(Шешендік сөздер)

Шоң мен Ақтайлақ билердің емеурінмен сөйлесулері

Уақ елінің мықтылары Сүйіндіктен барымтамен жүз жылқы алдырыпты. Осы себепті екі елдің арасында дау туып, ақыры сөйлесіп келгенде екі жақтың басты адамдары келісімге келеді.

Бірақ бұл келісім жасалғанда Шоң би жоқ екен. Екі жақтың шешіміне келіспей, Шоңның өзі барады. Ақтайлақ деген атақты биінің үйіне түседі. Ақтайлақ кедей екен, амандықтан кейін:

– Көрші ауылға барып келейін, – деп кетерде әйеліне:

– Едігенің Шоңы келді,

Бұрынғының соңы келді.

Қазаныңа ас сал,

Аз болса көбейт,

Көп болса азайт, – дейді.

Көрші ауылдағы саудагерлердің жаңа киіз үйін ас-ауқатымен ала келіп, Шоңды екі күн қонақ етіп, құрметтеп күтеді. Бұл уақытта екі жақтың арасында ешбір сөз болмайды.

Үшінші күні Шоң қайтатын болады. Ақтайлақ құрметтеп, шығарып салады. Біраз жерге дейін еріп барып, Ақтайлақ тоқтап:

– Шоң, Шоң! – деп дауыстайды.

Шоң жалт қарайды. Ақтайлақ қолын көпке бір сілтейді, көкке бір сілтейді де ерінің қасын ұрады. Екі би түсінісіп, дау осы ишаратпен бітеді.

Жанындағылар емеурінді түсінбей сұрағанда, Шоң былай деп шешіп берген екен:

– Ақтайлақ маған емеурінмен айтты, мен түсіндім. Дауымызды шешкенде, сөзбен емес, ишаратпен бітірдік.

Ақтайлақ бидің жұмбақтап әйеліне айтқан сөздері:

«Бір біткен билікті бұзып, өзің келдің, енді өзің айт шешімін. «Қазанға ас сал, аз болса көбейт, көп болса азайт» дегені – бұрынғы кесімді кеміт дегені. Ал ат үстінде тұрып қолымен ымдағаны – менің тұрмысымды көкте Құдай білсін, жерде екеуіміз-ақ білейік, кедейлігімді ешкімге айтпа дегені», – депті.

Торайғырдың ағасы Шоңмен араздасып, табысуы

Шоңның малжандылығы мен парақорлығына өкпелеп, Торайғыр үйіне бармай қойыпты. Сонымен қатар, Шоңның жұмсауымен Боздақ бидің ұрылары алып кеткен бір айғыр үйір қысырақты қуа барып, жартылай өндіртіп қайтса, оған ағасы Шоң қанағаттанбай, інісін биге қайта жіберген.

– Басқа жақсылардың аттары жетпегендей, сенің атыңды Торайғыр қойған екен. Айғыр болмасаң, қайта айналып екінші келер ме едің?! – депті Боздақ би.

Торайғыр сөзден тосылып, аулына қайтып келіп, Шоң биге:

– Сен малжандысың. Сол үшін Боздақтан сөз естідім, – деп тіпті ағасымен қатыспай қойыпты. Оның үстіне елден пара алатынын айтқан. – Пара алу дұрыс емес, – деп ағасына тақуалық айтқан.

Шоңның елден пара алатындығын бетіне басып, інісі Торайғыр ұялта береді. Содан Шоң басқа елге көшіп ауатын болады. Мұны естіп, Шорманның немере ағасы Байкісі шешен және бір би (бүкіл Сәти айналасын Шорман ержеткенше басқарып келген кісі екен) келсе, нелер инабатты адамдардың «туысқандар, бет ашқандарың ұят болады, келісіңдер» деген сөздеріне бет бақтырмай отыр екен Шоң.

Байкісі сәлемдескеннен кейін:

– Сенбісің, Шоң, Торайғыр мақтап жүрген,

Осы ма бар өнерің сақтап жүрген?

Екеуің алыстамай табысып қал,

Көп дұшпан жан-жағыңда қаптап жүрген.

Ғаділдік шариғатпен сөз айтасыз,

Жақсы бол, жаман болма деп айтасыз.

Өзіңнің тұла бойың толған ауру,

Біреудің шоқанына ем айтасың, – депті.

Сонда Торайғыр:

– Қанды қалпақ кисе де,

Қиыспайды туысқан.

Оңғандықтың белгісі –

Өзі ұрсысып табысқан.

Оңбағанның белгісі –

Өткен істі қуысқан, – деп түрегеліп келіп, ағасы Шоңның қолын ұстап, табысыпты.

Мұса мен Шоң

Мұса мырза жас кезінде қарт Шоңнан:

– Ер жігіт деп кімді айтамыз?

– Ақ сауыт деп нені айтамыз?

– Арғымақ деп нені айтамыз?

– Жақсы деп кімді айтамыз? – деп сұрапты.

Сонда қарт Шоң:

– Ақ сауыт деп айтамыз – атқанға оғың өтпесе,

Арғымақ деп айтамыз – желгенде жылқы жетпесе,

Жақсы деп соны айтамыз – тозған елді септесе,

Ер жігіт деп айтамыз – жауға тастап кетпесе, – деп жауап беріпті.

Сәдуақас Шорманұлының термесі

Өтпес пышақ, шабан ат,

Басыңа қорлық келтірер.

Жаман құрбы әзілі –

Ажалдан бұрын өлтірер.

Жақсы болса алғанын,

Жағаның кірін кетірер,

Жаман болса алғанын,

Басыңнан бақыт кетірер.

Бетіңнен алып арсылдап,

Үй ішінен ит үрер,

Абысын –  ажын, келінге

Түздегі жаудай жекірер:

«Сақтай гөр деп кесірден»

Алыс-жақын түңілер.

  Өмірде озық бол

Жалқау болған жігіттің

Ақ таяғы ат болар.

Безер болған халыққа,

Ағайыннан жат болар.

Салақ болса қатының,

Жағаң болар құрымдай.

Тәрбиесіз жігіттер,

Жүрер белін буынбай.

Сөзінде бір тұрар жоқ,

Ащы судың буындай.

Түрлі сөзін тыңдасаң,

Жыланның зәрлі уындай.

Екі достың арасын

Шағыстырар от жағып,

Мергеннің шақбақ – қуындай.

Кері кеткен керенау –

Сасып кетер маңайы.

Ғұмырда бір жуынбай,

Насихат айтсаң былай деп,

Сөзіңді қалар ұғынбай.

Ақылсыз бас, жарымес,

Дамыл бермес аяққа.

Білгеннен сұра білмесең,

Түбі соғар шатаққа.

Ақыл айтсаң ақымаққа,

Қас көреді сөзіңді.

Айыбын айтсаң бетіне,

«Жоғалтам» дер көзіңді.

Түсініп, ақыл ұғатын,

Ұл туған жоқ безенді.

 

«Қазақтың шешендік сөздері» жинағынан алынды.

Добавить комментарий