
Құдай дана қиыстырған қиыннан,
Сен – бір әнсің қасы-көзі қиылған.
Аппағым-ау, саған айтар сөздерім
Аузыма бір түспей қойды-ау миымнан.
Сенде де бар, менде де бар бір өкпе,
(Өмір-еке, оны ешқашан жүдетпе).
Сені көрсем, көзге айналдым тойымсыз,
Тұла бойым айналады жүрекке.
Бірталайы жоқ демесең тісінің,
Құдай ақы, Ромеодан кішімін.
Қызғаныштан қырт боп кетті демесең,
Сол баяғы саған ғашық кісімін.
Мәжнүн боп кетпейді деп сау адам,
Саған мені қимай қойды Хауа-анам.
Сүйсем бе екен өліп-өшіп күн-түні,
Сенен артық қыз жасап ап ауадан?!
Ұшып жетер – келші десең болғаны,
Ондағыдай мені аймалар қол кәне?
Ауадан қыз жасар едім, қорқамын
Сенен аумай шығады-ау деп ол-дағы.
Енді маған несіменен кім ұнар,
Таңғы шығым, тал мүсінім тілі бал.
Саған деген махаббатым
Мың жерден
Мен өлсем де өлмейтұғын түрі бар.