– Мен Баратынскийді жақсы көрем, – деді менің өлең жазатынымды естіген Құралай. Мен ондай ақынның бар екенін білмейтіндігіме қуыстанып қалдым. Сосын үндемей қалғанды жөнсіз санап:
– Маған «Күміс Ғасыр» ақындары ұнайды, – дедім.
– Баратынскийдің соры – ол Пушкиннің заманында туып қалды. Болмаса, Александр Сергеевичтен бір де кем емес, – деді менің жауабыма қанағаттанбаған сыңай танытып. Құралайға жауап қатпай отыру мүмкін емес еді. Онымен сөйлесіп отырудың өзі бір мәртебе еді сырттай қараған адамға. Мен Тютчевті, Фетті айтып жаттым. Құралайды алғаш көргенде тілін жұтқан балықтай болып отыр едім, қалай сөйлеп кеткеніме өзім де таңмын.
Құралай деп отырғаным – әл-әзірде Астанада пойызға бірге отырған жасы отыздардың ішіндегі әдемі келіншек. Әттең тіл жұтаң, әйтпесе оны жай ғана әдемі деп айта салу ештеңе айтпағандық болар еді. Қостанайдан келе жатқан пойыз болғандықтан, отыратын орнымды жолсерік тағайындап, плацкарт вагонның бір қапталындағы екі адамдық орында алаңсыз отырғам. Бір уақытта осы Құралай пайда болды. Оны көрмей қалу әсте мүмкін емес еді. Дене бітімінде бір артық қырым еті жоқ, кербез сәйгүліктердей жұтынып тұрған, әрі өзін соншалықты бекзада ұстайтын келіншек тұп-тура менің қасыма келгенде, жүрегім атқақтап, бұл ғажайыпқа сенер-сенбесімді білмей тапжылмай отырып қалдым. Ол мені елемеген сыңай танытып, заттарын орналастырып жатты. Ал менде «жолсерік мендей шикіөкпені мынандай сұлу
келіншектің қасына отырғызып қоймас, пойыз қозғалған сон мені ауыстыратын шығар» деген бір мазасыздық пайда болды. Сол екі ортада жолсеріктің әйел болмай, еркек болғанына іштей кіжініп те үлгердім, әрине.
Қанша отырғаным есте жоқ, «Сіз орналасып болдыңыз ба?» деген оның дауысынан оқыс есімді жинап ала қойдым. «Ой, Алла, бұл кісі де адамға қарап сөйлейді екен-ау» болды – бірінші ойым. Апыл-ғұпыл үстелдің астында тұрған сөмкемді орналастырмақ болып еңкейгенім сол еді, аппақ аяғы жүрегімді дір еткізді. Екі көзім қас пен көздің арасында тізеден төмен жарқырап тұрған оқтай жіліншікті ғана емес, жеңіл аяқ киімге сұғылған өкше мен башпайлардың нәзіктігін де аңдап үлгерді. Менде тіл-ауыз жоқ. Сөйлемек түгілі, қимылдауға қорқам. Оны үркітіп алатын сияқтымын. Одан айырылып қалсам, дүние төңкерілетін сияқты. Адам баласының табиғаты қызық қой: мен сол сәтте пойызда отырғанымды да, біздің айналамызда бізден де басқа жолаушылардың абыр-сабыр болып жатқанын тіптен ұмытып кеткен едім. Екі көзім терезеде болғанымен, бар ойым – Құралайда. Онымен танысу түгілі, сөйлесуді де армандамаймын. Тек «ол мені жақтырмай, басқа орынға ауысып кетпесе екен немесе мені басқа жаққа отырғызып қоймаса екен» деп құдайдан тілеп отырмын іштей. Тіледім деймін-ау, зар қағып отырмын. Мен ес білгелі мұндай сұлу адам затын көрмегем өйткені. «Оның келбетті болғаны сондай, оны көрген сұлулар өз саусағын қалай шайнап тастағанын білмей қалады екен» дегенді оқығаныммен, өмірімде бірінші мәрте көріп тұрғаным осы болса, оған қайран қалуға да болмас. Басқаны былай қойғанда, мен бірінші рет башпай екеш башпайдың да осыншалықты сүйкімді болатынына және оны сүй десе, сол мезетте жеп қоюға әзір едім.
Обалы нешік, жолсерік мені сол беті мазаламады. Мен оны сол үшін қаншалықты жақсы көріп, қаншама жылдар бойы ерекше бір ризалықпен еске алып жүргенімді ол қайдан білсін?! Құралай Қарағандыға жақындай бергенде:
– Сіз қарсы болмасаңыз, мен шай ішейін деп едім, – деді.
– Иә, иә, әрине.
– Ыдысыңыз болса, сіз де ішіңіз. Каркадеге қалайсыз?
Оның не екенін түсініп жарытпасам да, басымды изедім. Қазір ғой ол тәшкен шай, зімбір шайы, жеміс-жидектен дайындалған шай деп өзімізше талғампаз бола қалғанымыз. Содан мен жүгіріп барып қайнақ су әкелдім. Үстелге оны-пұны қойылды. Ең бастысы, сең сөгіліп, менің қиялымдағы қатып-семіп тұрған сурет тірілді.
– Мен Құралай боламын. Сіз?
– Сырым.
– Алматыға дейін барасыз ба?
– Иә.
– Жолымыз бір екен онда. Шай алып отырыңыз? – деп ол пакеттегі шайды менің күрешкеме салып жатты. Мен оның қолыма әнтек тиіп кеткен саусағынан от боп жанып барам. Құдай да адамды осыншалықты мінсіз етіп жаратады екен ғой! Оның көзі, мұрны, еріні, анау тамағы, ең ақыры саусақтарына дейін тек қарап, сүйсініп отыра беруге жаралған сияқты. Құдай адамзат баласын мінсіз жаратты дегенді естуін естігеніммен, бірінші рет мойындағаным тап сол жол.
Мен ойлағандай емес, Құралай ашық адам болып шықты. Астанада бір министрлікте жұмыс істейді екен, өзі қызылордалық, КазГУ-дың орыс филологиясын бітірген маман. Ал мен оның өзімді адам көріп сөйлегеніне іштей мәзбін.
Қарағанды вокзалынан екі-үш бөтелке сыра алдым. Ол кезде қазіргідей емес, пойызда емін-еркін ішіп отыра беретінбіз. Жасым жиырма бесте. Ұшақпен ұшу әлі модаға ене қоймаған кез. Шіліңгір жаз. Мен бір шаруалармен Астана айналып, Алматыдағы үйіме қайтып келе жатқан бетім. Негізі Қарағандыдан қайтуым керек еді, бір тойда ауылдың әкімімен дастарқан басында шартпа-шұрт болып қалып, аяғы төбелеске айналып кете жаздап, іс насырға шауып кеткен. Менікі «ұялған тек тұрмастың» тірлігі баяғы: шуды қоздатпайын деп Астана арқылы кетіп бара жатқан бір көлікке жата кеп жабысып, тайып тұрғам. Сөйтіп, ойламаған жерден Астананы да бірінші рет көрдім. Сондағы өнер маңайында жүрген көзтаныс жігіттермен тойлап, таныса алмай арманда жүрген бір ақын ағамыз келеді деген соң, екі-үш күн аялдап қалғаным тағы бар. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғаным, үйдегі адам бұл «ерліктерімнің» бәрінен құлағдар болып үлгерген. Енді менің пойыздан түсетін уақытымды санап қана отыр.
Сыра ішкеннен кейін батылдық пайда болды ма, мен Құралаймен енді емін-еркін сөйлесіп кеттім. Мен көбіне поэзия, ақындар төңірегінде тебіренсем, ол министрлікте өзімен бірге істейтін менің бір-екі ақын ағама «мінездеме» беріп, сөз арасында адуынды енесі мен дөкей күйеуі бар екенін айтып жатты. Сосын маған да сыра ішуге бола ма деп сұрады. Мен ыңғайсызданып қалдым. Соны неге алдын ала ойламағаныма ыза болдым. Бір уақытта Құралай: «Өлең оқыңызшы» деді. Мен өз өлеңдерімді жатқа оқымайтынымды алға тартып, Фетті оқыдым:
Завтра – я не различаю,
Жизнь – запутанность и сложность!
Но сегодня, умоляю,
Не шепчи про осторожность!
…Размышлять не время, видно,
Как в ушах и в сердце шумно;
Рассуждать сегодня – стыдно,
А безумствовать – разумно.
Ол Феттің өлеңі әдемі екенін, бірақ өзі түк өлең жазатын адамға ұқсамайтынын айтты. Мен:
– Ақынға, ақынға ғана емес, жалпы еркек атаулыға әдемі болу міндет емес! – дедім білгішсініп.
– Солай да шығар, бірақ маған «Поэт красивым должен быть, как Бог» деген көзқарас жақын, – деді (Өзімнің түр-тұрпатыма бұрын да көңілім толмайтын еді, бұл жолы тіптен ызам келді). Содан кейін терезеге қарап отырып өлең оқыды:
…Уж я не верю увереньям,
Уж я не верую в любовь,
И не могу предаться вновь
Раз изменившим сновиденьям!
Слепой тоски моей не множь,
Не заводи о прежнем слова,
И, друг заботливый, больного
В его дремоте не тревожь!
Я сплю, мне сладко усыпленье;
Забудь бывалые мечты:
В душе моей одно волненье,
А не любовь пробудишь ты.
Қазір ғой купеде отырып бір-бірімізді естімейміз, ал адам аяғы үзілмейтін плацкарттың ішінде біз сол күні қалай өлең оқығанбыз деп әлі күнге таң-тамаша болам. Біздің айналамызда отырған адамдар жас па, кәрі ме, ер ме, әйел ме, студент пе, қызметкер ме – бірі есте жоқ. Кейде скверде ешкімге қарамай сүйісіп тұрған жастарды көрсек, жынымыз келеді ғой, бізге де біреулер сөйтіп қарады ма екен деп ойлаймын қазір.
Ішкен сыра бар, көз алдымда мөлдіреп отырған Құралай бар, мен әйтеуір одан кейінгі уақыттың да, жолдың да қалай өтіп кеткенін білмеймін. Бір білетінім, Құралай әңгіме арасында жолдасымен ажырасып жүргенін, енді тауар алуға Дубайға бара жатқанын іліп-шалып айтқандай болды. Оны індетіп сұраған мен де жоқ, тарқатып айтқан ол да болмады. Содан кейін оның жатамын деп төсек салғаны, өзімнің оның аяқ жағында отырғаным… жамылғының астындағы аяғының денеме тиіп дегбірімді қашырғаны… дір-дір етіп оған қолымды тигізгенім… сосын мың ойланып, мың толғанып барып оны сипағаным… оның жалын атқандай аһ ұрып, бір жағына аунап түскені ғана есімде. Жатуға еш зауқым жоқ, Құралай жамылған жамылғының бір шетін қамсау қылып, қатып қалған мумиядай сол отырғаннан мол отырдым. Өзімнің еркекке тән мінезімнің жоқтығына, істеп отырған қылығыма ызам келді. «Құралай, тұршы, тамбурға шығайықшы» деген сөзді айта алмаған ынжықтығыма күйіндім. Оған қарасам, ұйықтап жатқан сияқты. Бірақ аяғын ұстағанымды ол сезбей қалды дегенге өлсем де сенгім жоқ. Бір жағынан «еркек емес, ез екен» деп мені табалап та жатқан сияқты көрінді. Сөйтіп, өз ойыммен өзім әуре боп, дел-сал күйде отырғанда таң да атты. Мен жоғарыдағы төсегіме жантайып, бір-екі сағат көз шырымын алғандай болдым.
Пойыз түске жақын «Алматы-1» вокзалына келіп тоқтады. Мен Құралайдың жүгін көтерісіп перронға шықтым. Реті келсе, бір таксиге отырамыз деп ойлағам. Ол мүлде басқа бағытқа кететін болды. Ашып айтпаса
да, апарып тастағанымды қош көріп тұрғанын байқадым. Келіншегіме есеп бергендей пойызымның нешеде келетінін, үйде нешеде болатынымды алдын ала айтып қойғаныма өкіндім. Ол біздің өтірік айта алмайтын періште кезіміз ғой. Әлде түндегі қылығымнан, я әзіргі бейшаралығымнан қысылдым ба, Құралайға «жүрегіңізді емес, аяғыңызды жылытқым келгені үшін кешіріңіз…» дедім міңгір-міңгір етіп.
…Арада төрт-бес күн өтті. Құралай бір сәт те ойымнан шықпай қойды. Содан ол Дубайдан келді-ау деген уақытта поштаға барып бір-екі рет звондадым да. Бір жолы ол үйде жоқ деді бір қарт әйелдің дауысы. Екінші хабарласқанымда өзі алды. Сырым екенімді естіген трубкадан әуелі күлген, сосын «Ты че, завязывай, друг» деген дауыс естіліп жатты.
«Мақаншы мен Манхэттеннің арасы» кітабынан.